////

Қазақстанда өзімді «жұлдыз» сезінемін

1103 рет қаралды

Оқу-ағарту министрлігінің 2021 жылғы ресми дерегіне сәйкес Қазақстандық жоғары оқу орындарында оқитын шетелдік студенттердің саны 30 мыңға жеткен. Өзге елден келген білім алушылардың бірі – Эбигейл (Akindele Oluwadamilola Abigael).

Эбигейл Нигерия Федеративті Республикасының Лагос қаласында туып өскен. Бүгінгі таңда 20 жасар қыз Орал қаласындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде экономика кафедрасының 1 курсында оқып жатыр.

–  Бәрі неден басталды? Қазақстанға оқуға түсу туралы шешімді қалай қабылдадыңыз? Еліміз сізді несімен қызықтырды?

– Мектеп бітіргенімде ағам бірден оқуға түсуге екі мемлекет ұсынды. Оның бірі – Англия, екіншісі – Қазақстан. Мемлекеттерді өзара таңдағанда бәрінен бұрын жаңа тіл үйреніп, өзгеше салт-дәстүрі бар қоғамды көргім келді. Егер Англияның Дублин қаласына барсам, үйден үйге барғандай болады ғой. Себебі ол елде менің апаларым оқып жатыр. Оның үстіне біздегі үйреншікті ағылшын тілі оларда да кең қолданыста. Үлкен өмір мен толық өзгерісті қалаған соң бұрын соңды жақын таныс болмаған Азиядағы мемлекетке түсемін деп шештім. Сондықтан басқа салт-дәстүрі, тілі, ділі бар мемлекет мені анағұрлым қаттырақ қызықтырды.

– Қазақстанға қалай келдіңіз? Алыс қашықтықты бағындырған соң, Орталық Азияның климатына дағдылану қалай жүрді? Барлығын басынан бастап баяндап берсеңіз.

– Ең әуелі Нигериядан Ыстамбұлға, кейін Ыстамбұлдан Алматыға, сосын барып қана Алматыдан Оралға келдім. Ұшақпен ұшу шыны керек қатты шаршатып жіберді. Бірақ соған қарамастан Африка құрлығынан Азияға тұрақтадым. Орал қаласына 2022 жылы 5 наурыз күні түстім. Күн айтарлықтай суық болатын. Келгеніме 1 жылдан астам уақыт болса да, климатқа әлі де дағдыланып жатырмын.

– Қазақстанға келмес бұрын сіз күткен нәрселер келген соң шындығында қалай болды? Барлығы сіз ойлағандай ма екен?

– Бәрінен бұрын өз басым халықтың кемі 40-50%-і ағылшын тілін біледі деп ойлаған едім. Анығында айналамда ағылшынша еркін сөйлесетін адамдар қатары саусақпен санарлық. Барлығы орыс және қазақ тілінде сөйлейді екен. Осы жағы қатты таң қалдырды. Екіншіден, нәсілі маған ұқсас адамдарды кездестіретініме сенімді болғанмын. Бірақ, Орал қаласында тұрғындардың арасында африкалық жалғыз мен екенмін. Өзім секілді шетелдік азаматтарды кездестірмедім. Мен күтпеген тағы бір нәрсе бұл – бамбук таяқшалары. Менің түсінігімде бұл ас үй құралдары тек Шығыс Азияға тән болатын. Дегенмен Қазақстандық мейрамханаларда, асханаларда көп кездеседі екен. Оған қоса Қазақстанда өзімді «жұлдыз» сезінемін. Мені кездестірген әрбір адам: «Сізбен суретке түсуге бола ма?»,-дейді. Дөрекілік танытпайын деп сөздерін жерге тастамаймын. Дегенмен бөтен адамдардың бұл суреттерді қандай мақсатта қолданатынын білмеймін ғой. Сол жағы қатты алаңдатады.

Сондықтан барынша қоғамдық орындардан қашқақтайтыным бар. Етім үйренгенше әлі көп әрекеттенуім керек сияқты. Қарапайым жүріп-тұруға да таксиді қолданамын. Себебі қоғамдық көліктерде адамдардың тесіле қарағаны ыңғайсыздық тудырады. Мұнда келісімен сонша назарға ілігетінім үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Сондықтан әзірге жатақхана мен университеттен көп жырақтамаймын.

– Нигерия мен Қазақстанды өзара салыстырып көрейікші. Екі елдің арасында қандай айырмашылық пен ұқсастықтарды байқадыңыз?

– Бізде халық өзара «трипаға» бөлінеді. Негізгі үш трипаның мен Уба атты түріненмін. Сіздерде қателеспесем бұл Жүз, Ру секілді. Менің трипамда халық ащы тағамдарды тұтынады, жақсы көреді. Ал бір байқағаным Қазақстанда тағамдар керісінше тұщы. Бір жыл бұрын ҚазИТУ әкімшілігі мені қарсы алғанда бауырсақтың дәмін татқан едім. Ерекше есте қалып, дәмі қатты ұнады. Сонымен қатар Наурыз мейрамын екі жыл қатарынан тойладым. Салтанатты іс-шаралар барысында ұлттық киімдеріңіз ұнады. Көйлегінің кей тұстары шамалы Корей халқының киіміне де ұқсап кетіп жатады. Біздің елде ұлттық киімді егде жастағы адамдар киеді. Жастар көбіне заманауи сән үлгісін жөн санайды.

– Қазақстанда тұрудың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

– Оралдың табиғаты ұнайды. Сіздерде айнала биік ағашқа толы. Төрт мезгіл кезек-кезек жыл сайын болып тұрады. Артықшылығы – көрікті табиғаты. Сонымен қатар Қазақстанда тұрып-ақ адам бірнеше тілді меңгеріп, бірнеше ұлтты кездестіре аласыз. Елдің көпұлтты болғаны ұлтаралық қарым-қатынасты жақсарта түседі. Ал кемшіліктеріне келетін болсақ, менің Қазақстанда тұрып жатқаныма көп бола қойған жоқ. Сондықтан әлі кем тұстарын байқай қоймадым. Бірақ осыған дейін айтқанымдай кейде адамдардың нәсіліме қатты назар аударуы қысым туғызады.

– Алдағы уақытта Оралда оқуды жалғастырасыз ба? Қандай жоспарларыңыз бар? Бакалавр оқуынан кейін елімізде жұмыс жасайсыз ба?

– Қазіргі таңда орыс тілін білмесем де, ҚазИТУ-да оқу бағдарламасы толықтай орысша жүргізіледі. Тек аудармашының көмегімен алып жүрмін. Оның үстіне қағазбастылық көп. Сондықтан жақын арада Алматы немесе Астана қаласына ауысуым мүмкін. Ал оқуды аяқтаған соң басқа мемлекетте жұмыс істегім келеді. Нақты қай мемлекет екенін шешпедім. Бірақ Қазақстаннан тек білім алатыным анық. Елден кетпес бұрын қалған 3 жылдың ішінде Қазақстанның ең көрікті жерлерін аралап шыққым келеді. Табиғатын, қоршаған ортасын жақынырақ танығым келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет. Тоқтамаңыз, дами беріңіз!

Альбина Болатова, 

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар