///

Қотырақ батырдың балалық шағы (ұзақ әңгіме)

2228 рет қаралды
 ТАҒЫ (жалғасы-5)
  Көл жағасынан алыстай бере Шақабай батыр Базарқұлға жанасалай келіп, жаңа ғана көл жағасында болған оқиғаны көз алдына келтіріп, ауыл арасында сотқарлығымен аты шығып қалған бала Қотырақ жайлы ойындағысын сабақтады:
– Базеке, сенің осы ұлың болайын деп тұрған бала. Ешкімнің ырқына көнбейтін, ықтай жалдамайтын, атыңды алты алашқа жайып, есіміңді рулы елге енші қылатын егейі осы болады. Егер мен кісі танитын болсам…
–  Пай, Шақа-ай, сіз де айтады екенсіз. Бір жаман шақалақтың жартымсыз қылығынан қыранның қияғын көргендей…
–  Оның рас. Қыран болар бүркіт қияғынан танылады. Маған сенбесең жуықта осында Атантай келеді. Ел ішін аралап жүр дейді. Соған бір сынатып ал. Құдайдың қолға берген алтынын аялай білгенміз жөн. Қасыңнан тастама, естінің сөзін естісін. Көрсе көсем болады. Ержетіп қалды. Еті тірі. Үзенгіге аяғы ілінді. Ат жалын тартып мінетін болды деген осы. Ақылы да жоқ емес-ау. Ожар мінезділеу болуы мүмкін. Онсыз бола ма? Енді сен оны қаршадайынан меселін қайтарып, жігерін жасытып қойға салма! Қарасы отты, қадамы шапшаң екен. Жылқы бақтыр, жылқының жесегімен жетілдір. Асаудың жалында, ақыранды дауылда өссін. Аңға сал. Аң азамат қылады. Шынықтырады. Айла үйренеді. Жаға жыртысып, арсыл-гүрсіл қора ішінде күрес салғанынан гөрі ат үстінде, ай далада, иен түзден аң қуса айласы асып, ащы тері шығып, аштық пен аяусыздықты бірдей көріп ширайды. Тағыны жетіп қайырсын.
– Пай, тағыны жетіп қайырсын. Тағыға жігіттің жігіті, жылқының жүйрігі жетеді ғой расында. – Базарқұл батырдың сағымды даладан құба құм түстес, құйрық жалы тұтамдай керқұландарды қиқу салып, қуған қызықты бір сәттері еске түсті.
– Қазақтың батысы мен шығысына ұласып жатқан ұланғайыр даласының жабайы жылқысы Бетпақтың еркесі, Ұлытаудың көркі ғой, шіркін. Тағы дейсіз бе? Тағы! Арғын, қыпшақ, алшынның алалы жылқысымен араласып жатушы еді.
– Өте текті, өте қайратты тақ тұяқ. Дешті Қыпшақты билеп жатқан Шыңғыстың үлкен ұлы Жошы бірде әдеті бойынша құлан аулауға шығыпты. Аңы қайсы, алалы жылқысы қайсы айрылмай араласып кеткен бір тұста құланның жараланған ашулы айғыры ат үстіндегі Жошының қолын жұлып алыпты. Арыстың ажалы содан болған екен деседі ғой. Кім біліпті, шын-өтірігін. Қаһарлы қарт қаған мен қайсар ұлдың арасындағы келіспеушілікті бүркемелеу үшін де осындай бір аңыз туды ма екен. Мына қалмақтардың айтысына қарағанда Алтай тауының арғы етегінде, Құба құмның солтүстік бетінің ұлы даламен ұштасар тұсында жазыққа симай жататын көрінеді.
– Пай, соған жетіп бір сайранды салар ма еді, ә?! Ха-ха-ха.
– Қос өкпеңнен қусырып, тынысыңды тарылтып келе жатқан жауыңның жанын жаһанамға жібермей Алтай бізге арман,– деп Шақабай батыр атын бір тебініп екіленіп кетті. Бабадан балаға жалғасып, тартылмайтын бұлақтай тоқтаусыз айтыла беретін осы бір ұлы мұрат, шексіз-шетсіз сүрі сағыныш, өлгенінің сарытап болып әбден қураған сегіз көзінің сүйегіне сіңіп сақталған, қанымен қайнасып қалған.
– Сондықтан ана ұлды жасытпай тағыға сал. Батыстағы Нарын құмның бергі жиегі мен Жайықтың жағасына дейін көсіліп жатқан жазираның киігі мен керқұланы қай батырдың айызын қандырмады дейсің!
– Бәрекелді. Ол да бір дәурен екен ғой.
Екеуі аттарын желе аяңдатып  әңгімені соғып келеді. Бірде Шақабай батыр, ал бірде Базарқұл батыр алма кезек сөз алып, тағының қолға үйретуге келмейтіндігі, құдай тағала жылқыны, төрт түлікті адам үшін жаратқандығы, жылқы баласы қанша тағы болып, жүген-құрық тимей аңға айналып кетсе де шошытпасаң, үрейін алмасаң адам баласына жақын, жуық жүретінін, адам мен жыртқышты ажырататындығын, адамнан жанына қауіп келеді деп ойламайтындығын, ойламаған соң оған үйір болатындығын, үркеді, үркіп барып тоқтайтынын, зәрезеп  зәтте болмайтынын, асауы ащы терін шығарып, өкіріп бір мөңкиді де жуаситынын, ал тағыны, құлан, керқұландар сияқты жылқы тұқымдастарды жүгендесең екі ұрты күп болып ісіп мал болмайтындығын, оларда есек құрлы есі жоқ екендін ұзақ әңгіме қылды.
(жалғасы бар). Алдыңғы тарауды мына сілтеме арқылы оқуға болады.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі