///

“Қазақстан халқына” қоры кімдерге көмектеседі?

4211 рет қаралды

7 желтоқсан күні заңгер, Атырау облыстық Қоғамдық Кеңесінің мүшесі Салтанат Рахимова өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Президент Қасым Жомарт Тоқаевқа жүгініп, жазба жариялады.

СӘБИЛЕРДІ АУРУДАН ЕМДЕУГЕ, ЖАНЫН АЛЫП ҚАЛУҒА ҚАРАЖАТ БӨЛМЕЙТІН ҚОР

Жазбада Салтанат Рахимова Атырау облысындағы оттегі баллонын өзімен бірге сүйретіп жүретін оқушы қыз балаға былтыр жылдың басында Президенттің бастауымен құрылған «Қазақстан Халқына» Қорының көмек көрсетпей отырғанын айтады. Жазбаның толық нұсқасын жариялауды жөн көрдік.

«Құрметті Қасым Жомарт Кемелұлы!

Биыл қаңтар айында өз бастамаңызбен құрылған «Қазақстан халқына» Қорының жұмысына бүгінгі күні халықтың көңілі толып отырған жоқ.

Облыс әкімдігі біздің сұрауымызбен Қорға Атырау облысымен тығыз жұмыс жасау туралы ұсыныстар бергенімен, бүгінгі күнге Қор Атырау облысының аса қиын жағдайдағы тұрғындарына бет бұрмай келе жатыр.

Мысалы, біздің облысымызда оттегі баллонын өзімен бірге сүйретіп жүрген оқушы қыз бала бар. Ажалмен күн сайын бетпе-бет кеп аяусыз күресіп жүрген қыздың жалғыз басты анасы, бір мүгедек інісі бар. Қор сол қыз баланың еміне көмек көрсетуден бас тартқан. Күні кеше әкесі нейрохирург, анасы акушер гинеколог, екеуі де жас маман дәрігерлердің үш жастағы баласы «острый В клеточный лимфобластный лейкоз» ауруына шалдығып, өмір мен өлімнің арасында жатқасын Оңтүстік Кореяға апарып емдетуге көмек сұрағанда Қор шетелдік клиникаларға өз күшімен барғысы келетін науқастарға көмек көрсетпейтінін айтып жауап берген.

Ол Қор сонда не үшін керек?! Сәбилерді аурудан емдеуге, жанын алып қалуға қаражат бөлмейтін Қор қалайша «Қазақстан Халқына» деп аталады?!

Сайтына кіріп зерттеп көрсем, Қордың қызмет бағыттарына ерекше жағдайларда атаулы көмек көрсету, дәрі-дәрмек, протез алып беру, емдеу ақысын төлеу, оқу гранттарын бөлу сияқты бағыттармен бірге өмірлік маңызы шамалы шараларға ақша бөлу қарастырылған. Мысалы, мектептерге, ауруханаларға құрылғылар мен инвентарьлар сатып алып беру, азаматтардың формальды емес білімдерін кеңейту (ересектердің өз білімін жетілдіру (қоғамдық орталықтар, кітапханалар, жеке оқытулар, медиа, театр, музей, галереялар, концерттерді тамашалау, өзге де мәдени, өнер және туризм қызметтерін тамашалауға) қаражат бөлу т.б. бағыттар қарастырылған.

Осы бағыттарды алып тастап, қаражаттың көп бөлігін Қазақстанда емделмейтін немесе емделуі жақсы нәтиже бермейтін ауыр сырқат түрлерін шетелдерде емдетуге бөлу керек.

Адамның денсаулығы мен өмірін ешқандай галереялар мен концерттерді тамашалаумен салыстыруға мүлдем болмайды.

Екіншіден, осы «Қазақстан Халқына» Қорының негізі принциптерінің бірі ашықтық деп жарияланғанымен, Қор бүгінгі күнге дейін тауарлар мен қызметтерді бір көзден сатып алып келеді. Қордың өзінің сатып алуларды жариялайтын порталы жоқ, мемлекеттік сатып алу порталына субъект болып тіркелмеген. Сондықтан, Қордың сатып алу процесін жүзеге асыруына қоғамдық бақылау жүргізу мүмкін емес. Ал, бұл, өз кезегінде Қордың қайырымдылықтан түскен қаражатты талан-таражға салуына әкеліп соғуы мүмкін.

Сондықтан, өз бастамаңызбен құрылған «Қазақстан Халқына» Қорының шын мәнінде науқас бүлдіршіндерді, ауыр науқас отандастарымызды емдеуге қол ұшын беретін нағыз Халықтық Қор болуына ықпал етуіңізді сұраймын.

Салтанат Рахимова, заңгер,

Атырау облыстық

Қоғамдық Кеңесінің мүшесі

ҚОР ҚАРЖЫСЫ ҚАЛАЙ ЖҰМСАЛАДЫ? БҰЛ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ АШЫҚ ЕМЕС

«Қазақстан Халқына» Қоғамдық қоры 2022 жылғы 14 қаңтар күні мемлекеттік тіркеуден өткен. Қор мемлекеттік қолдау шараларынан тыс өмірдің негізгі салаларындағы қазақстандықтардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған. Қорға 2022 жылғы 31 желтоқсанға заңды және жеке тұлғалардан 131,7 млрд. ₸ ақшалай қаражат түскен.

Қордың 22 сарапшысы, 79 000-нан  астам демеушісі бар. Қорға түскен ақшалай қаражат туралы Қор сайтының «Демеушілер» деген бөлімінен таба аласыз. Мұнда Қор демеушілерінің салған қаражаттары: 1 миллиард теңгеден астам жарна аударған заңды тұлғалар; 500 миллионнан 1 миллиард теңгеге дейін жарна аударған заңды тұлғалар; 50 миллионнан 500 миллион теңгеге дейін жарна аударған заңды тұлғалар; 50 миллион теңгеге дейін жарна аударған заңды тұлғалар және жеке тұлғалар деп қаражат көлеміне қарай санаттарға бөлінген. Әрбір демеушінің салған қаржысының көлемі де көрсетілген.

Қордың сайтындағы Қор туралы бөлімінде: «Қор қызметтің ашықтығы мен айқындылығы қағидаттарын ұстанады. Жобалар аяқталған кезде Қор құжаттары мен ақша жұмсалуы туралы есептермен танысуға болады» делінген.
 
Қордың Құрылтай шарты, Қор жарғысы, Ұйымдастыру құрылымы, Қамқоршылық кеңесі және тағы басқа құжаттары да осы бөлімде жарияланған. Ал «Есептілік» бөлімінде сіз халыққа көмек көрсету және Қор қаражатының қозғалысы туралы есепті ақпаратпен таныса аласыз. Мұнда «Қордың қайырымдылық көмек көрсетуі туралы есебі» деген тақырыппен бағдарламалар бойынша көрсетілген қайырымдылық көмек тізімделген.
 

 Яғни, көрсетілген қайырымдылық көмек атауы және оны көрсетуге шығындалған қаражат көлемі көрсетілген. Кейбір қайырымдылық көмектің тұсында «ТОЛЫҒЫРАҚ» деген сипаттама бар. Егер сол сипаттаманы бассаңыз, аталған көмекті көрсету үшін жасалған қызметтерді, тауарларды жеткізу үшін келісімшарттарды және оларға жалғанған ерекшеліктерді, яғни келісімшарттарға қосымшаларды, қол қойылған құжаттарды көре аласыз. Бірақ, бұл құжаттар барлық көрсетілген қайырымдылық көмектеріне жалғанбаған.

Сонымен қатар, қайырымдылық көмекті көрсету үшін сатып алынатын бұл қызметтер, тауарлар қандай сатып алу платформасында сатып алынатыны белгісіз. Олай дейтініміз, Қор ҚР Мемлекеттік сатып алулар порталындағы қатысушылар реестрінде қатысушы ретінде тіркелмеген. Қор мемлекет қаржысын пайдаланбайды, тек заңды және жеке тұлғалардың демеушілік көрсеткен қаржысынан құралады. Сол себептен де мемлекеттік сатып алулар порталында тіркелмеген болар деп ойлаймыз. Олай болса, Қордың қызметтер мен тауарларды сатып алуды ұйымдастыратын ашық балама ресурсы бар ма? Егер болса бұл платформа неге Қор сайтында бөлім ретінде көрінбейді немесе осындай платформа басқа ресурста болса, оған неге сілтеме жоқ?

Сонымен Қор халықтың барлық санатына қандай жағдайларда, қандай бағдарламаларға сәйкес көмек көрсетеді? Бағдарламаларға келетін болсақ Қор есебінен қаржыландырылатын даму бағдарламалары мен жобаларының келесі бағыттары белгілеген:

Сонымен Қор халықтың барлық санатына қандай жағдайларда, қандай бағдарламаларға сәйкес көмек көрсетеді? Бағдарламаларға келетін болсақ Қор есебінен қаржыландырылатын даму бағдарламалары мен жобаларының келесі бағыттары белгілеген:

– Қазақстан халқына ҚҚ білім беру гранттары;

– «Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды роботтық құралдармен (экзоскелеттермен) қамтамасыз ету»;

– Тамыр патологиясы бар балаларға медициналық көмек көрсету;

– Офтальмологиялық скрининг және шала туған ретинопатияны емдеу үшін медициналық ұйымдарды жабдықтармен қамтамасыз ету;

– Мүгедектігі бар балалар мен жастарды (14-29 жас) инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету;

– «Аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру» қайырымдылық жобасы;

– «Ерте араласу орталықтарын жарақтандыру» қайырымдылық жобасы;

– «Тұсау кесер» жобасы;

– «24 балалар спорт залы» қайырымдылық жобасы;

– Көздің мүйізгек қабығын ауыстырып салуды қажет ететін көз ағзаларының аурулары бар пациенттерге қайырымдылық көмек көрсету;

– Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту;

– Арнайы мектеп білім беру ұйымдарын жарақтандыру;

– Болашақ инженерлер;

– Орфандық ауруларға шалдыққан емделушілерді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша жобаларға амалдар туралы;

– Қайғылы қаңтар оқиғаларында зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсету;

– Қазақстан Республикасының спортшыларын пара-жеңіл атлетикаға дайындау және қатысу үшін спорттық және жүгіру протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету.

«Қордың бағдарламалары мен жобалары Тұжырымдамаға сәйкес бірінші кезекте Қор есебінен қаржыландырылатын даму бағдарламалары мен жобаларының келесі бағыттары белгіленді. Ең алдымен, Қор бұл көмекті қажет ететіндерге: еліміздің ең әлсіз және қорғансыз азаматтарына көмектеседі, олар үшін Қордың көмегі жаңа өмірге қол жеткізуге немесе тіпті аман қалуға мүмкіндік береді. Даму жобаларының артында, атаулы көмектен айырмашылығы, нақты адамдар емес, бүкіл халық топтары болады», – делінген Қор сайтында.

Алайда халықтың санатын таңдамай көмек көрсетуді мақсат тұтқан Қордың жоспарына Атырау облысындағы оттегі баллонын өзімен бірге тасып жүретін қыз балаға көмек көрсету кірмейді. Мұны біз қыздың анасы сайтқа қалдырған өтінішке келген жауаптың скрин суретінен көре аламыз.

Салтанат Рахимова, қоғам белсендісі:

ҚАРЖЫНЫҢ ҚАЙДА ЖҰМСАЛЫП ЖАТҚАНЫН САЙТ АРҚЫЛЫ БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ БАҚЫЛАҒАНЫ АБЗАЛ БОЛАР ЕДІ

Осылайша біз осы мәселенің анық-қанығын білмекші болып Салтанат Рахимоваға қоңырау шалдық.

– Салтанат Асқарқызы, бұл жағдай туралы қалай білдіңіз, осы кезге дейін бұл мәселені шешу үшін қай мемлекеттік не басқа орган алдында мәселе көтердіңіз? Қазіргі күні мәселе шешілетін болды ма?

– Жалпы, қаңтарда Қор құрылғанын білеміз, содан бастап Қор көптеген науқас балаларға көмек көрсететін шығар деп үміттендік. Бірақ, қозғалыс болмады. Сосын, 14 маусым күні мен Атырау облысы әкімінің Облыстық Қоғамдық Кеңес мүшелерімен кездесуінде өзекті мәселе етіп, осы – аналардың ауру, ерекше балаларын шетел асып емдетуге әлеуметтік желі арқылы қаражат жинауының тоқтамай отырғанын айттым. Сол жерде Ел президентінің бастамасымен құрылған «Қазақстан Халқына» қорынан 6 ай бойы біздің облыс тұрғындарына ешбір көмек болмай отырғанын айтып, Қормен байланысты орнатып, науқас балаларды емдетуге Қордан қаражат бөлдіруге ықпал етуді сұрадым.

Одан кейін оттегі баллонын өзімен бірге сүйретіп жүрген Э.Егизбаеваның қызын емдетуге әлеуметтік желі арқылы көмек жинап жатқанын оқып білдім. Ол баланың ауруы ерекше, жүрек, өкпе жүйесіне трансплантация жасау керек. Одан бұрын да әрбір үш ай сайын Астанаға барып ем алуы керек екен, соған да қаражат жинайды. Э.Аралова есімді қоғам белсендісі, волонтеріміз бар, оның баласын Москваға апарып операция жасатуға 20 млн теңге керек. Міне, сол жағдайларға Қор неге көмек көрсетпей отырғаны туралы пост жаздым. 

Одан да көмек болмағасын, бір-екі ай шамасында облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембаевпен хабарласып, Э.Егизбаеваның қызына тез арада көмек көрсетпесек, арты өкінішке соқтыруы мүмкін екенін айтып, Қордан қаражат бөлдіруге ықпал етуді сұрадым. Ол кісі Қормен байланысып, ықпал етуге тырысатынын айтқан. Соның нәтижесі болар, Қор осы жуық арада Жанельдің құжаттарын қайтадан сұратып алып қарап жатыр екен. Бұл бір жағдай.

Келесі жағдай Алинур есімді бала, ол ақ қан ауруымен сырқаттанған. Қор оған көмек көрсетуден бас тартқан. Менің түсінгенім қан рагы Қазақстанда да емделеді деп жауап берген. Алайда, рак ауруы дегенде бәрі қорқады, оның үстіне жас сәби ауырса. Ол, біздің елімізде қаншалықты тиімді емделуде, статистикасы бар ма?! Ертең кеш болып кетпей ме?! Жап-жас дәрігер әке-шешесі өзге жұрттың денсаулығы деп күні-түні ауруханада жүргенде, өз сәбилеріне тиісті дәрігерлік көмек көрсете алмай опық жеп қалмай ма?! Міне, мені осы сұрақтар мазалайды.

Енді, Қор мәселесіне келсек, былтыр кей жерлерден қайырымдылыққа жиналған ақшалар әділ бөлінбейді екен деген әңгімелер шығып жатқанда, біздің облысымыздағы волонтер Нурлан Жунасовқа қайырымдылық Қор ашуға ұсыныс білдіргем. Оның қолы тимеді ме, қалып қойды.

Менің ойым, мысалы, мен Қор ашсам, ол Қорға түскен қаражаттан ешбір еңбекақы, т.б. шығындарға ақша шығармас едім, түскен ақшаны емдеу мекемелеріне аударып, қаржылық есеп тапсыратын, онда да тек қайырымдылық үшін деп қосымша атқаратын бір өз ісіне адал есепші ұстап, Қорға Қамқоршылық Кеңесін сайлап, оған облысымызға танымал Ерлан Күмісқалиев, Жібек Бисенова, Лунара Максутова, Сандуғаш Кукенова т.б. науқас балаларды оңалтумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар басшыларын, медицина кәсіподағы басшысы М.Кашкенова сияқты өздері дәрігер, өздері халықпен жұмыс істейтін жауапты адамдарды шақырып, олармен талдау жасап, қай балаға, қай науқасқа көмек бірінші кезекте көрсетілуі тиіс т.б. мәселелерді шешіп, Қордан көмек көрсетуді ұйымдастырса деген арманым болған.

Норвегияның зейнетақы Қорының қаражаты күн сайын қалай толығып жатыр, жиынтығы қандай болды, соны интернеттен көруге болады. Сол сияқты, Қор қаражатының қозғалысын күн сайын тікелей сайттан көріп отыратындай істесе деп армандағам. Олай істей аламыз деген программист те болған.

Егер ондай ашық Қор құрсаң, ай сайын ақша аударып отырар едік, науқас балаларға көмек көрсеткіміз келеді деген адамдарды да көптеп кездестіргем. Бірақ, мына Қор құрылғаннан кейін қуанып кетіп, ол идеямды ұмытып кеткем.

Негізі, өзі қайырымдылық Қоры болғаннан кейін оған үлкен етіп штат ұстаудың керегі жоқ деп есептеймін. Қор басшысы мен штаты оның әрбір тиынының адал, әділ жұмсалғанын түсіндіре алатын болуы керек деп ойлаймын, – деген Салтанат Асқарқызы Атыраудағы кезек күттірмей көмек көрсетуді талап ететін Жанэль мен Алинур есімді балаларға Қор тезірек көмек қолын созда деп шырылдап жүргенін айтты.

ҚОРДЫҢ ШТАТЫНДА 26 АДАМ БАР

Жалғыз Салтанат Рахимова емес, Қазақстан халқының барлығы дерлік Қор жұмысының ашықтығын, есептілігін және Қорға түскен қаржы еліміздің аса ауыр, қиын өмір жағдайында қалған, сөйтіп шын мәнінде көмекке зәрі барлық азаматтарына тең қызмет ету үшін қолжетімді болса деген тілегі бар.

Салтанат Асқарқызы айтқан штатқа көз жүгіртсек, Қордың Ұйымдастыру құрылымы сайтта жарияланған және 26 қызметкері бар екенін көрсеткен. 

 Жалпы Қордың жұмысын ұйымдастыру, Қордың қызметін қамтамасыз ету үшін осынша штат ұстау қаншалықты дұрыс және қаншалықты қажет? Шын мәнінде сол 26 қызметкердің жалақысы, оларды ұстау үшін материалдық-техникалық және басқа да шығындардың өзі аз қаржы емес екені белгілі.

«Қазақстан Халқына» Қоры шын мәнінде Қазақстан халқының мүддесіне қызмет етіп жатыр  ма және ол өз ресурсында жазылғандай халықтың бүкіл топтарына көмектесіп, елдегі ең әлсіз және қорғансыз азаматтарға жаңа өмірге қол жеткізуге, тіпті кей жағдайда аман қалуға мүмкіндік бере ме?  Штатында 26 қызметкері бар Қордың түскен қаржыға сатып алынатын тауарлар мен қызметтерді қандай ресурста, қандай тәртіппен сатып алатыны әзірге беймәлім. Ал, Қазақстан халқының Қор жұмысының ашықтығы мен есептілігін талап етуі әбден заңды.

 

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар