///

Келісімшарт қолда болғанымен баспана жоқ. Ауыл әкімінің орынбасары үйді неге босатпай отыр?

1492 рет қаралды
фото: gov.kz

Редакциямызға Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы, Таврия ауылының тұрғыны Раева Тұйғын хабарласты. Тұйғын әлеуметтік екі бірдей санаты бар ана. Біріншісі мүгедектігі бар ұлының күтімі болса, екіншісі туған қызының екі баласына қарап отыр. Өзінің баспанасы 10 жыл бұрын өртеніп кеткен. Содан бері әркімнің босағасын жағалап, кішкене ауылдың ішінде баспана жалдап тіршілігін жасауда.

Қанша жылда жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүріп, 2023 жылдың 31 қаңтарында жергілікті қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Раева Тұйғынға баспана берілетін болып шешілген.

«Осы шартты жасасу үшін Таврия ауылдық округінің жергілікті қоғамдастығының 2023 жылғы 31 қаңтардағы № 1 шешімі негіз болып табылады» – делінген 2023 жылдың Таврия ауылдық округінің әкімдігі мен Раева Тұйғын қол қойған келісімшартта. Ал келісімшарттың әзірленген уақыты 2023 жылдың 3 ақпаны. Осы келісімшартқа сәйкес Раева Тұйғынға жалпы ауданы 85 м2 болатын, Таврия ауылынан Садовая көшесі 15, 1 пәтерден үй берілуі керек болған.
Алайда дәл осы мекен-жай бойынша Таврия ауылдық округі әкімінің орынбасары тұрып жатқанын және ол жуықта үйді босатып береді деп ауыл әкімі ауызша түсіндірген еді Тұйғынға. Қатты қуанған Тұйғын, келісім шартты қолына алып, жалдап тұрып жатқан баспанаға келіп, киім кешектерін буып, түйіп, өрттен қалған жиһаздарын реттеп, бір екі күнде көшемін деп дайындалған. Бір екі күн бір жұмаға, бір жұма бір айға созылып кете берді. Келісімшарт қолда болғанымен баспана жоқ.
Орын алған жағдайдың мән жайын білу үшін тілшіміз Таврия ауылына барып, Тұйғынмен, Таврия ауылдық округінің әкімі Әлбеков Меиржан Қанатұлымен және оның орынбасарымен кездесті.

Шынымен «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасымен көпбалалы аналарға арналып салынған шаршы метрі 85 болатын, Садовая көшесі 15, 1 пәтерде жергілікті әкімнің орынбасары тұрып жатыр екен. Үйдің сыртқы қоршауы қирап жатыр, көмір кіре беріс есіктің алдына қалай болса солай түсірілген. Үйдің есігі жабық тұр. Бір бет қағазын ұстап жүгіріп келген әкімнің орынбасары, уақыт жоқтығын, сайлауға дайындалып жатқандарын айтты. Үйді қашан босататыны туралы тілшінің сұрағына жөнді жауап бере алмады.
Ауылдық округ әкімі Меиржан Қанатұлы:

– Негізі бұл үйді Раева Тұйғынға заңсыз беріп отырмыз, ауыл қоғамдастығының шешімі солай болған соң берілді. Ауылда жағдайы мүшкіл отбасылар жетеді әйтпесе. Бұл үйді осы Наурыздың мейрамдарында босатып береді. Бұл үйлер әлі әкімдіктің балансына өткен жоқ. Процесс жүріп жатыр. Үйлердің сапасы онша емес. Септиктері дұрыс жасалмаған. Кемшіліктерді жөндеуге қатысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне күнде хабарласамын. Іздесеңіздер мың кемшілік табасыздар, – деді.

«2020 жылдан бастап облыс әкімінің бастамасымен өңірде “бір қабатты Шығыс” бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы тұрғын үй бағдарламасы аясында биыл Ұлан ауданында 12 екі пәтерлі үй салынды, деп хабарлайды “ҚазАқпарат” ХАА ШҚО Ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

Ұлан ауданының тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы аудан әкімі Ренат Құрмамбаев баспасөз мәслихатында айтып берді. Ол биыл Қасым Қайсенов кентінде, Таврия, Бозанбай ауылдарында үйлер салынғанын атап өтті. 2022 жылға арналған жеке құрылыс салушылармен оффтейк-келісімшарттарға қол қойылды. Келесі жылы Қасым Қайсенов кентінде, Герасимовка, Мамай батыр және Сағыр ауылдарында 25 екі пәтерлі үй пайдалануға беріледі.» – деп жазды.

2021 жылдың мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Таврия ауылындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған, әр пәтердің ауданы кемінде 80 шаршы метр, жер учаскесі бар және қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар (электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұруға арналған жеке септиктер) екі пәтерлі тұрғын үйден пәтер сатып алу лоты жарияланған. Лот № 46024829-ОИЗ. Техникалық спецификацияға сәйкес бір үйдің бағасы 11 миллион 900 мың теңге. Дәл осындай техникалық спецификациямен 6 лот жарияланып, 6 үйді  71 миллион 400 мың теңгеге сатып алған. Сатып алынатын тауардың талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық, пайдалану және өзге де  сипаттамасына сәйкес, сатып алынған үйлерге кепілді мерзімі 3 жыл деп көрсетілген. Яғни үйлерді жергілікті бюджеттен 2021 жылы сатып алған болса, үйді салған мердігердің анықталған кемшіліктерді жою үшін бір жыл ғана, 2024 жылға дейін уақыты қалды.
Бюджет қаражатынан сатып алынған үйдің қақпасын қиратып, қоршауын жөндемей отырған әкімнің орынбасарынан:

– Мен көшіп кіргенде осындай болып жатқан, – деген ғана жауап алдық.

Уақытша болсын тұрып жатқан үйдің шаруашылығын дұрыс жөндей алмай отырған әкімнің орынбасары, ауыл ішінде қандай шаруаларды дөңгелетіп отыр екен деген ойға қалдық. Мемлекеттің дүниесіне сондай жауапсыздықпен қарауға бола ма? Мемлекеттік қызметкер деген атына үлкен сын емес пе?
Ал Раева Тұйғынға ауыл әкімі  біздің көзімізше “Наурыз мейрамынан кейін жаңа үйге кіресіз” деп тағы бір уәдесін берді.
“Мінбер” ақпараттық порталы жағдайды өз бақылауында ұстайды.

Жұлдыз Ақтанжанова, 

ШҚО, Ұлан ауданы, Таврия ауылы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі