///

Үй-күйсіз жалғызілікті әрі көпбалалы ананың мұңы: Құдайдан күн сайын тілейтінім — өз баспанамның болуы

870 рет қаралды

«Менің өмірімді қағазға түсірсе, 3-4 том кітап шығатын шығар», – дейді жалғызілікті әрі көпбалалы ана Гүлбақыт Сәкенқызы (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді – ред).

Тұрғын үй бағасы шарықтап, күнкөріс қиындаған заманда төрт баланың анасы жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Мемлекеттен алатын жәрдемақысы мен үй иесінің түсіністік танытуы – оның осы күнге дейінгі тіршілігінің басты тірегіндей. Кейіпкердің түсіне жиі кіретін бір ғана арман бар. Ол – өз баспасы.

 «Түсімде өз үйімде жүремін. Емін-еркін, кеудемді кең ұстап. Балаларым мәз-мейрам, асыр салып ойнап жүреді. Құдайдан күн сайын тілейтінім — өз үйімнің болуы. Бір күні сол арманның орындаларына сенемін. Құдай жеткізер. Бүгінгі барымызға да шүкір. Бастысы деніміз сау, амандық болсын. Үміт үзілмесін», – дейді көпбалалы ана. Үйге қонақ келсе қуанатын кейіпкеріміз дастарқанын жайнатып, бізді тосып отырған екен.

«ӘКЕЛЕП ШЫҚҚАН БАЛАМ…»

«Әлихан баламның сөйлей бастаған шағы еді. Үйдің маңында Перизат пен Еркебұлан есімді көршілеріміз тұратын. Олар кейін Таразға көшіп кетті. Сол көршінің достары үйге келген бір сәтте, менің балаларым есікке қарай жүгіріп шығып:

– Әке! Әкем келді! – деп дауыстады…

Сол сәтте жүрегіме ине қадалғандай болды. Баламның ішкі сағынышы, үнсіздікпен іште тұншыққан құсалығы сыртқа шықты. Бұған дейін өз басымнан мұндай сезімді өткермеген едім. Бірақ дәл сол сәтте баламның жан дүниесін сезіп, өзім де іштей қиналдым.

Сол бір мезетте ойға беріліп кеттім: «Неге менің тағдырым осындай?», «неге дәл менің балаларым әкесіз өсуі керек?…».

Іштей қан жұттым. Көзімнен еріксіз жас сорғалады. Ана жүрегі бәрін сезгіш…», – дейді Гүлбақыт Сәкенқызы.

Кейіпкер бұл жағдайды қолдан жасамағанын, адамның қалауы бола бермейтінін, әдейілеп осындай күйге түспегенін айтады.

«Кім ажырасамын деп отбасы құрады?» – дейді ол.

Бастапқыда балаларының әкесімен бір шаңырақ астында өмір сүруді, отбасын сақтап қалу үшін талай рет әрекет етіп, тырысып баққан. «Бұрынғы күйеуім – балаларымның әкесі. Бәлкім, бір күні ақылға келер, өзгерер деп ойладым», – дейді ол үнсіз күрсініп. Татуласуға, сөйлесіп көруге неше мәрте талпынып көрсе де, арадағы байланыстың соңы түсінбеушілікке ұласа берген. Кейіпкердің «бәрі жақсы болып кетер» деген үміті толастамаған.

«Иә, қарым-қатынасымызды өзгерту барысында басында өзгере бастайды да, кейін қайта сол ескі әдетіне баса берді. Қол көтеретінін де жасырмаймын. Көбінде ойымыз бір жерден шықпаған соң, келіспеушілікке тап бола бердік. Сондай жағдайларда мен оны, ол мені қолдамайтын кездер жиі болатын. Соңында ол келіспеушіліктің аяғы ұрысқа жалғасатын», – дейді Гүлбақыт.

Кейіпкердің айтуынша, бастапқыда күйеуі әпкесімен бірге көлік жуу орнын жалдап, шағын бизнес жүргізген. Сол уақытта отбасы Алматыдағы Шаляпин мен Момышұлы көшелерінің қиылысында, Спутник сауда орталығының маңында бір шаңырақ астында тұрған. Қазір он жастағы Аслан мен он төрттегі Сабина (кейіпкердің өтініші бойынша есімдері өзгертілді – ред.) Әуезов ауданында дүниеге келген. Анасы балаларын сол маңдағы перзентханада босанғанын еске алды.

«Әкесі, бірақ, балалары дегенде жанын беруге дайын тұрады. Балаларымның әкесі, бұрынғы заңды некедегі күйеуім қолма-қол ақша бермейді. Анда-санда келгенде, балаларының шашын алып, киімін сатып алып беріп, киіндіріп кетеді», – дейді ол.

«Қайын әпкелерім жақсы. Әлі күнге дейін араласамыз. Адамның жаманы болмайды ғой. Жақсы не жаман қарым-қатынас құру адамның өзіне байланысты. Әр жасаған ісіңнің өнімін аласың. «Жақсылық қылсаң – өзіңе, жамандық қылсаң – өзіңе» деген. Қайын әпкелеріме рақмет. «Азық-түлігің бар ма?», «Алашқа (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді – ред.)  киім алып берерсің» деп қажет кезде қаржылай жәрдемдесіп тұрады. Балаларым өз туған күнінде әйтеуір бір байып қалады…», – дейді кейіпкер.

«КҮЙЕУІМ БІЗДІ ІШІМДЕГІ БАЛАҒА 7 АЙ БОЛҒАНДА ҚАЛДЫРЫП КЕТТІ»

Гүлбақыт Сәкенқызы бұрынғы күйеуі Бағжанмен (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді – ред) жеті жылға жуық бірге өмір сүрген. Құрсақтағы төртінші баласына жеті ай болған кезде, жұбайы отбасын тастап кеткен. Гүлбақыт Сәкенқызының сөзінше, «алғашқы жылдары бәрі де жақсы болған, тұрмыстық жағдай да жаман деп айтуға келмеген». «Уақыт өте келе күйеуімнің маған деген көзқарасы өзгере бастағанын байқадым», – дейді ол. Кейіпкер күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін жасырмайды.

«Күйеуіммен жеті жылдай бірге өмір сүрдік. Төртінші баламызға жеті ай болғанда, ол бізді тастап кете барды. Қарым-қатынаста қиындықтар пайда бола бастады. Басында бәрі жақсы еді, қаржы жағынан да қиындық көрмедік. Бірақ уақыт өте келе, күйеуімнің маған деген көзқарасы өзгере бастағанын байқадым. «Бақытты отбасы» бағдарламасында әлеуметтік қызметкер болып істеп жүрген кезде жанымдағы әріптестерімнің жарымен қарым-қатынасына қарап, күйеуімнің тарапынан адал сезімнің, махаббаттың, қолдаудың жоғын түсіндім. Жұмысқа көбіне бозарып, ішкі күйзелісімді жасырып барып жүретінмін. Күйеуімнің қол көтергенін жасырмаймын. Бәріне шыдап, төтеп беруге тырыстым, бірақ ақыры төзе алмай, соңғы шешім ажырасуға келіп тірелді», – дейді ол.

«Ешкімге сыр білдірмедім. Үйдегі жағдайды сыртқа шығарып көрмеппін». 

2021 жылғы желтоқсан айының 23-і босанған. Бірақ бұл қуанышты сәтте жанында жұбайы емес, көршілері болған. Перзентханадан көрші әйелдер қарсы алып шыққан. Кейін балаларына сол кісілер қарап, қолдау білдіріп, жалғыз қалдырмаған.

«Толғатқан күні, мектептегі қызым мен ұлымның мұғалімдеріне хабарласып, оларды сабақтан сұрап алуға тура келді. Әйтпесе оларды да қараусыз қалдырып кете алмаймын. Дәрігер желтоқсанның 25-і күні үйге жіберді. Жаңа Жыл жақындап қалған, бірақ дастарқанда құр нанмен отыра алмайсың ғой. Сәбиіме үш-төрт күн толған еді. Жаңа туған сәбиді қымтап-орап, өзім де жылы киініп, көршілеріммен бірге дүкенге барып келдік», – дейді ол.

Кейіпкер алғашқыда ешкімнен көмек сұрамағанын айтады. Бірақ бір айдан кейін таныс әпкелері оны «Клуб добряков» атты қайырымдылық ұйымы арқылы көмекке мұқтаж отбасылар тізіміне тіркеп қойғанын білген. «Бір бала болса, өзің алып шығар едің. Бірақ бір балаң мектепке барады, екеуі кішкентай… Тамағы бар, киімі бар, жөргегі бар» деп, өз бетінше ұйымнан көмек сұрап жіберіпті».

Көп ұзамай ұйымнан Айғаным есімді ерікті келген. «Клуб добряков» деп аталатын қайырымдылық ұйымы кез келген уақытта, Ораза айында болсын қол ұшын созып тұрады. Сөздің шыны керек, өзімнің ет сатып алуға жағдайым келіңкіремейді. Келетін еріктілер тауықтың етін әкеп тұрады. «Клуб добряков» қайырымдылық ұйымы сезетіндей, қатты қиналып тұрғанда, енді не тамақ істеймін деп уайымға батайын деп тұрғанда қол ұшын созады. Қысылтаяң уақытта үй есігін тоқылдатып сол ұйымның еріктілері келіп тұрады».

«Сәбиім екі айға толғаннан кейін, күн сәл жылына бастаған уақытта күйеуіммен ажырасу үдерісіне кірісіп кеттім. Дәл сол кезең 2022 жылғы қаңтар оқиғасына келіп тірелгені тіптен жағдайды қиындатып жіберді», – дейді Гүлбақыт Сәкенқызы.

«ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ БАСТАЛҒАНДА ҚОРҒАУШЫСЫЗ ҚАЛДЫҚ»

Қанды Қаңтар оқиғасы басталған кезде, кейіпкер ресми түрде күйеуімен ажырасу үдерісінен өтіп жатқан. Үйде – кішкентай сәби, ал сыртта ел дүрліккен шақ.

«Интернетті өшіріп тастады. Айнала у-шу. Не болып жатқанын нақты білмейсің. Беймәлім адамдар басып кірсе қайтемін деп уайымдадым. Әкем хабарласып, «үйіңе барайын, қасыңда болайын», – деді.

Менде босанудан кейінгі күйзеліс басталып кеткен-ді. Мені ешкімнің мазалағанын қаламадым, жайыма қалдырыңдаршы дегендей күйде болдым.  Бірақ шындығында – барлығы қабаттасып келіп, бойымды қорқыныш билеп алған еді. Тіпті әлдебір жаман оқиға болса, балаларымды қалай қорғаймын деп, ойым сан-саққа жүгірді. Көршілерімнен жұбаныш таптым. «Егер бір жағдай болса, көршілеріммен бірге амалын табармыз» деген сенім болды», – дейді ол.

«БАЛАЛАРҒА БӘРІН ҚОЛДАН ПІСІРУГЕ ТЫРЫСАМЫН»

Кейіпкер бала күнінен бастап ас әзірлеуге ерекше қызығушылық танытқанын айтады. Тамақ пісіру – ол үшін күнделікті міндет емес, жан тыныштығы мен шығармашылық көзіне айналған іс.

«Үйде болсам, балаларға сырттан дайын тамақ алдыртпауға тырысамын. Бәліш, құймақты өзім пісіремін. Маған тек керек-жарағы: ұн, қант, май секілді азық-түліктің жеткілікті болса болғаны. Көкнәр қосылған, ірімшік салынған қатпарлы қамырды да өзім илеймін», – дейді ол.

«Бүгінгі тамақты әзірлей отырып, балаларға ертең қандай тамақ жасап беремін деп ойланып отырамын. Мектепте оқитын екі балам тегін ыстық тамақ жейді ғой. Бірақ соған қарамастан, бір-екі дана жеміс-жидек алып кетуін қадағалаймын», – дейді Гүлбақыт Сәкенқызы.

«ҚҰДАЙ ӘКЕ-ШЕШЕМДІ, ӘПКЕМДІ АЛДЫ»

Кейіпкер 2003 жылғы сәуір айын еш уақытта ұмытпайды. Сол жылы 9-сынып оқып жүргенде анасы қатерлі ісіктен көз жұмған. Бұл жағдай оның жас жүрегіне ауыр соққы болып тиген.

«Анам қайтыс болғанда жан дүнием астаң-кестең болды. Сабаққа да салғырт қарап кеттім. Өз-өзімді жоғалтып алғандай күй кештім. Ата-аналар жиналысына сыныптастарының анасы жаппай келгенде өзін құдды жетім сезінгенін еске алды. «Ананың орны бөлек қой», – дейді күрсініп кейіпкер.

«Ал бір жылдан кейін 2004 жылғы қазан айында 1976 жылы туған әпкем қайтыс болды. Жан дегенде жақын адамдарымның бірінен соң бірі мезгілсіз қазасы ауыр соққы болып тиді. Әпкемді әкеміз жерледі. 1979 жылғы туған ағамның өз бала-шағасы бар. Қайтыс болған әпкемнің Ақтауда тұратын Ержан есімді баласы, менің жиенім бар. Телефон жөндейді, түрлі аксессуарлар сататын дүкені бар. Үйдегі интернетке қосылатын құрылғыны да сол жиенім беріп жіберді. Жиенімді жақын тартамын. Оны көрген сайын, көз алдыма әпкемнің бейнесі оралатыны рас. Ол да анасынан 2 жасында көз жазып қалды», – дейді Гүлбақыт Сәкенқызы.

«ӨЗ ҮЙІҢДЕ ІШКЕН ҚАРА СУ ДА ТӘТТІ БОЛАДЫ»

Кейіпкер үшін баспананың жалдамалы не меншікті болуы маңызды емес. Бастысы, балаларымен бірге бір шаңырақ астында тұрып жатқанына шүкіршілік етеді. «Ең бастысы адалынан төлеп, мекен етіп отырған үйіміз бар. Жалдамалы болса да. Барым – балаларым жанымда», – дейді Гүлбақыт.

Ол төрт баласымен бірге бір бөлмелі жер үйді жалға алып тұрып жатқанына сегіз жылдан асқан. Көпбалалы ана ретінде мемлекеттен алатын жәрдемақы – оның негізгі табыс көзі. Гүлбақыттың сөзінше, жалдамалы үйдің айлық төлемі – 45 мың теңге, коммуналдық қызметпен бірге бұл сома 50 мың теңгеге дейін жетіп қалады.

«Осы бір бөлмелі үйді жалға алып тұрғаныма 8 жылдың жүзі болды. Үй иесі жағдайымызды түсінеді, қарайласып тұрады. Айдың 11-і мен 12-сінде көпбалалы ана ретінде алатын жәрдемақы түседі. Қаңтардан бері 4 балаға 63 029 теңге алып жүрмін. Бұған дейін 59 183 теңге болатын. Үй ақысын айдың 28-іне дейін төлеу керек, бірақ мен шама-шарқыма қарай, жәрдемақы түскен күні салып жіберемін. Жалдамалы үй ақысы – 45 000тг, ал коммуналдық төлеммен 50 000 тг-ге жетіп қалады. Ертеңгі күні үсті-үстіне үйіліп кетсе өзіме қиын болып қалады. Оны да бастан өткергенмін. Үй иесі зейнетке шыққан соң, келген адамды уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеуге қояды. Барлығы заңды түрде жасалады. Осы бірінен соң бірі жалғасқан үй тізбегі 1 адамның атында», – дейді ол.

«АҚШАДАН ҚЫСЫЛҒАНДА ЖҰМЫСҚА ШЫҒУЫМА ТУРА КЕЛЕДІ»

Гүлбақыт Сәкенқызы жазғы демалыс кезінде екі баласы мектептен босай салысымен, тыным таппай жұмыс істейтінін айтады. Көрші қыз-келіншектермен бірігіп, клининг саласында – үйлерді тазалау жұмыстарымен айналысады. Бұл – күнкөрістің бір жолы.

«Көрші 2-3 қыз болып баратын болсақ, нан-шайымызға жететін қаражатты табуға болады», – дейді ол.

Алайда кейде отбасының қаржылық жағдайы нашарлап кеткенде, амалсыз жұмысқа сабақ уақытында да шығуға тура келетінін ашып айтты. Мұндайда үлкен қызының мектептегі мұғаліміне хабарласып, жағдайын түсіндіретінін жасырмайды. 

«Сондай бір 3 ай демалыстың кезінде Сафура есімді апайдың 3 қабаттан тұратын үйінің қызметшісі болып істедім. Таңғы 09:00-дан кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істедім. Жалақым 100 000тг болды. Жақсы болды. Қызметіме  тамақ жасап қою, күрделі тазалау кірді.  Сол кісі де бұрын көмектесіп тұратын. Ораза, Айт кезінде ет алып келеді», – дейді Гүлбақыт Сәкенқызы.

«Үйді тазалау жұмысы оңай емес. Таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек. Терезеден бастап еденге дейін — бәрін жуа отырып, кешкі сағат 17:00-ге дейін аяқтауға барымды саламын. Түскі асқа әрі кетсе жиырма-ақ минут. Бірақ сол еңбекпен балаларымның несібесін үйге алып келемін. Жазғы демалыс кезінде қызым да менімен бірге барды. Өзіміздің үйге келген соң, жерде жатқан жастыққа басын қойып, қалғып кетіпті. «Мама, ұйықтап қалыппын ғой, шаршаппын», – деді. Сол бір сәтте жүрегім елжіреп, көзіме еріксіз жас келді. Қызым қол ұшын созып, еңбектің қандай болатынын, ақшаның қалай, қандай термен келетінін көрді, түсінді.  Сол бір күндік жұмыстан түскен ақшаға бір нан, бір бөтелке сусын, сүт аламын. Сол жұмысты бірге істейтін көрші қыздармен ең бірінші дүкендегі науқанда тұрған арзан тауарларға көз жіберетініміз өтірік емес», – дейді ол.

«МЕН ЖАЛҒЫЗ ЕМЕСПІН»

Кейіпкер өзіндей жалғызілікті аналардың аз емесін айтады. Әсіресе Алматы секілді ірі қалада тұрмыс тауқыметін жалғыз көтеріп жүрген әйелдің көп екенін алға тартады.

«Мен сияқты жалғызілікті ана көп. Ал жауапкершіліктен қашатын әкелер қанша».

Кейіпкер тұрғын үй алу үшін мемлекет тарапынан қойылатын талаптар мен мүмкіндіктерді мұқият зерттеген. Айтуынша, жалғызбасты әйел ретінде баспана кезегіне тұру қиын болған. Сондықтан бұрынғы күйеуімен алимент төлеу туралы ресми келісімге бармаған.

«Жалғызбасты әйел ретінде үй алу мүмкін емес болса, көпбалалы ана ретінде бағдарлама барын білген соң осындай шешім қабылдауыма тура келді», – дейді көпбалалы ана.

«Бұрынғы күйеуіме: «Алимент беруіңді сұрамаймын. Баспана алу үшін үй кезегіне тұруым керек» деп о бастан айттым. Үшінші балам дүниеге келгенде үй кезегіне тұрдым. 5700-ден 5400-орынға түстім. Орным қаншаға жылжығанын күніге тексеріп тұрамын. Қателеспесем, қазір 5413-ші орынға жайғастым. Ол үйді қашан алатынымыз беймәлім». 

 «ҚЫСТЫҢГҮНІ ЕСІКТІ ЖАУЫП, ГАЗДЫ ҚОСЫП БАЛАЛАРДЫ ШОМЫЛДЫРАМЫН»

Кейіпкердің шағын үйінде тұрмысқа керек жағдай шектеулі болса да, тазалық пен ұқыптылыққа мән берілген. Балаларының тіс щеткасы қаз-қатар тізіліп тұр. Әжетхана далада. Бірақ үйдің ішінде ыстық су бар.

«Балаларды шомылдырарда кіреберістегі кілемді түріп, айналдырған бір есікті жауып қоямын. Үлкен тазикке су құйып, екі кішкентайымды сонда шомылдырамын», – дейді Гүлбақыт Сәкенқызы. 

Қыстың аязды күндері бөлме суып кетпес үшін газ пешін қосып қояды. Содан кейін ғана балаларын суға түсіруге кіріседі.

Кейіпкердің айтуынша, бір бөлмелі үйдің әр бұрышы – әрі асхана, әрі жатын бөлме, әрі ойын алаңы.

«Ұйықтар алдында дастарқан жайылатын ас үстелін көтеріп алып, орын алмайтындай етіп тігінен қақитып қойып қоямыз. Сосын жайма-көрпелерді төсейміз. Екі кішкентай балам қабырғадағы қағазды (обои) қолымен тырмалап, жыртып тастаған. Бірақ 9-сыныпта оқитын қызым екеуіміз үйді барынша таза ұстап, көзге көрікті етіп безендіруге тырысамыз», – дейді ол.

Кейіпкердің ендігі жоспары – ас үйдің қабырғасын әктеп, ізбестеп шығу.  Баспана өзінікі болмаса да, онда тұратындардың жүрегі мен қолының жылуы сезілетін мейірлі кеңістік.

«ДЕР КЕЗІНДЕ КҮТІНБЕГЕНДІКТЕН АЛЛЕРГИЯМ АСҚЫНЫП, АСТМАҒА АЙНАЛДЫ»

Кейіпкердің кенже ұлы Әлихан (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді – ред.) туғанынан аллергияға бейім. Анасының айтуынша, сәби шағынан бері нәзік, аурушаң.

«Ал өзімде бұрыннан бар маусымдық аллергия дер кезінде емделмей, қазір бірінші сатылы астмаға айналып кетті. Көбіне ингаляторды қолданамыз», – дейді ол.

Қазір ана мен баланың жағдайы «Пульмикорд» деп аталатын дәрі-дәрмекке тәуелді. Бұл дәрі-дәрмек, әсіресе, аллергия асқынған шақта тұрақты түрде қажет. Бес данасы 4500 теңге тұрады. Кейіпкер кейде «Клуб добряков» қайырымдылық ұйымының көмектесіп, дәріні әкеп беретінін айтады. 

«Тынысым тарылып, ауа жетпей қалатын кездер болады. Аллергияны бастапқыда тек мұрынға тамызатын  «Кларитин» дәрісімен ғана басып жүре беріппін. Бірақ сол немқұрайдылықтың салдары енді алдыңнан шығады екен. Қазір дәрігерлер тек ингаляция арқылы ғана тынысымды қалпына келтіруге болатынын айтты. Ең қиыны – жүйкеме салмақ түскен сайын ауруым асқына түседі. Кейде ішімде буырқанып жатқан уайымның «тұншықтыратынын» байқаймын. Халық айтқандай: ауру – жанның жарасы, жүйке әлсіресе, дене де әлсірейді екен…», – дейді Гүлбақыт Сәкенқызы.

«Сыз үйде тұрғандықтан балам ауру болды»

Кейіпкер өзінің аллергияға бейімдігі құрсағындағы балаға да әсер етпей қалмағанын айтады. Үшінші ұлы Алаш дүниеге келген соң, арада екі күн өтпей жатып, денесінде белгісіз бөртпе шыға бастаған.

«Бала мазасызданып, ұйқысы бұзылды. Қатты уайымдадым. Сосын өзіміздің емханадағы абзал жан – Шырын есімді дәрігерге хабарластым», – дейді ол.

Кейіпкер баласының жағдайын фотоға түсіріп, дәрігерге жолдаған. Шырын есімді маман сәбидің бойындағы белгілерге қарап, бірден диагнозын анықтаған.

«Ол кісі бірден мұның аллергия екенін айтты. Дереу асматиктерге арналған арнайы екпенің 2 миллилитрін салды», – дейді анасы. Араға үш күн салып, баланың беті бері қараған. Бөртпелер алғаш шыққан бетінен бастап, біртіндеп жоғала бастаған. Қыс мезгілінде Алаш екеуіміз ингаляторды құшақтап отырамыз. Кейде ауа жетпей, тынысымыз тарыла түседі. Үйіміз болса – ескі әрі сыз тартады. Қыста үй ішін ылғал басады, қабырғалардан суық өтіп тұрады. Сол сыз үйде аллергия одан әрі асқынады екен.  Үйдің ылғалды ауасы, ескі терезеден өтіп тұратын суық леп – менің де, балаларымның да денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр», – дейді Гүлбақыт Сәкенқызы.

  «БАЛАЛАРЫМНЫҢ БІЛІМІНЕ БАСА НАЗАР АУДАРАМЫН»

«Салауатты өмір салтын ұстанамын. Жаман әдеттерім жоқ. «Бала ұясында не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді емес пе? Балаларым жетім емес. Балаларыма бәріне құрметпен қарап, алғыс айтуды үйретемін. Балаларымның тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге тырысамын. Аслан балам математикаға бейім, сол пәнді жақсы көреді. Өзім гуманитар бағытына жақынмын. Орыс, ағылшын тілдерін жақсы деңгейде білемін. «Аналогтық тарату технологиясы» бағыты бойынша, байланысшы мамандығын меңгергенмін. Қазір қызым өсіп келеді, жаратылыстану бағытындағы пәндерге қызығушылығы бар. Бірақ мамандыққа келгенде, бір шешімге келе алмай жүр. Бортсерік болып, әлемге саятхаттығысы келеді. Ана ретінде балаларымның тек бақытты болғанын қалаймын».

***

2024 жылғы дерек бойынша, ел көлемінде үй кезегінде 646 082 адам тұрған. Олардың 116 244-і немесе 18%-ы көпбалалы ана. Баспана кезегінде тұрғандардың 39,5%-ы – халықтың әлеуметтік осал тобы, ал 32,3%-ы – мемлекеттік қызметшілер, 9,7%-ы – жетім балалар.

Ұлттық статистикалық бюросының дерегі бойынша, 2024 жылы АХАТ органдары Қазақстан Республикасында 123,6 мың неке тіркеді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,2% артық.  Некелесудің жалпы коэффициенті – 6,13 (1000 адамға). Некелескендердің көпшілігі Астана қаласында болса, некеге тұрудың ең төменгі деңгейі Батыс Қазақстан облысында – 1000 адамға шаққанда 5,58 неке.

Қалалық жерлерде 82,1 мың неке (66,4%), ауылдық жерлерде 41,5 мың неке (33,6%) тіркелген. Алғаш неке құрған ерлердің орташа жасы 27,9 жас болса, әйелдер үшін – 25,2 жас. 2024 жылы неке жаз айларында көп тіркелген: маусым – 11 675, шілде – 13 739, тамыз – 12 936 бірлік.

2024 жылғы ажырасудың жалпы саны 40,5 мың болды. Қалалық жерлерде 30,1 мың ажырасу (74,4%), ауылдық жерлерде – 10,4 мың ажырасу (25,6%) тіркелген. Ажырасудың жалпы коэффициенті – 2,01 (1000 адамға).  Ажырасудың ең жоғары деңгейі ШҚО-да, 1000 адамға шаққанда 3,12 коэффициентімен, сондай-ақ Қарағанды (3,11) және Павлодар (3,09) облыстарында байқалды. ажырасудың ең төменгі деңгейі Түркістан облысында – 1000 адамға шаққанда 0,90.  Неке ұзақтығы бойынша ажырасудың ең көп үлесі (35%) 1-4 жыл некеде тұрған отбасылар арасында, ажырасулардың 25%-ы 5 жылдан 9 жылға дейін бірге тұрғандар арасында, тағы 8%-ы неке тіркелгеннен кейін бір жыл ішінде ажырасқан.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының 2023 жылы жүргізген әлеуметтік зерттеуі толық емес отбасылардың алдында тұрған басты қиындықтарды нақты көрсетіп берді. Зерттеу нәтижесі бойынша, еліміздегі жалғызбасты отбасының басым бөлігі (73,3%)  ажырасудың салдарынан пайда болған. Бұдан кейін тіркелмеген некеден туған отбасылар – 13,3%, ата-анасының бірінің қайтыс болу жағдайы – 6,7%, сондай-ақ «өзі үшін туғандар» деп аталатын санат – 6,7%.

Зерттеуде жалғызілікті ата-аналардың жиі кезігетін басты мәселелері ретінде материалдық және экономикалық қиындықтар көрсетілген. Олардың қатарында қаржы тапшылығы, баспана мәселесі (жоғары жалдау ақысы, ипотекалық жүктеме) және әлеуметтік тұрақсыздық бар. Ажырасу отбасының экономикалық ресурсын күрт төмендетеді. Нәтижесінде, ата-ананың бірі барлық жауапкершілікті — баланы оқыту, денсаулығын қамтамасыз ету, күнделікті өмір сүруге қажетті шығындарды жалғыз өзі көтеруге мәжбүр.

 Редакциядан: Құрметті оқырман, кейіпкерге азық-түлік, дәрі-дәрмек немесе басқа да тұрмыстық қажеттіліктер бойынша жәрдемдескіңіз келсе, мына байланыс нөміріне хабарласа аласыз және ақшалай көмек аудара аласыз: 📞 8 – 747 – 901 – 11 – 16 (Гүлбаһар Сейтімбетовна). Бұл — Гүлбақыт Сәкенқызының туысқан әпкесі.

Бағдат Сұлтанқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар