Ұлттық академиялық кітапханада Әбіш Кекілбаев залы бар. Кейде осы жерге келіп, Әбекеңнің жұртқа беймәлім өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректерді оқимын. Әбекеңді Маңғыстаудағы үш жүзден асы әулиенің бірі деп халық текке айтпаған. Жұмабек Мұқановтың “Жүз күндік жалғыздық” атты қаламгердің қазасы жөнінде кітабында Әбекеңнің әулие әрі кемеңгер екені барынша дәлелденді. Әбекең бір түсінде “Мен Құдаймын” деп тілдескен адамды көреді. Түсін журналда бірге істеген пайғамбар аттас шын аты Мұхамедқали-Мұқағали ақынға жорытады. Ақын түбінде биіктеп, әйгілі боласың деп жақсы тілек тілейді. Осы бір тылсым дерек менің 2009 жылы Әбекеңе жазған хатымды қайта оқып, оны көшіріп, бір басылымға жариялауға себепші болды. Хат жөнінде белгілі тұлға, әбіштанушы, “Корифей” атты кітаптың авторы Сауатбекке бір отырыста айттым. Өзіңе дерек ретінде берейін дедім. Құдайтағала ойымды өзгертіп, хат туралы халық білсе екен деген оймен баспасөзге жариялауды жөн көрдім. Хаттың тоқетері ұлы Димеңді ұлықтаудың жолы және Қонаев қоластында істеген Әбкеңнен көмек сұрау еді. Өкініштісі, хатқа жауап келмеді. Аласапыран, дағдарыс кезінде бір минут уақыты жоқ Әбекеңнің хатты қарауға мүмкіндігі болмаған шығар деп топшыладым. Бұл жаратқаның бір жұмбағы болып қалды. Автор.
Еңбек Ері, қаламгер, кемеңгер Кекілбаев мырза Әз-Әбішке хат
Құрметті Әбеке!
Алла тағала жақсылығы – алған атағыңыз құтты болсын. Ұзағынан сүйіндірсін. Өзіңізге хат жазуыма мына жағдай себеп болды. Халық көзінің тірісінде пайғамбарға теңеп ұлықтаған Дінмұхамед Қонаевтің әулиелік, кемеңгерлік, бекзаттық қасиеті жөнінде он шақты жыл жазылған «Таңғажайып Қонаев» атты эссе-кітабым былтыр (2008) жарыққа шықты. Сол кітаптың біраз данасын 362 әулие жатқан өзіңіздің маңғыстаулық бір бауырыңыз Алматыға арнайы келіп, менен аттай қалап сатып алды. Ал, Астанадан, Тараздан, Шымкент, Қостанайдан телефон шалғандар көп. Қайран қалғаным – Димекеңді ұлықтаушы, тіпті рухына табынушылар көп екен. Сол Димекенді дәріптеуші, оның бойындағы даналық, көрегендік қасиеттерді сезетін кемеңгердің бірі – өзіңізсіз. Өйткені кемеңгер Димекеңмен талай кездесіп, жүздестіңіз, сөйлестіңіз және ақылманның ақыл-кеңесін тындадыңыз. Сіз үшін есігі ашық болды. Шапағаты да тиген шығар. Ұлы шығармашылығыңыздың шырқау биікке көтеріліп, жұлдызыңыздың жанған сәті халық көсемі Қонаев дәуірі кезінде жалғасып, әлемге әйгілі қаламгер болдыңыз.
Бір Қазақстанды жеті Қазақстанға айналдырған Димекең Діннің қайта оралуына орай Әулие өз алдына халық піріне айналып отыр. Арыстанбаб, Қожа Ахмет және Пір-Бекет рух жалғасы данағайып Димекең рухына қазір мешіттерде дұға оқылып, салауат айтылады, пенделер ол үшін қалау қажылыққа барады, тіпті құрбандықта шалынады. Түркістан-Екінші Меккедегі Қонаев мінәжаты өз алдына мұғжиза әңгіме. Қазаққа құдай берген Қонаевтың өмірі мен өнегесі ұлтты, өсіп келе жатқан ұрпақты, ізгілік пен имандылықты, кісілік пен бекзаттықты, тазалық пен шыншылдықты, саналық пен сабырлықты тәрбиелейтін хадис-тәлімі. Тіпті, пайғамбар сүннет-өнегесі Димекең десек артық айтпаймыз. Міне, сондықтан ұлт рухы үшін, кемеңгерді ұлықтап, оны еске алып тұрайық деген ниетпен және көмек сұрап біраз қоғам қайраткерлері мен депутаттарына хат жаздым.
Бәрі немкетті, сырғытпа жауаппен шектелді. Тіпті, кейбірулері Қонаев өмірде болмағандай жауап та жазған жоқ. Міне, сондықтан Әбеке, өзіңізге қолқа салып, өтініш айтуға тура келіп отыр. Димекең жайындағы «Таңғажайып Конаев» кітабына сұраныс көп. Сондықтан Димекең кезінде ашылған өзіңіздің қасиетті туған өлкеңіз Маңғыстаулық оқырмандар үшін аталған кітаптың 1000-данасын шығаруға көмектессеңіз деген тілегімді айтамын. Ал жақсылығыңызды Димекеңнің жүз жылдық мерейтойы имани шаралары кезінде қайтаруға серт етемін. Сондықтан хат мәселесін қайтармайды ғой деген сенімдемін.
Құрметті Әбеке ойлана-ойлана келгенде, Тәңір таңдауы-әулие сипатты өзіңізге түсті. Олай болса өзіңізді ұлықтап, Димекеңді дәріптеп, хат жазғаным үшін айып етпеңіз.
Құрметпен, ініңіз Ораз Қауғабай, қаламгер, қонаевтанушы, Мәдениет қайраткері, Алтын қалам сыйлығының лауреаты.
23.0X11-2019
Парақшамызға жазылыңыз