/////

Ұлыстың ұлы күні Самарқанның көк тасы ериді

2034 рет қаралды

«Ұлыстың ұлы күні Самарқанның көк тасы ериді» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Ол таза қазақи ұғым. Басқа, бөтен жұртта жоқ.  Өзбек фольклорында да бұл тіркес кездеспейді екен. Егер ол оларға тән ұғым болса, шығарған солар болса, оның ауыз әдебиетінде орын алмауы мүмкін емес қой.

Ал осы сөз тіркесінің төркіні қайдан шыққандығы туралы сан болжам айтылады. Соның ішінде, біздің шындыққа бір табан жақын ба дейтініміз әлемге әйгілі Қаһарлы Әмір Ақсақ Темірге қатысты айтылатын әпсана.

Самарқандағы Ақсақ Темір соқтырған төрт қабатты Көк Сарайда көк тас болыпты. Әмір Темір осы таста отырып алыс-жақыннан келген мәртебелі қонақтар мен елшілерді қабылдапты. Кейіннен осы мәрмәр тақтың үстінде ел билеушілерін ақ киізге салып хан көтеру рәсімі атқарылған екен. Тақты көк тас демесе керек еді.

Біздің ойымызша, халықтың көк тас деп отырғаны осы Әмір Темірдің өзі, оның билігі. Олай дейтініміз, мынадай бір ел аузында қалған өлең жолдары еске түседі.

Киікбай мен Мондайды,

Сарықамырды жондайды.

Мондайдың Көк тасын тартып ап,

Киікбай қу оңбайды.

Қолында көне заманнан бері жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша биліктің белгісі Көк тасы бар Әмір Ұлыстың ұлы күні, жылулық шуағын сыйлаған Табиғат Анадай мейірленіп иелігіндегі халыққа әр түрлі рахымшылдық, қазіргіше айтқанда амнистия жасап отырды деп көруге болады. Осыған орай, жұрт биліктің жібуін «Самарқанның көк тасы еріді», яғни Самарқанда отырған Билік иіді деп оған символикалық сипат берсе керек. Көк тастың жібуі Темірдің, темірдей қатал билігінің жұмсаруы.

Осы рәсім бара-бара халық санасына сіңісіп, жыл озған сайын оның атқаратын ауқымы да кеңіп тұрмыс-тіршілікке еніп, беретін ұғым-түсінігі де ұлғайып адамның адамгершілік қасиетін сипаттайын салтқа айналған шығар. Демек, Көк тас бұл қандай да бір қабыр басына орнатқан құлпы тас немесе тас тақ емес, биліктің символикалық белгісі.

Жылдар өте келе сөз тіркесінің негізгі ұғымы ұмытылып, ескіріп, салттық түрі қалды. «Самарқанның көк тасы еріді» деген тіркестің мағынасы көктем келгенде тас екеш тастың өзі жібіп, қыс бойы қатып жатқан табиғат жаңарып жаңа түрге енуіне орай бір-біріне реніші  бар адамдар кешірісіп, пейілі кеңіп, жайнап жаңарып, көрісіп-қауышады, мейірленеді деген түсінік беретін болды. Самарқанның көк тасы неге еритініне бұл күнде еш мән берілмейді. Алайда, қазіргі билік тарапынан жұртшылыққа көрсетіп жатқан түрлі марапат, құрметтің Ұлыстың Ұлы Күні қарсаңында атқарылып жатқаны осы көне салт-дәстүрдің қайта жаңғыруы болса керек!

Наурыз – бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі. Наурыз — жылдың басы, Жаңа жыл!

Ұлыстың ұлы күні Самарқанның көк тасы ериді! Ұлыстың Ұлы Күні құтты болсын! Ескі жыл есіркесін, Жаңа жыл жарылқасын!

Қарамер

Наурыз келді

Наурыз келді, гүлімен,

Мейірімге қарық қып.

Ақ сақалды аппақ қыс,

еріп кетті жарықтық.

Сарқырайды бұлақтар,

Жайқалады құрақтар.

Айналада,

аулада,

Шапқылайды лақтар.

Наурыз келді, бақ келді,

Бау-бақшаңды бапта енді.

Ауызды аққа жарытып,

Ақ уызын ап келді.

Түннен озып таң келді,

Ақ боз аттай аңқылдап.

Самарқанның көк тасы

Елжірейді алтын тақ.

Бұрқыраған сүрі иісі,

Көжеге шын құштармын.

Жылы самал еседі,

Қанатынан құстардың.

Жердің жүзі Жырау нақ,

Жылу күннен тұр аулап.

Жетті міне Ұлыстың

Ұлы күні жыл аунап.

20.03.2023ж.

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі