///

Айбар Олжаев: 19 миллион қазақтың тағдырын шешкен Саппоро

1283 рет қаралды
Жапонияның Саппоро қаласында өткен G7 елдерінің ядролық конференциясында планетаның жеті алпауыт мемлекеті Ресейді ядролық таблеткалар нарығынан шеттету жайлы шешім қабылдады.
Ресей әлемдегі АЭС-терге ядролық отын құрамасын (отын құрамалары – уран таблеткасы мен цирконийден жасақталады) жеткізіп жүрген ең ірі ойыншы болатын. Тіпті АҚШ-тың ішкі нарығының 25 пайызын Росатом қамтамасыз етіп отырған. Енді, G7 елдері Росатомнан теріс айналғандықтан, олар үшін Қазақстан негізгі балама ретінде қарастырылмақ.
Ал Ресей ядролық отын бойынша Еуропада Венгрия мен Түркияны ғана сақтап қала алатындықтан, толығымен БРИКС елдеріне кетуге мәжбүр болады. Оның ішінде де, тек Бразилия және Үндістанға АЭС отынын сата алады, себебі Қазақстан Үлбідегі зауытты іске қосып, Қытай нарығын өзіне байлап алған болатын.
Қазақстан әлемдегі уран таблеткалары нарығының алтын тағына отырса, онда Қазатомпром сөзсіз еліміздің ең қымбат компаниясы атанады. Қазір бұл статусқа Kaspi.kz ие. Бірақ ол үшін бірнеше фактор сәйкес келуі тиіс.
Біз қазір уранның шикізаттық державасымыз. Бірақ дайын уран таблеткаларының ірі алпауыты болуы үшін технологиялық бір циклды өзімізде ұйымдастыра алмадық. Ол – “сары кекті” (тазартылған уран рудасы) конверсиядан өткізіп, гексофторидке айналдырып, ары қарай оның құрамындағы уран-235 изотопының үлесін арттыру, яғни байыту.
Қазатомпром АЭС отынын дайындау үшін сары кекті Ресейдің “Уранды байыту орталығына” қарасты (Росатом құрамына кіреді) “Урал электрохимия комбинатында” байытады. Басында сол орталықты Қазақстан мен Ресей 50/50 паритетімен құрған болатын. Артынан саяси қысым жасалды ма, түсініксіз жағдайда Қазақстан өзінің 49% акциясын Ресейге 100 миллион долларға сатып жіберіп, өзінде тек 1% акция ғана қалдырды. Ол 1% акция, сол кездегі мәлімдемелерге сенсек, осы орталықтың Қазақстанға уран байытып отыратына кепілдік береді. Бірақ Ресей кез-келген уақытта уран байыту бағасын көтеріп жіберуі мүмкін, немесе Қазатомпромның аяғынан шалу үшін өндірісті тоқтатып тастай да алады.
Сондықтан уранды өзімізде байыта алсақ, толық циклге қол жеткізе аламыз. МАГАТЭ уран банкін ұстап отырған мемлекет ретінде, бізге әлемдік ядролық қауымдастықтың көзқарасы өте жақсы екенін айта кету керек. Мемлекет басшысының МАГАТЭ төрағасымен кездесуі осының айғағы. Осы кездесуде, жабық есік жағдайында Қазақстанда уранды байыту перспективасы да талқыланды деп ойлаймын.
Қазатомпром басшысы Ержан Мұқанов Блумбергке 2025 жылдан бастап Шығыс Еуропадағы АЭС-тердің уранды Росатомнан емес, Қазақстаннан алғысы келетінін айтқан болатын. Биыл Қазатомпромның өндірісті бұрынғы деңгейде (шамамен 22 мың тонна) сақтаймыз деген жоспары бар. Бірақ, егер сұраныс артса, қосымша уран өндіре алатын қуаты жетеді.
Қазатомпром 2020 жылға дейін уранды Ресей территориясы арқылы экспорттап келсе, қазір Каспий теңізі арқылы Қара теңізге, ары қарай Еуропаға баратын маршрут пен Қытай арқылы Тынық мұхитқа шығатын маршрутты іске қосты. Яғни, Ресей енді логистикамызға кедергі бола алмайды.
Бүкіләлемдік ядролық қауымдастық әлемдегі уранға деген сұраныс 2030 жылға дейін 30 пайызға артады деп жоспарлап отыр. Дамыған елдер 2030 жылдан бастап декарбонизация (көмірсіз, мұнайсыз өмір) кезеңіне аяқ басатын болса, 2040 жылдары бізді мұнай емес, уран асырайтын болады. Теңге курсы да – мұнай бағасына емес, биржадағы уран бағасына қатысты болмақ.
Қазақстан өз тарихында қуанғаннан көрі көбірек жылаған мемлекет. “Қара мен ақ, түн мен күн” теориясына сәйкес, еліміздің қуанатын кезеңі енді ғана басталатын сияқты. Түн бітті, енді күн шығады деп сенемін.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар