Сәкен Сейфуллин «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы 15-ақпан күнгі №66 санында «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақаласын жазыпты. Осы мақаласында «Бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз» деп келді… енді бұл тарихи қатенің түзетілуге керек екенін жұртқа айтқым келеді. Қазір әр жерде осындай тарихи қателерді түзетті… Мәселен, Хиуаны қазір «Хорезм жұрты» дейтін болды. Сартты «өзбек» дейтін болды. Һәм бұл түзетіліп қойған аттарды Совет үкіметі қолданып кетті… Енді ол күндер өтті. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» депті. (Сейфуллин Сәкен. Көп томдық шығармалар жинағы,-Алматы:»Қазығұрт» баспасы, 2005. Т. Әңгімелер. Публицистика.-150-151 бетте). Осы мақаланы оқығаннан кейін, қазір кейбір тарихи есімдерді, адам аттарын қазақ тілінде дұрыс атап жүрміз бе, сол советтік таныммен, еуропа және орыс ғалымдарының жазғанын ғана місе тұтып, өз бетімізбен өзімізше ойланбай, солар салған соқпақпен «батысты шығыс» деп тар шеңбердің ішінде қалғамыз жоқ па деген ойға келдім. Мәселен, қазақ тарихының Алтын Орда заманының аса көрнекті өкілі, ғалым-тарихшы М. Мағауиннің айтуынша болашақ Алтын Орданың іргесін берік бекіткен Жошыұлы Батудың аты да әлі күнге дейін бір ізге түспепті. Оның ат-атағы да бізге кейін жетті. Сол баяғы еуропалықтар қалай атады, солай атап келеді екенбіз. Бұл біздің төл тарихымыз әр заманында, өз тұсында жинақталып, жазылып, хатталып, шотталмағандықтан болар. С. Сейфуллин айтқандай «енді ол күндер өтті», енді сол қатаны түзетуге болады ғой. Сөйте тұра сол ұлы адамның есімін қазақша атайық деп біздің не тарихшы-ғалымдарымыз, не әдебиетші, жазушыларымыз ой қозғамаған екен. Тіпті ол туралы тарих, тарихи роман жазушылар да ол жайында ескермей ескі ізбен кете берген екен.
Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уалихановтан бастап қазақтың барлық тарихшы ғалымдары мен жазушылары орыс ғалымдарының жазба ескерткіштерін негізге алыпты. Мәселен Ш. Уалиханов Орыс ханның шежіресін таратқанда Григорьев Орыс хан Батыйдың тікелей ұрпағы дейді деп көрсетеді. (Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пять томах. – Алма-Ата: Главная редакцияКазахской советской энциклопедии: Том II. 1985.- 162 стр). Бұл жерде Батый деп отырғаны, орыс тілінің грамматикасы бойынша «ы» әрпі қазақ тілінде «ый» болып оқылады. Қазіргі біздің орыс тілділердің Алматыны Алматы емес, Алматый деп айтатыны сияқты.
Ал тарихатшы ғұлама Мұхтар Мағауин «Шығыс Дәшті әмірі, дала жұрты хан деп таныған Жошы көлденең қазаға ұшыраған шақта, оның екінші ұлы , жаңа ұлыс – болашақ Алтын Орданың іргесін берік бекіткен Бату он сегіз жаста екен» деп бастайды «Алтын Орда» атты танымдық тауарихының бірінші бөлімінің «Батыс жорығы» тарауының «Ұлы қағанның таңдама немересі» деген тармақшасын. Және тауарихтың бірде бір жерінде Жошыұлы қалайша Бату аталғаны жөнінде айтпаған. Керісінше Сайын хан атауына тоқталған. «Бату көзінің тірісінде Сайын хан деген мәртебе алды. Тіпті, негізгі ныспысы есепті. Сайын хан, яғни, мейірбан, кең, ізгі, жомарт, ақылман, ғаділ, жарқын хан. Сайын хан» (Мағауин М. Алтын Орда. танымдық тауарих/М. Мағауин.-Алматы: «Magauin Publishing») деп тәптіштеп тұрып анықтама береді. Бірақ, Бату есімі туралы тіс жармайды. Демек, Мағауин де батыстық, көпке танымал танымнан ары аса алмай отыр.
Жошыұлының сүйікті ұлының есімін, моңғол тіліне жүйрік ғалым, тарихшы Зардыхан Қинаятұлы да қазақ тілінде дұрыс атап, таңбалап, тарихқа жазбады. Ол өзінің Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті, Жошы Ұлысы мен Алтын Ордаға қатысты барлық еңбектерінде Батуды Баты деп орыс тілінің «ы» дыбысының орфоэпиясы бойынша айтылымынан («ый») қысқа «й» дыбысын ғана алып тастап Баты деп жазды.
Мәселен би дейді: «1235 жылы Қарақорымда шақырылған Ұлы Құрылтайда «Империяның әскери-стратегиялық жағдайы мен Бағдат халифаты мен Русь, Еуропа жұртын жаулап алуды жалғастыру туралы» мәселе қаралды. Құрылтай Бағдат халифатына Оготор, Мөнхэт қолын, ал батысқа Баты бастаған «Тұңғыш ұлдар» тобын аттандыруға шешім қабылдайды… Жалпы майданды Жошыұлы Баты, атажұрттан аттанған әскери тобын Өгөдейұлы Күйік басқарды». (Қинаятұлы З. Қазақ мемлекеті және Жошы хан (Екінші басылым) – Алматы: «Ел таным баспасы. 2014.143-бетте). Демек, ғалым ағылшын тіліндегі нұсқасын басшылыққа алынғанын көрініп тұр. «The Golden Horde’s first khan, Baty, lived in the Desht-and – Kipchak steppe almost all his life». (Yesenberlin I. The Nomads/Translated by Oleg Chorakaev – Almaty: The IIyas Yesenberlin foundation, 2000.- 20 page.
Ал көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, Әлихан Бөкейханов 1913 жылы «Қазақ» газетінің 13-санында Қыр баласы деген лақап есіммен жариялаған «Моңғол халі» мақаласында бұ күнгі моңғол Шыңғыс ханның ата жұрты болатындығын, ал Шыңғыс ханның немересі Саян ханның дүниеге жайылған аты Бату, европаша – Бату, ол Рязань, Владимир, Москваны (1237 жыл), Киевті (1240 жыл) алып, Венгрияға жүремін деп тұрғанда үлкен хан Угедей опат болып, Бату жолдан қайтқанын нақтылап, анық жазады. (Бөкейханов !. Шығармалар, –Алматы: Қазақстан, 1994. – 201-202 беттер). Бұл жерден біздің аңғаратынымыз Ә. Бөкейханов Бату – Жошыұлының европаша есімі екенін астын сызып, анықтап ескертеді. Осы жерден сұрақ туындайды. Сонда, Батудың шын есімі кім болған? Сол үшін біз көне тарихи жазбаларға жүгінеміз.
Моңғол тілінде түбір сөздер түркі тіліндегідей жеке тұрып та, грамматикалық жағынан түрленіп те дербес сөз болады. Біз Бату, Баты, Батый деп әр түрлі аталып жүрген есімдердің түпкі қайнар бұлағы моңғол тіліндегі түбір сөз, негізгі морфема бат деп білеміз. Бат түбірі ешқандай қосымшасыз жеке тұрып, белгілі бір мағынаға ие, сондықтан ол негізгі түбір. Ал оның жоғарыда келтіргеніміздей әр түрлі жазылуы һәм оқылуы моңғол тілінің грамматикалық ережесін дұрыс түсінбегендіктен туындаған. Мәселен моңғолдар Шыңғысхан заманында XIII ғасырда көне ұйғыр жазуын қолданғаны белгілі. Монғолдың тарихи жазбаларында6 кейінгі шыққан ғылыми еңбектерінде ұйғыржин бичиг (ұйғыр жазу), (жөргем жазу – Зардыхан Қ.) ережесі бойынша тұйық буынды түбір сөздер соңына дауысты дыбыс қосымша алып жазылады. Мысалы: орд (орда) – орду, бэрх (қиын, ауыр, қатыгез) – бэрхэ, бэх (сия) – бэхэ тағысын тағы. Ал біздің есепке алып отырған бат деген сөзіміз бату болып жазылады. Бат болып оқылады. Осы тарапта моңғол тілінің «их» деген аз, кіші деген сөздің қарсы мағынасында айтылатын сөзді көне жазылуы бойынша оқып «еке» деп жазып жүргеніміз де қате. (Монгол хэлний товч тайлвар толь. Зохиосон Я. Цэвэл. Улаанбаатар.-1966.-79 хуудас). Қазіргі моңғолдар Бат хаан деп айтып, айтылымы бойынша дұрыс жазып жүр.
Жошының екінші ұлының лақап есімі Сайын, Саян атауының мағынасын жоғарыда атап өттік. Ал Бат есімі қандай мағына, ұғым беретініне тоқталар болсақ: Жошыұлының есім сойы көне моңғол тілінің әйдік бір сөзінен алынғаны белгілі. Түрік-моңғол заманында, түрік мұсылман, моңғол будда болмай тұрған заманда кісі есімдерінің түркі-моңғол тілдеріндегі жақсы мағына беретін сөздерден қойылған белгілі. Осы үрдіс, бабалық салт бойынша Шыңғыс хан да өзінің сүйікті немересін мықты, берік, бекем болсын деп Бат деп қойса керек-ті. Бат сөзінің моңғол тіліндегі мағынасы берік, бекем, мықты. (Б. Базылхан. Моңғолша – қазақша сөздік. Өлгий.- 1987.- 20 бет). Және оның өте деген сөзімізге сәйкес келетін күшейткіш қабылеті де бар. Бат бэх – өте мықты, өте берік. Ал бату сөзі алғашқы үдерісті, жақсы ниетпен, ілкімді лепеспен қойылған есімнің мүлдем кері мағынасын беретін, батуы несі дейтіндей (күннің батуы, әлде бір заттың суға батуы сияқты!) атауға айналып отырғанын да ескерген жөн.
Осы айтқандарымызды жинақтай келе мынадай қорытынды шығаруға болады. Біздің ғылыми еңбектерде, әдеби көркем шығармаларда, сондай-ақ ауыз екі тілде Бату, Баты, Батый деп әр түрлі атап жүрген хандардың ханы Шыңғыс хан баласы Жошының ұлының шын есімі Бат болса керек. Бат хан. Ал егер бұны қазақ тіліндегі Балқы, Бақы, Нылқы, Талқы, Барқы сияқты қалыптасқан атаулар қатарына қойып Қинаятұлы Зардыхан үлгісімен Баты, Баты хан деп атауға да әбден болады деп көреміз.
Парақшамызға жазылыңыз