//

Дональд Трамптың АҚШ президенттігіне қайта сайлануы әлемдік геосаясатты қалай өзгертеді?

757 рет қаралды
фото: CNN

 The New York Times газетінің жазуынша, 5 қарашада өткен президент сайлауында республикалық партияның кандидаты Дональд Трамп 277 дауыс жинап, қарсыласы Камала Харристы 52-53 дауысқа басып озған. Осылайша ол АҚШ-тың 47-ші президенті ретінде билікке қайта оралды.

Жаңа президенттің инаугурациясы 20 қаңтарда өтеді деп жоспарланған. Вице-президент қызметін Огайо штатының сенаторы Дж.Д.Вэнс атқарады. Дональд Трамп пен Камала Харрис арасындағы бәсеке құбылмалы жеті штатта болды. Солтүстік Каролина, Аризона, Висконсин, Джорджия, Мичиган, Невада және Пенсильвания штаттары құбылмалы саналады. Сондықтан кімнің басым түсерін болжап білу қиын еді. Соңында Висконсин штатының даусы шешуші рөл атқарып, Дональд Трампқа жеңіс әкелді.

Вице-президент Дж.Д.Вэнс республикалық партия өкілінің жеңісін «тарихтағы ең үлкен саяси қайта оралу» деп атады. Осыдан 4 жыл бұрын Дональд Трамп сайлауда жеңілгенін мойындаудан бас тартып, жақтастарын Капитолийге басып кіруге арандатқан болатын. Осыдан кейін оның әлеуметтік желілердегі парақшасы бұғатталып, оған екінші рет импичмент жарияланды. Содан кейінгі жылдары экс-президент бірнеше қылмыстық істерге қатысты тергеуге алынды. «Осының бәрінен соң оның Ақ үйге қайта оралуы – Америка саясатындағы трампизмді көрсетеді», – деп жазды New Statesman журналы.

Ал The New York Times колумнистері “Трамптың қайта сайлануы республикаға қауіп төндіреді, бірақ АҚШ демократиясының алдағы тағдырын айқындамайды” деген пікірде. Ал The Washington Post басылымы Дональд Трампты ксенофобияны, мизогинияны, нәсілшілдікті, қатыгездікті, қараңғылық пен өшпенділікті таратушы деп сынап, “оның жеңісі – американдықтардың осы нәрсені қолдайтынының көрінісі” деп жазды.

УКРАИНА ТИІМСІЗ ШАРТТАРҒА ДАЙЫН БОЛУЫ КЕРЕК

Дональд Трамп сайлауалды бағдарламасында ірілі-ұсақты біраз уәде берді. Соның бірі – Украина мен Ресей арасындағы соғысты 24 сағатта тоқтату. The Washington Post басылымы сарапшыларға сілтеме жасап, “оның сайлаудағы жеңісі шынымен де бейбіт келіссөздерге көшуді тездетеді, бірақ Украина тиімсіз шарттарға дайын болуы керек” деп жазып жатыр. Өйткені АҚШ-тың жаңа билігі Украинадан басып алынған аймақтарды Ресейдің құрамында қалдырып, НАТО-ға кірмеуді сұрауы мүмкін.

Ал Wall Street Journal басылымының жазуынша, Трамптың командасы қазірдің өзінде Украинадағы қақтығысты тоқтатудың жаңа жоспарын талқылап жатыр. Ақпаратқа сәйкес, АҚШ билігі қақтығысты уақытша тоқтатып, майдан шебінде демилитаризацияланған аймақ құруды жоспарлап отыр. Киев алдағы 20 жылда НАТО-ға кіру идеясынан бас тартса, оған қосымша қару-жарақ жеткізіледі деген болжам бар.

Сондай-ақ Трамп Еуропа елдері өздерінің қорғаныс шығындарын көбейтуі керек деп санайды. Бірінші президенттігі кезінде ол НАТО-дағы одақтастарын қорғанысқа инвестицияның жеткіліксіздігі үшін сынап, бұл салаға ЖІӨ-нің кем дегенде 2 пайызын жұмсау керек деген. Сайлау науқаны кезінде ол мұны тағы да көтеріп, Ақ үйге оралса, Еуропа елдерінен қорғаныс шығындарын ішкі жалпы өнімнің 3%-на дейін арттыруды талап ететінін айтты.

ЗАҢСЫЗ МИГРАНТТАРДЫ ЖАППАЙ ДЕПОРТАЦИЯЛАУҒА СӨЗ БЕРДІ

Пенсильваниядағы сөзінде Трамп демократтар кезінде әйелдердің өз президенттігіне қарағанда «кедей, денсаулығы нашар, қауіпсіз, депрессияға ұшыраған және бақытсыз болғанын» атап өтіп, АҚШ-ты әйелдер үшін қауіпсіз елге айналдыруға уәде етті.

Сонымен қатар ол АҚШ-та заңсыз тұрып жатқан мигранттарды жаппай депортациялауға сөз берді. Қазіргі уақытта АҚШ-та кем дегенде 10.5 миллион заңсыз мигрант тұрады. Ол АҚШ-та заңсыз тұрып жатқандарды жаппай депортациялау үшін «Жау туралы» заңын қолданбақ. Бұл заңға сәйкес президентке соғыс немесе басып кіру қаупі кезінде жау мемлекеттердің азаматтарын депортациялау рұқсат. Дегенмен, оның мұны қолданылуы әлем елдері арасында дау тудыруы мүмкін дейді сарапшылар. Өйткені АҚШ мигранттар келетін елдердің көпшілігімен ресми түрде соғысып жатқан жоқ.

Украиндан бөлек, Дональд Трамп Газа мен Израиль арасындағы соғысты да тоқтатуға ниет білдірді. The Washington Post газетінің жазуынша, Трамп соғысты тоқтатуға шақырады, бірақ қақтығысты тоқтатуды қалай жоспарлағаны туралы сұраққа нақты жауап бермеген. Бірақ бұған дейін ол Газадағы ХАМАС пен Ливандағы Хезболлаға қарсы шабуылдау операцияларында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды қолдайтынын ашық айтқан еді.

Әлеужелідегі видеоларды шолып шықсаңыз, Дональд Трампқа дауыс бергендердің көпшілігі “ол елдің экономикасын құтқарады” дегенді айтады. Бұл оның Париж келісімінен шығып, жергілікті мұнай мен газ өндірісін алға қою мен корпорациялардың салығын төмендету уәдесін меңзейді. Дональд Трамптың айтуынша, Париж келісімі өндірісті шектейді және импорттық энергияға тәуелділік тудырады. Ал корпорациялардың салығын төмендету жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болады-мыс.

Еске сала кетсек, Дональд Трамп 2017 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта да АҚШ президенті болған. Ол 2016 жылғы АҚШ президенттік сайлауында Демократиялық партияның кандидаты Хиллари Клинтонды жеңіп шықты. Осылайша Камала Харрис Трамптан жеңілген екінші президенттікке үміткер әйел атанып отыр.

Бірақ саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің айтуынша, оның жеңілуіне гендерлік факторлар басты себеп болмады. «Біріншіден, экономикалық жағдай қазір демократтар жағында емес. Оның үстіне, АҚШ қоғамында истеблишменттен, яғни демократтардан шаршау бар. Үшіншіден “Байден эффектісі” деп айтар едім.

ҚАЗАҚСТАН САЯСАТЫНДА АЙТАРЛЫҚТАЙ ӨЗГЕРІС БОЛМАЙДЫ

Маусымның соңында өткен президенттік дебатта Джо Байден өзінің менталдық, психологиялық жағынан ел басқаруға қаншалықты дайын емес екендігін көрсетті. Сол кезде ғана Камала Харрис кандидат болып, саяси додаға белсенді араласа бастады. Мұндай маңызды шара үшін төрт ай өте аз уақыт», – деді ол Oydetox-қа берген сұхбатында.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым билікке Дональд Трамптың келуінен Қазақстанға ешқандай қауіп жоқ деп санайды. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды. «Трамп осыған дейін де президент болды, сол кезде Қазақстан керемет бір опық жеп қалған жоқ қой. Меніңше, негізінен осы (АҚШ-та) республикалық (партиядан) президенттер болған кезде Қазақстанның АҚШ-пен қарым-қатынасы жақсы дәрежеде жүріп келді», – дейді ол.

Ресей Федерациясы президентінің хатшысы Дмитрий Песков та Дональд Трамптың жеңісіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Ресей мен АҚШ-тың қарым-қатынасы онсызда төмен деңгейде, сондықтан «оны одан әрі нашарлату мүмкін емес». «АҚШ президенттің инаугурациясынан кейін Украинаға қатысты сыртқы саясаттың траекториясын өзгертуі мүмкін. Америкалық истеблишментке ұшыраған басқа саясаткерлерге қарағанда Трамп мырза өзінің бейбітшілік орнатуға деген ұмтылысы туралы немесе соңғы украин қалғанға дейін соғысты жалғастырып, бейбітшілік жасау жайлы айтып келеді. Американың саяси көрінісі», – дейді ол Интерфаксқа берген сұхбатында.

Сайлау қорытындысы белгілі болғаннан кейін АҚШ-та Оңтүстік Кореядан таралған «4B» феминистік қозғалысы туралы ақпарат іздестірушілердің саны күрт артқан. Бұл қозғалыстың құндылықтарына сәйкес, әйелдерге еркектермен танысуға, жыныстық қатынасқа түсуге, ер адамдармен некеге тұруға және бала тууға болмайды. The Guardian жазуынша, 6 қарашада 4B қозғалысы туралы Google сұрауларының саны 450%-ға өскен. Сұраныс Трамптың демократиялық партиядан шыққан қарсыласы Камала Харрис жеңген Вашингтон, Колорадо, Вермонт және Миннесота штаттарынан тіркеліп отыр. Сондай-ақ TikTok желісінде де түрлі флешмобтар басталып, АҚШ әйелдері Камала Харристің жеңілісіне күйініш білдіріп жатыр.

Данагүл Науқанова, 

арнайы “Мінбер” үшін

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар