////

Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн: әлемде әр үшінші әйел зорлық-зомбылық көреді

1626 рет қаралды
photo: https://eca.unwomen.org/ru/stories/novosti/2023/11/soobscha-investiruyte-v-predotvraschenie-nasiliya-v-otnoshenii-zhenschin-i-devochek

25 – қараша әлемде әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн кампаниясы басталды. Кампания 10 желтоқсан, яғни Халықаралық адам құқықтары күніне дейін жалғасады. «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы әлемнің барлық еліндегі үкіметтерді «Бірге»: «Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға инвестиция салыңыз» деп үндейді.

Кампания аясында әйелдер ұйымдарын қаржыландыруды ұлғайту, заңнаманы әрі қарай жетілдіру, қылмыскерлерді қудалау, зорлық-зомбылықтан жәбір көргендер мен құрбандарға көрсетілетін қызметтің тізімін кеңейту және құқық қорғау ұйымдары қызметкерлерін оқыту қажеттілігіне баса назар аударылады.

Әлемдегі ең көп тараған адам құқығын бұзудың түрі – әйелдер мен қыздарға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық. Құқық бұзушылықтың дәл осы түрінің жылдан жылға саны артып, ұлғаюына, жағдайдың ушығуына әлемде болып жатқан оқиғалар мен өзгерістер де үлесін қосып отыр.

Биыл жарияланған есеп мәліметтеріне сәйкес әр сағат сайын бестен астам әйел немесе қыз өз отбасы мүшелерінің бірінің қолынан жасалған зорлық-зомбылықтың нәтижесінде қайтыс болады.

2022 жылы әлем бойынша 89 000 әйел мен қыз қасақана өлтірілген, олардың ішінде 48 000-ға жуығы жыныстық серіктесінің не өз отбасы мүшелерінің бірінің қолынан өлген.

Бұл 2022 жылы тіркелген ең жоғарғы және әйелді өлтіру оқиғасының азаймай тұрғанын көрсететін соңғы екі онжылдықтағы рекордтық көрсеткіш.

Әр үшінші әйел өмірінде бір рет болса да физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көреді.

Әйелдер мен қыздардың 86% гендерлік зорлық-зомбылықтан құқықтық қорғау жоқ елдерде өмір сүреді.

Қазақстандағы жағдайға келетін болсақ, ҚР ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2022 жылы елдегі әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстағы зорлық-зомбылық оқиғаларының саны 61 277 жеткен. Ал биыл барлығы 60 741 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қазақстандағы 18-49 (18-75) жастағы әйелдердің 16,0% өмір бойы, 5,3% соңғы 12 ай ішінде жыныстық серіктесі тарапынан күш көрсету зорлық-зомбылығын көріп келген. Ал осы әйелдердің 3,9% өмір бойы, 1,2% соңғы 12 ай ішінде жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылықты көріп, өмір сүріп жүр. Еліміздегі әйелдер мен қыздардың 16,4% өмір бойына, 5,6% соңғы 12 ай бойы өзінің күйеуі немесе жыныстық серіктесі тарапынан күш көрсету және сексуалдық зорлық-зомбылықты көріп отыр.

Осы сандар мен пайыздық көрсеткіштердің өзі еліміздегі әйелдер мен қыздардың ең қауіпсіз орын болуы қажет өз отбасында қаншалықты қорғансыз екеніне дәлел бола алады. Егер әйел, қыз бала отбасында, ең жақын деген күйеуі, серіктесінің қасында өзін қауіпсіз сезіне алмаса, күйеуі оның қауіпсіздігіне кепілдік болмаса, ол қорғау мен қамқорлықты қайдан алады, қайдан іздейді?

Әйелдер отбасында ғана зорлық көреді деп ойласаңыз, қателесесіз. Ол өмір сүретін қоғамда да, ортада да әйелдер үшін қауіпсіз орын аз шығар. Өйткені Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, елімізде жыныстық серіктесі емес, мүлдем бөгде адамның тарапынан күш көрсету немесе сексуалдық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің саны да жетерлік. Яғни, осыдан әйелге қатысты қылмыс жасалуы үшін әйел болғаныңның өзі жетерлік, басқа ештеңенің қажеті жоқ ау деген ойға қаласың.

Бюроның мәліметтеріне сәйкес Қазақстан бойынша 18-49 (18-75) жас арасындағы әйелдердің 2,9% соңғы 12 ай ішінде жыныстық серіктесі емес адамның тарапынан күш көрсету зорлық зомбылығына ұшыраса, 1,5% қандай болса да сексуалды зорлық-зомбылық көрген, 0,7% зорланған және 1,2% пайызы зорлау әрекетінің не сексуалды зорлық-зомбылықтың құрбаны болған.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты шығарылған қорғау ұйғарымдарының саны 2021 жылы 81 648-ге жетсе, 2022 жылы 83 998 болған, биылғы көрсеткіш 75 000 жеткен.

Тұрмыстағы зомбылық фактілеріне қатысты белгіленген ерекше талаптардың саны 2021 жылы 11 202, 2022 жылы 12 357, ал биыл жылдың аяғына жетпей-ақ сот құқық бұзушылардың мінез-құлқына 12 000 ерекше талап қойған.

Еске сала кетсек, биыл ҚР ішкі істер министрлігі 1 шілдеден бастап тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейтілгені туралы хабарлаған еді.

Яғни, 1 шілдеден бастап полиция жаңа түзетулерге сәйкес, жәбірленушілер өтініш бермесе де әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауы мүмкін.

Қазір тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактісіне қатысты хаттама жазу үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіштің жазбалары да жетеді. Ал соңғы шешімді сот қабылдайды.

Тіпті тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі жоқ. Бұған дейін тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы материалдардың жартысы татуласу үшін сотта тоқтатылатын. Татуласу да агрессордың немесе туыстарының сендіруі не болмаса қысым жасауы нәтижесінде болады екен. Енді 1 шілдеден бастап сотта тек бір рет татуласу ғана мүмкіндігі бар.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері анықталған.

19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекстің денсаулыққа ауыр және  ауырлығы орташа зиян келтіруге байланысты жекелеген баптарына «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты іс-әрекет жасау» біліктілік белгісі енгізілген. Бұл қылмыстық кодекстің 106-бабы, 107-бабы.

Тұрмыстағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілуі  нәтижесін беруде деп есептейді ҚР ішкі істер министрлігі.

Биылғы жылдың екінші тоқсанында 7 мың адам жауапкершілікке тартылса, соңғы 4 ай, шілде-қазан айларының ішінде жауапқа тартылғандардың саны күрт өскен. Егер үшінші тоқсанда жауапқа тартылғандардың саны 27 мың адам болса, тек қазан айының өзінде олар 9,5 мыңға жеткен. Сәйкесінше қамауға алынған агрессорлардың саны да екі есеге өскен.

Біз сіздерге тұрмыстағы зорлық-зомбылық жағдайына тап болған кезде қалай әрекет ету қажеттілігі жөніндегі нұсқаулықты ұсынамыз:

102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз!

Онлайн Qamqor порталы арқылы өтінішіңіз тіркелетін жерге өтініш беруге болады.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық жасаған адамға шара қолдану үшін полиция қызметкерлерін оқиға орнына шақыруға және полиция қызметкерінен сізді сот-медициналық сараптамаға жіберуді сұрауға құқығыңыз бар.

Полиция қызметкерінің өтінішті қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ.

103 телефоны арқылы жедел жәрдем шақырыңыз!

Ұрған жағдайда медициналық көмекке жүгінген кезде жедел жәрдем бригадасы да полиция шақырады. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны агрессорға қарсы арыз жазады. Содан кейін процедура жоғарыда сипатталғандай өтеді.

Дағдарыс орталығына немесе баспаналарға барыңыз!

Қазақстанда тәулік бойы 150 ұлттық сенім телефоны жұмыс істейді. Ол балаларға, жастарға және зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға қызмет көрсетеді.

150 – бұл есте сақтауға оңай үш таңбалы нөмірге еліміздің кез келген түкпірінен, балаға ыңғайлы уақытта тәулік бойы, қазақ және орыс тілдерінде тегін қоңырау шалуға болады.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер қорғауға маманданған дағдарыс орталығына немесе баспанаға (жүктеп алу үшін ) тікелей хабарласа алады. Байланыстарды іздеу жүйесінде қаланы көрсететін кілт сөздер арқылы таба аласыз. Мысалы, «дағдарыс орталығы», «тұрмыстағы зорлық-зомбылық», «Алматы», «Астана» немесе сайтта.

Анықтама үшін:

«БҰҰ-әйелдер» – бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымы. Құрылымның қызметі гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін күреске арналған. Әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғайтын «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы әйелдердің қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында бүкіл әлем бойынша прогресті жеделдету үшін құрылған.

«БҰҰ-Әйелдер» құрылымы гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсылықты білдіру үшін әлеуметтік желілердегі жаһандық кампанияға да #NoExcuse #16Days #НетОправдания #16дней хэштегтерін пайдалана отырып, көш бастап отыр.

Кампания аясында өтетін барлық шарада зорлық-зомбылықсыз әлемнің нышаны болған қызғылт-сары түсті пайдаланылады.

Осыдан бұрынғы жылдардағыдай кампания кезінде әлемге әйгілі ғимараттар да қызғылт-сары түспен жарықтандырылады деп күтіліп отыр. Олардың ішінде Брюсселдегі (Бельгия) Grand Place City Hall, Париждегі (Франция) Hôtel de Ville, Дакардағы (Сенегал) БҰҰ үйі, Тбилисидегі (Грузия) телемұнара, Швеция, Пакістандағы және басқа да елдердегі белгілі ғимараттар бар.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі