/////

Жұмабай Шаяхметов туралы тағылымды тарих

2762 рет қаралды
Қазақстанды Қазақ Советтік Социалистік Республикасы болып тұрған заманда, яғни сәбет билігі кезінде 21 адам басқарған екен. Солардың үшеуі ғана қазақ болыпты. Олар Жұмабай Шаяхметов, Дінмұхаммед Қонаев және Нұрсұлтан Назарбаев. 
Қоғам Дінмұхаммед Қонаев, Нұрсұлтан Назарбаев өмір жолы, қызметі туралы бірталайдан толық қанық. Ал шынымды айтсам, Қазақстанды дәуірдің дүрбелеңі көп, қайғысы мен қасыреті мол төңкеріс, ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс, соғыстан кейінгі жылдар қатарлы ең бір күрделі, қиын да қилы кезеңінде басқарған Жұмабай Шаяхметов туралы менің білерім шамалы, Википедия (wikipedia) шеңберінде ғана болды.
Өйткені  Қазақстан тарихында бүгінге дейін оның есімі аз айтылатын әрі ол туралы тиянақты зерттеулер де көзге іліне бермейтін. Менің көңілімде Шаяхметов тарих кітабынан түсіп қалған параққа, үңірейіп бос тұрған орынға ұқсайтын да тұратын. Алайда сәбет дәуіріндегі, сонау қиын-қыстау заманда небір сұрапыл суық, сұрқай күйді басынан кешірген Қазақстанның өрлеуі мен өсуі, мейлі дамуында құлдырап кері кету жылдарын Шаяхметсіз жасауға, оның тарихын Шаяхметсіз жазуға бола ма деген сұрақ әркімді де мазалайтыны анық.

Саясат қаншама құбылмалы болғанымен, уақыт жүлгесінде ақиқатты жойып жібере алмайды. Демек,  Шаяхмет тағдырының көлегейленіп көмескі тартып қалуының саяси астары болса да оны тарих бетінен мүлдемге сызып, уақыт пен кеңістіктен алып тастай алмайтынымыз шындық еді. Оның өмірінің шындығының шектелуінің өзі оның қазақ тарихындағы аса қасыретті жылдарда жоғары басшылық қызметінде болғандығы әсер етсе керек.
Солай  болса да, Ж.Шаяхметовтың өмір жолы, қызметі зерттеуші ғалымдардың назарынан тыс қалмады. 2010 жылы Л.С.Ахметова мен В.К.Григорьевтің «Первые лица Казахстана в Сталинскую эпоху» атты еңбегі  жарық көрді. Осы кітаптың мұқабасының сыртындағы суреттің өзі көп нәрсеге көңіліңді аударатын. Қалпақты қасқырдың портретінің төрт бұрышында тұрған төртеудің соңғысы Ж.Шаяхметов болатын. Ал Ж.Шаяхметов туралы «Үстемдік ауыртпалығын көтере білді» («Груз властной ноши выдержал») деген тақырыппен берілген еді. Міне осы бір олқылықты толтырып, көңілдің күптілігін арылтқандай болды.
Ақиқат  алыстаған сайын ажарланады. Ж.Шаяхметов тағдыр талайы да сондай. Қазақтың біртуар азаматының бет бейнесі күн озған  сайын айқындалып, ақиқатқа жақындай түсуде. Жуықта әлеуметтік желіден Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының (03.03.2023ж) «Неизвестные страницы из жизни и деятельности видного государственного деятеля Жумабая Шаяхметова» жобасы аясында атқарылған «Неизвестные страницы жизни и деятельности видного государственного деятеля Жумабая Шаяхметова (1902-1966гг.), «Жумабай Шаяхметов: документы, материалы, фотографии» атты кітаптарының презентациясы өткенінен хабардар болдым.
Ж.Шаяхметов туралы мұндай көлемді еңбектердің аз данамен басылып, тек еліміздің кітапханаларына ғана таратылатындығы көпшілік оқырманға қол жетімді бола бермейді. Осындайда әр бір мемлекеттік органдардың іс-қызметінің, іс-әрекетінің, жұмысының ашықтығын әрі халықшылдығын олардың қоғаммен кері байланыс орнату дәргейіне қарай бағамдайтын сәттер де туындап жатады.
Әлеуметтік желі арқылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е.Кабульдинов мырзаның желідегі парақшасына жаздым. Мінеки, Зиябек Ермұқанұлының қолынан Ж.Шаяхметовқа өмір жолы  мен қызметіне  қатысты жинақты (комплект) неше күннен бері парақтап отырып біз шынында да Қазақстанды тарихымыздың аса ауыр, күрделі кезеңінде басқарған  тұлғаның мемлекеттік, қоғамдық  қызметі, халқына адалдығы, адами келбеті туралы мағлұматымыз тым мардымсыз екеніне көзім жете түсті.
Жоғарыдағы аталған еңбектерге сүйене отырып Ж.Шаяхметовтың қазақ өмірінің  қиын-қыстау кезеңінде шешуші рөл атқарғанын нақты деректер мен материалдардан көруге болады.
Ж.Шаяхметовтың  1938 жылы 18 шілдеде, (Қазақстан КП-ның II съезінде ОК-ның мүшесі болып сайлануына байланысты  жазылса керек), осы жылға дейінгі Автобиографиясы бар екен.  1902  жылы Омбы облысында туған. Әке-шешесі қарапайым, мал баққан адамдар болыпты. 1917 жыл Полтаваның орыс-қазақ училищесін бітіріпті. Материалдық жағдайының ауырлығына байланысты ары қарай оқуын жалғастыра алмаған екен. Ауылда екі жылдай мұғалім болған. 1925 жылы Петропавловскіге қоныс аударып,  1928-1938 жылдары сонда НКВД органында қызмет атқарады.
Ж.Шаяхметовтың қолжазбаларынан оның өте көркем әрі сауатты жазатындығын көруге болады. Ол 1938 жылы көктемде Қаз КСР-дың Ішкі Істерінің халық комиссары С.Ф.Реденске жазған хатында өзінің бұл орында ұзақ отырып қалғанын, басқа аймаққа ауыстыруын бір неше рет өтінгенімен еш қандай нәтиже шықпағанын жазады. Сол жылы жазда  Ж.Шаяхметов Қазақстанның КП-ның үшінші хатшысы болып сайланыпты.   Ал Ж.Шаяхметов 1946 жылдан Қазақстан КП-ның бірінші хатшысы болып сайланып, бұл қызметті 1954 жылға дейін атқарған. Сталин  Ж.Шаяхметовты «Шығыс қыраны» атаған екен…
Ж.Шаяхметов өмір деректерін оқи отырып, оның өмірдің әр түрлі саласының ұлттық басшы кадрларын даярлап, тәрбиелеп, олардың қызметін, лауазымын өсіруге, сондай-ақ ұлттық кадрларды саяси репрессиядан қорғауда (Қ.И.Сатпаев, М.О.Әуезов) сіңірген еңбегіне тәнті боламыз. Қазақ интеллигенттеріне қаттысты кең көлемдегі қуғын-сүргіннің өткен ғасыр қырқыншы жылдарының ақыры мен елуінші жылдардың басында Ж.Шаяхметовтың шарапатының нәтижесінде саябыр тапқанын көреміз.
Ж.Шаяхметов Қазақ Елін басқарған жылдарында еліміздің өнеркәсібінің, ауылшаруашылығының,  ғылыми-техникалық және рухани әлеуетінің дамуын зор үлес қосты.
Ж.Шаяхметовтың Қаз ССР-нің Ғылым Академиясының негізін қалаушыларының бірі екенін, Мемлекеттік консерватоияның, Қыздар педагогикалық институтының, Шеттілдер институтының, Дене шынықтыру және спорт институты секілді оқу орындарының ашылуына ықпал еткен бірден бір басшы екенін бұл күнде біреу білсе біреу білмейді.
Ж.Шаяхметов Хрущев реформасы кезінде мал шаруашылығын өркендетуге арналған даланы тың игеру деген желеумен жойдақсыз жырту жоспарына қарсы тұрып, қазақ жерін қорғағандығы үшін қызметінен аластатылғаны да көпке беймәлім.
Қазақ халқының тарихында есімі алтын әріппен жазылатын, Хандармен қатар тұруға лайық дара тұлғалардың бірі Жұмабай Шаяхметовтың ел өміріндегі шынайы бағасын алуы ұлттық тарихымызға деген жаңа бетбұрыс жолында жасалынған  ғибратты істердің жүзеге асуы ары қарайда жалғасатыны кәміл.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері