////

Қазақ тілі қолданысының артуына ықпал еткен оқиғалар

1621 рет қаралды

Қыркүйек маңызды оқиғаларға толы ай. Бұл айда Білім күні аталып өтеді, Тілдер мерекесі тойланады, Қала күні болады. Сондай атаулы күндердің бірі – Тілдер мерекесі бұрын 22 қыркүйекте тойланушы еді. Енді 5 қыркүйекте аталып өтетін болыпты. Біз мемлекеттік тілді тұғырына қондыру үшін жасалып жатқан кейбір шараларға тоқталып өткенді жөн көрдік. 

 1989 жылы 22 қыркүйекте “Тілдер туралы” заң қабылданған болатын. Ал Тілдер мерекесінің өзі 1998 жылдан аталып өте бастады. Сол жылы тұңғыш президенттің жарлығымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды. Алайда 20 жыл салып, яғни 2017 жылы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» үкіметтің қаулысына сәйкес, қыркүйектің 5-і Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілді.  Бұл өзгерістің басты себебі – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тілі үшін күрескен, Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты.

Ата заңның 7-бабында “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі” екені жазылған. Ал орыс тілі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

“Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды”, – делінген Конституцияда.

Қазақстан – көпэтносты мемлекет, бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Мемлекет құраушы этнос – қазақтар, олардың үлесі жетпіс пайыздан асады. Сондай-ақ орыстар, татарлар, өзбектер, украиндар, грузиндер, армяндар, шешендер, ингуштер, беларусьтер, кәрістер, қырғыздар және тағы басқалары тұрады. Еліміздегі 100-ден астам этносқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Оннан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларда мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.

Қазақ тілін үйреніп жүрген, қызығушылық танытатын азаматтардың саны да жылдан жылға көбейіп келеді, олардың арасында өзге этнос өкілдері де баршылық.

Республикада 111 мемлекеттік орталық жұмыс істейді, онда ересек тұрғындарға қазақ тілін тегін оқытады. 2022 жылы Ақмола, Атырау, Жамбыл облыстарында осындай үш жаңа орталық ашылды.

Қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін Tilqural.kz, Abai.institute, Tilmedia.kz, Balatili.kz, Soyle.kz, Bala.soyle.kz, Qazonline, Ana tili қосымшалары жұмыс істейді. Бұдан бөлек жыл сайын тіл мәдениетін арттыру мақсатында “Мемлекеттік тіл және БАҚ”, “Тіл шебері”, “Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы” байқаулары, “Мен қазақша сөйлеймін” акциясы және тағы басқа республикалық конкурстар өткізіліп тұрады.

Сонымен қоса, Qazaqsha Jaz сынды қозғалыстардың тілдің дамуына ықпалы жоғары болғаны сөзсіз. 2020 жылы шілде айында құрылған бұл қозғалысқа (әлжеліге) 3 күнде мың жазылушы тіркелген болатын. Қозғалыс орыс тілінің жоғалуын қаламайды, тек қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуді көздейді. Оның нәтижесі ретінде жақында 2ГИС сынды бағдарламаларға қазақ тілі қосылса, халықтың көп бөлігі қолданатын Каспий банкоматтары мен терминалдарына қазақ тілі функциясы қосылды. Қолданысқа ие әлеуметтік желілер мен смартфон функциясының да қазақша нұсқасы бүгінде қолжетімді.

Жастар арасында да қазақ тілінде сөйлеу және ән айту не тыңдау – трендте. Тіпті, қазақстандық өзге этнос өкілдері де қазақ тілінде әндерге челлендж түсірсе, кейбір тиктокерлердің эдит жасайтын трегіне айналды.

(Ерболат Құдайбергенов “Ләззат алауы”)

Ал осындай челлендждердің бастамасы, жастардың қазақша ән тыңдауына, шетелдіктердің біздің тілге деген қызығушылық танытуына сеп болған -Ninety one тобы болатын. 2015-2016 жылы карьерасын енді бастаған топқа хейт көп болғанына қарамастан, бүгін ең танымал, ірі фандомы бар жалғыз қазақстандық бойзбенд топ. Q pop мәдениетінің негізін салушылар бүгінде мерзімі белгісіз демалысқа кетті және бұл бір жылдан да артық  уақыт екенін мәлімдеген болатын. Соңғы тур-концерт топтың туған күні – 1 қыркүйек күні Алматыда өтті. Дегенмен сахна төрінен әлі де кетпейтіндіктерін Астанада өткен концертте айтқан болатын. Ал топтың негізін қалаған продюсер Ерболат Беделхан бастамасымен ORTA жобасы мен T’OI  герлзбенд тобын құрылды. Екі жылдық үзілістен соң компания көрерменді өз жаңалықтарымен қуантуда. Бұдан бөлек қазақстандық жастар Enlik, Qanay, Мирас Жүгінісов, 2Rar, Ayree сынды әншілерді, ИК, Alpha сияқты топтарды тыңдайды.

Сонымен қатар, отандық айтишниктер де тіл саласына өз саласын қосты деуге болады. Отандық қазақ тілінде Aitube, Aitu, Aqyl Battle, EasyTapp сынды бағдарламалар шығарды. Тіпті, Play Book бағдарламасында ҚазақMan, Ermek Batyr секілді қазақ тілінде комикстер жарық көрді. Ал қазақтілді дубляж жасаушы арналар саны да артып келе жатқаны байқалады. Бұрынғыдай теледидар арқылы ғана емес, арнайы сайттардан немесе телеграмм арналардан қазақша дыбыстамада фильмдер көруге болады.

Демек, тіл қолданысын кеңейтуге тек үкімет жұмытары ғана емес, халықтың да атсалысуы арқылы біз үлкен нәтижеге жете аламыз. Дегенмен пандемия ықпалы қазақ тілінің дамуы оң әрі теріс әсер етті. Теріс әсер етті деген себебім – 2016 жылы қазақ тілінде сөйлейтін тұрғындардың үлесі 82,3 % құраса,  2021 жылы, пандемиядан кейін шамамен 80,1 пайызды құрады. Соған қарамастан,тіл тазалығына мән беретін QazaqGrammar сынды инста аккаунттар ықпалымен қазақша біз білмейтін кейбір сөздерді немесе оның жазылуын қарауға болады.

“Тіл – тіршілік құралы. Тіл үйрету – сөздер сол тіршілік құралын жұмсауды үйрету. Олай болса, тіл үйрету өнері тұрмыс өнері болмақ”,-деп Ұлт Ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы айтып өткендей, тіршілік құралын дұрыс пайдалану керек.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар