////

Жаңа бюджет: Ұлттық қордан алынатын нысаналы трансферт көлемі 1,65 трлн теңгеге артады

2986 рет қаралды

ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы

27 Тамызда Үкімет отырысы өтті, отырыс барысында бірнеше заң жобасы мақұлданды, нақты атап айтар болсақ, еліміздің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеті мен 2025-2027 жылдарға арналған ҚР Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансфертінің көлемі айқындалды.

«2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы ҚР заңының жобасы Ашық НҚП порталында жарияланған, қоғамдық талқылаудың мерзімі 31 тамызға дейін деп көрсетілген.

Заңнамаға сәйкес республикалық бюджет Ұлттық қордан кепiлдендірiлген 2 трлн теңге мөлшеріндегі трансферт және 3,25 трлн теңге мөлшеріндегі нысаналы трансферт алатыны белгілі болды. Осылайша 2025 жылғы Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің жалпы сомасы 5,25 трлн теңгені құрайды.

Егер 2025 жылы Ұлттық қордан бөлінетін қаржының мөлшерін биылғы жылы көзделген трансферт мөлшерімен салыстыратын болсақ, алдағы жылы нысаналы трансферт көлемі 1,65 трлн теңгеге артады екен. Еске салсақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес биыл Ұлттық қордан кепiлдендірiлген трансферт мөлшерi 2 трлн теңге, нысаналы трансферт мөлшері 1,60 трлн теңге мөлшерінде көзделген.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры жинақтау және тұрақтандыру функцияларын жүзеге асырады. Ұлттық қор қаражаты қайда жұмсалады десеңіз, Ұлттық қордан түсетін республикалық бюджетке кепілді трансферт түрінде, Ұлттық қорды басқаруға және жыл сайын аудит өткізуге байланысты шығыстарды жабуға, ҚР Президентінің шешімі бойынша: экономиканың құлдырауы немесе экономиканың өсу қарқынының баяулауы кезеңінде дағдарысқа қарсы бағдарламаларды; ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды, стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың балама көздері болмаған кезде оларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферттер түрінде, нысаналы талаптарды төлеу түрінде және нысаналы жинақтарды аудару мен төлеуге байланысты банктік көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу түрінде жұмсалады.

Министр Мәди Такиев айтқандай, Заң жобасы, Бюджет кодексіне сәйкес, еліміздің 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген. Бюджет параметрлері кепілдендірілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджет заңнамасында белгіленген қағидаларға сәйкес келеді.

Үкімет отырысында 2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын ұсынған қаржы министрі Мәди Тақиев 2025 жылы бюджетке шамамен 21,7 трлн теңге деңгейінде түсімдер түседі деген болжамын айтты. Сәйкесінше болжам бойынша 2026 жылы 19,4 трлн теңге, 2027 жылы 20,9 трлн теңге түсім күтіледі.

2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде болады деп болжанған, бұл бюджетте 4,1 трлн теңге жетпейтінін көрсетеді. 2027 жылға бұл көрсеткіш 1,9% дейін төмендемек деген болжам бар. Ал биылғы жылы бюджет тапшылығы елдiң жалпы iшкi өнiмінің 2,6 пайызын құрайды деп көзделген, бұл сәйкесінше бюджетте 3,53 трлн теңге тапшы деген сөз. Сонымен алдағы жылы бюджет тапшылығы 0,1% артады деп болжадық.

Бюджеттің шығысына келетін болсақ, 2025 жылға арналған кірістер мен тапшылықты ескере отырып, бюджет шығыстары 2024 жылға қарағанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып, 25,8 трлн теңгеге жетеді жоспарланған.

Министрдің мәліметінше, шығыстардың өсуіне мынадай факторлар әсер етеді.

  • Инфляцияның орташа деңгейіне әлеуметтік төлемдерді индекстеу: базалық зейнетақы мен жәрдемақыны 6,5%-ға, ортақ зейнетақыны инфляцияның орташа деңгейінен 2%-ға асыра отырып, 8,5%-ға индекстеу.
  • Осы жылмен салыстырғанда гранттар санын 2 500 орынға ұлғайту. Нәтижесінде қосымша орындарды ескере отырып, 2025 жылы шамамен 78 мың білім беру гранты бөлінеді.
  • Жоғарғы оқу орындарының студенттеріне стипендия мөлшерін орта есеппен 15-20%-ға ұлғайту. Нәтижесінде стипендияның орташа мөлшері бакалавриат студенттері үшін 52 372 теңгені, магистратура үшін – 117 098 теңгені құрайды.
  • Халық санының өсуі мен науқастар санының ұлғаюын ескере отырып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамтуды ұлғайту.

Бюджеттің келесі, басым бағыты – өңірлерді қолдау. Қаржы министрінің айтуынша бюджеттің әлеуметтік бағдары сақталып отыр. Әлеуметтік салаға арналған қаражат келесі жылы 2024 жылмен салыстырғанда 794 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңгеге артады.

Тамыз айында finprom.kz аналитикалық порталы мемлекеттік бюджет шығыстары 6,5%, кірістері 8,5% өсті% деп хабарлаған болатын.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттен 13,1 трлн теңге жұмсалған, бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 6,5% жоғары.

Ал мемлекеттік бюджеттің кірісі 8,5%-ға, яғни 12,3 трлн теңгеге дейін өскен.

Шығыстар мен кірістердің арақатынасы 106,4% болса, шығыстар кірістерден басым болып, 788,9 млрд теңгені құраған. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығындағы арақатынас 108,3% құраған, шығыстар табыстардан 950,3 млрд теңгеге асып түскен. Ал 2022 жылы жағдай керісінше болған, яғни мемлекеттік бюджеттің кірістері шығыстардан 188,1 млрд теңгеге асып түскен.

Порталдағы мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік бюджет шығыстарының басым бөлігі, яғни 3,1 трлн теңге дәстүрлі түрде білім беруге жұмсалған, жылдық өсім-6,5%. Барлық шығыстардың үлесі 23,9% құрады.

Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалған шығыстар екінші орында: бір жыл бұрын 2,6 трлн теңге жұмсалса, биыл 3 трлн теңге жұмсалған. Саладағы шығындардың жылдық өсімі 15,4% құрады. Шығысы жоғары үштікке 932,8 млрд теңге жұмсап, Денсаулық сақтау саласы да кірген, алайда бұл өткен жылдың бірінші жартыжылдығына қарағанда -17,2% аз.

Келесі кезекте көлік және коммуникация саласы тұр, бұл салаға 740,6 млрд теңге жұмсалса, сондай-ақ жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер үшін 739,5 млрд теңге шығындалған.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша борыштарға қызмет көрсетуге арналған шығыстар айтарлықтай ұлғайып 1,4 трлн теңгеге дейін өсіп, 31,2% құраған.

Мемлекеттік бюджеттің кірісіне келетін болсақ, салық түсімдері дәстүрлі түрде кірістердің көшін бастап тұр, ол барлық кірістердің 72,1% құрайды. Биылғы жылдың 6 айында 8,9 трлн теңге жиналған. Өкінішке орай, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 0,8% аз. Оның ішінде:

  • табыс салығынан түсетін кірістер 3,6 трлн теңгені,
  • тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге салынатын ішкі салықтар 3,2 трлн теңгені,
  • халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын салықтар 891,8 млрд теңгені,
  • әлеуметтік салық 762,6 млрд теңгені,
  • меншік салығы 357,5 млрд теңгені құраған.

Бұл көрсеткіш сіз бен біз тапқан кез-келген табыс түрінен бюджетке түсетін салық көлемі бюджеттің салықтан түсетін табысының едәуір бөлігін құрайтынын көрсетеді.

Салықтық емес түсімдер 596,9 трлн теңгені құраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда бірден 3,1 есеге артқан. Мұндағы түсімдердің негізгі бөлігі мемлекеттік меншіктен, сондай-ақ мемлекеттік органдар салатын айыппұлдардан, өсімпұлдардан, санкциялардан және өндіріп алулардан түскен кірістерден құралады.

Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 45,8% жетіп, 97 млрд теңгеге дейін өскен. Оның ішінде:

  • мемлекеттік мекемелерге бекітілген мемлекеттік мүлікті сатудан түскен түсімдер 69,1 млрд теңге,
  • жер мен материалдық емес активтерді сатудан түскен түсімдер 23,2 млрд теңге,
  • мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды сатудан түскен түсімдер 4,7 млрд теңге құраған.

Ал трансферттер түсімдері 2,7 трлн теңгеге жеткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 28,2% жоғары.

Үкімет отырысына оралсақ, Үкімет басшысы Олжас Бектенов республикалық бюджеттің параметрлерін айқындау кезінде ең басты міндет мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру болып табылатынын атап өткен. Үкіметтің алдағы уақыттағы іс-қимылдары міндеттемелерді, активтерді және тұтастай алғанда мемлекеттің барлық ақша ағындарын шоғырландырумен байланысты болуы керек.

Үкімет ұлттық экономиканың сапалы әрі серпінді дамуы үшін келісілген салық-бюджет, ақша-кредит және салалық саясатты жүргізу жөніндегі жұмысты жалғастыратынын айта келе, «Ұсынылып отырған республикалық бюджет жобасы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық және уақытылы орындауға бағытталған. Біздің алдымызда бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану міндеті тұр», – деп атап өткен Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Заң жобалары отырысқа қатысушылар тарапынан бірауыздан қолдау тапқан. Алдағы уақытта еліміздің ұлттық экономика және қаржы министрліктері Үкімет аппаратымен бірлесіп заң жобалары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ҚР Парламентіне енгізбек.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар