///

Бақытбек Бәмішұлы: Қотырақ батырдың балалық шағы (ұзақ әңгіме)

3997 рет қаралды
1
СЕГІЗ КӨЗ (Соңы – 14)
Қалмақтың арты Қалба таудан арыла қоймаған екен. Бұрынғыдай қалмақ мен қазақ арасында жойқын соғыс жоқ. Екі жақ та байыз тапқандай. Тарбағатайдың шығысы, Ертістің басы, Үліңгір өңірі, Алтай тауының қойыны-қонышы біраз жылдан бері тусып жатыр. Иесіз қалған қалмақтың қалың малы ит-құс пен қытай әскерлерін жемге бір тойдырған. Қалмақты қынадай қырған қытайдың қарулы жендеттері жылқыны үйір үйрімен, қойды қора-қорасымен айдап әкеткен.
Сай-саланы сағалап қаңғып қалған малды Алтайдың ауыр қысы да селдіретіп жіберген. Әр таудың қолат-қойнауында жалғыз үйлі қалмақ ауылдарының батыстан жауар күндей тұтаса бұлттап түнеріп келе жатқан қазақтың қара нор көшіне төтеп берер қал қалмаған еді. Қаншама жыл бұрын қанды ойранды салып, баса көктеп кірген мекен. Қаншама жылдан бері еркін-төстеп билеп, емін-еркін жайлап-қыстап әбден бауыр басқан шұрайлы қоныс. Осы жерде туып-өскен баланың тірісінің өзі бұл күнде төрт-бес мүшелден асып отыр.  Олар үшін әрі олардан кейінгілері үшін бұл туған жер,  ата жұрт. Жау келген екен деп қалай тастай салып тұра қашады?  Қашқанда қайда барады? Алдында кеше ғана өз қанынан өзен ағызып кеткен қытай күтіп тұрса? Ендігі қалған амал қара тұяқтан қал кеткенше, қара борша жалғыз үйі күлге айналғанша, құрып-суалып, таусылып біткенше қасарысып бағу. Не мына үкілі шошақ тымақты, үйірлі шойын қаралармен тіл табысып, ымыраға келіп, қоян-қолтық жарасып өмір сүру.
Қалмақ дәстүрін қанық білетін Қотырақ батыр Батжарғылдың ұсынған тас шақшасын аса ыждағатты ниетпен қабыл алып, танауына жақындатып бір иіскеді де басын изеп, қошаметін айтып, қайтарып өзіне ұсынды. Содан кейін атан өгіздің жон терісінен тігіліп, қарағайдың қабығына боялған қызыл күрең түсті саптама етіктің ұзын қонышынан бір қарыс күміс құймалы қайқы бас мүйіз шақшасын суырып алып, нәлілі өкшеге бір қағып, сол қолдың аты жоқ саусағы пен шылдыр шүмектің ортасына тығынын қыстырып, сұқ саусағымен ораған жуан бармақтың басындағы түйенің табаны сиятындай шұңқырға шақшаны екі сілкіп көк бурыл насыбайын төкті. Асықпайды. Шақшасын тығындап ұстаған бойы оң қолдың саусағының ұшымен насыбайды бармақ пен сұқ саусақ арасынына нығыздай қысып алып, қошқар танаудың аюдың апанындай екі тесігіне кезек-кезекпен екі рет тартып, мұрынды екі рет қағып тазалады. Шақшасын содан кейін Батжарғылға ұсынды. Батжарғыл шақшаны қошаметпен алып, бір иіскеп қайтарды.
–  Тамыр, адамның басы Алланың добы дейді ғой. Біз қайда жүрсек те, қандай қиын-қыстау заманды бастан кешірсек те о дүниелік болған адамымыздың сүйегін ай далаға тастамайтынымызды өзің жақсы білесің.
–  Әр елдің салты әр басқа ғой,–  деп сәл тіксініп барып,– Хотир ах, айтары бар ма?– деді Батжарғыл өз түсінігі бойынша Қотыр атауын өз тіліндегі әдемі хотир деген өсімдік балжапырақ атауына балап, оған аға сөзін қосып.
–  Сен білесің ғой, тамыр, Алтай тауының арғы-бергі бөктері, анау Қаңғай, Кентай тауларына дейінгі кеңістіктегі ескі бейіт, ежелгі мықтың үйлерін мұңғұл жұрты хиргисийн үүр деп атайтындығын.
–  Иә, қазір де солай атаймыз ғой. Қаншама жылдар өтсе де ескі, ежелгі тарих естен шыға ма. Бұл жалғанға кімдер келіп кетпеген.
–  Рас айтасың, тамыр. Бұл Алтай бағзы заманнан біздің ата қоныс еді. Бір заманда сендер келіп иелік еттіңдер. Ат айналып қазығын табар дейді. Құдайдың қалауымен міне біз сол ата қонысымызға қайта оралып жатырмыз.
–  Хотир ах, сөз ләміңізге қарағанда сіз менен жер сұрап отырған сияқтысыз. Мен дұрыс түсіндім бе?
–  Сен дұрыс түсіндің. Бірақ мен сенен жер сұрап отырғамын жоқ. Қонысымды қайтарып алайын деп отырмын.
–  Солай деңіз. Қазір мұнда мен отырмын. Жер менікі, ел менікі. Біраз жыл бұрын мына қаныпезер қытайлар қынадай қырып кетпегенде мына өлке қара шобыр ел емес пе еді. Ана төс толған мал емес пе еді. Мен де құдайдың қалауымен сол сұмдық қанды қырғыннан аман қалып ел-жеріме ие болып отырмын. Ол құдайдың бұйрығы емес пе?! Бір нәрсені қалау үшін, қылаяғы жоғалған тайды тану үшін де оған бір дәлел-дәйек болу керек қой. Көп қорқытады, терең батырады дегеніңіз бе? Менің туған жерім, кіндік қаным тамған жұрт мына қырдың астында… Ал бұған не дейсіз? –  Қотырақ батырдың да күткені осы еді. Бұл Батжарғыл аса сұңғыла, шешен, сөзге тоқтайтын адам екеніне осыдан неше жыл бұрын бір барымтада шекісіп барып, танысып, ат беріп, атан түйе алысып, екеу ара тамыр болған болатын. Ал бүгін Қотырақ қонысын кеңейту үшін қорасын алғалы келіп отыр. Берсе қолынан, бермесе жолынан алмақ. Күшке салса күреп тастайтынын қауқары да қаптал. Оны Батжарғыл да сезеді. Сондықтан қан төкпей екеуі де ертеңгі күннің есен-амандық игілігі үшін керіспей, келісіп шешкелі келіп отыр.
– Сенің сөзіңнің қатасы жоқ, тамыр. Сен осылай деп, алдымды орап, аузымды аштырмайтыныңды біліп, мен де құр алақан келгемін жоқ. Сайланып келдім. Ақылыңа атым белдеуіңде байлаулы тұр. Ал дәлеліңе дәйегімді де даярлап әкелдім.
– Кермеде тұрған кер жорғаны көріп отырмын. Ал жасырып, жанқалтаңызға салып әкелген дәйегіңді көрсетсеңіз. Жамбы, тай тұяқ күміс болса, оның маған керегі жоқ. Қойныңыздан шығармай-ақ қойыңыз. –  Қотырақ  батыр мырс етіп, жүгініп отырған қалпы қырын қарап, молдау келген жирен мұртын екі кезек қайыра сипап, әдетінше қошқар тұмсығын бір сауып қойды.
– Қотырақ қоян бұлтаққа салмайды. Атам заманнан қойымыз қоралас, ауылымыз аралас, төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылып, қоян-қолтық айқасып өмір сүріп келе жатқан ел едік. Араға әзәзіл кірді ме, ақ жолымыздан тайдырып алқалы еліміз ала тайдай бүлініп, ақыры ит пен құсқа жем болып, бастан басқан қара бұлт әрең айықты. Енді баяғыша адал көршілігімізді сақтап, бейбіт ғұмыр кешсек дейміз. Атам заманнан қалған ата бабамның қонысы екенін дәлелде десең көрсетейін. Ол үшін қан шығару керек болды. – Батжарғыл денесін тіктеп сұрлана қалды. Тістеніп, екі жұдырығын түйе қойды. Мұны байқай қойған Қотырақ батыр сөзін баяу жалғады.
– Саспа тамыр, үлкендердің осындай даулы істі шешетін бір әдісі бар екен соны келісіп атқарсақ. Егер сол жораның жолына мақұл болсақ. Сен де, мен раз-қош болармыз.
–  Ата жолын қадір тұтқан, аруақты сыйлаған жұртпыз ғой, көңілге қонып жатса иланармыз, көңілімізден шықпай жатса жөнін айтармыз.
–  Бәрекелді. Онда былай. Біздің бабаларымыз жер дауын бұ пәниден өткен бабаларының қурап, топыраққа айналуға шақ қалған сары тап сүйегі, сүйегі болған бел омыртқасы, яғни сегіз көзінің сүйегінің бүгінгі тұқымының қанын қабылдайтын, қабылдамайтыны арқылы дәлелдеген екен. Ол үшін қазып алынған сүйекке, сегіз көзге үрім-бұтағының қанын тамызу керек. Егер сүйекке кімнің қаны сіңіп кетеді, онда сол жер, сол қаны сүйекке сіңген адамға тиесілі болмақ-дүр. Неткен ғұламалық десеңізші.
–  Ойпырмай деген.
–  Не дейді-ау.
– Әй, Қотырақ, осы сенің білмейтінің жоқ.
–  Осы сенің білетінің Жәнекемнен де асып кетеді-ау,– деп Қотыраққа ере келген қосшыларының өзі аң-таң болысып қалды.
– Сіздің атаңыздың сүйегі табылар, ал біздің бабамыздың сүйегін қайдан табар екеміз?–  деп кеңк-кеңк күлді Батжаргал.
– Әлгінде өзің айтпадың ба? Бұл жерге кімдер келіп, кетпеген деп. Қысылмаңыз тамыр. Табылмаса Сіздің бертіңгі аталарыңыздың сүйегі табылмас. Ал мынау, айып етпеңіз, пұтқа, мүсінге табынатын, бұрқанды құдай деген жылдардан бергісі табылмас. Ал арғы баларыңыздың барлығы да осы қара жерге көмілді емес пе?
– Иә-иә. Солайы-солай. Біздің қайтқан адамдарымызды жерлеу, о дүниеге аттандыру дәстүріміз мұнда ғана өзгерді ғой.
–  Ендеше, Батжарғыл мырза, біз, сіз болып былай жасайық. Осы өңірден ескі бір бейітті немесе мықтың үйінің орынын қаздырайық. Содан шыққан сүйекке, сүйек болғанда әлгінде айтқандайымдай бел омыртқа, сегіз көз сүйегі табылса соған сіз бен мен қанымызды тамызайық. Егер сіздің қан сол сүйекке сіңсе, дау жоқ, мына байтақ сіздікі, ал сүйекке менің қаным сіңсе, онда мына өлке менікі. Егер сіздің қанды да, менің қанымды да қабылдамаса онда біздің сізге дау айтар қақымыз жоқ, жылы мекеніңізді суытпаңыз.
–  Қызық екен, ә. Өте қызық екен, ә?! – Батжарғыл басын шайқап біраз отырды да «бұлар икемге салса да, асау жамбасқа салса да бәрі бір, алам дегенін алады. Жұрнақсыз қалайын демесең жұлыспа. Онанда осы қызықты тәжірибеге тәуекел еткенім жөн. Қабырғамнан қадалып тұрған қашып құтыла алмайтын жауым» деп келісті.
Қотырақтың сайланып келген он төрт жігіті жеті күн бойы басында құлпы тасы ғана болар болмас шошайған немесе қабырға қылып қалаған қоршау тастарының қыры көрініп жатқан төрт бейітті тауып Батжарғыл бастаған қошуыт, торғауыттарға көрсетті. Баяғының байзаманының бейіті екені белгілі. Қотырақтың он төрт жігіті төрт қабырды жеті күн қазып күдер үзуге шақ қалған бір тұста құймышақ сүйекті тапқанда қара жорға билеп кетті. Ендігі қызық алда. Гу-гу. Ду-ду.
Күн арқан бойы көтерілген. Ақ киізге орап, ақ тұлыпқа салып, түні бойы қу сүйекті күзеткен төрт жігіт төбе басында күтіп отырған қазақ пен қалмақтың игі жақсыларының алдына қойды. Ақ киіздің үстінде сарқайрақтанып қатқан, адамның құймышақ сүйегі жатыр. Құрым киізбен ысқылап отырып тазаланған.  Бір ыспар жігіт білекті түріп жіберіп, Қотырақ батырдың алдын ала үйреткені бойынша сүйектің тегістеу жерінен оймақтың орнындай екі ойық шығарып, ойық ішін майдалап тазалап қораланып отырғандарға көрсетті. Қотырақ:
– Бастаймыз ба? –  Батжарғыл басын изеді.
– Бастаңыз. Жол сіздікі батыр.
– «Уа, аруақ қолдай гөр»,– деп Қотырақ батыр іштей дұға жасап, қынынан сары мойнақты суып алып, сол қолдың аты жоқ саусағының жұмсақ етін сыр еткізіп шетіп жіберіп шып-шып шыққан қанын әлі ойыққа тамызды. Қотырақ батырдың қылығын іле-шала шапанның ұзын жеңін шынтаққа дейін түріп тастап Батжарғыл да қайталады. Екі батырдың әрекетіне төрт көз түгел төбеден төніп тамашалап қалыпты.
Батжарғылдың қаны ойықтың бетінде тұнып, қарайып қатып қалды да Қотырақ батырдың қаны сүйекке сіңіп кетті.
Мұны көріп таң-тамаша болған бәсекелестер арасынан Қотырақ батырдың атқосшы, нөкер, батырлары «Уа, Аруақ! Аруақ!» десіп гуілдесіп кетті.
Қазылған қабыр басына ақ сарбас шалынып, ақ киізге орап сары сүйекті қайта жерледі.
Қотырақ бір қысырақтың үйірін Батжарғылдың алдына салып, олар қыстауға қонғанша осы өлкені күзеп жатып қалды.
(Соңы).
Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Қотырақ батырдың ұрпақтары Көбеш батыр, сәуегеи Елеш, Жаманқұл ақын молла, Көкен би, Мәми беисі, қамшыгер Мәжі, ақын Зия қатарлы әигілі ұрпақтары туралы жазып осы газетке берсеңіз құп болар еді.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі