///

Бақытбек Бәмішұлы: Үрбике-2 (әңгіме жалғасы)

126 рет қаралды

(Жалғасы. Басы өткен санда).

Қара жорғаның үстіне қырындай отырып, басындағы «жан алғыш» (амьний цагаан) атанған ақ қалпақты оң шекесіне аудыра киіп, қатарласа ерген шабдар атты тізгінінен тартып қасына жақындатып, қосарлап алған. Қызқуарға шығуға және шықпай қоюға бойжеткен ерікті. Қызғуардың бір ғажаптығы бұл ойын-көрініске үлкен-кіші жас шамасына қарамай қатыса алады. Кейбір әбжіл келіншектер әкемсіген көк сақал, көк езу, қалжыңбас шал-шауқандары өздері қалап, сүйреп шығып, алымды атпен басынан асыра қамшы ойнатып «әкесін танытып» келетін жағдайлар көп ұшырасады. Ойын. Ойынға үстемдік жүрмейді. Өз обалы өзіне. Шешім сол. Үрбибі де Шымыр қара жорғаны тайпалтып, кеуделеп жетіп келіп, көлденең тұра қалғанда қарсы болмады, намысқа басып, ілесе жөнелген. Енді міне өзінен өзі күйіп-жанып, жүзіне тіктеп қарай алмай қысылып келе жатқан бойжеткенге топтан шыға бере төтесінен сөз тастады Шымыр.

– Атың кім, қарағым?

– Үрбике.

–  Ә… Үрбике. – Қара мұрты қыбыр еткен жігіттің үні сондай жұмсақ, әрі

баяу, биязы, басыңқы шықты.

– Мені танисың ба?

– Жоқ. – Үрбике жоқ дей салғаны болмаса бұл күнде Шымырдың аты қара жорғаның даңқымен-ақ жер жарып тұрған. Бұл өлкенің еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін қара жорға десе Шымырды, Шымыр десе қара жорға деп білетін. Адамы тұрыпты өлкенің иір құйрық иті екеш таниды. Ер жігіттің атын жақсы болса алған қатыны, алымды болса мінген аты да шығарады екен. Тіпті Шымыр әскерде, елден алыс, қиыр шетке кеткенде дөненінде ел ауызына іліккен қара жорға Шымырдың есімін ұмыттырмаған. Ел мақтаған жігіттің есімін ару төсі торсиып, тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып, айналасына қабағының астымен көз тастап, төңірегімен таныса бастаған, «көзінен күлкі үйірілген» бойжеткеннің естімеуі мүмкін емес. Әрине біледі. Бәлсігені. Мына сұлу жігіттің сөзі тік болғанымен жүрегінің жылуын «Үрбике» деп үздігіп айтқан бір ауыз сөзі жүзіне алып шығып тұрғандай шапағы Үрбикенің мысын басып, болмысынан оған деген қарсылық сезім туындай қоймады. Мәре жақын. Шымыр тікесінен тура тартты.

– Маған тиесің бе? – «Мәссаған. Мынауың жынды ма?! Дүңк пе, немене?». Қыз не дерін білмей қызарып қалды. Қарасы мол жанарын бір төңкеріп, Шымырға тіктеп бір қарады да тайдырып әкетті.

– Ат ауыстырып мінейік. Қара жорғаны сен мін.

– Қызық екенсіз. Қара жорғаны қуып жете алмайды дейсіз бе?

– Қара жорға… Ана тұрған жұрттың әркімінің арманы. Қапы қалма, қарындас.

Шымыр жалма жан атынан қарғып түсті. Әй-шүй жоқ Үрбикені ат үстінен көтеріп алып, көтерген бойда қара жорғаға қондыра қойды. Аруды ауыз аштырмай жылдамдықпен құшағына алғанда оның бүкіл жүзін аңқыған тәтті иіс Үрбикенің жұпар көрпесін жамылғандай бүркеп, жауып кетті. Қос жүрек ақсұң аттай тулады.

– Қара жорға үстіне тақымын артқан адам қайта түспейді. Атып түсірмесең,– деді шабдар атқа үзеңгіге аяқ салмастан тіп-тік секіріп мінген Шымыр. Үрбикені оңынан жетектеп жөнеле берді. Дөң бөктерінде қыз қуу тамашалаймын деген дәмемен төменнен көз жазбай отырған жұрт аң-таң болды да қалды. Ду-ду. Гу-гу. «Не болып жатыр!». Біреу дүрбі тартып, біреу күн салып, біреу мойнын созып, біреу орнынан тұрып қарап әлек.

– Әй, ана жынды не істеп жүр?

– Ай, шіркін, бүйтпесең Шымыр боласың ба?!

– Қара жорғаға мінгізді.

– Қара жорғаға мінгізді?

– Кімді?

– Үрбикені.

– Қағынды де!

– Әкетті де.

– Онда шаруасын бітірген екен.  Әлгі біздің сөлкебайлар қайда?!

– Олар ойланып біткенше, мынау әкетіп тынды!!!

– Жігіт қой, біздің Шықаң, жігіт қой.

– Қайда әлгі …қу шешесі, бай кемпір. Тойына дайындала берсін.

Шымырдың анасын ел «бай кемпір» дейтін. Соны тектеп жатқаны. Қызыл үкімет бір емес, бір неше рет мал-мүлкін тәркілесе де, қазаны бір ортаймаған, көгенінен көк лақ, кереге басынан керебақ кетпеген, киелі ана еді.

– Әй, ана қыздарыңды әкетті. Қарап отырасыңдар ма? Өй, өңкей ынжық неме!

– К… көтеретін біреуі жоқ па, ей?!

Қушыкеш адамдар қызық көрмекке ауылдың жігіттерін жаныстырып, шағыстырып, қолтығына су бүркіп жатты. Қыңыр сөз шымбайына батқан, шамшыл бір топ жігіт сайланып, білектерін түрініп, тебінгілерін сартылдата, сарпылдата тебініп, сатыр-сұтыр шапқылап, қамшыларын білеп, бөктердегі ошарылған жұрттан жырылып, бөлініп шоғырлана қалды.

– Әй, тоқтаңдар! Тоқтаңдар! Тойдың шырқын бұзбаңдар!

– Тоқта, тоқта, қайт-қайт!– деген ащы, қатты дауыс әр жерден шықты.

– Бағанадан қайда қарап отырдыңдар!

«Сыра сірә өзен боп ағып» жатса деп бірі ыңырсыса, екіншісі «Сөңкіл гөл самогон, ажыл бізге қамагөн» деп қарқылдап, қарлығып әндетуді сән көретін заман. «Пәленбай дегенің түпсіз шелек, былқ етпейді ғой, жығылмайды, көтереді-ақ» деп көтеніне көпшік қойып көпіртеді. Дастарханның басында шошайып тым болмаса ащы сулы бір бөтелке көгеріп тұрмаса, ол дастарханда сән де, мән де болмайды, қадірсіз, қонағына құрмет көрсетілмегенінің белгісі. Қымызға қызған, ақтан ауыз тиген, ұрынарға қара таппай арқасы қозып, жұдырығы қышып, намыс буған, сөз сүйектен өткізбес жел кеуде жігіттер ат ойнатып, айдын көлдің бетінде аққу-қаздай айналып-толғанған екеудің басына әңгір таяқ ойнатуы бек мүмкін жінігеді. Сол мезетте төменнен құйындатқан екеу қос арғымақтың бар екпінімен зымыратқан бойы қатарласа жарысып, жұрт алдына қарай ағып келеді. Әлгі жініккен, жел кеуде топтың мына екеуіне қарсы ұмтылуға дәті жетпеді. Салтты бұза алмады. Қыз қамшысын екі бүктеп, қабаттап ұстап, жігін жотасынан сипай жебейді.  Соған кіжінеді:

– Ұр-ұр!

– Соқ!

–  Асат! Аяма!

–  Әттең мынаны-ай! –  деген ашулы, қыршаңқы дауыстар, айқай шықты. Ал олар көрермен алдын кесе көлденең қиып, ағып өте шығып, ат тізгінін іркіп, айналып келіп, қалың топтың ішіне сүңгіп кетті.

«Қап!» десті қарулы жігіттер.

Үрбикеден дәмелі болса да, дәті жетпей, тісін қайрап, бәлем сені ме деп жүрген жігіттер аз емес болып шықты. Барымтаға қарымта қалай да қайтару керек. Бұл арланның қайта айналып соғуы кәдік. Дәндеген ит бірдемесін жалайды деген. «Қос обадан» тосқан жөнге келіскен. Сөйтіп ауыл сыртын ай қорыпты. Келсе тарпа бас салып, қайта ауыл қарасын көрместей, ел шетін баспастай қылып қоя бермек. Бір қу туыс «қарындасымызды жол-жосынсыз, қалың малсыз бермейміз» деп жінігіпті. «Қарындасың сенің мал-салыңа қарайтын түрі жоқ,  өзі-ақ қашып кететін сияқты ғой» деп біреуі отты көсепті. «Аттың сыры иесіне мәлім. Сен не оттап отырсың. Аузы-мұрныңды қан қылмай тұрғанда аузыңды жап» деп анау айбат шегіпті. Оны тағы бір сотқар шапқа түртіпті. «Жеті атасынан конокрад, жынды, жылан аяғын көрген Шымыр ит» деп.

Ит қорыған жерге өш. Шымыр күндік жерден қара жорғаның қара сорпасын шығарып, терлігін майдай ерітіп, түн қатып жетеді. Күзеттегі сақ, сақадай сай жігіттер айлы түнде баран атты қарақшы, жансыздың соңына түсіп, қызыл танау, қызыл жінік болып жүргенде, Шымыр қарсы беттен келіп ауылға кіреді. (Жалғасы бар).

Ескерту: Редакциядан: Оқырманымыздың сұрауы бойынша бұл әңгіме күн сайын кешке жарияланып тұратын болды. Сурет ғаламтордан алынды, ғафу).

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар