////

Бақытбек Бәмішұлы. Махмұд Қашқари: тарығ дегеніміз дән

180 рет қаралды

Көне түрік тілінде өң, түс, реңді білдіретін көк, сары, қара сөздері қазіргі моңғол телінде қаз-қалпында қолданылады: көк – хөх, сарығ – шар, ал қызыл – ал улаан, қарақ – хар. Ал, қазақ тіліндегі баран, күрең, қоңыр, бурыл, кер, шабдар, құла, тарғыл, шұбар сияқты сөздердiң айтылуында ғана аздап өзгеріс бар. Бұлар моңғолша – бараан (баран), хүрэн (күрің), хонгор (қоңғыр), буурал (бурыл), хээр (кер), шавдир (шәбдір), хул-а (құла), тарлан (тарлың), цоохор(цоқыр) түрiнде қолданылады.

Көк түс – моңғол үшін де қасиетті, қастерлі өңнің бiрi. Хөх – аспан, Хөх тэнгэр – көк аспан, құдай (Көк Тәңiрi), құдiрет, жаратушы. Хөх чоно – көк бөрi – моңғолдың аңыздық ата тегi. Көк Түрік – Көк Моңғол. Заманында Көк Түріктің де, Көк Моңғолдың да байрақтары көк түсті болған екен. Ал Моңғолияда 1989 жылғы демократиялық шеру тартушылардың көтерген туының түсі көк болған-ды. «Көк» сөзі қазақ тілінде “жасыл” деген ұғымды да беретін болса, мұндай үрдіс моңғол тілінде де кезігеді. Мысалы, «хөх сарьс» деп жатады. Сарьс дегені ит, мысық сияқты аңның жасыл түсті тұмсық терісінің, сондай-ақ қой-ешкінің иленген терісінің атауы. «Хөх ногоо» – көк шөп. Жасыл түсті шыбынды  «хөх ялаа» дейді.

Моңғол тілінде егіншілік шаруашылығына байланысты тариа (егін), тарих (егу) деген сөздер бар. Түбір сөз көне түрікше («Сөздікте») – тарығ – дән, ал моңғол тілінде бұл мағынаны “үр” деген сөз береді. Бірақ, моңғол тіліндегі «егу», «егін» сөздері «үр» деген сөзден туындамайды. “Егінші” моңғол тілінде “үрчин” емес, тарығ+чин – тариачин (чин – жұрнақ). Егіншілік кәсібіне қатысты көне «тарығ» (дән) сөзінің қазіргі түріктер емес моңғол тілінен табылуы тіпті таңғаларлық жай. Қазақ тілінде «тары» (лат. Panicum) – бидай, арпа , күріш сықылды астық тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік, дән. Ал енді салыстырып көрейік:

Көне түрік тілінде тарығ – дән, моңғол тілінде тариа – егін, қазақ тілінде тары – астықтың (дәннің) бір түрі.

Осындай бірегейлікті этностардың (ұлттардың) мәдени, рухани, шаруашылық байланыстарының әсері, өз ара ықпалы деп қана шектеуге болмас. Бұның астарында түпкі бір тектілік мен мұндалап тұратыны бар екенін жатсынбай, жатырқамай, адалдықпен мән берілуі ақиқатқа жетелейді.(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар