///

Тіл жанашыры “Мечта” мен Miele компаниясын сотқа беріп, жеңіп шықты

1122 рет қаралды
Коллаж: Dalanews

Елімізде қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ететін азаматтар көбейіп келеді. Алайда арнайы мекемелерде тіл мәселесі әлде де көңіл көншітпейді. Бұны көз көріп, құлақ естіп жүр. Мәселен, тіл жанашыры Толқын Мұхтарханова осындай жағдаймен бетпе-бет келген. Ол қазақ тілінің құқығын шектеген “Miele” ЖШС және “Мечта” компанияларын азаматтық сотта жеңіп шыққан. Тіл майданындағы тартысты жағдайды Air Astana компаниясының бұрынғы қызметкері Dalanews.kz агенттігінің тілшісіне егжей-тегжейлі баяндап берді.

Көпбалалы ананың айтуынша, тіл үшін күрес бір жыл бұрын бастау алған. Бұған дейін де әділдікті ту еткен азаматтың тіл құқығын талап етуіне бірнеше жағдай әсер еткен.

“Негізі өзім әділдікті тура әрі қорықпай айтатын адаммын. Әділетсіздікті көрсем, көз жұмып отыра алмаймын. Жалпы тіл үшін күреске барудың бірнеше себебі бар. Бірінші – балаларымның болашағына деген алаңдаушылық. Бір күні балам бір ғимараттағы жазуды көріп, “Анашым, “ехeт” деген не деп сұрады?”. Сөйтсем төбеде “шығу” деген жазуды тек ағылшын тілінде жазып қойған. “Exit” деген сөзді “eхет” деп оқып жүр екен. Мен осы сәтте балам өз елінің ғимаратынан түсінбейтін сөзді оқып тұрғанына қатты намыстандым.

Екінші себеп дүкенде болған жағдай еді.  Кезекте тұрғанда сатушы бір кісіге: “Я вас не понимаю. Говорите на русском, либо уходите с очереди” деді. Маған сол сәтте: “Мен өз елімде тұрамын, бірақ неге қазақ тіліміз қорғалмаған” деген ой келді. Сөйтіп заңды adilet.kz-тен қарай бастадым. Мемлекеттік тілімізді қорғайтын заңдар көп екен. Алайда біз оны біле бермейді екенбіз. Егер мен сол жерде заңды білсем, сатушыны орнына қояр едім” , – дейді Толқын ханым.

Осылайша заңмен толыққанды танысып шыққаннан кейін, ол тіл мәселесін бір Конституция арқылы қорғауға болатынын түсінеді. Айтуынша, заң тұрғысынан көптеген мүмкіндік қарастырылған. Алайда адамдар одан бейхабар.

“Біздің Ата Заңымызда не дейді? Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, адамдар құқықтарын, бостандықтарын, абырой мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Өкініштісі, біз өз құқығымызды білмегендіктен, тілімізді қорғай алмай жүрміз.

Ары қарай тіл туралы заңға тоқталып өтсем. Мұнда тұтынушыларды қорғайтын заң мен кәсіпкерлік кодекс те бар. Тіпті жарнамадағы маңдайшаларға да арнайы заң қарастырылған. Осылардың бәрін оқып, өзімнің құқығымды толық қорғай алатын болдым”, – дейді ол.

Осы тұста Толқын ханым Қазақстанда тұрмыстық техникаға қажетті тауарларды ұсынатын “Miele” компаниясымен тіл мәселесі бойынша келеңсіз жағдайға тап болады. Тіпті бұл іс сотқа дейін барған.

“Отбасымызбен жаңа қоныс алдық. Сол жерге өңдеу жұмыстарын жасауға бел байладық. Осылайша жазда алдын ала “Мечта” дүкеніне барып, “Miele” компаниясының кір жуғыш машинасы мен кептіретін құрылғысын сатып алдық. Пәтеріміздің өңдеу жұмысы аяқталған соң, күзде жаңа қонысымызға көшіп келдік.

Заттарымызды “Miele” компаниясынан алдырттық. Содан көпбалалы болған соң, бірінші қажет нәрсе кір машина болды. Соны орнатып, қолдана бастадық. Алайда мен нұсқаулықтан қазақша мәтін таба алмадым. Алған заттарымызда қазақша нұсқаулығы мүлдем болмады. Содан мен “Miele” компаниясына хабарласып, олардан қазақша нұсқаулықты сұрадым. Олар жіберу үшін уақыт қажет екенін айтты. Содан мен өз талабымды сот арқылы шешетінімді жеткіздім”, – дейді Толқын ханым.

Ал компания қазақша нұсқаулығын екі апта өткеннен кейін жіберген.

“Айта кететін жайт, “Miele” бір ай немесе екі апта бұрын ашылған компания емес. Қазақстанда 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Егер оларда қазақша нұсқаулық болса, сол мезетте электронды поштама жолдайтын еді. Бірақ олар екі апта өткеннен кейін іске кірісіп, электронды нұсқасын поштама жіберді. Нәтижесінде “Мiele мен “Мечта” компанияларын “тұтынушы құқығым бұзылды деп” азаматтық сотқа бердім. Біріншіден, тұтынушы ретінде сұраған нұсқаулық пен “Miele”  компаниясында қазақша ақпараттың жоқ екенін айттым. Сонымен қатар “Mielе” компаниясының сайтында қазақ тілін таңдайтын батырманың жоқ екенін де атап өттім. Сот процесінде олар “kz” деген қазақша батырманы енгізді.Алайда батырманы қосқанымен, қазақша ақпарат болмады. Осы негізде тұтынушы ретінде құқығымның бұзылғанын қостым”, – дейді тіл жанашыры.

Нәтижесінде ол “Miele” компаниясын сотта жеңіп шығады. Ал тұтынушы құқығын шектеген компания оған арнайы өтемақы төлеген.

“Менің бір танысым шаңсорғыш сатып алды. Ол жерде де тек орысша нұсқаулық болды. Мен оны дәлел ретінде қосқым келді. Алайда сот бір тұтынушы болғандықтан, оны бөлек тұтынушы ретінде жазсын деп айтты. Соттың шешімі бойынша, “Miele” компаниясын прокуратураға 455-бап бойынша жіберуім керек болды. Сондай-ақ “Miele” компаниясы тұтынушы құқығым бұзылғаны үшін моральдық шығын ретінде 100.000 теңге төледі және бажымды қайтаратын болды”, – дейді ол.

Арызданушы аталмыш компаниямен іс әлі аяқталмағанын және оны соңына дейін жеткізетінін айтты.

“Мiele компаниясының сайтында тіл таңдау бұрышы болмайтын. Тек орысша тұратын. Сот барысында “kz” деп батырма енгізді. Бірақ ақпарат әлі де жоқ. Сондықтан менің келесі жұмысым прокуратураға арыз жазып, “Miele” компаниясының көрнекі ақпараттарының бәрін аударту”, – дейді.

Қаракөз Амантай,

дереккөз: Dalanews.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі