////

Ғарифолла ӘНЕС: Ноғайлы жырлары: Ел мен Жердің қилы тарихы

1824 рет қаралды

2005 жылы тұңғыш рет қолда бар «Қырымның қырық батыр» жырлары циклін түгендеп, тұтастырып, бір кітап аясында жариялағанымызда [1] еңбектің шекесіндегі «Ноғайлы жырлары» деген сериялық анықтама-таңба көпшілік оқырманның таңданысын туғызды.

Жинақтың «Қосымшалар» бөлімінде (450–542-бб.) осы ғылыми терминнің сырын ашатын академик В.М.Жирмунскийден бастап көптеген қазақ, татар және башқұрт фольклортанушыларының еңбектеріне сілтеме жасалса да, шынын айту керек, «Ноғайлы жырлары» атауы дәл сол тұста тілімізде тұрақтана қоймады. Тіптен біздің арнайы тапсырысымызбен жазылып, жарық көрген көрнекті жазушымыз Әнес Сарайдың «Ноғайлы» кітабынан [2] кейін де сірескен сең қозғалмады.

Тек Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланған тұста қоғамтану ғылымымызда тың тақырыптарға жол ашылып, кезек төл тарихымызға тікелей қатысты Жошы ұлысының, ал тақырыпты кеңірек қозғағанда, Алтын Орда проблематикасын танып-білу, зерттеу қажеттілігі туғанда ғана «Ноғайлы дәуірі» мәселесі алдымыздан шықты. Алдағы уақытта ХІV–ХVІ ғасырлар арасын қамтитын «Ноғайлы заманы», оның қазақ тарихындағы орны, әдебиетіміз бен мәдениетіміздегі терең іздері қыпшақтанудың жеке бір саласы ретінде ауқымданып, тереңдеп орнығатынына сеніміміз зор. Әрине, халқымыз басынан кешкен Ноғайлы дәуірінің сыны мен сыры Алтын Орда, Жошы ұлысы және Ноғай Ордасы тарихымен кіндіктес екені сөзсіз, десекте арада 600-700 жүз жыл өтсе де қазақ пен ноғайдың және қарақалпақ пен «құрама» өзбектің санасынан өшпей келе жатқан тарихи феноменді құбылысқа ерекше көңіл бөлініп, арнайы ғылыми зерттеу объектісі ретінде қарау – заманауи, креативті қажеттілік.

Кеңес заманында 1960–70 жылдардағы «жылымық кезеңде» қазақ қауымының қоғамдық-тарихи санасында серпіліс туып, шын мәнінде Қайта ояну кезеңін бастан кештік. Алғашында ұлттық дүниетаным мен философиялық ой-санамыз, тарихи-әдеби жәдігерлеріміз бен толысқан тіліміздің бастау-көздері Абайдан басталады десек, одан кейін авторлық поэзиямыздың шыңы Бұқар (1668 – 1781) және Дулат (1802 – 1871) ақындардың шығармашылығы деп танылды. Сол рухани түлеу жылдарында ұлттық құндылықтарымызға деген жаңаша көзқарастың нәтижесінде аты аңызға айналғанымен сөзі бізге жетпеді деп жүрген Асан Қайғыдан бастап, Қазтуған мен Доспанбет, Шалкиіз бен Жиенбет, Марғасқа жыраулардың жауынгерлік жорық жырлары қазына-қазанымызға олжа болып салынды.

Ұлт мұрасын зерттеушілер, оның ішінде классик жазушы әрі тарих білгірі, ғалым Мұхтар Мағауин бұл орайда «хандар дәуірі әдебиеті» терминін қалыптастырды [3]. Әрине, олардың Алтын Орда билеушілері мен Қазақ хандығына тікелей қатысты екені сөзсіз, десек те бұл шоқтығы биік поэзия маржандарын ерекшелеп, халық санасындағы көне ұғымды жаңғыртып, Ноғайлы дәуіріндегі «Ноғайлы жырлары» десек орынды болмақ. Оған жырлардың ономастикалық кеңістігі, яғни өлең құрылымындағы антропонимдер (кісі аттары), топонимдер (жер-су атаулары) және этнонимдер куә бола алады.

 Зерттеушілер қазақтың төл авторлық әдебиеті мен дүниетанымдық философиясының негізін ХІІІ–ХV ғасырларда ғұмыр кешті делініп жүрген Сыпыра жыраудан бастап тарқататынын білеміз [4].  Кәрі жырау не дейді?!

                   Жемтік болды дұшпанға

                 Көп ноғайдың баласы,

                   Көздерімнің қарасы...

 Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлының «Аламан» кітабынан алынған Қазтуғанның (ХV ғ.) қонысымен қоштасу толғауында:

                   Бұл қоныстан кетпесең,

                   Мұны талақ етпесең,

                   Атаңа нәлет кәпірдің

                   Пайдасын қалмаса игі еді,

                   Ноғайлы, қазақ жұртымның

                   Кейінгі туған балдары-ай! – деген өкініш жолдары бар.

         Бұл ұзақ толғау абыз жыршының:

                    Айдаса – қойдың көсемі,

                    Сөйлесе – тілдің шешені,

                    Арғымағын жаз жіберіп, күз мінген,

                    ……………………………………………………

                    Өзіне тиген дұшпанын

                     Қарт бурадай тіздеген –

                     Мен – Қарғабойлы Қазтуған,

                     Қайғыланып асып барамын

                     Ноғайлы-қазақ елімнен! – деген төкпе жолдарымен түйінделеді.

         Атақты Шалкиіз//Шалгез жырау (1465 – 1560) «Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтқанында»:

                     Темір еді биіміз,

                     Теңіз еді халқымыз,

                     Тебірлерге қалғанда

                     Теңселер сой-ды ауыр ноғай жұртыңыз! – деп толғайды.

         Сол Шалгез «Балпаң, балпаң басқан күн» толғауында:

                      Орманбет би өлген күн,

                      Он сан ноғай бүлген күн.

                      …………………………………….

                      Ораздының он ұлы

                      Ойын салып жүргенде,

                      Жиырлының жалғызы

                      Атқан оғын таба алмай,

                      Жер сабалап қалған күн! – деп торығады.

Сол Ноғайлы заманының өзінде Шалгез жырау АЛАШ деп ұрандайды (Алаштан байтақ озбаса,/ Арабыдан атты сайлап мінбен-ді!), ҚАЗАҚ деп айырып айтады (Ойда қазақ көп жортса,/Беллерін күміспен құрсар ма?).

Ал ХVІІ ғасырда өмір сүрді делінетін Жиенбет жырау жырында қазақ ОН ЕКІ АТА БАЙҰЛЫ деп нақты шежіреленеді (Малын салып алдына/ Әр саладан құйылды,/ Он екі ата Байұлы/ Бір Тәңірге сиынды). Сол Жиенбет ұзын-ырға тарихымыздан белгілі «қазақылық», «қазақ шығуды» тілге тиек еткенде де біртұтас АЛАШ этнонимін қолданады (Арқаға қарай көшермін,/ Алашыма ұран десермін,/ Ат құйрығын кесермін,/ Ат сауырын берермін,/ Алыста дәурен сүрермін,/ Қарамасаң, ханым, қарама,/ Сенсіз де күнімді көрермін!).

  Мәтіндері бізге жеткен санаулы Ноғайлы жырларының арасында тарихи, тілдік және этнографиялық бояуы ерекше қою, әрбір сөзіне бір құшақ талдауды талап ететін ХV ғасырдың соңы мен ХVІ ғасырдың басында бар-жоғы 30 жыл ғана өмір сүріп, қан майданда ат үстінде қаза болған азаулық Доспанбет жыраудан қалды дейтін шумақтардың поэтикалық қуаты, ұйқас-шумақтары ерекше көзге ұрып тұрады.

                      Екі арыстап жау шапса,

                      Оқ қылқандай шаншылса,

                      Қан жусандай егілсе,

                      Аққан судай төгілсе,

                      Бетегелі Сарыарқаның бойында

                      Соғысып өлген өкінбес.

Кейін Мұрат Мөңкеұлы сынды зар заман ақындардың шығармашылығына арнайы арқау болған Алатау (тау), Сарыарқа (жазық) сияқты жер атауларының Қазақстанның батыс өңірінде де барлығы, оларды күні бүгінге дейін жергілікті жұртшылық кеңінен қолданатыны айтылып та, жазылып та келеді.

Азаулық Доспанбет батырдың жырларынан Ноғайлы жұртының шекарасы сонау Қырым бойы мен Түркияға дейін созылып жатқанын көреміз:

                       Азау, Азау дегенің

                      Әл-Ғұсман паша жұрты екен;

                      Айнала бұлақ басы – Тең,

                      Азаулының Стамбұлдан несі кем,

                      Азаулының Аймадет Ер Доспанбет ағаның

                      Хан ұлына несі жоқ,

                      Би ұлынан несі кем!

Бұл жыр жолдарындағы Азаулы – бүгінгі Азов атауы, Тең – көне қыпшақ тіліндегі Таң/Дон өзені//қаласы, ал Аға сөзі «әскербасы» мағынасындағы көне әскери термин екенін есте ұстаған жөн.

Шағын ғана көне толғауда өзінің жеке басы мен заманындағы қоғам, шаруашылық, дүниетанымға қатысты көптеген бүгінгі күні мән-мағынасы көмескіленген ақпарат-мәліметтер бар: Алғаны Әли ағаның қызы еді; ұлдары: Қосақай/Қосай, Есақай, Ер Досай; Ер Мамайдың алдында/Шаһид кештім, өкінбен; этнографиялық көнеліктер: сақетер мен сақсыр; емші мен емдеу (Жарықшылар жоқ па екен, /Жармай білте саларға); Айналайын Ақ Жайық; Шолпан(жұлдыз аты); Кірмембес ауыр қол; Қарағайлы көдік; Бүлдіргісі бұлан терісі; Шырмауығы алтын, сабы жез; Айдындықтай ақ білек; Ерең үй; Кейінгі қалған көпек; Қара бұлан терісін етік қылу; Күдеріден бау; Кіреуке кию; Толғамалы ақ балта; Алты құлаш ақ найза; Садақ толған сайгез оқ; Кетбұғадай билер; Тобыршығы биік жай салу; Тоғынды сарты нар жегу; Жәмішіден қос айту; (өлім-ажалды меңзеген) Бұрынғылар түскен жүрі жол/Бұрылып оңға түсті дегейсіз, т.б. Мұндай көне тұрақты тіркестер мен заттық және сыни атауларға бүгінгі таңда арнайы герменивтік талдау қажет. Әйтпесе кез келген оқырман оларды жете түсініп, жыр жолдарының айшықты, образды мәндерінің түп-тамырына бойлай алмайды.

 Азаулылық Доспанбет жыраудан басқа Ноғайлы жырауларының жүрген-тұрған, өмір сүрген географиялық кеңістігі бүгінгі Қазақстанның батысы, нақтырақ айтсақ, Екі су – Еділ мен Жайықтың арасы.

Сыпыра жырау: Шіркеулі деген шаһарда/ Тоғыз ханның сарқытын/ Бір мәжілісте асадым; Еділдің құбыла жағында; Ханның зәулім сарайы/ Ақ Орда деген жер екен; Алпыс биі бірігіп,/ Ақ Ордада шешкен дау; Еділдің қара сулары/Көпір салмай сай болмас.

 Асан Қайғы: Жемде кеңес қылмадың,/ Жемнен де елді көшірдің; Ойыл көздің жасы еді,/ Ойылда кеңес қылмадың,/ Ойылдан елді көшірдің; Еділ деген қиянға; Еділ менен Жайықтың/ Бірін жазда жайласаң…; Еділ бол да, Жайық бол,/ Ешкімменен ұрыспа.

Қазтуған жырау: Сап-салпыншақ анау үш өзен [мүмкін Үшөзен//Үш өзен. – Ғ.Ә.] /Салуалы менің ордам қонған жер; Қайран менің Еділім,/ Мен салмадым, сен салдың,/ Қайырлы болсын сіздерге/ Менен қалған мынау Еділ жұрт; Ел қияға қонғай ма,/ Еділ, Жайық арасы/ Кеңшілік қоныс болғай ма?!; Еділді қоныс етпеңіз,/ Жағалай қалмақ алады./ Жайықты қоныс етпеңіз,/ Сыдыра біткен көкжиек,/ Кәпірлер қала салады./ Аштарханды қоныс етпеңіз,/ Шәһәрін оның алады; Еділді алса – елді алар,/ Енді алмаған не қалар?/ Жайықты алса – жанды алар,/ Жанды алған соң не қалар?/ Ойылды алса – ойды алар,/ Ойлашы, сонда не қалар?; Ойылда Қиыл, Жем, Сағыз,/ Қайран саланың жатқан аңғары-ай; Адыра қалғыр көк Жайық,/ Аңырап қалған қонысым!

Доспанбет жырау: Айналайын Ақ Жайық,/ Ат салмай өтер күн қайда?!; Бейазының [?] бойында/ Күзен, қарсақ жер ме екен!..; Еділдің бойын ен жайлап…

Шалкиіз//Шәлгез жырау: Алтынды Бақшасарай, Қырымға/ Әзізленген сұлтан жаның шалт етер!; Еділден аққан сызашық/ Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді; Арқаның құба жонында; Арқаның бауырын қыдырмай; Алма мойын сам үйрек/ Ана Еділден көксіген,/ Көлді тастап, қырға ұшса,/ О дағы бір тарланға жолығар!

Жиенбет жырау: Арқаға қарай көшермін,/ Алашыма ұран десермін; Қайырылып қадам басарға/ Күн болар ма мен сорға,/ Өзен, Арал жерлерім?!. / Қиядан қолды көрсеткен/ Төбеңе шығар күн бар ма,/ Жотасы биік Дендерім?!; Азап шектім аралда [мүмкін ­Аралда. – Ғ.Ә.].

Ноғайлы жырауларының жырларындағы антропонимдерге келсек, әрине, бірінші кезекте даңқты Едіге, оның қарсыласы Тоқтамыс, басқа да хан тұқымдары мен сұлтандардың аты аталады. Олардың қайсысы нақты тарихи тұлға, қайсысы көркем образ кейіпкері екенін зерттеу, зерделей түсу болашақтың ісі.

Қазақ жырауларының атасы саналатын Сыпыра жыраудың «Шына қыздан туған ұл/ Сенің бабаң Шыңғыс хан –/ Мұны көрген бабаңмын» деген өлең жолдарына және «Құбығұл» жырында Сыпыра жырауды 180 жасаған дана абыз ретінде суреттегендіктен біздің зерттеушілеріміз оны үш ғасырдың бірдей (ХІІІ – ХV ғғ.) куәгері деп аңыздайды. Қорқыт, Кетбұға, Қотан сынды аңыз абыздардың қатарында тұратын Сыпыра жырау мен Асан Қайғы бабамыздың өмір сүрген уақыты мен ғасырлар көшінде талай-талай жамау-жасқау мен өзгеріске түскен жырларын қайта қалпына келтіру (реконструкциялау) қиынның қиыны. Біз бұл тұста Ноғайлының атақты жеті жырауының жырларында кездесетін хан-сұлтандар мен би-бағландардың аты-сойларын санамалап ғана өтпекпіз.

 Сыпыра жырау: Әкей хан мен Жәкей хан –/ Мұны көрген бабаңмын; Хан Шыңғыстыңкезінде,/ Бұ жалғанның жүзінде/ Он бір патша бар еді;  Әмір Темір Көреген,/ Тоқсан алты хан дөреген; Көрдім қалың еріңді,/ Едіге деген еріңді; Тоқтамыстың уағында/ Құлға билік тиген соң; Сөз сөйлемен, Қарабек,/ Менен саған сөз керек; Ел ағасы Аға би,/ Жұрт ағасы Тағай би,/ Батыр ұлы Байназар,/ Қожаның ұлы Қосназар; Еліңді талап сен алдың,/ Темірменен тең алдың.

Асан Қайғы: Ай, Жәнібек, ойласаң,/ Қилы, қилы заман болмай ма?; Қош, аман бол, Жәнібек,/ Енді мені көрмейсің! Қазтуған жырау: Кәпірден теңдік алуға/ Қайта келер деймісің/ Мұсылманның баяғы/ Шыңғыстан туған хандары-ай?!

 Доспанбет жырау: Есақай, Қосай – екі ұл; Алғаным Әли ағаның қызы еді; Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы; Кетбұғадай билерден/ Кеңес сұрар күн қайда?! Ер Мамайдың алдында/ Шаһид кештім, өкінбен!; Есақай, Қосай – екі ұл…

Шалкиіз//Шәлгез жырау: Арық хан!/ Менің ием Темір іс етсе; Едігеден туған ұғылдың/ Мырзасы өзің болғансың; Темір еді биіміз,/ Теңіз еді халқымыз; Тіленшіұғлы Шалкиіз,/ Иесі би Темірдің тұсында/ Бұлтқа жете жаздады бұ мүйіз./ Иесі би Темірден соңратын/ Тұқылдықтан тарсылдап,/ Үзілер болғай сол мүйіз; Менің ием би Темірдің әрі өзім/ Жау көрген күн жүрегінің басы едім,/  Көз үстінде қасы едім.

Жиенбет жырау: Әмірің қатты Есім хан; Жолбарыстай Жолымбет/ Құрбандыққа қол емес; Еңсегей бойлы Ер Есім,/ Есім, сені есірткен/ Есіл де менің кеңесім./ Ес білгеннен, Есім хан,/ Қолыңа болдым сүйесін,/ Қолтығыңа болдым демесін; Мен жоқ болсам, Есім хан,/ Ит түрткіні көресің; Көруші едім, Есім хан,/ Ханымды – күнім, сізді – айымдай; Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген/ Тілеуберді құлыңдай!/ Тілеуберді құлың – мен емес,/ Мұның ханым жөн емес; Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,/ Соқыр бурыл байталға/ Сондай бір жайдақ мінгенсің…/ Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,/ Қаланың қасы бүлгенде; Арманда болып барамын,/ Қоштасуға аял жоқ,/ Қалқаман, Шолан ерлерім.

Марқасқа жырау: Ей, Қатағанның хан Тұрсын,/ Кім арамды ант ұрсын!; Еңсегей бойлы Ер Есім/ Есігіңе келіп тұр:/ Алғалы тұр жаныңды/ Шашқалы тұр қаныңды!

Дүниетанымдық, оның ішінде діни лексика тұрғысынан келсек, Ноғайлы жыршыларының бәрі бет-жүзін Қағбаға бұрған кәміл мұсылман екенін көреміз. Кәпір//кәуір қолданысы «ата жау», «басқыншы», «жаулаушы» мағынасында айтылады. Жырлардың мәтініндегі кездесетінТәңір, құда//құдай тұлғалары қазіргі тіл қолданысымыздағыдай Алла-ның синонимі болып келеді.

Сыпыра жырау: Құбыладан жылы жел есер,/ Арқадан суық жел есер; Алла тағала әмбеге/ Бөліп берген ырысты.

Асан Қайғы: Мүритін тауып алмаса,/ Азғын болса пір ғаріп.

 Қазтуған жырау: Мұсылман мен кәуірдің/ Арасын өтіп бұзып дінді ашқан/ Сүйінішұлы Қазтуған!!!; Бұл қоныста отырып,/ Біздің мұсылман баласы/ Жағасы босап тынғай ма?!;Кәпірлер қала салады; Ақ шалмалы пірлердің/ Мешітке жаққан шамдары-ай!/ Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім –/ Аузы түкті кәпірдің/ Күшті болған салдары-ай!/ Кәпірден теңдік алуға/ Қайта келер деймісің/ Мұсылманның баяғы/ Шыңғыстан туған хандары-ай?!/ Бұл қоныстан кетпесең,/ Мұны талақ етпесең,/ Атаңа нәлет кәпірдің/Пайдасына қалмаса игі еді; Аузы түкті кәпірдің/ Етпегей еді жұмысын; Біздің кейінгі өскен жас бала/ Аузы түкті кәпірдің/ Соқпаса екен пайдасын!

Доспанбет жырау: Дін ісләмнің кірті [?] екен; Тәңірінің өзі берген күнінде/ Хан ұлынан артық еді менің несібем!; Шаһид кештім, өкінбен!

 Шалкиіз//Шәлгез жырау: Тәңірі өзі біледі,/ Ажалымыз қайдан-дүр!; Сұлтан ием, сен менің,/ Бармай тапқан Қағбамсың!; Теңіз етсе, Тәңірі етті… / Терек етсе, Тәңірі етті… / Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті!; Мен ісімді Хаққа тапсырғанмын һәр жерде; Жүк тиедің кемеге,/ Ниет еттің Тәңірінің үйі Кебеге! [Қағбаға. – Ғ.Ә.]; Әбсінде ғалым жидырып,/ Ақ кітабын [Хақ кітабы. – Ғ.Ә.] жайдырып,/ Ай, Хан ием, сұраймын:/ Тәңірінің үйі Кебені/ Ибраһим Халил Алла жасапты,/ Ғазырейіл – жан алмаға қасап-ты; Тәңірінің үйі Бәйтолла,/ Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты!; Тәңірі жанын алмаса.

Жиенбет жырау: Бір Тәңірге сиынды.

Сөз соңында мыңдаған ғасырлық жыраулық дәстүрдің ерекше бір атрибуты – Жыршының Мені, яғни сөз арасында өзін өзі мадақтап, көтеріп, көпке таныстыру жолына мысалдар келтіре кетпекпіз. Шындығында осы бірер қайырма таныстыру сөздері арқылы ғана біз Ноғайлы жыршыларының жырларына авторлық үкі тағып отырмыз. Бұл жолдар бағзыдағы кәрікөз жыршылардың адал шәкірттерінің аузымен ғасырдан ғасырға көшкенде мәтіні өзгеріп құбылса да, алғашқы мал иесі автордың атын ұмыттырмай, сөз киесін сақтауға тырысқандығын көрсетеді.

 Сыпыра жырау «Мен бабаңмын, бабаңмын,/ Мен нелерді көрмедім,/ Мен қай жерде жүрмедім» деп басталатын беташар жырының өзінде бір жүз алпыс жасағанын, он бір ханның алдында қобыз алып, толғау айтқанын мақтан тұтады. «Өзім айтам өз жайымды…» дегендей, не бір толғамалы теңеулермен, айшықты бейнелеулермен өзіне өзі баға береді:

Мен жыраумын, жыраумын,

Шөп басында қыраумын.

Хан қасында төремін,

Ханға кеңес беремін.

Би қасында биікпін,

Ел ішінде иықпын.

Сөз бар жерде жүйрікпін,

Шөлде жүрген киікпін.

Көл бар жерде сүйрікпін,

Құс бар жерде қанатпын,

Күш бар жерде қуатпын,

                                 ………………………………….

Даналар айтқан асыл сөз

Елді аузына қаратқан.

Алла тағала адамды

Тату бол деп жаратқан…

 Ел мен Ер қамын жеген Асан Қайғы да «Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің» деп халқының жауға жем болып, шабылып жатқанын, хандық жорадан тайып, қарадан қатын алғанын, бейнет қып қорған салғанын, қымыз ішіп мастанатынын, ел-жұртының тозғанын бетіне басады. «Құлың көп сені өлтірер,/ Осыны Асан біледі,/ Мұны неге білмейсің!?» күйініп, ең соңында «Қош, аман бол, Жәнібек,/ Енді мені көрмейсің!» деп ел-жұртымен қазақ шығып кетеді.

Ал Қазтуған жырау «Мұсылман мен кәуірдің/ Арасын бұзып дінді ашқан/ Сүйінішұлы Қазтуған!» да өзі хақында сөйлегенде теңеулердің небір сойын, бейнелеудің биік-биік метафораларын тауып қолданады:

Бұдырайған екі шекелі,

Мұздай үлкен көбелі,

…………………………………….

Айдаса ­ – қойдың көсемі,

Сөйлесе – қызыл тілдің шешені,

Ұстаса – қашағанның ұзын құрығы,

Қалайылаған қасты орданың сырығы,

………………………………………………………   

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бидайықтың көл жайқаған жалғызы…

 Қазтуғанның жырларында ата қонысы – қайран да қайран жалпақ Еділдің жан тебірентер қадыр-қасиеттері, тіптен жеке бас өміріне қатысты деректер де айтылмай қалмайды:

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт,

Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт.

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт,

Қарағайдан садақ будырып,

Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,

Жанға сақтау болған жер.

Өткен ғасыр басында Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлы ел аузындағы ескі сөздерді жинастырып, «Аламан» жинағын [5] құрастырғанда Ноғайлы жырларына, оның ішінде Қазтуған өлеңдеріне ерекше зейін қойған. «Қазтуғанның қонысымен қоштасуы» атты ұзақ толғауында жыршының өз атын атап, ішкі сезімін білдірген жолдары ұшырасады: Арайнасыз әр қайда/ Ерлердің ісі оңғай ма?!/ Арайна болған Қазтуған,/ Қайғыланып сонда толғай ма?!; Жолдасын жолай іздеген,/ Өзіне тиген дұшпанын/ Қарт бурадай тіздеген –/ Мен – Қарғабойлы Қазтуған,/ Қайғыланып асып барамын/ Ноғайлы-қазақ елімнен!

Азаулының Аймадет Ер Доспанбет Ағасының және иесі Би Темірдің тұсында мүйізі бұлтқа жете жаздаған Тіленшіұғлы Шәлгездің «Мен»-і туралы жоғарыдағы мәтін нұсқаларында үлгі-мысалдар келтірді.

Ноғайлы жырларында абыз жыршылар мейлі бас иесі хандарына қайырылып «Сен» десін, мейлі ішкі ыза-кек запыранын шығарып «Мен» десін, олардың барша мұңы мен зары – ен жайлаған Қырым мен жалпақ Еділдің бойындағы ата жұрттан береке-бірліктің болмауынан амалсыздан айырылу уайымы, бір кездерде өздерінің табанының астында жатқан аузы түкті кәпірлердің езгісіне түсу трагедиясы. Ноғайлы – бір кездері ат тұяғымен әлемнің жартысын жаулап, миллиондаған жат жұрттықтарды бағындырған алып Алтын Орданың ыдырау кезеңіндегі алпыс екі баулы қыпшақтың бір сынығы Ноғай-Қазақтың бүлген, бүлінген дәуірі. Оны тарихи, әдеби-мәдени және тілдік тұрғыдан танып білу қазақ баласына парыз.

Дүние – кезек

(қорытынды орнына)

 Тек хун дәуірі мен көне түріктің ғана емес, күллі әлем тарихының білгірі Л.Н.Гумилев: «Кез келген алып империяның ғұмыр-тіршілігі 600 жылдан аспайды, одан әрі тағы бір 600 жыл құлдырап барып, қайта өркендеуі мүмкін» деген болатын. Кім біліпті, мүмкін біздің ұрпақтың маңдайына осы алып империялардың бірінің ыдырап, бірінің тасы тауға өрлер заманды көру жазылған шығар. Аталарымыз «Дүние – кезек, терме тезек» деген ғой… Маңдайға жазылған дегеннен шығады, тарих-тағдыр бедеріндегі бөтенге істелген қиянат-зорлықтың қайта бір айналып соғар қарымта зауалы болмауы мүмкін емес. Жауыз жандарал Суворовтар 3 миллион Ноғайлының ноғай-қазағын қылыш жүзінен өткізіп қырғындатпағанда бүгінгі біздің сан-жұртымыз 300 миллионнан асар ма еді… Жалпақ Еділ-Ананы («Матушка Волга» емес!) ен жайлап, Қапқаздың ойын, Қырымның қырын қоныс қылған Дешті Қыпшақтың қолдан берген ата жұрты Ұлы Далаға қайырымен қайта оралып, елі мен жері тұтастанар, бауыры мен қарындасы қайта қауышар күні де туар. Ылайым, соны бізге көруді жазсын!

__________________________

  1. Қырымның қырық батыры. Алматы: «Арыс» баспасы, 2005. – 544 бет.
  2. Сарай Ә. Ноғайлы. Зерттеу. Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 488 бет.
  3. Мағауин М. Қобыз сарыны. Алматы: «Жазушы» баспасы, 1968.
  4. Мақаладағы барша мәтіндік факті-мысалдар соңғы жинақтаушы басылым – «Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық» кітабының 1-шітомынан (Алматы: «Жазушы» баспасы, 2021) алынды. Ескерер бір жайт: бұл мәтіндерді толық текстологиялық талдаудан өткен канондық сыни нұсқа деп қабылдауға болмайды. Алдағы уақытта Ноғайлының бұл жеті жырауының мәтіндері толықтырылып, «жаңаша» (яғни, түпнұсқалық тұлғада, көнеше) сөйленетіні, таңбаланатыны сөзсіз. – Ғ.Ә.
  5. Аламан. Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – 234 бет.

 

Суреттер Қырымның қырық батыры (Алматы, «Арыс» баспасы, 2005) кітабынан алынды

 

Ғарифолла ӘНЕС,

филология ғылымдарының докторы

Айтматов академиясының академигі

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар