– Әрине, балапан шығады. Адам шығады деп пе едің? Әне, шырылдап, жанын қоярға жер таппай жүрген торғайды көрдің бе? Сол мына жұмыртқалардың анасы. Егер біз бұл алты жұмырқаның біреуіне қол тигізсек, мүмкін ол жеріп кетуі.
Шотпақтың өңі қудай болып кетті. Не дерін білмей тілі байланды да қалды. Үні де шықпады. Боп-боз. Өзіне істеген еш қандай зияны жоқ, жазықсыз торғайдың жұмыртқасын жарып тастағандай ауыр күй кешті. Жұмыртқа ол торғайдың баласы. Сен оның баласын өлтіріп жатырсың. Сен кеткен соң торғай шырылдап ұясына келеді. Ал ұясында ақтарылып жұмыртқасы жатса қарғамағанда қайтеді. Қарғысы қатты болса қайтеді? Оның да әкесі екі-күннің бірінде «жау шапты» деп асай-мүсейін асығыс асынып аттанып кетіп жататын. Ай жүріп, апта жүріп, аман-есен оралып жататын әкесін ойлап шошып кетті. Жұмыртқаны жарып тастамағанына қуанды. Егер торғайдың қарғысы тиіп әкесі жауға кеткенде шешесі өліп қалса қайтер еді. Есіне Аязбайдың әкесі жауда өліп, кейін шешесі күздің бір қара суығында зертең тиіп ауырып, содан жазыла алмай Аязбайды жалғыз тастап кете барған. Сонда Аязбайды торғай қарғады ма екен? Ол да бала күнінде біз құсап, қызық көріп торғайдың жұмыртқасын жарып тастады ма екен?

