//

Су тасқынның салдары — қансорғыш шіркейлер. Бытықанадан қалай арыламыз?

1674 рет қаралды
1
фото: Альбина Булатова

БҚО-да осы көктем Жайық өзені арнасынан тасып, деңгейі жаз келген соң біртіндеп түсе бастады. Өңір халқы су кетті деп қуанғаны сол еді, артынша ШІРКЕЙ қаптап, күн көрісті қиындатты.

Шіркей деген батыстықтардың тілінде “бытықана”, орысша “мошки”. Ұсақ, ұша алатын қансорғыштар. Жәндіктердің мұнша қаптап кетуінің себебі су тасқыны дейді эксперттер. Шіркейлер өзен жағасында көбейетін көрінеді. Ал бюджеттен шіркейлерді улауға 187 040 000 теңге бөлінген. Енді шіркейлердің азаятын түрі бар ма? Қашан толық құтыламыз? Толығырақ Minber.kz материалында баяндалады.

Бұған кім жауапты, кім дезинфекция жүргізеді?

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы” ММ мен мердігер ұйым «Танкеев Б.А.» ЖК-мен 11 сәуір 2024 жылы құны 187 040 000 теңге болатын “Санитарлық қызмет көрсетулер (дезинфекция, дезинсекция, дератизация және соларға ұқсас)” шарты жасалған. Яғни шіркейлерді, дернәсілдерін улауға су басу басталмай тұрып-ақ конкурс ұйымдастырылған, облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Ал өзендер деңгейі көтерілген соң, дезинфекцияланатын аумақтардың ауданы бірнеше есе ұлғайды. Енді тек Танкеев Б.А. ЖК емес, өңдеу жұмысына «Магтоксин» ЖШС мекемесі де жұмылдырылған.

БҚО энергетика және ТКШ басқармасының баспасөз қызметінің бізге берген жауабына сәйкес, шіркейден толық құтылу мүмкін емес, тек белсенділігін төмендетіп, уақытша амал қолдануға болады:

— Күнделікті өңдеуді жүргізе отырып, біз шіркейдің белсенділік уақытын қысқартқымыз келеді, өңдеу кезінде шіркей қайтадан жұмыртқа салып, жаңа ұрпақ бере алмайды, осылайша шіркейдің белсенділігін 2-3 аптаға дейін төмендетуге тырысамыз. Алайда, шіркей – бұл ұсақ жәндіктер, сондықтан ол барлық аумақтарды, соның ішінде өңделген жерлерді де тез толтырады. Сондықтан оны толығымен және бір уақытта жою мүмкін емес.

Дезинфекция жұмыстары саябақтарда, өзендер мен көлдердің жағасында түнгі уақытта жүргізіледі:

— Шіркей мен масаларға қарсы өңдеу орман алқаптарында (саябақтар мен скверлерде), сондай-ақ өзендер мен көлдердің жағасында жүзеге асырылады, өйткені бұл учаскелер олардың негізгі тіршілік ету ортасы болып табылады. Препарат аэрозоль әдісімен шашыратылатындықтан және күндіз  ауа-райына ыстық болуына байланысты буланып кетуі мүмкін болғандықтан, өңдеу жұмыстары түнгі уақытта жүргізіледі.

10-16 маусым қай аумақтардың өнделетінін жоспардан қарауға болады. Хабарламада “Профилактикалық дезинсекция өтетін аумақтарда жүрмеуіңіз және түсіністікпен қарауларыңыз сұралады”, — делінген.

Енді не амал?

Осы орайда шіркейден толық құтыла алмасақ, одан қалай қорғануға болатынын «Магтоксин» ЖШС мекемесінің дезинструкторы Альбина Дүйсембаевадан сұрап көрдік. Кеңестер келесідей:

  • Біріншіден, бетперде, арнайы торы бар қалпақтар, баскиімдерді кию;
  • Екіншіден, аллергиясы бар жандар үшін: лавр жапырағын қайнаған суға салып, осы тұнбаны 20 минутқа қалдыру керек. Бөлме температурасына дейін суыған соң, ашық жерлерге жаққан жөн;
  • Үшіншіден, дәріханаларда сатылатын әртүрлі спрейлер мен жақпа май түрлерін қолдану;
  • Төртіншіден, балаларды шаққан жағдайда, қышу мен қызарудың алдын алу үшін: 1 ас қасық тұзды 100 мл суға араластырып, 10 минуттан соң осы тұнбаны шаққан жерлерге жағу керек.

Сонымен қатар Альбина Дүйсембаева шіркейдің таза суда аз болатынын атап өтті:

— Шіркей ағысы бар суда өмір сүреді (біздің облыста Жайық өзені), тұнық суда шіркей өледі, өйткені дернәсілдеріне жейтін азық жоқ. Дернәсілдер субстраттан алынған бөлшектермен қоректенеді. Сондықтан, егер тұрақты түрде су қоймаларының тазалығы мұқият қадағаланса, қоқыстардан, қалдықтардан таза, өзеннің түбінде таза құм болса, онда шіркей дернәсілдеріне қорек болмай саны да аз болады. Өзен неғұрлым таза болса, шіркейлер соғұрлым аз болады.

Шіркейді жоюдың анағұрлым тиімді тәсілі көп қаражат пен ауқымды жұмысты қажет етеді:

— Шіркеймен күресудің екінші тиімді әдісі — дернәсілді өңдеу. Мұндай жұмыстар Оңтүстік Қазақстанда, Шымкентте және Павлодар облысында жүргізіледі. Бірақ дернәсілді өңдеу бюджеті имагоны (буынаяқтылардың өспейтін, түлемейтін, тек қана көбейіп, жан-жаққа таралатын ересек сатысы — ред.) өңдеуден әлдеқайда жоғары. Өйткені мұнда су көлігі тартылуы керек, пайдаланылатын дезқұралдардың көлемі (міндетті түрде тек биологиялық препарат) көп, өзен ағысы бойынша жоғары және төмен км-де жұмыс ауқымы үлкен. Бірақ бұндай өңдеу тек шіркейдің дернәсілдеріне ғана емес, басқа тірі компоненттерге де әсер етеді. Сондықтан үлкен ғылыми зерттеу болуы керек. Сондай-ақ, мүдделі ұйымдардың: экологтардың, балық инспекцияларының, Қазсушардың келісімдерін алу қажет, – дейді дезинструктор.

Аталық шіркейлер орта есеппен бірнеше күн, аналықтары 3-4 аптадан (сирек) 2-3 айға дейін өмір сүреді. Шіркейдің белсенділігі мамырда басталып, маусымның соңына дейін 5 онкүндікке дейін созылады. Бірақ су деңгейі артқандықтан биыл белсенділік маусымы ұзаруы мүмкін. Сондықтан осы жаз қансорғыштарға үйренісіп, су басудың салдарын қабылдағаннан басқа амал жоқ секілді.

Парақшамызға жазылыңыз

Albina

Альбина Булатова

«Мінбер» ақпарат агенттігі ұйымдастырған «Азаматтық журналистер» жобасының 2023 жылғы түлегі

SDU University Журналистика мектебінің 1 курс студенті

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мінберде медиа өкілдері

Алматыдағы «Ramada» қонақүйінде ERG қолдауымен Мінбер журналис­терді қолдау орталығы «Дата және жасанды интеллект» атты фес­тиваль ұйымдастырды.