////

Батыс Қазақстанда туризм тұралап тұр

2551 рет қаралды

Еліміздің Батыс қақпасы десе, аузымызға айдынды Жайық, аймақтың  інжу-маржаны саналынатын Шалқар көлі түседі. Облыс туристік саланы дамытуға қолайлы аймақ болғанымен, өңірдегі ішкі туризмнің өзі сын көтермейді.

ЖАЙЫҚТАҒЫ ЖАБАЙЫ ТУРИЗМ

Ит арқасы қияндағы шалғай аудандарға шетелдік инвестиция тартуды айтпағанда, шаһар түбіндегі елді мекендерде ішкі туризмді ілгерілетуге лайықты инфрақұрылым жоқ. Туризм нысандары сапына кіретіндердің өзінде сапалы жол, тамақ ішетін дәмхана, жуынып, демалатын арнайы орын белгіленбеген. Әжетханаларды айтудың өзі ұят. Сол себепті халық арасында Жайықтағы жабайы туризм деген тіркесті жиі қолдануға мәжбүрміз. Қалаға қыдырып келгендер демалыс күні өңірдің көрікті жерлеріне туристік турлармен бара алмайды. Дайын турларды сатып алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Себебі сенбі,  жексенбіде турларды ұйымдастыру қызметін көрсететін турфирмалар мүлдем жоқ.

Қазақстанда туризмнің дамуы бойынша көш бастап тұрған өңірлер ­– Алматы, Астана, Түркістан қалалары және Маңғыстау облысы. Біздің өңір соңғы бестіктің сапында, көш соңында келеді. Өйткені БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевтың берген мәліметіне сәйкес біздің аймақта 2021 және 2022 жылдары туризм саласына бөлінген қаржы небары 15 миллион 800 мың теңге. Бұл қаржы өзге аймақтармен салыстыруға да келмейді.

Жаз шығып, күн қызған уақытта демалушылардың басым бөлігі Шалқар көліне ағылады. Әсіресе сенбі, жексенбіде көлге келушілер саны 2500 адамға  дейін артады. Шалқар ауылдық округінің әкімі Тілесжан Халиматұлы Шынтемірдің айтуынша бұл округте 1610 тұрғын бар. Шалқар көліне келіп демалушыларға қызмет көрсететін де осы ауылдың адамдары. Көпшілігі  жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жаздың екі айында демалушыларға қызмет көрсетеді.

Тілесжан  Шынтемір, Теректі ауданы, Шалқар ауылдық округінің әкімі:

«Мұнда 120 киіз үй тігілген. Ауыл адамдары бес адамнан бірігіп, беседка қояды. Мүмкіндіктеріне қарай қызмет көрсетеді. Келушілердің көптігінен жағажай жиі ластанады. Пластик бөтелкелер, целлофан қалташалардан жаға көрінбей кетеді. Тазалыққа біз жауаптымыз. Әрбір киіз үйдің иесі өз аумағын таза ұстайды. Алайда жағажай аумағы тым үлкен. Барлығын қадағалап үлгермейміз. Аптасына үш рет трактор тіркемесімен тамақ, тұрмыстық қалдықтарды полигонға апарып төгеміз. Осы жердегі тазалыққа жұмыспен қамту бөлімінің, былайша айтқанда, биржаның адамдарын тартамыз. Биржа қызметкерлері таңнан қара кешке дейін осы жерде. Егер олар жұмылмаса, мына жағалау да, көл де қоқыстан көрінбес еді. Шыны керек өз қотырымызды өзіміз қасып жатырмыз. Бұрын арнайы пластик бөтелке салатын арнайы контейнер қойғанбыз. Оларға демалушылар қарбыз қабықтарын, тамақ қалдықтарын салып кетеді. Экологиялық мәдениетке  дағдыланбаған. Оның бәрін қадағалап жүре алмаймыз. Өйткені жағалау аумағы өте үлкен. Қызмет көрсетушілер тек өзіне тиесілі жердің тазалығына ғана жауапты. Демалуға келгендер көлді жағалап тұра береді. Небары он адам олардың артын жинап үлкермейді. Сондықтан Шалқар көліне келіп демалушылар табиғатқа жанашырлықпен қараса дейміз. Меніңше бұл жерде полиция қызметкерлері, қоғамдық тәртіп сақшылары жүруі керек. Көлді жағалатып көліктерді барлық жерге тұрғызбау керек. Шлагбаум қойылып, көлік кіргізу аумағын шектеген дұрыс сияқты. Кешенді, жүйелі қызмет көрсетудің ауылы әлі алыс. Бұл жерлерге биоәжетхана қойылу керек. Өйткені әжетхана қашықта. Жағалау бүлінеді. Және бір айта кететін жайт, соңғы уақытта байланыс та нашарлап кетті. Актив байланысы мүлде жоқ боп кетеді. Теле 2 оператор қызметіне де көңіліміз толмайды. Кейде 4G ге зар боп қаламыз».

«Жағалау маңын тазалайтындар – жұмыспен қамту бөлімі арқылы қызмет көрсетіп жүргендер. Олардың барлығы әйел адамдар. Аумағы 4,5 шақырымды құрайтын аумақты жинап, бір тыным көрмейді. Ал сыра ішіп кекіріп, кеңк-кеңк күліп, лепіргендер босаған бөтелкелерін қоқыс қорабына апаруға ерінеді. Суға, құмға лақтыра салатындар кездеседі. Айналада көкөрім балалар жүреді. Соларға өнеге болса ғой. Кейбірі түсінеді. Кейбіріне сөз өтпейді», – дейді мен тілдескен жандар.

Демалушыларға қызмет көрсетіп жүрген жеке кәсіпкердің бірі Шалқар ауылының тұрғыны Марат Балдақов осы жерде туып, өскен. Жұбайы Саниямен бірге жағажайда демалушыларға киіз үй, кәуап пісіруге арналған  құрал, ыдыс-аяқ, төсек-орындарын жалға беріп, туристік қызмет көрсетеді.

Марат Балдақов, Теректі ауданындағы  Шалқар ауылының тұрғыны:

«Бұл біздің жаз мезгіліндегі табыс көзіміз. Мал азығын алуға қаражат болсын деп еңбек етіп жүрміз. Кәсіп қылғанымызға он жылдай уақыт болды. Сапалы қызмет көрсеткіміз-ақ келеді. Бірақ электр жарығы жоқ қой. Су келіп, көлдің арнасы толса, жағада жарық желілері тартылады. Электр желісі болмаған соң, екібастан мұздатқыш жоқ. Демалушылар тамақтарын отқа пісіреді. Осы жерде үш киіз үйім бар. Інім де үш киіз үй тікті. Өткенде күн райы жаңбырлы болып, кісі көп болмады. Күн ыстықта демалушылар көп келеді. Әсіресе сенбі, жексенбіде жаға демалушыларға толады. Жұбайым екеуміз бізге белгіленген аумақты барынша таза ұстаймыз. Келушілерге ескертіп айтамыз. Олар, әрине барынша тырысады. Кейде киіз үй алмай, өздері шатыр тігетіндерге де тазалық сақтауын өтінеміз, «алыс болса да, тамақ қалдығы, сусын бөтелкелерін қоқыс жәшігіне апарып салыңыздар», – деп ескертеміз. Тәрбие көргендер, әрине құлақ асады, көліктері болса, өздерімен бірге салып алып кетеді. Бұрын Ресей Федерациясының Самара, Саратов облысынан  туристер көп келетін еді. Соғыс жағдайына байланысты болар, ол жақтан кісі аяғы сиреді. Жақында Самарадан бір отбасы келіп, демалып кетті. Киіз үй құны — 5000 теңге, егер кісі аз боп жатса, құнын 3000 теңгеге дейін түсіреміз. Ал сенбі, жексенбіде кісі көп болады. Ол кезде бағасы – 10 000 теңге болады».

Жағажайда демалушылардың дені отбасымен келгендер. Олардың көпшілігі киіз үйде орналасқан. Үлкендер жағы от жағып, кауап пісіріп күйбеңдеп жатса, балалар суға шомылып мәз. Көлікте қосылған құлақты тұндыратын әуенмен бірге балалардың шат-шадыман дауыстары жағажайдың көңілді атмосферасына үн қосып жатыр. Немере жетектеген әже де, желкілдеген жеткіншек те осы жерде. «Есімім—Халима» деп өзін таныстырған әжей Орал қаласынан келіпті. «Өзім бұл көлге жасырақ кезімде көп келдім. Теріме шыққан бөртпелер Шалқарға түскенде жоқ боп кететін. Әрі тұзды суы буындарыма шипа болды. Сол себепті жыл сайын келуді әдетке айналдырдым. Қазір немерелерімді алып келемін. Қаланың балаларының терісі нәзік қой. Маса шақса, жара боп асқынып кетеді. Ал оған мына Шалқардың суы бір ем. Сондықтан жыл сайын немерелеріммен бірге келуді әдетке айналдырғанбыз. Қызмет көрсету тап керемет болмаса да, көңілден шығады. Біздер енді шыны керек денсаулық үшін келген адамдармыз.  Әйтеуір киіз үйге сиямыз. Көлеңкелеуге  жарайды», – дейді демалушы.

Күмісай Құрақаева, Ақжайық ауданы, Алғабас ауылының тұрғыны:

«Алыс болса да, үш жанұяны ұйымдастырып, арнайы алып келдім. Жаз шыққалы жоспарлағанмен, жолымыз түспей жүрген. Ыстық қайтпай тұрып келгеніміз дұрыс болды. Бала-келінім, үш немерем де осында. Осыдан алты жыл бұрын келгенбіз. Ол кезде киіз үй саны өте аз еді. Қазір көбейген. Ұнап жатыр. Кешке дейін суға шомыламыз, демаламыз. Жастар жағы тамақ қамдап жатыр. Таза ауада тамақ желінеді. Шаршасақ, киіз үйде демаламыз. Тек бір қиындығы әжетхана өте алыста екен».

Әңгімемізді «апай, атқа мінесіз бе? —деген баланың даусы бөлді. Өзін «Даниялмын» деп таныстырған өрен, «Біз досымыз екеуміз демалушыларды атқа отырғызып, осы жағалауда серуендетеміз. Біз жылда осы жерде боламыз, еңбек етеміз. Өз қызметімізді көрсететеміз», – дейді.

Сұлтан Тоқтамысов – студент. Шалқар ауылына нағашыларына қыдырып келген. Алайда қол қусырып, қарап отырмайын деп, қаржы табу үшін көл жағалап, демалушыларды жылқымен серуендетеді. «Шалқар әдемі көл. Енді заманауи дұрыс демалатын орын салынса, сервистік қызмет көрсетуге жағдай жасалса, жақсы болар еді. Барымен базар. Шетелдермен салыстыра алмаймыз. Соны реттеуге күш салынса жақсы болар еді», – дейді бозбала.

Ауыл тұрғыны Меңдіғали Тұяқов – көлік жүргізушісі. Ол мұнда демалушыларды жиі алып келеді. «Біз Шалқар деп ауыз толтырып айтып, мақтанамыз ғой. Алайда  көл жыл санап тартылып барады. Бір шақырымдай  шегініп кетті. Су тартылып, жаға шегініп кеткелі уайым кіріп еді. Қайта соңғы екі жылда сәл болса да су деңгейі көтерілді. Мұнда келушілер Шалқар көлінен кейін Сасай тауына барады. Оның биік жері 90 метр. Сосын осы уақытта шілденің 15-імен тамыздың 15-і аралығы тұз айы ғой. Байқаймын, Әлжан тұзына келушілердің қатары жыл сайын артып келеді. Осы жерде туып өскен соң, менің де осы жерге жаным ашиды. Балық табан жоғалып кетті. 2008 жылы жер сілкінісі болды ғой, сол кезде су қатты азайды, сумен бірге балық та кетті де қалды. Табан, сазан, шортан, көксерке, алабұға бұлардың бірі де кездеспейді. Келушілер бұрын балық аулайтын еді ғой, енді ловалдан басқа балық та жоқ. Бұл да ойланатын мәселе», – дейді  ол.

ШАЛҚАРДЫҢ ПРОБЛЕМАСЫ ШАШ-ЕТЕКТЕН

Көл басында нақты қожайын жоқ. Ұзақ уақытқа жалға алушылар келмейді. Қазіргі қызмет көрсетіп жүрген жеке кәсіпкерлердің нақты орны белгіленуі керек. Ол жер бөлінгеннен кейін био әжетхана, тамақ қалдықтарына арналған арнайы контейнер, пластик бөтелкелерге, целофан қалташаларға арнайы қорапша қажет. От жағу орындары белгіленгені дұрыс. Әлі күнге дейін қаншама рет айтылса да, округ әкімдігі, учаскелік полиция, кезекші медбикенің байланыс нөмірлері, төтенше жағдай қызметі, жедел жәрдем, такси қызметінің байланыс нөмірлері жазылған билборд ілінбеген. Жағажай аумағы 4,5 шақырымды құрайды. Бұл аралықта бес волейбол алаңы, екі футбол алаңқайын салуға болады. Еуропалық стандарт болмаса да, бар мүмкіндікпен алаңқай орнын дайындауға болады. Арнайы сауда-саттық орны жоқ. Шалқарға шамамен жаз мезгілінде 50-60 мың турист  келеді. Оларға сапалы қызмет көрсету әлі жолға қойылмаған.

Бұл мәселеге Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев «Шалқар көлінің су құрамы демалушылардың сауығуына ықпал ететін минералды элементтерге бай. Алайда инвесторларды тартудың негізгі проблемасы көлдің экологиялық жағдайы болып табылады, жыл сайын экологтар көлдің көлемі азайып келе жатқандығын айтуда. Талапқа сай қызмет көрсетілмеуі белгілі жайт. Туризм үшін инфрақұрылым жетіспейді, яғни жол, газ, су және жарық көздері болмаған соң, тұтынушылардың мүлдем көңілі толмайды», – деп кемшіліктің барлығын өзі де мойындады.

САНДАР САПА КӨРСЕТКІШІ БОЛА АЛМАЙ ТҰР!

Нұржан ӨТЕПБАЕВ, Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының  басшысы

«Соңғы 5 жылда сырттан келген туристер мен  ішкі туризмге үлес қосушылар саны 15%-ға артқаны байқалады. Бүгінгі таңда келушiлерді орналастыру орындарының саны 84. Яғни, 2 208 бөлме, бұл 4 430 төсек-орынды құрайды. Жалпы алғанда 101,3 мың адамға туристік қызмет көрсетілді. Оларға көрсетілген қызмет құны 3 652,4 млн. теңге құрады. Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында Ешкі тауы, Шыңғырлау ауданында Сарқырама мен Соркөл тұзы, Теректі ауданында Шалқар мен Сәуір жары, Сырым ауданында Айдар соры мен «Дәдем Ата-Жұмағазы хазірет зираты» діни ескерткіш мекеніне келушілер көбейді. Бөкей Ордасы ауданында орналасқан «Хан Ордасы» мұражай-қорығының маңызы зор. Хан Ордасы мұражай-қорығы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру бойынша Батыс Қазақстанның негізгі тарихи – мәдени нысаны болып табылады. Хан Ордасы мұражай-қорығында визит жобасы қолға алынбақ. Жоба құны – 431 млн. теңге. Онда 20 жұмыс орны ашылады. «Хан Ордасы» мұражай-қорығы нысандары негізінде Бөкей хандығының тарихи ареалын қалпына келтіру жобасы әзірленді. Музей-қорық құрамындағы 16 нысан Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Облысымызда эко және этнотуризм бағыттары бойынша «Nur-Er» ат-спорты кешені мен «Sayat» этно-туристік орталығы» бар. Экотуризмді дамыту мақсатында облысымыздың туроператорларымен дайындалған «Қорықты Теректі» атты туристік бағыт бар. Бұл туристік бағыт Теректі қорығына 1 күндік экскурсия ретінде ұйымдастырылған. Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде туристификациялаудың өңірлік картасына енген 50 мекеннің қатарында Хан Ордасы, Батыс Қазақстан тарихи-мәдени, сәулет-этнографиялық музей-қорығы және балалар-жасөспірімдер туризмінің кластері енгізілді. Аймақтағы туризмді дамыту мүмкіндіктерін көрсету, сондай-ақ туристік әлеуетті зерттеу үшін 27 туристік маршрут дайындалды. Атап айтқанда, «Бөкей хандығына экскурсия», «Жұмбақ Ешкі тау», «Ең кіші сарқырама, «Ақжайық, Шыңғырлау ауданына Джип тур», «Қорықты Теректі», «Дала көлі», «БҚО киелі нысандары» т.б. Туристік маршруттар тізімі туралы қосымша ақпарат www.visit-uralsk.kz сайтында жарияланған.

ТУРИЗМДІ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ҚАНДАЙ?

Ішкі туризмді, жалпы туризмді дамытуға ниет білдіруші сырттан келушілерді ынталандыру мақсатында қолға алынған қолдау шаралары:

– СГТ күтіп ұстау бойынша шығындардың бір бөлігі субсидияланады (83300 тг);

– туристік қызмет нысандарын салу, қайта жаңғырту кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының 10% өтеледі;

– туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік нысандарының  сыйымдылығы сегіз орыннан көп автокөлік сатып алу шығындардың 25% өтеледі;

– кәсіпкерлердің жол бойындағы қызмет көрсету нысандары құрылысын  салу шығындарының 10% өтеледі.

Өндірістік (индустриалдық) инфрақұрылымды дамыту экономиканың басым секторларында, соның ішінде туризм саласына да арналған. Бұл моноқалаларда және ауылдық елді мекендерде жобаларды салалық шектеулерсіз және тіркеу орнын есепке алмай іске асыратын кәсіпкерлерге  арналған. Ұлттық жоба аясында инфрақұрылымды тартуға, қайта жаңғыртуға мүмкіндіктер бар. Сумен және газбен жабдықтау, көгілдір отын тарту,   телефон байланысы желісін тарту және кәріз жүйесін орнатуға болады. Аталған мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін кәсіпкерлердің жобаға салатын инвестиция көлемі 200 млн.теңгеден кем болмауы тиіс. Құрылымды салу, қайта жаңғырту  құны 50 млн. теңгеден аз болмауы қажет.

Ал ҚР мәдениет және спорт министрлігі туроператорларға әрбір интурист үшін 15 мың теңге субсидиялайды. Тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу шығындарының 25 пайызын өтейді.

Облыс аумағындағы киелі және мәдени-көркем жерлерге апарар жолдар тартылған кезде ғана өңірде туризм саласы дамиды. Туризмнің дамуы бірнеше саламен байланысты. Нақты айтсақ, спорттық, медициналық, емдік-сауықтыру, мәдени-танымдық, балалар мен жасөспірімдер туризмі бағыттары белгілі бір жағдайда жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне қатысты.

Надежда Хабиболлақызы, 

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі