///

Петропавл қаласында төтенше жағдай жарияланды

822 рет қаралды
фото: ХалықҮні

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Ашық НҚА порталында  қаулы жарияланды.

Петропавл қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланған түсіндірме жазбада шешім Жуков көшесіндегі кәріз коллекторының құлау салдарын жою мақсатында қабылданады деп түсіндіріледі.

Петропавл қаласының әкімі 08 қараша күні өткізілген әкімнің отырысында хабарлағандай төтенше жағдай Жуков және Нұрсұлтан Назарбаев көшелерінің ауданында болған кәріз коллекторындағы апатқа байланысты жарияланған. Апат 07 қараша күні диаметрі 800 мм кәріз коллекторында болған. Коллектор 1956 жылы салынған, бұл коллекторға қаланың 19, 20 шағын аудандарынан, Жұмысшы ауылынан, Береке шағын ауданынан, Привокзальный алаңы ауданынан, сонымен қатар Нефтепроводная көшесінің бойынан ағынды сулар жиналады. Кәріз желісіндегі апатты әкім олардың тозуымен түсіндіреді.

Серік Мухамедиев сонымен қатар төтенше жағдай аясында 700  метр кәріз құбыры жөнделетіні, Қызылжар су кәсіпорны коллекторды тексеру жұмыстарын жүргізгені, енді күрделі жөндеуді бастайтыны туралы айтты.

Еліміздегі тозығы жеткен коммуналдық желілер туралы Президенттен бастап айтудан кенде емес. Мемлекет басшысы биылғы жылы 01 қыркүйекте жасаған “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты жолдауында да “Монополиялы нарықтарда “Тарифті инвестицияға айырбастау” деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет” деген еді.

Табиғи монополиялар субъектілері қазіргі тарифтік саясатты қалай орындап отыр? Бұл жайында Жолдаудан кейін көп ұзамай 23 қазанда ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті және  аумақтық бөлімшелері табиғи монополиялар субъектілерін тексергені туралы хабарлады. Дәлірек айтқанда табиғи монополиялар субъектілерінің, яғни коммуналдық кәсіпорындардың өзіне алған инвестициялық міндеттемелерін орындап не орындамай отырғанын анықтау үшін жұмыс атқарған. Өйткені, 2022 жылдың қорытындысы бойынша коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мен дамытуға арнайы тарифтер бекітілген  болатын.

Тарифтерді реттеуге жауапты комитеттің деректеріне сүйенсек, бүгінде еліміздің бірқатар өңірлерінде 256 табиғи монополия субъектісі реттелетін қызметтерге өз міндеттемелерін орындамаған, атап айтқанда:

  • жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау қызметіне – 1,6 млрд. теңгеге, сәйкесінше кейбір өңірлерде тарифтің төмендеуі 7,4%-ға жеткен;
  • сумен жабдықтау қызметіне – 1,2 млрд.теңгеге, кей өңірлерде тарифтің төмендеуі 12,6%-ға жеткен;
  • суды бұру қызметіне (кәріз) – 0,9 млрд.теңгеге, кейбір өңірлерде тарифтің төмендеуі 13,2%-ға жеткен;
  • электр энергиясын беру және тарату қызметіне – 0,45 млрд.теңгеге, кейбір өңірлерде тарифтің төмендеуі орташа есеппен 10,5%-ға жеткен;
  • газды газ тарату жүйелері арқылы тасымалдау қызметіне – 1,5 млрд.теңгеге, кей өңірлерде тарифтің төмендеуі 6,3%-ға жеткен.

Нәтижесінде жалпы сомасы шамамен 5,6 млрд. теңгеге уақытша өтемдік тарифтер бекітілген, яғни тарифтер бекітілген мөлшерден төмендетілген.

Жаңа тариф саясаты қалай жүзеге асырылады? 06 қараша күні ҚР Ұлттық экономика министрлігі болса “Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасының орындалуы жайында хабарлама жасаған.

Министрліктің хабарламасында халықтың өмір сүру сапасы мен қауіпсіздігінің негізгі элементтерінің бірі коммуналдық қажеттіліктерді уақтылы қамтамасыз ету. Қазақстанда дәл осы саладағы проблемалардың бұрыннан бары және олардың ушыққаны, Қазақстанның коммуналдық инфрақұрылымы жаңартылуы, жөнделуі, салаға сапалы кадрларды тарту үшін қызметкерлердің жалақысын көтеру керек, сол үшін иесіз желілерді ретке келтіру қажет екені, осы шаралардың барлығы қазақстандықтарға коммуналдық салада сапалы қызмет көрсету үшін қажет екені айтылады.

Осы мақсатта елімізде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы енгізілген, оған сәйкес 2023–2029 жылдары электр, жылу және сумен жабдықтау, сондай-ақ инженерлік желілерді жаңғыртуға және кәріз жүйесі мен тозуды 2029 жылмен салыстырғанда 20%-ға азайтуды қамтамасыз ету үшін ауқымды инвестиция тарту жоспарланған.

Табиғи монополиялар субъектілері тарифтерді белгілеу шеңберінде бүгінгі күні тозу деңгейіне қарай үш санатқа бөлінген:

  • қызыл (тозу деңгейі 65%–70%-дан жоғары);
  • сары (тозу деңгейі 55%–65%);
  • жасыл (тозу деңгейі 55%-дан аз).

Желінің тозу деңгейі жоғары қызыл аймақтағы кәсіпорындар үшін басымдық ретінде инвестиция тартылады. Қазір осындай кәсіпорындардың саны 87, оның ішінде қосымша инвестицияларды ескергенде 76 кәсіпорынға жаңа тарифтер мен инвестициялық бағдарламалар бекітілген.

Сары және жасыл аймақтарда орналасқан кәсіпорындар, 2023 жылы бекітілген инвестициялық бағдарламалар аясында жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Ол кәсіпорындар бойынша жұмысшыларының жалақысын көтеруге және иесіз желілер мен құрал-жабдықтарды ұстау шығындарына басымдық берілген.

Биыл бағдарлама аясында 267 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланса, оның үштен біріне жуығы қызыл аймақтағы (тозу деңгейі 65%–70%-дан жоғары) кәсіпорындарды жөндеуге және жаңғыртуға бағытталады.

Нәтижесінде, 2024 жылы бірқатар кәсіпорындар қызыл аймақтан шығып, тәуекелдердің төмендеуі әсерінен сары аймаққа көшеді деп күтілуде.

2023 жылдың екінші тоқсанында бағдарламаны іске асыру аясында Министрлік қысқа мерзімде биылғы 1 шілдеден бастап табиғи монополия субъекітлерінен тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге 212 өтінімді мақұлдаған. Сонымен қатар, электр энергиясын өндіру тарифінің өсуі (27%), кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысының өсуі (50%–100%), тауарлық газдың көтерме бағасының өсуі бағаның өсуі (12%) және стратегиялық тауарлардың — көмір, мазут, жағармай және т. б. қосымша факторлар болды.

Ведомство коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және қоғамдық игіліктермен қамтамасыз ету – ең алдымен пайда табуға бағытталған емес, әлеуметтік бағыттағы бизнес деп есептейді. Жаңа тарифтер тек тұтынушылар есебінен ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік бюджет және монополистердің өз қаражаты есебінен де құрылуда. осылайша, биыл сумен қамтамасыз етуге 29,5 млрд теңге инвестиция салынуда, оның ішінде тариф есебінен — 14,3 млрд теңге, бюджет есебінен — 15 млрд теңге, меншікті қаражат есебінен — 0,2 млрд теңге. Су бұру бойынша 15,3 млрд теңге күрделі салымның 9,6 млрд теңгесі тариф есебінен, 5,4 млрд теңгесі бюджет есебінен, 0,3 млрд теңге  монополистердің жеке қаражаты есебінен салынған қаражат.

Мемлекет өз тарапынан коммуналдық желілерді тиісті ұстау, жаңалау, жаңғырту мақсатында аз қаржы бөліп отырған жоқ, жеке қаражат та салынуда. Алайда әзірге тозығы жеткен желілердің тозығы жету пайызы ғана өсіп отыр, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасы жылдан жылға төмендемесе, жоғарыламай тұр. Бөлінген қаржы мақсатты игерілмесе еліміздің түкпір-түкпірінде кәріз, су немесе жылу құбырларының істен шығуы қала, облыс, ел көлемінде төтенше жағдай жариялауға себеп бола береді.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар