///

Жент жасап, табысқа кенеліп жүр

671 рет қаралды

Тіске басар тәттіні қантсыз жасауға болады десе сенесіз бе? Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің кәсібі соның дәлелі. Гүлбақыт үш жылдан бері халыққа ұлттық тағам ұсынып келеді. Ол бұл туралы сұхбатта толығырақ айтып берді. 

– Дәстүрлі ұлттық тәттілерді дайындау жобасының идеясы қашан, қалай пайда болды?

– Шынымды айтсам бұл жоба қажеттіліктен туындады. Біз отбасылық жағдайға байланысты ауылдық жерге көшіп келуге мәжбүр болдық. Мен мемлекеттік грант ұтып, өз кәсібімді ашқым келді. Ал грант ұту үшін бірегей, облысымызда теңдесі жоқ бизнес-жоспар жасап, таныстыруым қажет. Сол себептен жент өнімін және женттен жасалған тәттілер дайындау ойы бизнес-тренер екеуміздің шешіміміз болды. Ол кісі маған осындай өнім жасасаң қалай болады деп ұсыныс салды. Мен ол кезде женттің атын естігенім болмаса, жасап та, дәмін татып та көрмеген едім.

– Жоба қалай өнім болып жүзеге асты?

2019 жыл болатын, мен Бастау Бизнес жобасын аяқтадым. Сол уақыттан бері интернеттен ақпарат іздей бастадым, бірақ мәлімет өте аз болды. Ештеңе таппаған соң кітапханаларды аралап, жентті дайындаудың классикалық рецептін таптым. Сол үлгіге қарап, кітаптан алған рецептке сүйене отырып, үйге келіп жасай бастадым. Басында өзіме ұнамады, қоспаларын өзгертіп, түрлі үлгілерін дайындап, бүгінгі күндегі үлгісіне жеткіздім. Халыққа бірден ұнады және өте жақсы қабылдады. Сол жылы 31 мамыр күні бизнес-жобамды қорғадым. Содан кейін 5 маусым күні 2 миллион теңге көлемінде грант ұттыңыз деген хабар келді. Осыдан кейін мен жұмысымды бастап кеттім. Әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасап, тапсырыстар қабылдадым. Сонымен қатар, түрлі деңгейдегі көрмелерге қатысып, адамдар женттің дәмін татып көрген соң тапсырыс берді, бір сатып алған клиент қайта айналып келді. Сөйтіп, клиенттер қатары көбейді, женттен дайындалған өнім халық арасында танымал бола бастады.

– Жобаны жүзеге асыру үшін күш, қаржы, қуатты қайдан алдыңыз?

– Көп балалы ана болған соң күтіп отыратын, қорқатын, ұялатын мүмкіндік те, уақыт та жоқ. Сен қалай да қозғалуың, әрекет етуің, жұмыс жасауың керек. Өйткені, балаларыңды өсіру, лайықты тәрбие беру, лайықты өмірмен қамтамасыз ету керек. Бала –  үлкен жауапкершілік. Балаларды дүниеге әкелген соң, қажеттіліктерін өтеп, мұқтаж қылмау ата-ананың міндеті. Барлық күш, қуатты балаларымнан аламын десем болады. Қанша шаршасам да, барлық істі бастап, аяғына дейін жеткізуге, мақсатқа ұмтылуға, жоспарларды жүзеге асыруға күш беретін, қуаттандыратын балалар. Қаражатқа келсек, ұтқан гранттың ақшасын жабдықтар алу үшін жұмсадық. Негізгі қаражат көзі айналымдағы қаржы.

– Командаңызда қанша адам еңбек етеді?

– Қазіргі уақытта командада 3 адамбыз. Командаға адам табу да өте қиын. Өйткені, бұл өзімнің жеке фирмалық рецепттеріммен дайындалған өнім. Сондықтан, кез-келген адамға жария қылу дұрыс емес деп есептеймін. Сол үшін мен өз командама адамдарды аса мұқият таңдау мен іріктеуден өткізіп аламын. Екі көмекшім бар. Өзімнің бар білгенімді көмекшілеріме үйретудемін. Әзірге үлгеріп жүрміз. Болашақта өндірісті кеңейтіп, арнайы жабдықтармен жұмыс жасауды армандаймын.

– Күніне өткізілетін орташа дайын өнімге қанша шикізат көлемі және қандай шикізат  қажет?

– Өнімнің құрамына келетін болсақ барлығы да табиғи өнім десек болады. Ең бастысы тарының талқаны, табиғи бал және қолдан дайындалған май қажет, сонымен қоса жаңғақ, шоколад, мейіз және т.б.

– Күніне қанша өнім дайындайсыз?

– Күніне дайындалатын өнімнің нақты белгіленген саны бар деп айта алмаймын. Өйткені біз тек тапсырысқа ғана дайындаймыз. Алдын ала дайындап, кептіріп, қатырып, екі-үш күн сақтап қоя алмаймыз. Өйткені мен үшін клиенттерімнің риза болғаны өте маңызды. Менің басты ұстанымым клиенттерімнің көңілінен шығу, оларға сапалы өнім ұсыну, сенімін ақтай білу. Сондықтан нақты тапсырысқа ғана жұмыс жасаймыз.

– Білетінім Қазақстан бойынша және шетелдерден тапсырыс аласыз. Клиенттеріңіздің басым көпшілігі қай жерден? Жеткізуді қалай реттедіңіз?

– Клиенттердің басым бөлігі Батыс Қазақстан облысының аудандары, Орал қаласынан тапсырыс береді. Қала ішінде жеткізу жұмысымен жолдасым айналысады. Қазіргі таңда тапсырыстың көбі жеке адамдардан түсіп отыр. Оларға жеткізіп беру аса бір қиындық туғызбайды. Өз көлігіміз бар, қала ішінде, облысысыздың шегінде жеткізіп береміз. Ал басқа қалалардан тапсырыс түскен кезде таныстарымыз арқылы жеткізіп беріп жүрміз. Осы жағы әлі реттеліп, жолға қойылмады. Басқа қалаларда, әсіресе Астана мен Алматыда қызығушылар өте көп. Шетелден тапсырыс беретіндер де бар. Жент Ресейден бастап, Америка, Дубайға дейін жетіп үлгерді. Бірақ, әзірге алыс қалаларға жеткізе алмай отырмыз. Өйткені сақтау мерзімі бар, оған қойылатын талаптар бар. Әзірге тауарды сапалы, қауіпсіз жеткізетін сенімді серіктес те жоқ. «Қазпошта» АҚ жұмыс жасап көрдік, бірақ қызмет көрсетуі көңілден шықпады. Өнімді тексеруден өткізіп, сертификатталған соң кеңінен таратып, жеткізуді үйлестіру жоспарда бар. Осыған байланысты процесс жүріп жатыр, жеткізуді тиімді ұйымдастыруды ойластыру үстіндеміз.

– Жарнаманы қалай жолға қойдыңыз?

– Бұл істі бастағаныма көп уақыт өте қойған жоқ, 3 жыл ғана болды. Өнімді жарнамалап арнайы тапсырыс беріп, көшедегі билбордтарға орналастырып, бұқаралық ақпарат құралдарына да жариялап көрмеппін. Дәл қазір өнім туралы ақпарат тек «сарафанное радио» деген әдіспен таралуда. Клиенттердің көпшілігі бір-бірінен естіп келеді, бір көрген, дәмін татқан адам келесі біреуге айтады, біреулер сыйлыққа алады. Әлеуметтік желіде жарнама бар, жалпы клиенттерді қызықтыратыны өнімнің сапасы мен тәтті дәмі деп ойлаймын.

– Тәттілер «Зере» дәстүрлі ұлттық тәттілер дайындайтын кондитер цехына қалай айналды?

– Мен осы істі бастаған кезде Орал қаласында женттің не екенін білмейтін адамдар болды. Жент дегенде «ол не?» деп сұраған адамдар да болды, қазір де кездеседі. «Zere» брендке айналып келе жатыр деп ойлаймын, өйткені жент пен «Zere» атауы егіз ұғым болып, бір-бірінен ажырамас түсінік болып қалыптасып келеді. Менің мақсатым да осы, адамдар жентті, табиғи таза өнімді, қазақтың ұлттық тәттілерін көрсін, білсін, дәмін татсын деген ой. Қазақтың ұлттық тәттілері дүкендегі шоколадтардан мың есе артық болмаса кем емес екенін дәлелдеу. Болашақта балаларымыз дүкендегі бағасы қымбат, бірақ құрамы арзан, әрі денсаулыққа зиян тәттілерді емес, денсаулыққа пайдалы, дәрумендерге бай жентті жесе деп армандаймын. Сол мақсатпен жаңа қаптамалар шығаруды жоспарлап отырмын. Бәрі бірден болмайды, алайда ақырындап мақсатқа жетуге болады. Ең бастысы бастаған істің іргетасы мығым, сапалы, берік болуы керек. Бұрын-соңды мұндай іспен айналысып көрген жоқпын. Мен технолог маман емеспін, кәсіпкер емеспін. Қарапайым әйел, көпбалалы ана, үй шаруасындағы әйел болғандықтан мен үшін өте қиын. Істі жаңа деңгейге шығару, дамыту өте қиын болып отыр. Өндірісті жолға қою үшін көп оқып, зерттеу, жұмыстану қажет. «Zere» кондитер цехы бренд болып қалыптасуы үшін осылай талмай еңбектенудемін, ол үдеріс әрі қарай да жалғаса береді. Бұл тек басы деп есептеймін. «Zere» кондитерлік цехының желілері Қазақстанның әр қаласында болса, франшиза жасасам деп армандаймын. «Zere» кондитер цехы, ұлттық брендінің болашағы зор, әлі алда деп ойлаймын.

– Қант қымбаттауы мен тапшылығы сіздің өнімді дайындауға, өндіріске әсер етті ме? Қалай әсер етті? Жалпы азық-түлік қымбатшылығы экономикалық жағынан ісіңізге қалай әсер етті? – Егер әсер етсе бұл мәселені қалай шешіп отырсыз?

– Қазіргі уақытта бүкіл азық-түлік өнімдері, тек азық-түлік емес, киім-кешек, өнімді қаптайтын қораптарға дейін барлығы қымбаттап кетті. 100%  қымбаттады десек те болады. Мен істі бастаған кезде үш жыл бұрын бағалар қандай еді, қазір баға мүлдем басқа. Осыған қарамастан мен қарапайым халыққа қолжетімді болу үшін өнімнің бағасын көтере алмай отырмын. Тек сәл ғана қостым, өйткені шығынмен жұмыс жасай алмаймын. Себебі адамдарды жұмыспен қамтып отырмын, өзімнің отбасымды қамтамасыз ету, шикізатқа жұмсалған қаржының орнын толтыру керек. Қымбатшылық өте қиынға соғып тұр. Қымбаттаған сайын өнім бағасы да көтерілуі керек қой, бірақ бағаны ұстауға тырысып жүрмін. Өйткені, қымбаттаған сайын халыққа да қажетін алу қиынға соғып отыр. Жент күнделікті тұтынатын өнім болмағандықтан, тек мейрам, қонақтықта қойылатын өнім болғандықтан оның бағасын аспандатып жіберсек қарапайым халық ала алмай қалады деп ойлаймын. Қанттың менің өндірісімен ешқандай қатысы жоқ. Мен өнімді дайындау барысында табиғи бал мен шоколадты ғана пайдаланамын.

– Мемлекет тарапынан жеңілдік не қолдау бар ма қазіргі жағдайда?

– Мемлекет қолдауының нәтижесінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағарламасының грант жеңімпазы атандым. Осының өзі үлкен қолдау болды. Содан кейін қандай көрме, байқаулар болмасын шақыру жібереді. Соның арқасында өнім танылып, белгілі болып жатыр. Мұның да «Zere» брендінің қалыптасуына жарнама ретінде көмегі зор болды.

– Болашаққа жоспарыңызбен бөліссеңіз

– Жоспарым өте көп. «Zere» брендін тек қана Орал қаласы емес бүкіл Қазақстанға әйгілі болса деп армандаймын. Орал десе «Zere» еске түсетіндей Орал қаласы мен «Zere» брендінің ұлттық тәттілері егіз ұғым болса деп тілеймін. Женттердің қораптарына Оралдың белгілерін, көрнекті орындарын бейнелеп, этикеткаларына фотоларын салсам деп жоспарлап жүрмін. Оралдықтар басқа қалаларға, шетелге барған кезде қолдарына дәм, базарлық, сарқыт ретінде ұялмай ұстап апаратын деңгейге жетсек деймін. Мүмкін болса экспортқа шығарғым келеді. Ресейдің өзінде өте жоғары сұранысқа ие. Өнім, соның ішінде ұлттық тағам ассортиментінің қатарын көбейткім келеді. Автоматтандырылған жабдықтар мен құрылғылар алып, женттерімді түрлендіріп, жаңа үлгілерін қосып, цехта дайындасам деп армандаймын. Өз өнімдеріме патент, сертификат алып, қаланың ортасынан фирмалық дүкендер, өзге қалалардан дүкендер желілерін ашқым келеді. Ол цех, дүкендерде жүздеген адамдар жұмыс жасаса деп армандаймын. «Zere» атауы ұғымына сай әлемдік брендке айналуы үшін әрекет ететін боламын. 

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі