/////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-4)

1613 рет қаралды

Ләззат ержетті. Енді оған жасы егде кісілер мен қонақ алдында қымыз құйғызбайтын болған.  Өйткені Ләззаттың сұлулығына қарап тамсанып отырып қолындағы шараяқтың қалай сусып кеткенін байқамай қалып, қымызын төгіп, қызарып, талай адам қысылып, қиналып қалғаны бар. Ақымер байдың үйіне түсіп-аттанған кісі көпке дейін Лаззаттың бейнесін көңілінен кетіріп, көкейінен өшіре алмайды. Осыған байланысты ел ішіне тарап кеткен аңызға бергісісіз әңгіме-әпсана көп…

Тақай деген дардай  жастың әпенділеу адамы болыпты. Әзіл-қалжыңға үйір, сөзуар, бір айтқанын екінші айтқанда өсіріп айтатын,  бөсіп айтатын, бөсемін деп, өсіріп айтамын деп аузы да күйіп қалады екен. 1937-1938 жылдардың нәубатынан кейінгі жақсыларды жаппай ұстау саябыр тапқан жылдары болса керек «Мына жарық дүниеге жаман мені де сиғызбайсыңдар ма?» дегені партия мен үкіметтің құлағына жетіп,  он жылға сотталыпты. Ол заманда Моңғолия қазақтары түрмені «шорын» деп айтады екен. Тақай шорында он жыл жүріп келсе де баяғы әдетін қоймапты. Қойған былай тұрыпты енді шорындағы ерліктері қосылыпты.   Тоқайдың бір әңгімесі ел ішінде ертек боп айтылады.

Бірде Тоқай Ақымер байдың үйінен аттанып, тау өзені бойындағы қалың қойтасты жалғыз аяқ иір-қиыр жолмен жыбырлай аяңдап келе жатады. Әлгінде ғана көрген Ләззат бейнесі көз алдына әлсін-әлсін бір келіп, бір кетіп, елестеп есінен шықпайды. Оның үстіне шөліркеп келіп шамырқана ішкен, сапырған сайын ысылдаған бесті қымыз ішінен, көк аспанды көлеңкесіз иемденген күн төбеден қыздырып маужыраған Тақай күн айықта қалықтаған қайықтай болып аттың тізгінін де бос қойып, ұйқы басып қалғып кетеді. Тап сол мезетте қарсы алдынан, арқан тастам жерден ақ көйлегі желбіреп, ақсары шашы желкілдеп, сақ-сақ күліп, жалаңаяқ, жалбыр шаш қыз жарқ етіп шыға келіпті. Шошып оянған Тақай жаны мұрнының ұшына келіп, жалмажан ат тізгініне жармаса тақымды тасқып қысып қалады. Бейғам келе жатқан кер ат оқыс қимылдан осқырынып оңға қарай орғиды. Тақай оп-оңай ақ қорым тастың үстіне күрс етіп ауып түседі. Есінен танып қалады. Қанша заман жатқанын кім білсін. Бір заматта ес жияды. Әлгі сары қыз сәуле ме, сағым ба, қалың жарықтың арасына бір кіріп бір шығады. Тақай шапшаң қимылдап, етек-жеңін қағып, өзі-өзі ұшықтап орнынан атып тұрады да атына қарғып мініп сол шапқаннан тізгін тартпай шауып, үйіне қара сүмек болып әзер жетіп екі-үш күн ауырып жатып қалады. Ақыры  көрші ауылдың қара кемпіріне ұшықтатып жүріп әрең-пәрең әлгі пәледен айғыпты. Осының  бәрін елге жайып жүрген Тақайдың өзі. Аузына сөз тұрмайтын, әңгімешіл кісі. Елді, жұрты күлдіремін деп жүріп, өзі күлкіге қалып жатады. Осы оқиғаны айта отырып «сайтан-сайтан» деп үсті басын қаққыштайды екен. Ауылдың қу жігіттері:

– Тақа-ау, қайдан, қандай сайтан көріп жүрсің?- десе,

–  Ен даладан. Сары сайтан. Алтын шашы алаулап, алдыңда ербиіп қыз тұрса сайтан емей немене? -дейді екен кәдімгідей сайтан көріп тұрғандай анадай жерге үдірейе қарап. Ал  жігіттер:

– Бұрымынан шап беріп, дырау қамшыңмен дыритпадың ба? – деп әңгімені қыздыра түседі.

– Іһ, сен ойлағанды ел ойламайды дейсің бе? – Ол қамшысын білеп: – Сілейтейін деп тартып қап едім. Құдай ұрғыр қамшының ұшы барып атымның ұмасына тиді ме, әлде ол да сайтан көріп үрікті ме білмедім, тас-талқаны шығып мөңкіп, мені жығып тынды. Жылқы жарықтық жығылғанға жалын төсейді дегені рас екен. Зәудеғалам кер атым жалын жаймағанда шағылып қалар едім ғой. Жығылған жерімді көрсеңдер бар ғой, жағаларыңды ұстайсыңдар. Ақ қорым, қалың қойтастың арасы.

– Астапыралда,- десіп жігіттер жүректерін ұстап онан әрмен Тақайдың көрігін басып-басып қояды. Енді бірі:

– Сұлулық та бір сұры жылан. Арбайды. Ашуланса шағады. Уын шашады. Лаззаттың ойыңнан шықпай қалғанына қарағанда ғашық болып қалғансың ғой,- десе Тақай әңгімесін ары қарай жалғайды.

– Мынау рас айтып отыр, ей. Аз кідірсем ақыл-естен айыратын түрі бар. Шешесі Келісті де келісті десе келісті кісі ғой. Со Келісті бәйбішенің қабағының астымен сүзе қарап балпиып отырған кейпінен қаймығып,  қызына қарамайын деп басымды олай да бұрдым,– ол кәдімгі қимылын қосып,– былай да бұрдым. Бірақ көзім құрғыр қадалып тұрып алғаны. Бас бұрылғанымен көз құрғыр бұрылмайды екен ғой.  Адам өзіне ие болғанымен көзіне ие бола алмайды екен.  Нәпсі құрғыр құмарлықтың қайнар көзі ғой. Ана сұлулыққа құныққан көзім қадалды да қалды. Бір аяқ қымызды әзер  қылғытып, қашып құтылғандай болсам да, не сайтаны барын білмеймін, шіркіннің бейнесі, құдай атқыр есімнен шықсашы. Ай, анау адам емес… Сайтан түртіп бардым ғой. Әйтпесе жолда не көп, құдайдың қасқа бұлағы көп, соның біріне тоқтап, атымды да шалдырып, өзім де қанып ішіп жүре бермейін бе,- десе кеукеулеген жігіттер:

– Көзіңізге көрінген албасты да емес, сайтан да емес, елес,- деп қыздырады.  Тақай онан әрмен қызарақтап:

–  Пай, әлгінде Ақымер байдың үйінде қымыз құйып берген бойжеткен.  Көйлегі көлбіреп, құлашын кере жайып арқан тастам жерден көлбеңдейді. Ебелектеп, аспан мен жердің арасында қалқып, тап алдыма жетіп кепті. Сендер елес дейсіңдер ғой. Өңкей елес қуған немелер. Осы заманның адамы шетінен елес қуып кеткен ғой деймін. Елес емес. Кәдімгі адам. Ауада қалықтап тұрды. Білмеймін соңғы кезде бәріміз елес қуып кеттік қой.  Елестер айлы түнде, айдалада көп жүреді деуші еді, ендігінің адамдарының жүрегіне еніп кеткен ғой деймін. Әйтпегенде, елес деген сай-саласы мол, қарағай-талы қатар өскен, сыңғырлаған сулы-нулы жыра-жылғалардан өтетін жол бойларын торып, жалғыз-жарым жүргінші-жолаушыларға жиі көрінеді дейтін. Астыңдағы атың да сезеді, елеңдеп, аяғын жіти басып, жануар жоқтан өзгеден жалт беріп, жарқ беріп отырады. Елестердің көптігі сондай әртүрлі кейіпте жолығады. Елестердің бірі таса-далдаға жасырынса, бір шыға келіп шыр айналып, күлкісі судың сыңғырына айналады. Ондайда ойға берілген адамның қойны-қонышы елеске толып кетеді. Ал мен тападай тал түсте келе жатырмын.

– Лаззат сұлудың жүрегіңге еніп кеткен сәулесі елес болып көрінген ғой. Асқынған нәпсі, аттан жығылғаның түк емес, аранға түсіреді деген осы.

– Сен өзі не айтып кеттің. Қуарған қу жаңқадай мендегі қайдағы нәпсі. Менің қу сүйегім кімге керек, өлі арыстаннан тірі тышқан артық деген, ә – дейді де, қолды бір сермеп, – «Қайдан білейін, осы кәпір, антұрғандардың түрі жаман. Ләззаттың қолынан қымыз ішіпсің, байдың үйінен ас ішіпсің деп айдатып жіберер» деп ішінен күбірлей сөйлеп кете барады екен.  Тақаңның қауіптенуінің де жөні бар еді.

Күндізгі елес осындай қым-қиғаш небір әсерлі оқиғалармен бітіп, аяқтап жатса, түндегі түс жан түршігерлік оқиғаларға ұласады. Ол заманда бұл өңірдің елі қысы-жазы киіз үйде отырады. Бірінің үйі бүтін, аппақ киізбен жабылған ақ жұмыртқадай жұтынып тұрар болса, енді бірінің үйі – қара борша, киізі құрым, қырық құрау. Сәуле үй де, күй де таңдай ма? Жыртық-тесігіне қарамай, шаңырақтың көзінің саңылауы иненің жасуындай сығыр жарқышақтарынан сығалап тұрған сұлу көздерге айналып, артынша адам бейнесіне еніп, ентелеп келе жатады. Өйткені өріп жүрген үрей ел жүрегін әбден кеулеп алған кер заман еді.

(Жалғасы бар)

Сурет Арқанғай аймағының Өндірхан сұмынының ФБ парақшасынан алынды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері