/////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-5)

1389 рет қаралды

***

1938 жылдың жазы. Ақымер бай ауылының он бір адамы, он сегіз жасар ұлы халық жауы, жапон шпионы, тыңшы атанып, айдар тағылып ұсталып кетті. Аттанарында Ақымердің бәйбішесі Келістіге айтқан жалғыз сөзі «Ләззатты құтты орнына қондыр. Аманат» деген.

Ақымер бай халық жауы атанып ұсталып, із-тозсыз, хабар-ошарсыз кетіп, мал-дәулеті түгелдей тәркіленіп, ту-талақай болғаннан кейін де ауылының тұсынан өткен елдің әңгімесі Ләззат. Бұрындары байдың үйінің сыртынан жүрмек түгіл, ауылын айналып өтетін ел ішіндегі есерлер де төңіректейтін, тыныштық бермейтін болды. Бұл жағдай байдың бәйбішесі Келістінің мазасын алды. Есіне отағасының «Ләззатты құтты орнына қондыр. Ол саған аманат» деген сөзі жиі орала беретін болды.

***

Аманатқа адалдық керек. Аманатқа ғана емес, тағдырға да адалдық керек. Қабақ пен Ләззаттың бірігіп, бір ошақтың басында ғұмыр кешуі кездейсоқтық емес. Екеуі бесікте жатқанда атастырылған жандар еді. Адам тағдырының табиғи табиғатына аярлар саналы түрде аямай балта шапса да ата жолына адал аналар атаның жосын-жолын бұзбай, ғасырлық үрдісті жалғап жатты. Қабақтың анасы егілген ел есін жиып, Қабағы он сегізге толғанда коммунистер әй-шүй жоқ тартып алған көп малынан тастап кеткен жалғыз Көк ала тайын дөнен шығарып Ақымер байдың белдеуіне байлап, байдың бәйбішесіне өзінің білегінде қалған күміс білезігін салған.

– Е,  Күмісжан, жер өмірден қарғадай балаңды қанатыңның астына алып, не мұратпен келгеніңді белдеуге үкі тағып байлаған тайыңнан, есігімнен еңкейе енген затыңнан да аңғарып, бағып отырмын.  Мен аманатқа қиянат жасайтын Қарабаймын ба? Әкелердің алған қолын, айтысқан сөзін, берген уәдесін бұзамын ба?… Жоқ, Күмісжан.  Елге келген нәубаттан есен қалған шаңырақ бар ма? Сенің кебіңді еселеп кимесем кем көріп отырғаным жоқ.  –  Келісті арқасын тұтас жапқан аппақ шылауышының тізесінің үстінде жатқан ұшымен көз жасын сүртті.  – Қызырымды көп ойлаймын. Тым жас еді. Бар-жоғы он сегіз…  – Он сегіз дегенде Қабақ қабағының астымен шешесіне қарады. Жүрегі шым еткен ана ұлының қимылын көзінің қиығымен бағып, өз тізесін өзі қысып-қысып қойды. Қабақ мұны көріп, ымын ұқты.  – Қызырым, қызығым еді. – Бәйбіше сөзін жалғады… – Іш киімін жуып-шәйіп қойғамын ғой. Жалаңаш етіне киген жарғақпен кетті, құлыным. Жылқыға бара жатқан жолынан ұстап, жетектеп кеткен ғой, жетпегірлер. Тірідей айырылдым. Маңдайынан иіскеп, қош деп те айта алмадым. Арманым сол.

– Қызырыңның көзіндей болсын, Қабағым!

– Айтқаның келсін!

***

Арада екі жыл өтті. Қабақ аудандық партия ұясының басшылығына тағайындалды. Есірку – халық жауының тұқымы бола тұра партия басшылығына сайланғанына ешкім қарсы болмады. Халық жауының тұқымы екені ескерілмегендей еді. Ескерілген күнде де кімін сайлайды. Сапалақ Сәлімді ме? Ағын судай Ақкісіні ме? Қабақтың басшы болғанына елі дән риза. Іштей болса да «тектінің тұқымы» деседі. Ал Қабақ болса ел қамын жеді. Аттан түспеді. Жоғарыдан түскен бұйрық, қаулы-қарарды бұлжытпай орындауға тырысты. Жұтаған елдің жағдайын түзеуге жанын салды. Жөн білетін ел ішіндегі сиреп қалған көне көз қариялардан ақыл-кеңес алады. Ел қамымен үйде қонғанынан, түзде қонған күндері көп болды.

Неше күннен бері жалғызсырап отырған Ләззат жол қарап жүре ме, Қабақтың келе жатқанын көріп, күн салып қарап біраз тұрды да алдынан шықты. Күлімсірей келіп күйеуін аттан түсірді. Көршісі меденнің аттарын бағатын Сәлімнің қара қатыны жабықтан сығалап, Ләззаттың бүкіл қылық, қимыл әрекетін, ойын оқып тұрғандай күбірлейді. «Байжандысын, байы бар қатын жалғыз өзі сынып». Ерінін сылп еткізді. Қабақ балуан саусақтарымен Ләззаттың сүйріктей нәзік саусақтарын қысып-қысып қойды. Ләззатқа жымия қараған. Ләззаттың түлкінің жәудірінің көздеріндей күлімдеген жанарының бүкіл кірпігінен нұр лаулап тұрды.

Ол «шай қоя берейін»,– деді де кері айналып үйге қарай аяғы жерге тимей бара жатқандай жөнелді. Қабақ атының ерін алып, терлігін ер үстіне жайды. Тізгінін шоқтығына түйіп байлап, қаңтарды. Қағынып, сілкініп үйге кіргенде шәй да дайын болған екен. Екеуі түзе түйістіре отырып шәйді енді ауыздарына ала бергенде шәй үстіне Сәлім кірді.

– Төрлет, Сәке.

– Жоғалып кеттің ғой. Ләззат күнде жол қарайды. Ке-ке…

– Қыстың қамын ерте ойла деп…

Сәлім төрдегі сары ала сырмақтың үстіне малдасын құрып отыра беріп, иісі мұрнына келді ме табанына қарап: – О, әкеңнің ауызын тсі… боқ басып кетіппін ғой, – деп жер таяна жамбастай түрегеліп, өкшесімен тіреп шойнаңдай басып, – тападай тал түсте көзі ағып жүреді, – деп өзін-өзі боқтай шығарға шығып, табанын көк жасаңға үйкеп-үйкеп тазалап қайта келді. Ләззат бір кесені шүпілдете толтырып шәй құйып ұсынды.

Ләззатты күнде көріп жүрсе де тап қарсысынан тура өзіне кесені ұсынғанда кең жеңі түріле аппақ білегі көрінгенде қолы ебдейсіз дірілдеп барып, саусақтары саусақтарына тиіп кете жаздап, – Шіркін Ләззаттың шәйін айтсайшы, бір ұрттағанда-ақ маңдай терің бұрқ етеді, – деп қолын серпеп қалғанда шыны толы шай шайқалып алдына төгіліп кетті.

– Үй, Сәке, байқа…   анауыңды…, – деп Қабақ іліп әкетті.

–  Қайтеді, – деп Ләззат та жылы күле Қабақты тиып қойды.

–   Әкеңнің… кедейдің етегіне бидай салсаның өзі болды, ә, – деп Сәлім де қиық-қиық күлді. Осы кезде үйге Сәлімнің қатыны Қалима кіріп еді Сәлімнің күлкісі сап тиылды.

– Амансың, қайным? – Қалима Ләззаттың аяқ жағына отыра кетті.

– Үй, жоғары шығыңыз.

–  Жо-жоқ, болады өш жер. Кірем де шығамын. Қабақтың келгенін көріп…

–  Чүкір, жақсы, кәріп жандарыңыз күйлі ме?

Төртеуі шүңілдесіп, оны-мұныны әңгіме қылып, біраз отырып қалды. Кірем де шығамын деген Қалима да қозғала қоймады. Ләззаттың кешкі шәйін сораптай ұзақ ішті.

– Әй, кемпір, отырасың ба? Баладар не болды, үйге барсаңшы! – Ләззат орнынан тұрды:

– Көжені ысыта қойайын. Дайын тұр. Көже ішіңіздер.

– Қабаң үйде жоқ. Ләззаттың көжесін ішпегелі де көп болды.  – Қалима тұрмақ бастанып қопаңдап еді, Сәлім. – Дайын асты тастап кетеміз бе, ауыз тиіп шығайық. Әй, кіргенің жаңа ғой, құйрық басып отыра алайтын жан екенсің, текесі суға кетіп бара ма деші, бірге шығайық, – деп тыныштандырып қойды. Қалима байының мұнысын жақсы көріп қалды. Сәлім бір аяқ көжесін тауысып, аяғын қайта ұсынды.

– Шіркін, қазақтың көжесіне жететін ас бар ма? Өзі жеңіл. Қою сұйығы аралас. Сіңімді. Сүйекті де қабады, бойға да қуат береді. Бізде ұн тапшы ғой. Әйтпесе бізде істеп  ішеміз ғой.

– Ел іргесін аман болса ұн да болады, Сәке, тұз да болады.

– Бәріміздің де тілеуіміз со ғой. Сені біреулер түртпектеп жүр дей ме? – Бұ сөздің ауызынан қалай шығып кеткенін байқамай қалған Сәлім, аузындағы бір кесек етті  шайнамай жұта салып, артынан көженің сорпасын аяқтың шетінен қауып ұртап, қылғына жұтып, Қабаққа қарап еді ол:

– Сонда жұрт не дейді екен, Сәке? – деді.

– И, не деуші еді. Баяғы сол, ескі бірдеңені көңірсітіп. Не шықса да біздің өкіметтің өзінен шығады. Қойымды құрттап, іркітімді ұрттап жүрсем болды емес пе деуші еді жарықтық Жуасбай ол сорлы да кетті ғой…  Жо-жоқ. Сен естімедің. Мен айтпадым. – Сәлім екі көзін тас жұмып, екі қолын төбесіне ербитіп бұлғалақтатып, быжалақ қақты.

– Әй, әкесі, өкіметте сенің не шаруаң бар, жетеді. Артыңды қысып жайыңа отырмайсың ба?

– Ойбай, мен өкіметте шаруам бар дедім бе? Мына қатын не деп отыр?!

– Бұны сөйлетіп қойсаң, жоқты-барды көйітіп, ойына келгенді бәдіп сөйлей беретінін білесің ғой, Қабақ,– деп Халима түрегеліп байын жүр-жүрдің астына алды.

(Жалғасы бар. Сурет автордан)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар