Мамырдың 10-ны күні Шри-Ланканың Коломбо қаласында басталған бокстан U22 Азия чемпионаты ресми түрде аяқталды. Сары құрлық додасының шымылдығын 22 жасқа дейінгі ерлер жапты. Бұл сында қазақ боксшылары 10 алтын медаль жеңіп алды. Ол туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің «Спортты дамыту дирекциясының» баспасөз қызметі мәлімдеді.
13 салмақтың жеңімпаздары анықталған жарыста Қазақстан құрамасынан тек 54 келідегі Кенже Мұратұлы ғана бірінші жекпе-жекте есе жіберіп, жүлдесіз қалды. Ал қалған 12 салмақтағы жігіттер финалға дейін алқынбай жетіп, чемпиондық атаққа таласуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде Бақыт Сәрсекбаев баптайтын жігіттер 10 алтын, 2 күміс жүлде иеленді.
Азия чемпионатында Тілеуберді Сүлеймен (48 келі), Диас Берікбай (51 келі), Жасурбек Анорбаев (57 келі), Нұрислам Қалдыбаев (60 келі), Бақтияр Анарбаев (67 келі), Ағажан Қадыр (71 келі), Аман Қонысбеков (75 келі), Бақберген Әлиасқаров (80 келі), Ибрагим Бетаев (86 келі) және Азатбек Жолдасхан (92 келі) алтын жүлдегер атанса, Сералы Жолмағанбет (63,5 келі) пен Ерсұлтан Сапар (+92 келі) күміс еншіледі.
Ерлер бәсекесінде жоғары нәтиже көрсеткен Тәжікстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс, 3 қоламен үштікті түйіндесе, 2 алтын, 4 күміс, 3 қола еншілеген Қырғызстан боксшылары екінші, 10 алтын, 2 күміс жеңіп алған Қазақстан құрамасы айқын басымдықпен жеңімпаз атанды.
Бұған дейін 22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатында ел құрамамы 2023 жылы Таиланд Корольдігінде өткен додада 3 алтын, 3 күміс, 5 қола жеңіп алса, 2024 жылы Астана төрінде 13 боксшымыз да финалға шыққанымен, 8 алтын, 5 күміс медаль иеленді.
Айта кетейік екі аптаға жалғасқан сары құрлық додасында 19 елден келген боксшы сынға түсті. Тек Қазақстан құрамасы ғана толық құрамда өнер көрсетті.
Шри-Ланкаға барған қазақстандық тілшілерге берген сұхбатында жастар құрамасының аға бапкері Бақыт Сәрсекбаев жігіттердің өнеріне көңілі толатынын айтты.
– Боксшыларға қолдау көрсеткен барша жанашыр жанға алғыс білдіремін. Алдағы мақсат «World boxing» ұйымы ұйымдастыратын Азия чемпионатында бақ сынау. Соған дайындаламыз, – деді Бақыт Сәрсекбаев.
Түгелбай Бисен,
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру
істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясының» баспасөз қызметінен
Парақшамызға жазылыңыз