/////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-12)

1504 рет қаралды

Иен үйде қанша отырады Қаңқабай. Ешкім келмеген соң шығарға шығып қара мысықтай созылып, құлашын жоғары көтере керіліп алды да, Орынбасардың үйіне қарай беттеді. Бәти жалма-жан атып тұрып, Ләззатты іргеге қарай итерді де, әлгі шелдеп отырған шылғи теріні үстіне бүркеп жаба салды. Естілер-естілмес дыбыспен «тезекке кет, тезекке» деді де, Қаңқабайға қарсы жүрді. Қаңқабай үйге кіргесін Ләззат айық күнде қанар бүркеніп жылғаға түсіп бара жатты.

***

Ләззаттың қамауда жатқанына жетінші күн. Қаңқабай қанша тергесе де, Қабақ жөнінде бір ауыз тіл қатпады. Орайы келген ойы да орындалмады. Құдды мылқау, дүлей адам секілді. Шықшытына шытқа түйіп асық бастырып бұрағанда ғана шыңғырған дауыс шығарды.

***

Әйел затынан өжеттік жасап, қайрат қылып, Ләззаттың қамалып жатқанын естіп, хабарласқан адам Үмітжан.

Үмітжан Ақкісіні жан алқымға алған. Ақыры құлағының тыныштығын ойлаған Ақкісі қатыны Үмітжанға «Болды, зарлай бермеші. Ләззат екі туып бір қалғаның ба еді. Ол сатқынның қатыны. Халықтың жауы. Оған кешірім болмайды. Байымен ымы-жымы бір. Оған қылған қайырың жауды жақтағаның. Мені де солардың соңынан кет дейсің бе?!» деп азар да, безер болса да Үмітжанның айтқанына «жә» деп көніп қалған. Содан екі үш күн Қаңқабайдың артынан бөйтек қағып, бұрын да солай ғой, еріп жүріп Үмітжанға Ләззатты бір рет тамақтандыруға рұқсат алып берді.

Үмітжан көргенді жердің қызы еді. Көргені молдау, тәрбиесі өзгеше, жегені де жеткілікті, кигені де бүтін болғандықтан, Ақкісіге тигеннен кейін де көргенін істеді. Күйеуін кемсітпеді. Кедейшілігін бетіне баспады. Кемшілігі болса кешіріп, артығы болса жасырып отырды. Ал Ақкісі су жорға суайт. Суайттығы сондай өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай қылып айтады. Айтқанда куәгерге әйелін Үмітжанды тартатынын қайтесің. Өтірікті соғып-соғып жіберіп, күмәндана қараған тыңдаушысын сендіру үшін шәй құйып отырған Үмітжанға қарап:

– Солай емес пе, ие, Үмітжан?- деп Үмітжанның санынан басып қалады екен. Үмітжан да шімірікпестен:

– Иә, солай болған, онысы рас,- дейтін көрінеді. Мұнысы қонақ кеткенше ғана. Кісі алдында отағасының сағын сындырмайын, меселдесін қайтармайын деген ниеттен ғана туындап жатады. Қонақ кеткеннен кейін Ақкісінің алдына шәйін қайтадан қоя отырып, оның ағаттықтарын, асырып сөйлегенін бүлк еткізіп қана еппен жеткізіп, байын түзеп отыратын еркек басты әйел. Ақкісіге тиіп төрге озбай, төмен отырғаны болмаса теңін тауып барса бір ауылға басшы болатын жан ғой.

Жақсы мен жаманның ара жігі ажырамай, жетесіздер желкеге мінген заманда бай таңдатты ма? Білегінен ұстамақ түгіл бетіне қарауға батпайтындар басынды. Ақкісіге тиейін деп тиген жоқ, сол бір нәубаттың кесірі. Арғы түбі текті жердің қызы емес пе Үмітжан бірді екі қылды. Бұрын қандай Ақкісі еді? Қазір қандай болды. Ақкісіге жоқ ақылды Үмітжанға беріпті. Ақкісінің отауын Ақкісінің үйі атандырды. Ақкісінің үйіне түсіп, біреу бір шыны шәй ішсе де разы-қош болып аттанатын болды. Ақкісінің ауыл арасындағы астам қылықтарын да, Үмітжанның жылы шыраймен берген бір шыны шайы жуып-шәйіп кетеді.

Ақкісі де суайттығы болмаса анау айтқандай ақымақ адам емес, еті тірі жан. Еті тірінің еншісі болады. Кеш жатып, ерте тұрып, ерінбей-жалықпай бірдемесін істеп кеп жүреді. Терлегенде терін сүртетін алақандай бет орамалын қара барқыт мешпетінің қалтасына неше бүктеп салып қояды. Үнемі тақыр басына оюсыз кепеш киеді. Кепеші жұп-жұмыр басына дөңгеленіп қона кетеді. Үмітжан үстіне кір жұқтырмайды.

Жалғыз жейдесінің жағасын кір шалса шәйнектей жуан қара сабынды іргеден от басына жақындатып әкеп, ақ жейдені үстіне жаба сап неше аударып үйкеп-үйкеп жіберіп жуып кептіре қояды. Бір басына пысық адам. Алайда Ақкісінің туа бітті тасыр мінезі өзгермеді, есесіне Қаңқабайға шабарман болғаннан бері алкеуделігі асқынып бара жатты. Жаман мінезді жоюдан гөрі жаман қылықты жұқтыру әлде қайда жеңіл, арсызбен ауыз жаласу оңай. Қаңқабай екеуі бір-біріне сайма-сай жараса кеткен.

Қаңқабай ара-тұра Ақкісінің үйіне келіп түстенеді. Ет жейді, шәй ішеді. Бірақ тіс жарып ашылып сөйлемейді. Үмітжан  қалжыңшыл, әңгімешіл, көпшіл адам болса да, жасы үлкен Қаңқабайдың алдында сумаңдап сөйлемейді, аузынан бір ауыз сөз шықпайды. Қаңқабай ел ішінде қаншама қадірсіз адам болса да құрметтеп, жылы қабылдап шығарып салады. Оны Қаңқабайдың атақ, лауазымы, шенінен қорыққанынан немесе қарамағында байының жұмыс жасап жүргендігінен жасамайды. Анадан көрген тәрбиесі, алған тәлімі сол, үйге енген жыланның да басына ақ құйып шығаратын. Әйтпегенде Қаңқабайда құдай сүйер қылық бар ма?

Ана байқұс, сорлы Ләззатқа істеп жатқан айуандықтарын естіп қалады. Ләззат тұнып тұрған сұлулық. Сұлулықтың жағы сынғанымен сағы сынбапты. Теңін тауып барған Ләззаттың көріп жатқан күні тозақ екен. Көзіне көк ала шыбынды үймелетіп қойыпты. Байқұстың не жазығы бар. Байының басшы болғаны бар кінәсі екен. Қабақтың қылығын айт деп сабайды екен. Түздегі еркектің қай ісін үйдегі қатын бақылап отырады. Қара кебежеңде қанша құрт бар деп сұраса бір сәрі. Төсектегі тірлігіңді айт десе айтар. Қазақ әйелі оны да тісінен шығарушы ма еді. Қайда болды, кіммен болды, кіммен кесдесті, не істеді, не ақылдасты деп сұрамасты сұрайтын көрінеді. «Мен бұл жерден аман шықпайтын сияқтымын, Үмітжан» деген бір ауыз сөзді жұмсақ ақ ірімшікті зорға жұтынып отырып әзер айтыпты. Үмітжан «Әлгі теңдік дегенде көретін күнім мынау болса, құдай-тағалам тең қылмай-ақ қойсын» деп етегі жасқа толып еңіреп шықты. Ал Ақкісі Ләззатты көріп келіп, күні бойы жылап көзі тоқпақтай болып ісіп кеткен Үмітжанға зіркілдеді. «Көргеніңді тірі жанға тісіңнен шығарма, өлесің» деді.

(Жалғасы бар. Сурет көрнекілік үшін https://twitter.com/m)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар