***
Бірнеше күннен соң Ләззатты Қаңқабайдың жұмыс үйіне сүйрелей кірген Ақкісі «отыр!» деп нұқи зекіп, көлденең тұрған қан қызыл бордат жапқан үстелдің алдына жүресінен шөгере қойды. Ләззаттың көзі зорға ашылып отырса да үстел үстіне жапқан қызыл бордатқа түсті. Қызыл бордат молда ағасының үйіндегі жеңгесінің дастарханы емес пе? Сол. Шетін ақ пұлмен айналдыра жұрындап көмкергеніне дейін ұқсайды. «Кімнің үйінде болды екен?».
Ләззат апасына еріп молда ағасының үйіне қыдырып барғанда осы қызыл бордатқа қызығатын. Молла ағасының мал-мүлкін тәркілегенде «бір шаршы шытына дейін алып кетіпті» дегенді естіп жүр. Міне сол бордат-дастарханнан дәм татқалы тұр. Ол қандай дәм? Кеше жал жегізіп, бал ішкен дастарханынан, бүгінгі зорлық қандай сый көрсетеді? Ләззаттың көкейіне ән келді: «Қызылдан бордат-ай. Айдай құрбым, заулатшы-ай…». Шынында да Ләззат шыңында өскен Алтайдың бір шынары еді ғой. Сол шынарды мына қызыл жағалы құлында даусын шығарып шырқыратады. Ләзаттың көзіне үйіріліп жас келді. Бірақ ол ерінін қатты тістеп жасын төкпеуге тырысты.
Ләззат осы бөлмеге неше рет келгенде бірде бір рет басын көтеріп, айналасына көз салмаған-ды. Жаңа көрді, үстелдің арт жағындағы қабырғаға ілінген бөдіреттегі қою қара мұртты адам, өзіне сұқтана қарап тұр екен. «Бұ кім еді?!». Оның қою қара мұрты сәл-пәл қыбыр еткендей болды. Сәл қыбыр еткендей болды да әр бір талы біресе жіп-жіңішке жыланқұртқа, біресе білектей қара шұбар жыланға айналып ирелеңдеп жыбырлағандай болады. «Танымадың ба?! Танытамын кім екенімді!». Сұғы өңменінен түйрейді. Көзін тайдырып әкетсе де ол қадалғанын қоймады.
Сонан соң Ләззат көзін жұмып, тұқырып отырып алған еді әлде кім желкесінен түйіп кеп жіберді. Ол басын қақшаң еткізіп көтеріп, ісік басқан көзін зорға сығырайтып ашты. Сала құлаш кірпіктерінің арасына қара қан ұйып қатып қалыпты. Басы зеңіп, ұйқы басқандай көк желкесі ұйиды. Әрең ашылған ауыр кірпіктерінің арасынан көрді: Алдында Қаңқабай қақшиып тұр екен. «Е, мына тажал сурет болып көрінген екен ғой» деп ойлады. Бірақ әлгінде өзіне сұқтанған, мұрын астында көмір қара бояумен батпита тартқан алу белгісі бар айдынды сурет Қаңқабайдың артында жасырынып, оның қарақұсынан қадалып тұрғанын байқай алмады.
Алақаны аюдың табанындай қолын үстелден асыра созған Қаңқабай, Ләззаттың иегінен іле көтере тартып тұрғызды. Сұлудың сұңғақ бойы Қаңқабаймен теңесіп, беті тұп тура қап-қара сұр бетіне жақын келді. Қоңырсық, жағымсыз иістен жиіркенген Ләззат басын кегжитіп, ірке бұрып әкетті. Қаңқабайдың ұнатып, өсіріп жүретін сояудай көк тырнағы Ләззаттің үлбіреген жұмсақ иегінің жұқа терісін жыртып кетті. Ләззаттан бір ауыз жауап ала алмағанына, өлміші күйде тұрып, өзін кісі құрлы көрмей кекшиген текаппарлығына Қаңқабайдың жыны қайнады. «Қанша күн қарысамын дейсің. Аштық арыстанды да жуасытқан. Тұра тұр. Астыма тулақ болып өзің келіп түсесің!».
Қаңқабай тағы да өңмеңдеп үстелдің үстінен өңкиіп тұла бойын асыра ұмсына бергенде Ләззат ұрты толған қанды көбікті оның бетіне қарай атып жіберді. Осылай боларын Қаңқабай күтті ме, әлде әккінің әбжіл, шапшаң қимылы құтқарды ма, жалт беріп үлгірді. Қаңқабай қол жұмсаудан бұрын бетін ала қашқанда Ләззаттің аузынан ащы ашумен қуаттанып оқтай атылған жылбысқа қанды қақырық Қаңқабайдың далдасынан жарқ етіп шыға келген қара мұртты портреттің бетіне барып былш ете түсті. Қатты боран қисайтқан қарағайдай денесі мен мойнын бұрай бұра артына бұрылған Қаңқабай Сталиннің бір көзін бастыра бетінде жабысып тұрған қанды көбікті көргенде көзі шарасынан шығып, оқ тиген иттей қаңқ ете түсті.
– Ойбай-ай, ойбай-ай, мына қаншық құртты! Мына қаншық құртты! Ақкісі! – Ақкісі сары ала қамшысын бүктей ұстап есіктен атып кірді.
– Тыныштық па, Қақа?!
– Тфұт! Әкет, мына албастыны! – Ақкісі әр бір әрекетін Қаңқабайдың ауызынан шыққан дауысының ырғағына қарай жасайды. Ләззаттің шүйдесінен шеңгелдей ұстап, бақылдатып лақ сүйреткендей дедектетіп сүйрей жөнелді. Олар шығысымен Қаңқабай алақ-бұлақ қағып жан-жағына қарады. Көзіне ештеңе түсе қоймады. Жалма-жан үстел үстіндегі қызыл бордат жапқышты сиыра жұлып алып ішкі жағымен көсемнің бетін сүрте бастады. Сонан соң суреттің о жағына бір, бұ жағына бір қарап еді қара мұрт қыбыр етіп, миығынан күлгендей болды. Ол селк етіп, шегініп тоқтап қалды.
***
Қас қарая үйіне қайтқан Қаңқабай бір құман жылы сумен жуынып, қойдың бір ортан жілігінің етін тауысып жеп, бір аяқ сарымсақ тураған сорпаны ішіп алып жатып еді. Көзі ілінбеді. Көз алдына Сталин келді. Бетіне жабысқан қанды түкірікті жайлап сүртіп тұрып, кеудесіне жақын ұстаған мүштегінің артымен мұның маңдайына түртіп қалды. Қаңқабай басын төсектен жұлып алды. Үй іші шаңырақтың көзінен түскен ай жарығымен ала көлеңке еді. Ол аз отырып қайта жатып еді, Сталин әлгі қызыл үстелдің артында тұр екен. Үндемейді. Оның мүштегінің басынан қызыл от тұтанды. Әлгі от үлкейе жанып мұның танауының астына жақындап қалғанда Қаңқабай қолының қалай көтерілгенін өзі де білмейді мүштекті қағып жіберді. Анадай жерге ұшып түскен мүштектен шашыраған оттар жана бастады. Қаңқабай оны сөндірмекке орнынан атып тұрды. Сталин есіктің босағасында тұр екен. «Кім менің бетіме түкірген?!». Қаңқабайдың арқасы терлеп кетті. «Ләззат: – Түкірткен сен, түкірген мен!» …. Мұны естігенде Қаңқабайдың жаны мұрнының ұшына келді. Мұны жұрт естісе не болды? «Өлген жерің осы ғой, Қаңқабай!»
Парақшамызға жазылыңыз