Мандоки Қоңыр Иштван – бұл ерекше есім-сой өзінің туған отаны Мажарстанда ғана емес, күллі Тұран дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарынан орын алған тұлға.
Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр түркі халықтарының оңдаған тілін еркін меңгерген, оған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан тұлға, қарымды зерттеуші-ғалым еді.
Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде шығыс пен батыстың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Ол өз өмірін Мажарстанда ұмыт болған қыпшақ тілін қалпына келтіру миссиясына арнады. Ол халықтар арасын жақындастырған мәмілігер, озықтарға ой салған көреген еді.
Қоңырдың күтпеген қазасы жайлы оның жерлестерi «ол түркi жұрттары арасында аты аңызға айналған тұлға едi. Ал көз жұмған сол мифологиялық заңғарға көтерiле түстi» немесе «ол—Еуропаның маңдайалды азиятанушысы, түркiтанудың классикалық тұлғаларының бiрi болатын», – деп жазды («Karcagi mondo» газеті, 1992 szeptember ).1992 жылы 22 тамызында Дағыстанда Макачкалада Қоңырдың ақтық демі үзілді. Дәл сол күні Жетісу мен Алатоода жер сілкінген-тұғын. Қоңырдың өсиеті бойынша Алматы iргесiндегi Кеңсай зиратында жерленген едi. Өзінің саналы ғұмырында аралас болған қазақтың ұлыларымен бірге дамылдап жатыр.
Қоңырдың сергек ой мен кемел білігі кез келген жанды тез баурап, өзіне тартуға мәжбүрлейтін дейді замандастары. Бойындағы қыпшақ қанында иісі түркіге деген жақындығы мінез-құлқы мен әрекетінен анық байқалатын.
АКАДЕМИК НЕМЕТТІҢ ШӘКІРТІ – МАНДОКИ ҚОҢЫР
Мадиярлар үшін шығыс тек географиялық ұғым емес тарихи, мәдени аймақ саналатындықтан Мажарстанда шығыстану ғылымы ұлттың өзін-өзі танып білу мұраты ретінде жолға қойылған. Себебі Карпат қойнауында олардың барша болмысы Аттила ғұндары, Баян қаған бастаған аварлар, Арпад ханның, кейін Көтен хан бастаған құман-қыпшақтар келіп қоныстанған. Сондықтан болар, Мажарстан жоғары оқу орындарындарында шығыс тілдерін оқытудың үш жүз жылдық тарихы бар. Мажарстан қалыптасқан шығыстанудың түркология мектебінің ірі тұлғасы, әлемдік түркологияның көрнекті өкілі, академик Немет Дьюланың тәрбиелеген сан ондаған шәкірттері арасынан туысы Мандоки Қоңырға ерекше үміт артқан еді.
1944 жылы 10-ақпанда Мажарстанның Кішіқұман (Кишкуншаг) өңірінің рухани орталығына саналатын Карцаг қаласында дүниеге келген Мандоки Қоңыр Иштван. Жалпы білім беретін мектепті бітірген соң сол кездегі саяси-идеологияның кесірінен бай-шонжардың ұрпағы санатындағы жеткіншекке университет есігі жабық болды. Саяси ахуал біршама өзгере қалған кезде өзінің жерлесі, әлемге атышулы түркітанушы, академик Немет Дьюланың партиялық кепілдемесінің арқасында 1963 жылы Қоңыр Будапешт мемлекеттік университетіне қабылданады. Оқуын бітірген соң Сечени ұлттық кітапханасында, Будапешт университетінің түркология кафедрасында, Мажарстан Ғылым Академиясының алтаистика зерттеулер тобында қызмет істеген.
ҚОҢЫРДЫҢ ЗЕРТТЕУ САПАРЛАРЫ
Тарих сергелдеңінде ажырап қалып, Еуропадағы мадиярлардың ортасынан қоныс тапқан құман-қыпшақтардың ұрпағы Қоңыр Мандокидің өмірлік мұраты, ғылыми миссиясы 750 жылдай уақыт өтсе құман-қыпшақтардың өткенін тірілтіп, өшкенді жандандыру болды. Бала күнінен қыпшақ аңыздарын бойына сіңірген балаға әкесінің айтқан әңгімелері аманат ретінде өмірлік темірқазық болды дейді Қоңыр аға әңгімесінде. Сондықтан ол студент кезінен бастап, ғылыми экспедицияға шығуды әдетке айналдырды. Бастабында Польшадағы карайымдар, Бұлғария мен Румынияға бөлініпі қалған тарихи аймақ Добружадағы ноғайлар, Балкандағы түріктер, ғағауыздар арасында ғылыми зерттеу экспедицияларын жүргізді. 1970 жылы «Добружа татарларының тілдік зерттеулері» тақырыбында университет докторы жұмысын қорғайды. Кейін экспедициялық жорығын Анадолыдан Орхонға дейін жалғастырады. 1970 ж. соңы – 1980 жж. бас кезінде Қоңыр да Түркия мен Балкандағы түркілердің арасында ғана емес, Орта Азия елдерінің рухани өмірінде ерекше тосын құбылысқа аңызға айналды.
Ғалымның өзі жазғандай, алыс Азияға алғаш рет 1974 жылдан Орхон ескерткіштері мен Моңғолиядағы қазақ, тува жұртының арасына ғылыми экспедицияға шыға бастаған екен. Осы сапарында атақты Тұрар Рысқұловтың Моңғолияда қызмет еткенде серігі, әріптесі болған Дәуітбайдың ұрпағы Уатқан ақсақалдың ауылында сыйлы қонағы болады. Көптеген қазақтармен бірге моңғолдың мықтыларымен де етен достығы бар еді. Олардың арасында Моңғолияның аңызға айналған палуаны, «Мемлекеттік арыстан» Жамц, қолөнер шебері Цэдэндамба сынды азаматтар болды.
1976 жылғы сапарында Моңғол Алтайдың тау мен тасын кезіп, көне түркі балбалдарымен жылап қауышқанын күнделігіне жазып қалдырған екен. Дайын өлкесіндегі қазақ жайлауында Әсемсуы жағасында шежіре ақсақал Сүйеніш Ахметұлының ауылында ерекше құрмет көрсеткенін, қыпшақ бабаларының замандағы этнографиялық болмысқа еніп кеткенін суреттеп қалдырған екен.
Мұзтауға шығып, ежелгі қыпшақтардың «көкілташ» жосынымен рәсім атқарып, досы Едігенің ата-анасы Төлетай Қыдыралыұлы мен Риза Кәменқызының «тонды баласы» атанады. Әулеттің үлкені Болғарияда әскери оқу орнын бітірген, түрікшені де еркін меңгерген Пірәудие Қоңырды інісі ретінде қабылдап, арасында түрікше «конычып», «иіліп жастық, жазылып төсек болады», (Ол туралы Қазақстандағы алғашқы мажар елшісі, түрколог Торма Йожефтің «Кровное братство Мандоки Қонгура» мақаласында таратыла баяндалады). Кейін Қоңыр дүние салғанда осы шаңырақта Құрын оқылып, артын күту рәсімі атқарылған.
ҚОҢЫРМЕН БЕТПЕ-БЕТ ҰШЫРАСУЫМ
Будапештде халықаралық дайындық институтында оқуды бастаған соң, ондағы қандастар қазақы салтпен келіп танысып, ақылын айтып, тіл игеруіме көмектесіп тұрды. Қоңыр ағаның үйіне жігіттердің бірі ертіп барып, сәлем бердім, оның жұбайы Оңайша Мақсұмқызымен танысып қайттым. Атыраудан екен, мінезі ашық жарқын, қазақы, қонақжай жан етене жақын қабылдады.
Бір жарым айда оң-солымызды табатындай қалге жеткен соң Қоңыр ағамен бетпе-бет кездесудің сәті түсті. Себебі ұзақ іссапарда болды. Құшақ жая қарсы алған Қоңыр аға ұзақ жөн сұрасты. Қазақша мүдірмей жатық әдеби тілмен сөйлейді. Бірден байқағаным, ағаның бір ерекше қасиеті адам есімдерін, руын, жер-су, кітап атауларын еш мүдірместен есте сақтай алатын айырықша қабілетке ие екен.
Әңгіме өз сапарына ауғанда, Алматыда Ұлы Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығының тойына қатысқанын, онан бұрыннан қолдаушысы Олжас Сүлейменовтің ұсынысымен (атақты ақын сыйлаған екінші отауына құрметі ерекше болатын) атақты Шыңғыс Айтматовқа қонаққа барғанын айтты. Сөйтіп онан әрмен екінің бірінің аяғы жете бермейтін шекаралық өңір Нарын-Баткент өңіріне экспедицияға бару бақыты бұйырғанын айтып шүкіршілік етті. Ал маған, мажар тілін үйренудегі басында 3-4 ай қиын болатын, оны еңсеру жолдарынан нұсқау берді. Орысшаға қалай екенімді сұрады. Ұстазым Валентин Распутиннің жерлесі, сібірлік Альбина мұғалім жақсы үйреткенін айттым, ол кісіні де танитындығын айтты. Маған бірнеше сөздікті құшақтатты, арасында моңғолшасы да бар, досым моңғолтанушы марқұм Беше Лайоштың (оның өлімі Қоңырға үлкен соққы болғанын кейін айтты) мұрасы мұқият бол деді. Тәбірік ретінде Бала Шоқанның фотосуретін және сиясы кеппеген бірнеше қазақша кітап сыйлады.
МАНДОКИ ҚОҢЫР МЕН АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК
1985 қараша айының соңында Қоңыр ағаның күткен құрметті қонағы келді. Біраз адам бас қосуға жиналдық. Ұзын бойлы, сымбатты келген, жігітағасын Ақселеу аға ауылдағы ата-апаларымыздай айналып-толғанып, өбек қағып, жағдайымызды сұрады. Ағаң сері, сөзшең, әңгімешіл ғибаратты жан екен. Оншақты күндей болды, Мажарстанды біршама аралады, кездесу, жұмыспен қарбалас болды. Будапеште болған уақытында жанынан шықпай әңгімелерін тыңдауға құлшындық.
Экономика университетінде болған бір кездесуде қазақ мәдениеті туралы дәріс айтты, соңынан домбыраны қолға алып, бірнеше күй тартты. Қоңыр аға өзі жүргізіп отырды. Кешкісін Қоңерекең дастарханында Ақаң бағзыдан, тарих қойнауынан бастап кешегі қазақ хандығын шолып өтіп, ХХ ғасырдағы зобалаңға, әсіресе Семей, Арал, Тайсойған, Нарын катастрофасының зардабын егіле отырып баяндады. Бәріміз жабырқадық. Сонда Қоңыр аға бұл қызыл империяның да күні санаулы екенін айтқанда сене қоймадық.
ҚОҢЫР МЕН АЙША – менің туған ата-анамдай болды
Қоңыр мен Айшаның қасиетті шаңырағының «тонды баласына» айналуым маған әлемдегі ең қиын бес тілдің қатарындағы мажар тілін игерудегі қиыншылықтарды еңсеруде жан-жақты көмек болды. Әйелдер журналы редакциясындағы Айша апам қым-қуыт шаруасынан кейін қол ұшін созады, әсіресе сөз баламаларын қазақы санаға үйлесу жағынан көмектесті.
Бірнеше жыл бойы етене араласып, ғұламадан талай білім мен дәрісті, ақыл мен азаматтық туралы жүйелі тыңдау бақытына ие болдым. Қоңыр ағаны жұмыс уақытында қаладағы Изабелла көшесіндегі Ғылым академиясының алтаистика зерттеу тобы мен университетің шығыстану құрылымының ғимаратынан, кейде кітапханадан табатынмын.
Ал Қоңыр ағамнан мажар тілін игерген соң, келесі жылдарында тіл туралы біршама мағлұмат алдым. Әсіресе, агглюнативті тілдерге тән ерекшеліктер, тілдік картина, қазақ түрлі тарихи кезеңдегі (ерте, орта, оғыз, қыпшақ, шағатай) тід ерекшелігі, сөзжасам сияқты тілтанымдағы қағидаттардың негізін үйренуге тырыстым. Бұл маға мажарша сауатты жан-жақты үйренуге бірден бір қолдау болды. Мажарша ұғымдардың қазақша небір аудармаларын, айталық ең қиын дүние өсімдік атауларының қаншама баламаларың Қоңырекеңнен естідім. Қолтаңбалары да сақтаулы. Ал, әңгіме барысында қазақы, сирек сөз оралымдарын айтып қалсаң, дереу қайталап, белгілеп алатынын қайтерсің, ондайда мәз болып қаласың. Қоңыр кітапханасынан осы уақытта жүздеген кітаптарды алып оқыдым, талай белгілеме, қорыту (конспект) жасадым. Себебі, ол кісі құр оқуды құптамайтын, оның ізі мен берер жауабы болу керек екендігін талап ететін.
АҚЫНЖАНДЫ ҚОҢЫР
Кітап сөрелеріне жарыса сан алуан музыкалық аспаптар орын алған. Қоңырекең қолы сәл қалт ете қалса, қолына шіңкілдік домбыра, қырғыз қомусы не құмықтың сырнайын, кейде башқұрдың құрайын алып әуезді әуенді бастайтын. Ол мажар қыпшақ әуеніне басатын, қазақтан басқа, қырғыз, татар, башқыр, түрік, қарашай, құмық әндерін айтатын. Себебі ол татар, құмық, қарақалпақ, ноғай, түрік халықтарының дәстүрлі әндерін мажар тіліне аударуды қатар жасаған. Бұл жарық көргендері ғана.
Әлем әдебиеті энциклопедиясына түркі жұртының жүздеген қаламгерлері туралы сан ондаған мақала жазған. Аударма барысында мәтінмен жұмыс жасағанда, ән табиғатына жете мән беру үшін бір сәт әуезіне де ден қоятын тәрізді. Кейде қонаққа келген балдызы, күйші қыз Мөлдірді қасына отырғызы, күй тартқызып, рахаттанып тыңдаушы еді…
Тіл үйрену басталған кезде, ең тамаша әдіс халықтың әні мен әуенін игерсең, тіл табиғатын оңай еңсересің деп Мажарстанның Құмания өңіріне тән бірнеше әнді, және әзіл әндерінен үйретіп еді. Расында, Қоңырекеңнің сүйікті әнінің бірі – Én vagyok a Kunsági fi – Мен Қыпшақтың ұланмын атты әніне басқанда бойындағы жауынгер қаны ойнап, қияқ мұрты қозғалып, көзі жайнап шыға келетін көрінісі біртүрлі үйлесімді еді. Мұндайда Айшекең отағасына қарап, сүйсіне күлімдеп қоштап қоятын ондайда.
Қоңыр ағаға тәржімашылар жиі жүгінетін, Орта Азия халықтарының тіл, тарих, мәдениетіне қатысты зерттеу жасаған, әсіресе әдебиеттің түрлі жанрында қалам тербеген ақыл-кеңес сұрап келген талай жандармен осы шаңырақта ұшырастым. Олардың бірісі Отырар ойраны туралы кітап жазыпты, екіншічі басқа тарихи тақырыпта бестселлер немесе пьеса, драма жазғысы келеді, ал біреулері проза, поэзиялық жинақты мажар тіліне түркі аударғанын қарап шығуға, пікір беруге, редакциялауға көмек сұрайды.
Қоңырекең атақты Шыңғыс Айтматовтың романдарын мажар тіліндегі тәржімасын, әсіресе жер-су атаулары мен ұғымдарға түсініктеме жазғанын көрдік. 1987 жылы «Жанпида» романына жазған жұмысын бітіріп, рахаттанып отырғанда келгенім бар. Олжас Сүлейменовты ақын ретінде, аға, азамат ретінде қатты жақсы көретін. Оның идеологиялық талауға түскен «АзиЯсы» сол тұста дереу мажар тілінде жарық көрген, кей бөлімі самиздатпен таралып жүрген. Олжас ақынның мажар тілінде 1961 жылғы өлеңдерінен бастап, 1976 жылы жеке жинағын, 1977, 1980, 1984 жылғы совет ақындарының антологиясындағы өлеңдерін тұшына оқып отыратын. Маған қазақшасын білетін «Арғымақ», «Ақпандағы бағлан», «Бөлтіріктерді» жаттауға ұсынды. Кейін Қоңырекең досы түрколог Торма Иожеф «Айналайынды» талдап, мақала жазды («Ана тіліне» шықты 1996 ж)…
Айталық, «Világirodalmi lexikon» – Әлем әдебиетінің энциклопедиясының VII томына (ол екі кітаптан тұрады) түркі жұрттарының әдебиетіндегі отызға тарта тұлға мен әдеби жанрлар мен кесек туындылар туралы мақала жариялады.
Қоңырдың кезекті сапарындағы ғалым әріптестер ортасында.
«МЕНІҢ БАЙ БАЙЛЫҒЫМ – КІТАПХАНАМ»
Шаңыраққа бас сұққан адам бірден түсінетін құтты ұяның аурасын бірден сезінеді. Айнала сірескен, бет құлаш биік қабырғамен таласқан қаз-қатар тақтай сөрелер майыса көтеріп тұрған кітаптар каталогтық принцип бойынша бөлінген. Көзге көрінбейтін сатымен өрмелеп қана жететін кітапты қол қойғандай айтатынын қайтесіз! Елеулі тұста тақты Бартольд, Радлов, ұстазы Немет Дьюла, Малов, Ибраһим Капесоғлы сынды түркология корифейлерінің еңбектері орын алған. Ары қарай Ислам Анциклопедиясы, тарих, этимология, фольклор, этнография, ономастика солай ретпен орналастырылған. Сол тұста жұмыс үстелі, үш түрлі жазу машинкасы қатарласып тұратын..
Бірде осы шаңыраққа 1950-жылдары Гималайды көктей өткен қазақ көшінің куәгері Сексенбай атам Көльннен ат басын тіреді. Себебі, Моңғолиядан туысы Сәтей Нұртазаұлы келген, Берлиндегі Арыстан қажыға хабар берген. Олармен Қоңырекеңнің байланысы бар-тұғын. Темір тордан ары өтуге мүмкіндік жоқ уақытта Мажарстанда жағдай өзгеше еді (тіпті екіге бөлініп қалған немістердің туыстарымен қауышатын орны Балатон көлі аймағы болған еді). 45 жыл бойы кездесуге зар болған ағайындар екі күн бойы күн-түнімен әңгіме тиегін ағытты. Қоңырекең үйіне тағы жиналдық. Аса діндар, урдуша жетік, Көльндегі «Форд» зауытында істейтін Сексенбай қажы Гималай асқан қазақтың қияметті тарихын егіле отырып әңгімеледі, діни уағыз айтты.
Сексенбай қажы тарапынан кітапхана иесіне сұрақтар қойылды: қанша кітап бар екендігін, ең көнесі, құнды қайсы? Қоңыр Ағаның жауабы мынадай болды: он бес мың шамасында болар, отызшақты тілде, ең көнесі XIV ғасырдың басында хатқа түскен «Кодекс Куманикустың» көшірмесі, ал түпнұсқа кітап – XVI ғасырдікі. Әр кітап құнды, іргелі еңбектер, ғылыми монографиялар, жазба деректер, хроникалар, жыр-дастан, сөздік, кәсіби әдебиеттер әр кітаптың орны өзінше ерекше деді. Екінші құрметті қонақ Сәтей Нұртазаұлы қырағылықпен байқаған кітаптардың сан қырлы тақырыпта болуының сырын сұрағанда, Қоңыр аға, XIII–XIV ғасырдағы құман-қыпшақтардың тілін, болмысын қалпына келтіру үшін, бір кітаптан бір ғана құнды дерек тапсам, сол жетіп жатыр деп әзіл-шыны аралас жауап берді. Әрі – деді, тілді ғана емес, қыпшақ мәдениеті болмысын қалпына келтіру, қолөнерін, ән-күйін, ою-өрнегін толып жатқанжайттарды жандандыру үшін сан-салалы әдебиеттер қажет екенін айтты.
Анадолыға, кейін Батыс Еуропаға жеткен туыстарым мені Будапештке жиі іздеп келетін. Әсіресе, Алтайдың әңгімесін, сарымсағы мен иісін сағынатын атам Тәтей қажы, Темірхан, Қызырхандан Венадан ат басын тірейтін Қоңыр аға шаңырағына. Тәтей қажының «Азаттықта» істейтін журналист ұлы Өмірхан АлтынменҚоңыр ағаның байланысы етене еді. Кейін Әбдірахман Четин Зухабатыроғлы басқаратын «Еуропадағы қазақ мәдени орталығының» шақырумен бірнеше елдегі қазақ диаспорасына құрметті қонақ етуін Қоңыр аға өзінің ғылыми шығармашылығына деген құрмет белгісі деп қабылдады.
Қоңыр түркология мн тілзерттеулерге ғана ден қоймайды, оның тазалығын ерекше қадағалайтын. Тіл үшін күресте қоғамның «Қазақ тілі» деп аталуына шешуші себеп Қоңырдың уәжі болғанын тіл жанашырлары ұмытпайды
Түркиядағы, Батыс Еуропадағы қазақ диаспорасымен, оқымысты ақсақал Халифа Алтай, Хасан Оралтай сынды зиялылармен етене араластығы сыйластық байланыста болған еді.
Сол кездегі бай кітапхананың бір бұрышындағы галереяда қатталып қаз-қатар жиналған кораптарға салынған қолжазбаларына өрілген. Мұрағат үшін таптырмайтын сауыт тәрізді мұндай көп қорапты қолға түсірудің құпиясын кейін білдім. Ауруға душар болғанда арашашы бола жүгірген Қоңырекеңнің ағасы Коор Өдөн мықты рентген дәрігері еді, маған да талай шапағаты тиген жан еді. Сол кісі рентген пленкалары салынған қораптарды Қоңыр інісіне қолжазба сақтауға береді екен.
Қоңыр отбасы жайлы кең пәтерге көшкен кезде 237 корап кітап көшіргенін арнайы барып көмектескен балдызы Рахметжан айтып еді. Қоңыр марқұм дүниеден озған соң Оңайша апам ұзақ жыл үлкен күш-қайрат шығарып сақтап келді. Тек 2014 жылы Халықаралық Түркі Академиясына басшылыққа келген Дархан Қыдыралы мырзаның қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы алдырып, түркі халықтарының ғылыми кәдесіне қосты.
ҚОҢЫР ШАҢЫРАҒЫНДА КІМ БОЛМАДЫ ҚОНАҚТА?!
Қоңыр аға өңірлерге жиі шақырылып, іссапарлап кетеді. Құмания, Хайду, Баранья, тіпті Словакиядағы Фелвидек мажарларына тартып кететін. Аумағы Алматы облысынан да шағын елде күнбе-күн барып келетіндей шаруа ғой олар үшін. Айша апаммен Дебрецендегі әпкесі Ержиге, кейде туысқандар Ходмезөвашерзхейдегі ағасы бас қосқан отбасылық шаралар да қалыс қалдырылмайтын.
Жақсы жолға қойылған мажар әдебиетін тәржімалау Равил Бухараев, татар ақыны тағы бір армян ақынымен таныстым. Осы шаңырақта германиялық, америкалық, түркиялық шығыстанушылар мен мәдениеттанушылар мен әдебиетшілерді жиі ұшырастырдым. Қазақ мүсіншісі Саламат Өтемісұлы келіп тұрды. Менен бірнеше жыл атақты Болат Көмеков қонақ болып қайтыпты. Онан кейін америкалық Юлай Шамилоғлы жиі ат басын тірейтін дейтін. Арғы тегі Қырым татары Юлай мырза қазір Назарбаев университетінің белді профессоры, әлемге танымал ғалым …
Мажар этнографиясының көрнекті білгірі, жасы ұлғайған Лүкөө Габор есімді ақсақал жиі ат басын тірейтін. Мажар этнографтары Дьюрфи Иштван мен Мажарстанда пана тауып, этнография ғылымында атын қалдырған башқұрт эмигранты Таған Ғалымжан туралы естідім.
Қайта жаңғырған тұста 1988 жылдың Наурызын Қоңыр аға шаңырағында тойлап қарсы алғанымызғалымның мұрағатында сақталған екен. Соның алдындағы ағаның «қожанасырлығына» куә болғаным еріксіз орала езу тартқызады. Бірде келсем, ағамыз бір қазақы оюы бар келісті кесені (ол шеттегі қазақтарға кәдесый ретінде жүретін) пышқықағазбен (наждак) ысқылап жатқанына куә болдым. Сөйтсем, қазақы бұйымның ішіне орысша жазған сөз ұнамаған екен…
1986-ның соңындағы Желтоқсан оқиғасынан хабардар болған Қоңыр аға Мюнхеньдегі Азаттық радиосының қазақ редакциясына хабарласты. Алматыдағы жекжаттарға дереу телефон соққанмен еш нәтиже болмады, себебі телефон номерлері табанда өзгертілген екен. Әйтеуір Советтегі достарының көмегімен тұшымды жауап алды.
Қоңыр аға шаңырағында жиі кездесетін жандар университетте түрік тілін үйретуші лектор ізмірлік Гүнай Қараағач (кейін Түркі Тіл құрылымының (қоғамының) мүшесіне сайланған танымал профессор) пен жұбайы Түлай еді. Ерекше құрметпен қарайтын, америкалық Юлай Шамилоғлы, Түркиялық Түнжер Гүленсой, етене жақын араласатын адамдары қазақ Ерден мен Ғалия (Қажыбектер), қырғыз Қадыралы мен Жамила (Қоңқабаевтар) құмық ақыны Бадрудтин Магомедов отбастары.
Қоңырмен етене жақын араластқан Анадолыдан Керуленге, Оралдан Алатауға дейінгі аралықтағы елдердің кіл мықтылары болды. Әсіресе, ол үшін өзі әркез аузынан тастамайтын ұлы Шыңғыс Айтматов, «бабасынан да үлкен қолдау жасаған» Олжас Сүлейменовтің орны ерекше еді, Кешегі қазақ академиктері Ісмет Кеңесбаев, Ақай Нүсіпбеков, Кеңес Нұрпейісов, Әбдуәли Қайдар, Тұрсынбек Кәкішев, Рабиға Сыздық, Өмірзақ Айтбай, Ақселеу Сейдімбек, Бабаш Әбілқасымов, Әлімхан Жүнісбек, Дәркембай Шоқпарұлы, Көбей Шаяхметұлы, бүгінгі көрнекті қайраткерлер Болат Көмеков, Мұрат Әуезов, Нұрелді Уәли, Иманғали Тасмағамбетов, Ерден Кажыбек сынды жандардың есімдерін атасақ та жеткілікті. Ол туралы жүздеген жандар Қоңырға арналған естелік мемуарларында, онымен арада алмасқан хаттарында жете баяндайды. Бұл жеке әңгіме тақырыбы.
***
Қоңыр аға Ұлы Шоқанның інісі Ыдырыс Мақыұлында сақталды дейтін үстелге шынтағын артқан кең маңдайлы, ойлы көзді қаршадай Шоқанның фотосына қарап көп толғанатын. Толғанатын да, «Білім және еңбектің» Шоқанның 150 жылдығына арналған санында Ғабеңнің (Ғабит Мүсіреповтің) мына жолдарын қайталап айтып, таңдайын қағатын: « Шоқан! Қандай қысқа ғұмыр. Қандай әрі сұлу әрі ауыр тағдыр. Қандай таусылмас шежіре. Шығыстану көгінде халқымыздың тарихи болмысының биігінде мәңгілікке жарқыроап тұрған жұлдыз ғой бұл!».
Сөйткен Қоңырдың да ғұмыры шолақ болды. Небәрі 48 жасында мүшелінде дүниеден озды. Марқұм 50-ден кейін іргелі еңбек жазуға біржола отырам деуші еді. Шежіре мен естеліктерге арқау болар ауыр да, күрескер ғұмыры ерте сөнді.
Бүкіләлемді қамтыған саяси кризис, үлкен өзгерістер кезінде Қоңыр мемлекеттік қызмет, дипломатиялық маңсапты місе тұтпады, ғылымға адал болды. Керісінше жүріп-тұруды жиілетті. Сондай бір сапары барысында 1991ж. («Арай» журналы, №1) жұбайы Айшаның сұқбаттарында («Азия» апталығы, 1992. №9) «Тумақ бар да өлмек бар. Көз жұма қалсақ сүйегіміз ата-баба жеріне қойылса деп тілейді Иштван» дегені білгендей, сезгендей. Өйткені досы ақын Көрменді жырлағандай «тіспен туған Қоңыр бақсы» сәуегей, заманынан озып туған кемеңгер еді. 1992 жылы көз жұмған Қоңырды өз аманаты бойынша Алматыдағы Кеңсай бауырайына қазақ, түркі зиялылары, әсіресе тіл, тарих, әдебиет зерттеуші ғұламалар қатты қайғыра, күңіріне жоқтап, арулап соңғы сапарға шығарып салды.
КЬОНГУРУМ ГЕТДИ *
Ярыкъ сувума яр яавду –
Гёммек гёзюме къан савду –
Къонгурум гетди, Къонгурум!
Чилле Ёлума чанг тоньган,
Байракъ башыма кьуш къонгъан –
Къонгурум гетди, Къонгурум!
Йылкъы табунум бёлюнген,
Къыпчакъ айгъырым сюрюнген,
Агъач къомүзүм сюйлемей…
Ез къонгуравум сес бермей
Къонгурум гетди, Къонгурум!
Хан кёпюрюмню сув алды…
Хаси тишлерим увалды–
Къонгурум гетди, Къонгурум!
Аркъадашымдан айырылдым…
Аркъа сюегим майрылды –
Къонгурум гетди, Къонгурум!
( *Ескерту: құмықша крилл-жазуында дыбыстар былай оқылады: кь – қ, оъ – ө, гъ- ғ, нг – ң, в-ұ.)
Мандоки Қоңырдың басты арманы – құман-қыпшақтардың ұмыт болған тілі мен діліне қайыра жан бітіру еді. Ата-баба аманатын орындау жолында өзінің бар саналы ғұмырын сарп етті. Тіптен осы мақсатқа жету барысында өз өмірін құрбан еткен «құмандардың құрбандығы» деп бағалады. Ол тек тіл зерттеулерге ғана ден қоймады, оның тазалығын ерекше қадағалайтын. Тіл үшін күресте қоғамның «Қазақ тілі» деп аталуына шешуші себеп Қоңырдың уәжі болғанын тіл жанашырлары ұмытпайды. Соңғы уақытта Қоңырдың ғылыми мұраларын игеру жолында біршама қадамдар жасалды. Ұлы ғалым туралы Түркия, Қырғызстан, Дағыстанда кітаптар шықты. Осыдан 15 бұрын Алматыдағы Орталық Ғылыми кітапханадан Мандоки Қоңыр Иштванның еңбектері «Ұлы тұлғалар» атты ғылыми-ғұмырнамалық сериясымен «Ұлы даланың біртуар ұланы» деген атпен (Алматы: ОҒК, 2008. – 386 б.) жарық көрді.
Халықаралық Түркі Академиясының жетекшісі Дархан Қыдырәлі Қоңыр мұраларын әспеттеуге үлкен үлес қосты: алдымен, жұбайының қолында сақтаулы бай кітапханасын Будапешттен Астанаға алдыртты. Академияның тікелей мұрындық болуымен Қоңыр еңбектері мадияр және ағылшын тілінде екі кітап болып жарық көрді: Mándoky Kongur István. Kunok és Magyarok (құман-қыпшақтар және мадиярлар). Török-Magyar konyvtár I. A sorozatot szerkeszti Fodor Pál és Vásáry István (Budapest: Molnar kiado, 2015. 348 о.) және Newcomers from the East. Hungarians and kipchak-turks in Europe. With a historical introduction by Peter B. Golden. Edited by Ádám Molnár. – Bibliotheca Turcica, Volume I. (Molnar & Kelemen Oriental Publishers, 2017. – 324 p.+ ill.). Бүгін Қоңыр арманы «Мәңгілік ел» мұратының құндылықтары қатарында мәнін жоймайтын дүниелер «Ұлы Даланың жеті қыры» аясында жасампаздыққа айналып келеді.
Парақшамызға жазылыңыз