//

Алматыда жер сілкінді. Қалай болды? Мен сейсмологтарға емес, қара жұмысшы құрылысшыларға басымды идім

1295 рет қаралды

Бүгін 2023 жыл, 1- айдың 23 күні,  яғни қаңтар айының 23-і. 00 сағат 09 минутта жер сілкінді. Жер қозғалды деп те атап жатамыз.

Алматыда, Райымбек даңғылы мен Брусиловский көшесінің қиылысындағы өзіміз «Қызыл қия» атаған, 9 қабат қызыл үйдің тоғызыншы қабатындағы үш бөлмелі пәтерде тұрғанымызға 23 жылдың жүзі болды. «Тұлпар мен тұлпар ғана таласады, Қыранға қияға ұшу жарасады. Аспанның сәл астында  отауым бар, Ақиық қаламайды аласаны» деп жиырма жылдың жүлгесінде өлеңдеткен кезіміз сондықтан.

Біздің биікте тұратынымызды білгендіктен бе, әлде жалпы алапаттың жәйін білгісі келе ме, жөн сұрап, амандық тілеуші тілекшілерім (абызым Зуқай, ақыным Сұраған, қайын ағам Тәттімбет…. тағысын тағы) көбейіп кетті. Бәріне мың да бір рахмет. Жер аман, жұрт тыныш болсын! Алатау орнында, Алматым аман! Алайда осы түнгі бұрнағы жылғы «қаңтар қырғынындай қанды»  болмаса да дүр сілкінген табиғат тітіркенісі кезіндегі басымнан өткенді айтып берсем сіздер үшін де, болашақ тарих үшін де нақты дәлел, дерек болар деген ниетпен осы жазбамды жазайын. Бұл сөздің әлхисасы. Сонымен…

Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіден тау бөктерінде белуардан келген ақша қарды еркін бұзып, қарыштай тіліп бара жатқан алып қоңыр аюды көргенмін. «Япыр-ау, аю баласы қыста ұйықтап қалатыны қайда?» деп ойлағамын да қойғамын. Және осыдан бірнеше күн бұрын сол әлеуметтік желіден әлде кім жол үстінде жатқан құлаштай шұбар жыланды түртіп, жирыңдатып тірі екенін көрсеткен. «Әлгі айта беретін ғаламдық жылымықтың әсері шығар» дегенмен шектелгенмін. Екі-үш күннен бері жатақ бөлмемнің терезе алдына сары тұмсық қоңыр торғай қонып алып, сайрап оятатын. Сауысқан болса «Ақ сөйле» дер едім, бұл торғайға не дерімді білмей, қалай болғанда да «жақсы хабар» жеткіз деген тілеумен тұратынмын. Бір-екі күн бұрын сол құлағым шыңылдаған соң «өлтіре бұрап», «кет пәлекет, кет» деп шыңылды «лақтырғанмын».

Алдыңғы күні әлде неге алағызып, түнімен ұйықтай алмай, шала ұйқылы болғандықтан ба күні бойы мең-зең жүріп, кешкі он сағат шамасында тас бүркеніп жатып қалғанмын. Түс көріп жатқан сияқты едім, әлде кім жұлқылап, тербеп оятқандай болды. Қатып ұйықтап қалмаған екенмін сергек ояндым. Бөлме іші терезенің пердесін жаппағандықтан сыртқы жарық әсерінен жап-жарық.

Мен басымды көтеріп болғанша әлдебір дүлей күш үйді шөмшек сындырғандай сықырлатып, шытырлатып ырғап-ырғап жіберді. Қабырға қозғалып, люстра шайқалып, төсек тұсындағы сөреден бірнеше кітап триляж бұрышында тұрған қалам саптың үстіне құлап, еденге шашылып түсті.

Таңсәрі екен деп ойладым. Әдетте жер адамзат баласы шырт ұйқыда  жатқанда сілкінеді ғой. Сағатқа қарасам 00-10. «Шипамыз бітті, шипамыз бітті» деп жүгіріп Есенгүл келді. «Ештеңе етпейді» деппін. Бөлмесінен Ақтанай шықты қос таяғын сүйретіп. Оншақты күннің алдында ғана тізесінің мениск дегеніне ота жасатқан. Басуға болмайды. «Бері тұр» деді шешесі. Маңдайшаның астына қарай тартып. Қауіпсіз жер. Қорыққан да, қобалжыған да жоқпын. Ақтанай мен мамасын аптадым.

Үшеуіміз маңдайша астында біраз үрпиіп тұрған болуымыз керек. Алғашқы екпінді толқын басылып, екі-үш минуттан соң тыныштық орнады. Үйдің арт жағындағы қонақ үйдегілердің барлығы аулаға шығып кетіпті. Терістігіміздегі Райымбек даңғылы, батысымыздағы Брусиловский көшелері лезімде жеңіл көліктерге толды. «Сыртқа шығайық, екінші толқын қатты болуы мүмкін» деді Ақтанай. Біз киініп шығып үлгіргенше жердің қозғалысы тағы білінді.

Смартфоныма сығыраңдап «Міне тағы сілкініп жатыр. 00-44» деп жазып жатсам, Ақтанай мен мамасы сөйлеп жатыр. Лифтімен түстік тоғызыншы қабаттан. Мұндай жағдайда лифтіні пайдалануға болмайды ғой. Жұрт бірінші этаждың коридорына нығалып алыпты. «Бұл жер қауіпсіз бе?». «Тоңып кеттік» деді бір әйел.

Сыртқа шықсақ есік алдында да адамдар. Машинаның ішінде отырғандар, машинасымен кетіп жатқандар. Төртінші қабатта төрт баласымен інім тұратын және екі қонағы бар болатын. Есенгүл хабарласып үлгеріпті. «Шықпаймыз!» депті. Бізді терезеден көріпті. Абай облысынан Үржардан Тәтту хабарласты. «Кетіңдер, жер үйлеріңе!» деді. Көрші Аманхан мен Серік: «Жаноколарға барып, қонып келмейсіздер ме, тоңып қаласыздар ғой» деді. Есенгүл мен Ақтанай машинаға барып отырды. Мен көршілермен әңгімелесіп қалып қалдым. «Алматыда 6,2 бал. Ошағы Қырғызстанда, Ақсу. Алматыдан 164 км».

Машинаның ішін жылытып қойыпты. «Кеттік, Жәшәмдарға» (Қырғауылды-Үшхозда тұратын інімді айтады) деді Ақтанай. «Олар кел деді ме?». «Бұның атын атап, тегін тектеп шақыру керек» деді шешесі дауыс көтеріп. Машина қозғалып кетті. Брусиловский көшесімен өрлей көтеріліп, Төле би көшесіне түспек болғанда «Тура тарт» дедім арт жағынан. Қарасай батырдан өте кептеліске кірдік те кеттік. «Мына кептелістен шығып, жетіп болғанша таң атады. Қайтайық» дедім. «Жоқ, Әке. Фейктерге сенбе. Артын күтейік» деді.

 Шәкәрім көшесінен өте бере алдыңғы орындықта аяқты көсіп тастап, керіліп жатқан Ақтанай, «Қайттық» деді. Мен, «Не болды?» дедім. «МЧС-тен хабар келді. Екінші толқын болмайды» деді. Аман-есен үйге келдік. Түнгі екі сағат мөлшері. Жүрегім айнып, құсқым келді. Бір кесе су іштім. «Құдайдан амандық тілеп» жатып қалдық. Есенгүл таңертең 7 сағатта тұрып жұмысына кетті.

 Мен де тұрып күншығысқа қарайтын тереземнен көкпеңбек  аспан астында күн шұғыласына малынып, жүзінен жүздеген түсті нұр шашқан Алматыма көз салдым. Сүйсіндім. Көзімнен жас саулады. Алматым дін аман. Бір шырпысы майысып, бір бұтағы да сынбаған, бір де бағынасы қисаймаған. Ал оны қалай шайқады дейсіз ғой. Айтуға ғана жеңіл. 33 жылда талай сілкіністі көрдік қой. Талай рет теңселткен. Бірақ дәл мынадай қозғалысты көрмеген едік…

Үш миллионнан артық тұрғыны бар, ұшпа таудың етегінен бой түзеген, көкпен астасқан жүздеген ғимараттары бар алып мегаполисті бір сәтте қандай ғылыми жетістіктің күшімен ешкім де теңіз бетіндегі қайықтай қалқытып, жел тербеген қамыстай жайқалтып жасанды сынақтан өткізе алмас еді. Міне, құдайдың құдыретінің күштілігі! Ал осы сынаққа төтеп берген көк тіреген зәулім биік, еңселі ғимараттары тіпті жаңарып, жасарып, қараған көзге құмары қанып тұрған жаңа түскен жас келіншектей құлпырып кеткендей қандай сұлу!

Мен сейсмологтарға емес, ғылымм мен білімді жеттік меңгерген қара жұмысшы құрылысшыларға сену керек екенін бек түсіндім. Соларға басымды идім! Бүгінгі алты балдық сынақтан бізді білім құтқарды.

 Рахмет саған, Алматы құрылысшылары! Рахмет саған, Ару қаланы құрыштан құйған адал жандар, ғылыми есепке жүйрік қала жобалаушылары! Жерім аман, жұртым тыныш болсын!

Бақытбек Бәмішұлы,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі