////

ITeachMe: кедергісіз мүмкіндіктер әлемі

1294 рет қаралды

Наурыз айында Орал қаласында ITeachMe біліктілікті дамыту орталығы қоры OrleTech жобасының қорытынды кезеңін өткізіп, жүлдегерлерді марапаттау шарасын өткізді. Осы шараның аясында «IteachMe» біліктілікті дамыту орталығы қорының негізін қалаушы Захира Бегалиевамен танысып, сұхбаттасудың сәті түсті.

– Захира Оңғарбайқызы, IteachMe қорының тарихы неден бастау алды және Сізді осы қорды құруға не ынталандырды?

– Мен үшін мүгедектігі бар адамдардың мұң-мұқтажы жақын таныс, өйткені мен өзім сол мүгедектігі бар адамның біреуімін. Бұл қордың негізін қалаушы да, барлық жобалардың авторы да өзіммін. Қорды құрмас бұрын көп жылдар бойы осы санаттағы адамдардың өмір сапасын жақсартумен айналыстым. 20 жылдан астам үкіметтік емес секторда жұмыс жасай жүріп, өз құқықтарың үшін күресу емес, сол құқықтар мен мүмкіндіктердің тең болуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасау қажет деген түсінікті қалыптастыруға қол жеткіздім.

Қорды құру ойы 2019 жылы жүзеге асырылған «Тең IT мүмкіндіктер әлемі» атты шағын жобадан бастау алды, жоба мүгедектігі бар жастарға digital дағдыларын арттыруға ықпал етті. Ол кезде 16 адамды оқыттық, бірақ бұл өте үлгілі жоба болды. Шеврон компаниясы және Samruk-KazynaTrust қорының қолдауымен жүзеге асқан жобада ұйымдастырушылар бейресми үлгідегі оқыту жобаларының сұранысқа ие екенін көрді. Өтініштер тек қана мүгедектігі бар жастардан ғана емес, нормотиптік жастардан да түсті. Бұл қажеттілік тек жоба ғана болудың аз екенін, бұл барлық қалаған адамдар үшін бейресми оқыту орталығы болатын заңды ұйым болу қажет екенін түсіндірді.

– Неге сіздің жобаларыңыздың пайдаланушылары жастар, мүгедектігі бар адамдар және халықтың әлеуметтік осал топ өкілдері?

– Халықтың әлеуметтік осал топ өкілдеріне жататын жастардың оқу үшін мүмкіндіктері төмен екені ешкім үшін жасырын емес. Қаржылай табыстың төмен деңгейі, тұйық өмір салты, жақсы өмірге деген үнемі күресу мен ұмтылыс даму үшін жеткілікті деңгейде ынталандырмайды. Ал мүгедектігі бар адамдар одан да осал секторда, өйткені барлық оқыту бағдарламалары қажеттіліктерге сәйкес бейімделмеген. Біз мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударамыз, алайда біздің топтардың әртүрлілігінен біз тек өте жақсы әсер көріп отырмыз. Нормотиптік балалар мүгедектігі бар адамдардың өздері сияқты адам екенін, олар да өздері сияқты тез дами алатынын және оқуда өте жақсы, жоғары нәтижелер көрсете алатынын көріп жүр. Тек олардың дамуы үшін қажетті жағдайлар туғызу қажет.

– Қор қандай бағыттарда жұмыс жасайды? Осы уақыт ішінде қандай жобаларды жүзеге асырдыңыз?

–  Бүгінгі таңда біз білім беру орталығымыз, біздің орталықта түрлі бағыттағы дағдыларды игеруге болады. Ең басты назарда ұстап отырған бағыт – заманауи цифрлық дағдылар, себебі бұл сала мамандарына әлеуетті жұмыс берушілерден сұраныс жоғары. Осыдан бөлек біздер EcoBusinessLab атты жобаның екі маусымын жүзеге асырдық. Бұл жобаны да Шеврон компаниясы қолдап және өзінің табыс деңгейін арттыруға ұмтылатын, бірақ оның экологиялық таза болуын міндетті шарт ретінде қарастыратын саналы кәсіпкерлерді өсіруге ықпал етіп отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың назарын кедергісіз орта құруға аударуға ықпал ететін жобалар да бар. Екі қалада, Алматы және Атырау қалаларында біз дөңгелектегі квест өткіздік. Түрлі көліктегі, мысалы балаларын арбаға салған аналар, скейтбордтағы, мүгедек арбасындағы, велосипедтегі адамдар тобы жалпы қалалық саябақтарда квест жасайды. Квест мобильділігі төмен азаматтар үшін қолжетімді және қолжетімсіз аймақтарға назар аударуға мүмкіндік береді. Осылайша барлығының күш-жігерімен, осындай ойын үлгісінде біз жағдайды жақсы жаққа өзгерте аламыз. Квесттің өзектілігін «Шинхан Банк Казахстан» АҚ қолдады.

– Жобаларды қаржыландыру көзін іздестіру кезінде қандай қиындықтар немесе кедергілер туындады әлде болмады ма?

– Барлығы идеядан туындайды. Жастардың өмірін айқай-шусыз жақсы жаққа өзгерту үшін не істей аламыз? Жастарға не қызықты? Қоғам үшін не өзекті? Осындай сұрақтарға біртіндеп жауап бере жүріп жобалар дүниеге келеді. Қаржыландыру – бұл жобаларды дамыту бойынша бөлек блок десек болады. Бірақ, жобалардың өзектілігі мен қажеттілігін сен өзің көріп тұрсаң, көптеген компаниялар жобалардың дамуы мен қоғамның, адамдардың өмірінің жақсаруына өздері-ақ үлес қосуға ниет білдіреді. Бүгінгі күні біздің жобалардың демеушілерінен басқа тұрақты серіктестікте көптеген компаниялармен бірге жұмыс жасаймыз және олардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Ең бастысы біз жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз жастарды оқытып қана қою емес, біздің мақсатымыз олардың әрбіреуі алған дағдыларының барлығын тәжірибеде қолдануына, оларды монетизациялауға және өздерінің кәсіби өсуіне қол жеткізу. Бүгін біздің түлектеріміздің 90% еңбекке араласып, тұрақты жұмыс жасап жатқанын немесе фриланста еңбек ететінін мақтана айтамыз.

– 3 жыл бұрынғы Қор қандай еді және қазіргі Қор қандай? Айырмашылықтар, өсу, даму және жетістіктер туралы айтып берсеңіз.

– Егер даму концепциясы туралы айтатын болсақ, ол жылдан жылға жаңарып отырады. Біз үнемі еңбек нарығына мониторинг жасап отырамыз, осылайша біздің қызметтерімізді алушылардың сұранысына сәйкес бағдарламаларды жаңартып, белсендіріп отырамыз. Алайда, тек ұсыну жағынан өзгеретін дүниелер де бар. Мысалы, біз бірінші жылдан бастап үш сатылы іріктеу кезеңдерін өткіземіз. Біздің студенттеріміз біздің жобаларға қатысу, оқу үшін Гарвардқа түскендей боламыз деп әзілдейді. Іріктеу кезеңі жобаға даму мен оң өзгерістерге ұмтылатын студенттер келу үшін өте маңызды. Студенттер үшін оқу тегін, ал біз оң өзгерістерді жасау үшін көмектесеміз. Біздің жобаларымыздың күту парағында оқығысы келетін 6000-нан астам адам тұр, ал біз барлығын бірдей қамти алмаймыз, сондықтан осындай іріктеу өткіземіз. Сонымен қоса, біз бастаған кезде біз туралы ешкім білмеген. Алайда, танымалдылықтың өсуіне өзімнің командаммен бірге тынымсыз еңбегім, үкіметтік емес ұйымдар саласындағы көп жылғы тәжірибем көмектесті деп есептеймін. Ал қазір жастардың басым бөлігі ITeachMe туралы естіген, біледі. 2022 жылы біз ҮЕҰ премиясының «Халықты еңбекпен қамтуға жәрдемдесу» номинациясын алдық, бұл да кездейсоқтық болмаса керек. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі сияқты мемлекеттік органдардың алғыс хаттары мен марапаттарына ие болдық. Бұл мемлекет билігі мен өзара байланыс пен әрекеттің бар екенін және оның нәтижесі де нашар емес екенін көрсетеді деп ойлаймын.

– Сіздің жобаларыңызды мемлекет қаржыландырады ма немесе тек демеушілер мен компаниялар ма?

– Біз мемлекеттен қаржы алмаймыз, бірақ тығыз серіктестікте жұмыс жасаймыз. Тұрақты серіктестіріміз бар, олар ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, атап айтқанда жастар және отбасы істері комитеті. Халықты тегін бағдарламалар, жастармен жұмыс туралы ақпараттандыруға ықпал ету, осының барлығын біріге атқарамыз. Қаржылай демеушілік көрсететін серіктестеріміздің басым көпшілігі корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде білім беру жобаларын қолдайтын, экологияны сақтауға бағытталған, жастарды дамытатын және олардың кәсіби жүзеге асуына ықпал ететін компаниялар. Жекелеп атайтын болсақ, Шеврон және Шелл Қазақстан компаниялары.

– Оқыту бағдарламаларын қанша студент оқып шықты, сіздің қызметтеріңізді алушылар саны қанша? Сіздің жобаларға қатысқан соң олардың өмірінде қандай өзгерістер болды?

– Үш жылдың ішінде біз 500-ден астам түлек дайындап шығардық, егер барлық бағдарламалар аясында қамтылған қызметтерді алушылар туралы айтатын болсақ, олар он есе көп деп айта аламын. Апта сайын ProBono айдарын жүргіземіз, біз бұл айдарға тыңдаушыларды өз тәжірибесі мен білімі негізінде оларды қуана-қуана ынталандыратын түрлі сарапшыларды шақырамыз. Бұл айдар қатысамын деген барлық тыңдаушылар үшін қолжетімді. Біз әлеуметтік желілерде хабарландырулар жариялаймыз және қосылу үшін сілтеме береміз, кез-келген адам қатысып, жаңа тәжірибе ала алады. Біз жобаның мамандандырылу бағытына қарамастан оқуды аяқтап шыққан түлектердің өміріндегі оң өзгерістерді бақылап отыру үшін түлектер (Alumni) чатын аштық. Осылайша түлектермен үнемі байланыстамыз. Біз жаңалықтарды айтып отырамыз, бағдарламаларды жариялаймыз, бір-бірмізді мейрамдармен құттықтаймыз, бұл біздің екінші отбасымыздай болып кетті.

– Өзіңіз туралы және қорды құрғаннан кейін өміріңіздегі өзгерістер туралы айта кетсеңіз.

– Мен ITeachMe қорымен өмір сүремін. Жұмыс жасау, кәсіби тұрғыда еңбек ету және өзің айналысатын істі бар жан-тәніңмен сүю бұл ең ерекше сый. Жоғарыда айтып өткенімдей мен көптеген жылдар бойы үкіметтік емес ұйым саласындамын, түрлі әдістерді қолданып көрдім, бір кездері өз құқықтарымыз үшін белсенді күрескен кездер де болды, бірақ олардың барлығы нәтиже әкелмеді және ешқандай қанағаттандыру сезімін бермеді. ITeachMe қоры – бұл күресетін жер емес, мұнда сен оң өзгерістердің болғанын қалайтыныңа және мақсатқа жетуге дейін баратыныңа нық сенімді болуың керек.

Менің үнемі күресуден және біздің тең екенімізді дәлелдеудің жолдарын іздеуден шаршаған кездегі сәтім есімде, сол кезде ұлымның маған «біз басқа есікті қағып тұрмыз» дегенін әлі ұмытпаймын. Біз ол кезде пандустар, қолжетімді орта туралы көп айтатынбыз, ол сөзсіз маңызды. Бірақ, сенің мүгедектігің бар ма әлде жоқ па маңыздылығы жоқ, шекараларды жоятын цифрлық әлем бар және оның есігі ашық. Бұл барлығын өзгерткен сәт болды. Қазіргі замануи балалар кәсіби және қоғамдық өмірдің барысын осылай өзгертеді.

– OrleTech жобасы және жоба бойынша жоспарларыңыз туралы айтсаңыз.

– OrleTech жобасы Шелл Қазақстан компаниясымен серіктестікте, компанияның қаржылай қолдауы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның басты мақсаты халықтың әлеуметтік осал топтарындағы жастарды таңдауы бойынша веб-шебер және бағдарламалық қолданбаны тестілеу маманы сияқты жоғары сұранысқа ие мамандықтардың біріне оқытып шығару. Пилоттық жобаның бірінші маусымы Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылды және өте жақсы нәтиже көрсетті. Студенттердің жалпы санынан 36 түлек оқуды аяқтады. Біз үшін өте маңыздысы «Банк Центр Кредит» АҚ бес түлекті бірден жұмысқа алды. Қалған түлектерді еңбекпен қамту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыспен қатар біз екінші маусымды бастауға дайындық үстіндеміз. Екі өңірге тағы бір өңірді қосқымыз келіп отыр және ол Атырау облысы болады деп жоспарладық. Жоба жақын арада басталады, сондықтан жобаға қатысу мүмкіндігін жіберіп алмас үшін біздің әлеуметтік желідегі @iteachme.kz парақшаларына жазылып алыңыз. Біз өзін дамыту үшін көмекке мұқтаж және жетекші іздеп жүрген әрбір адамға қуана көмек қолын созамыз.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі