//

+18 фильмдеріне бала кіруге бола ма немесе кинотеатрдың жауапкершілігі немен шектеледі?

442 рет қаралды

Көрерменнің жоғары бағасын алған «Дәстүр» фильмін мен де көріп, ой түйіп өз бағамды берейін, әрі жастардың мемлекеттік тілде шығарған шығармашылығына қолдау көрсетейін деп өзіме ыңғайлы «Eurasia Cinema 7» кинотеатрының күндізгі сеансына билетімді онлайн сатып алып бардым.

Дегенмен, қазіргі әңгіме фильм туралы емес. Түйсіксіз десем ауыр болар, жауапкершілігі төмен ата-ана туралы да емес. Әңгімем, дұрысы сұрақтарым, кинотеатр әкімшілігі, осы саланы бақылайтын құзырлы органдардың жұмысы туралы.

Фильмді көрген жан алғашқы он минуттың өзінде фильмдегі зорлық-зомбылық элементтерін көріп, қандай да бір сезімнің жетегіне ілесіп кететінін мойындар. Мен де сол фильмге кіріп кетіп, сезімге беріліп отырдым. Дәл сол уақытта желке тұсымнан кішкентай баланың дауысы шықты. Шалыс естіген болармын деп мән бермейін десем, бала әрнені айтып, жарқын-жарқын былдырлады. Әрі-бері жүріп, тыпырши бастады. Бұл баланың фильмге деген реакциясы деп түсіндім. Буыны қатаймаған бала тұрмақ, ересек адамның өзі фильмнің әсерінен орнында әзер отыр. Ата-анасы өйтіп-бүйтіп баланы сабырға шақырды,  әйтеуір. Фильм аяқталғасын не бала болды екен деп артыма қарасам, анасының құшағында әрі кетсе екі-үш жастағы бала ұйықтап жатыр.

Залдан шыққаннан кейін кинотеатрдың әкімшілігіне барып, 18+ жас шектеуі бар, одан бөлек, қорқынышты жанрда түсірілген фильмге балаларды неге кіргізесіздер деп сұрасам, «біз оған жауап бермейміз, билет сатқанда ескертеміз, әрі қарай ата-ана жауапты» дейді. Біріншіден, билет сатылғанда жаңағы анаға ешкім ескерту жасамады. Онлайн сатып алған билетін кассадан шығартып жатқанда мен қасында болғанмын, кинотеатр әкімшісі де дәл сол жерде тұрды. Екіншіден, әр залдың алдында билетті тексеріп кіргізетін бақылаушы бар, ол да ескерту жасаған жоқ.

Егер кинотеатр әкімшілігі фильмдегі жас шектеуін қадағаламаса, онда ол жас шектеуі не үшін керек? Ата-ана да, кинотеатр әкімшілігі де пысқырмайтын болса, онда сол фильмді көрсету прокат куәлігінде жас шектеуін көрсету кімге керек? Жалпы, жас шектеуі не үшін керек? Жас шектеуін анықтайтын құзырлы органдар, мамандар не үшін керек? Әлде әр залдың алдында балалар құқығын қорғау ұйымдарының, құзырлы органдардың, фильм авторларының өкілдері өздері тексеріп тұруы керек пе?

Қазақстан Республикасының «Баланың құқығы туралы», «Неке және отбасы туралы», «Мәдениет туралы», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңдарында кәмелетке дейінгі баланың психикалық, физикалық тұрғыда дұрыс дамуына нұқсан келмеуі, оған жол берілмеуі, қоғамның жауапкершілігі туралы айқын айтылған. Осылай немқұрайлы жүре берсек, ертең осы балаларымыздың психикасы бұзылып, атың шықпаса, жер өрте деп неше түрлі қанішер мен қанпезерлер шықпасына кім кепіл?

Сөз соңын әкімшілік жауапқа кімді және кім тарту керек деп аяқтағым келіп отыр…

Гүлшат П.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі