//

Қазақстан орыс тілі бойынша халықаралық ұйымға 43 млн теңге бөледі: Қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінде қала ма?

508 рет қаралды
1
фото: monitor.kz

Өткен аптада қоғамдық дүрліктірген резонансты оқиғаның бірі  – Мәжілістің жалпы отырысында «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру жөнінде шартты ратификациялау туралы» заң жобасының қабылдануы.

Ұйымға мүше ел ретінде Қазақстан оған жыл сайын 43 млн теңге бөледі. Аталған ұйымды құру туралы шартқа өткен жылы Бішкекте өткен ТМД мемлекеттері басшыларының саммитінде қол қойылған. Мүше елдер қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Ресей және Тәжікстан бар. Депутаттардың айтуынша, орыс тілін қолдау жөніндегі ұйым құрудағы басты мақсат – орыс тілін халықаралық және үкіметаралық ұйымдарда жұмыс тілі ретінде қолдануды дамытып, халықаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін бекіту.

«Қаржыландыру мүшелік жарналар есебінен болады. Ал ұйымның жалпы бюджетінің 8,6% Қазақстанға бекітілген. Бұл шамамен 43 млн теңге. Ұйымның штаб-пәтері Ресейде – Сочиде болады.

ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ САЯСАТ НҰРБЕК: ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІНЕ, ЖАЛПЫ ТІЛ САЯСАТЫНА ЕШҚАШАН ЫҚПАЛЫ БОЛМАЙДЫ

фото: prime minister.kz

Бүгінде әлем бойынша алты халықаралық тіл бар. Оларда өздерінің ілгерілету мен насихаттау ұйымдары бар. Ал орыс тілінде жоқ. Сол себепті осындай халықаралық ұйымды құруға ұсыныс жасалды. Біз сыртқы саясатымызда бірнеше халықаралық ұйымдарда коммуникацияны сақтап қалу үшін осы ұйымға қосылып отырмыз. Бірақ біздің ішкі саясатымызға, қазақ тілінің мәртебесіне, жалпы тіл саясатына ешқашан ықпалы болмайды. Саяси астары да, ішкі саясатқа ешқандай қатысы да жоқ», – деді бұған қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек журналистерге берген сұхбатында.

Ал депутат Айдос Сарым “орыс тілі – өркениеттің қақпасы” деп, “қазақ тілінің нарқы кең емес” деген пікір айтты. Оның айтуынша, орыс тілі ұйымы ағылшын тілін дамытуды көздейтін Британ кеңесі, қытай тілін ілгерілетуде жұмыс істеп жатқан Конфуций институты, француз тілін халықаралық қатынастарда дамытып отырған Франкофония одағы сынды жаңа халықаралық ұйым болмақ.

Мәжілістің тағы бір депутаты Ермұрат Бапи бұған қатысты “теңселіп, тербеліп тұрған әлемде біз үшін басқа балама қадам жоқ деп түсіну керек” дейді. Ол мұны “Тоқаевтың дипломатиялық саясаты” деп бағамдап отыр. Абайдың сөздерін тілге тиек етіп, орыс тілі ұйымын құру жөніндегі шешімді қолдайтынын жеткізген тағы да бір депутат – Серік Егізбаев. «Орыс әдебиетінің классиктерін қазақ тіліне тәржімалаған ұлы Абай өз замандастары мен ұрпақтарына мынадай өсиет қалдырған: “жамандықтан аулақ болып, жақсылыққа жету үшін басқа дағдылармен қатар орыс тілі мен орыс мәдениетін білу керек», – дейді ол өз сөзінде.

Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру шарты мәжілісте ратификациялағаннан кейін оған президент қол қоюы қажет. Ресми жұмыстар толық біткеннен кейін, ұйымға мүше 6 елдің атынан министрлер жиналып, жұмыс стратегияларын нақтылайды. Бұл шамамен 2025 жылдың басына жоспарланып отыр. Орыс тілін ілгерілету жөніндегі халықаралық ұйым құру идеясын 2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған. Ол 2023 жылғы Бішкектегі ТМД жетекшілері саммитінде қабылданған ұйым құру туралы келісімді “тарихи шешім” деп атады. Оның айтуынша, мұның бәрі аймақты ынтымақтасты дамытып, достық қарым-қатынасты сақтауға оң ықпал етеді. Мемлекет тіл күні бүгінге дейін дискриминацияға ұшырап, орныға алмай жатқан тұста орыс тілі ұйымын құру туралы шешім халықтан қолдау таппады. Қазақстандықтардың көпшілігі әлеуметтік желіде наразылық білдіріп, заң жобасын сынап жазып жатыр.

Данагүл Науқанова

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Қорыққанға қос көрінеді. Бұл таза жағымпаздық. Орыс тілі бізге терістіктен қорған бола алмайды. Олай деул құр сандырақ. Біздің басты жауымыз – Біздің Байлығымыз!!! Біздің жеріміз, біз содан қорғануымыз керек! Қалай? Осыған бас ауырттсын! Орыс тіліне жармасу өздерінің орынын сақтап қалу үшінгі айласы!!!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар