///

Бақытбек Бәмішұлы: Үрбике-3 (жалғасы. Әңгіме)

813 рет қаралды
1

Үрбикемен тілдесіп, сөз байласып, уәдесін алып үлгіреді. Жігіттің де жінтікті, еті тірісіне бүйректері бұрып тұратын ауылдың келіншектері Шымырға жақтас.  Ертесінде қоян қуған иттей болып сүлкіні түскен жігіттерді жүндейді.

– Маубастар, таңғы ұйқыларыңды қимай тырдай болып ұйықтап жатқанда, бастарыңнан аттап, тындырып кетті.

– Әй, біз оқыралаған сиырдай қылып тышқақтатып, бел асырып, қуып тастадық қой.

– Сендер оның көлеңкесін қуып жүргенде, ол қотандағы қойға шапқан қасқырдай, түгелін жайратып, керегін алып, ісін тындырып, тайды,– деп тырқылдайды.

– Қойшы, қатын, сайтан ба ол, не пәле?…

– Сайтан да, шайтан да емес, Шымыр десе, Шымыр екен. Атын да тауып қойғанын айтам. Әр істе айла-тәсіл деген болады. Амалын тапқан алады. Ауыздарыңды аңқитып кетті.

Бұдан кейін де ауыл шеті бір тыныштық таппады. Еріккен елге ермек болды. Ойыннан от шығарып, «ойбай, кеп қалды, аннан көрдім, мұннан көрдім» деп, айқайды салып, аттандап, мылтық атып, оқ шығарып, қараңғы түнде елді дүрліктірген дүрегейлер де болды. Соның кесірінен кейбір шайпау қатындардың аузынан «осы қаншық кетіп тынбады» деген лағнет сөздер де шығып жатты.

Осылай жарты жаз «әне кетті, міне кеттімен» өтеді…

Көп кешіктірмей сары тамызда ақ самайлы Сары қамырдың жотасын теңселтіп, қойнауы құт, көк балқаш Қотғыр томары толғатып, Көкғол мен Сайқынның қос көлін тасытып, толқытып, ат шаптырып, балуан салып, дүбірі Делуінге жетіп, Көксеркеден асқан үлкен той жасап, оң босағасын қызартқан болатын.

Осы тойда кекшіл жігіттер іштегі бар қыжылын көкпарға салды. Тоқпақ жалды, тобылғы торы аттарын жарау мініп, ықшам киініп, сайланып келді. Қанжығадарына бір-бір жұдырықты байланып келді. Сандықтың түбінде сарылып, жасырылып жатқан сары ала сапты сары қапшы, тобылғы сапты торы қамшылар да шықты. Көк лақ – көкпарға таласқан болып ережесіз жекпе-жектің неше түрін, тәсіл-әдісін көрсетті. Қотығырдың тұтасқан жүндей қалың құйқасының астын үстіне шығарды. Атыздың жерін аударып бер десе өстір ме еді. Құр намысқа құтырды. Бір-біріне қамшы көтерді. Ауыздан дөрекі, атасыз сөз де атқақтады. Арам ойнап, қарсыласын атпен соғып, құлатып та жатты. Ат сүрініп жығылғандары бірнешеу. Ауып кетіп, сүйретіліп, басы жарылғандар да бар. Кеңсірігі бұзылғанда кеудесін қан жауып кетсе де қайтпай топ кіргендер жетеді. Бар пәрменімен қатар шапқан қос ат бұрылыста шалынысып омақаса ұшқанда ат астында қалып, аман шықса да бұғанасы сынып, буыны шығып, ақсап қалғандары ат тізгінін босатпай боздап жүр. Осы  бір аламан доданы төбеде тұрып, биіктен көрген жұрт бір есе оңға, бір есе солға жапырыла толқиды. Не бір сойқан соғыс, талас болып жатқан аламан дода. Бір заматта қалың қара тасты араластырғандай сапырылған ат тұяғы арасынан көк лақ емес, көкпеңбек болып көрші ауылдың азаматы, атақты, аға жылқышы енді-енді Еңбек Ері болайын деп жүрген Сакрам деген жінтікті, жылпос, жілікті азаматты шала жансар күйінде қара құйындай үйіріліп, ширатылған топ ішінен Шымыр алып шықты.

Ол Сакрамды алдына көлденең тастап, өңгерген күйінде жан ұшыра шапқылап, топтан, тобырдан оңаша төскейге, аңызғақ бетке апарып аттан түсірді. Қызған жұрт, кейін деген сөзге дес бермей қаумалап, қоршап алды. Ойыннан от шықты білем. Айқай сап «өлді-ау, өлді-ау» деп біреулер жетті.

– Ай, не болды?

– Аман ба?

–Ат жығылды ма?

– Көкпарға қолының ұшы іліне бергенде…, – деп артқы тұстан ерінің үстіне тік тұрып алған біреу жауап қатып жатты.

– Абайсыз қимылдап ауып түсті….

– Әдейі аударды… еңкейгенде демеп жіберді…

– Тақымы берік жігіт еді, – деп бір қартаң кісі ентелеп, атын шаужайлай қамшылап килікті.

– Ат басты ма?

– Ат баспайды.

– Аударылып түскенде, ат кеудесімен қағып, құлатып кетті. Содан бойын жиып үлгірмей, құлап түсті.

– Шымыр болмағанда езіліп қалар еді.

– Ие, саған, Шымыр!

– Енді кім?

– Осының бәрін Шымыр әдейі істеп жүр. Әйтпегенде ат құлағында ойнайтын палуан Сакрам оңай-оспаққа есесін жібере қоятын жігіт емес еді. – Төбеде қалған жаяу топ өз алдына дауырығысып жатыр.

– Ай, бұл жесірдің дауы түбіне жетті де, ақыры!

– Жесірі несі?!

– Осы Үрбикені Сакрам аламын деп сөз салып жүріпті деп естігем. Естіген құлақта жазық жоқ. Болмағанда сегізініші класты бітірсін де…

– Ел не демейді!

– Не десе де сорлы… дей бергенде жұрт шу ете түсті.

– Жүріп кетті!!!

Кісі өлді. Қылмыс. Қылмысқа итермелеген себепші айқын. Себеп те айқын. Бұл қылмысқа баруға қандай жағдайлар әсер етті деп сары ізіне түсіп сарылып әуре болған жоқ.  Күдікті ұсталды. Аудандық уақытша оқшаулау орнына қамалды. Тергеу, тексеру де тез аяқталды. Куәгерлер көп екен.

Соңғы бір жылдарда «кісі қолынан қаза тауыпты» деп тіркелген қылмыс ұмытылып кеткен бейбіт, мамыражай заман еді. Күйінген көп болғанымен, елден ерекше қуанған, салдары мен себебі айқын істі жедел бітіріп, у-шусыз тиянақты атқарған аудандық тергеуші иығындағы бес бұрыш жұлдызшалардың саны бірге артарына бек сенімді.

Аудан жүз биеден жүз құлын алмаса да, соған жете қабыл төл алған болдырып, ағайын-туыстың тай-жабағысын қосып санатып, батыр тудырған аудан атанбақ атақ-абыройдан, бетке ұстар азаматынан бір күнде  айырылды. Сот кезінде жала Шымырға көп жабылды. Айғақ алыстан емес, ағайынның арасынан шықты. Іс әдейі, саналы түрде істелген қылмыс болып есептелді. Оның жазасы да жеңіл тартпады. Бұлтартпас айғақтар бор кемік бос емес, сүйегі асыл, кісіге кеудесін бастырмайтын, басынан сөз асырмайтын ерді екі бүктеді, сындырды. Мойындатты.

Шымыр жүзін түк басқан, қалың қара қасты, түсі суық, айбарлы, қорқынышты көрінгенімен біреуге күшім қаптал деп тырнағын батыратын кісі емес еді. Бірақ аса сергек, әбжіл азамат. Сырт пішіні қату болғанмен іші жан дүниесі жұмсақ еді. Тіпті армияда жүргенде де бірде-бір әскерге әлімжеттік көрсетпеген. Оның сырттай дақпыртынан жұрт сескеніп, именіп жүретін-ді.

Сөйтіп соттың әділ шешімімен жаны сүйіп тиген жарына қосылғанына ай толық толмай тірідей айырылды Үрбике…

Қара жасыл хаки түсті ГАЗ 51 машинасының үстіне қолы артына қайырулы тиеліп жатып, сора-сора болып жылап тұрған Үрбикеге қайратты, айбатты Шымыр хош деп бір ауыз сөз айтпады. Еріксіздік ер жігіттің мысын басқан жоқ, керісінше жас жарын жасытқысы келмеді. Он екіде бір гүлі ашылмаған қыздай  үлбіреп тұрған жарына бірдеңе дес ол онан әрмен егіліп кетері белгілі. Басын изеп қана қоштасқан болды. Ал аяқ қолы бос, бостандықтағы Үрбике болса машинаның қорабына асылып, жан жарының мойынынан құшып бір иіскеуге батылы бармады. Тек бүріскен саусақтарын шошайтып қана ишара жасады. Қимастықтың қыл ішегінің боздауын осы үнсіздікпен-ақ екеуі бір-біріне жеткізді. Жүректері толқыды. Тынысы тарылды. Көкілдің жасы көкейлеріне құйылды. Бір-біріне деген ыстық махаббаттың асқақ сезімін, іңкәрлігін тілсіз тұңғиыққа батып, тығырыққа тіреліп тұрып, айналып-толғанып, сүйіп, құшқандай жан тәнімен сезінді. Үрбике машина көше бойының бар шаңын басына көтеріп, қарасы үзілгенше қалшиып қарап тұрды. Маңайын ешкім жақындамады. Аш пәледен қаш пәле десе керек. Ол ілбіп басып, электр бағанасына байланған қаншырдай жараған қара жорға атқа жақындай бергенде жануар шыр көбелек айналып, шырқырап кісінеп жіберді. Сонда барып Үрбике қара жорғаның мойнынан құшып тұрып, өкіре жылады…

Сакрамның қазасы, Шымырдың сотталуы ел ішіне бірталай үрей, дүрбелең тудырды. Өлім деген сөзді оқта текте ғана еститін, соның өзінде сыбырлап ғана бір-біріне жеткізетін тыныш жұрттың көз алдында өткен мына қос қорқынышты оқиға жан түршіктірді. Шымыр істі болып түрмеге кеткеннен кейін жылаған баланы «Шымыр алып кетеді» деп қорқытып, уататын айла-тәсіл тапты.

Ел іші қандай, ыстық-суығы да басылмаған Үрбикеге мұңдас болғанның орнына оны  күндеп шықты.

– Келіннің аяғынан деген…

– Бұл албасты сорға келген екен ғой.

– Сол керек өзіне де.

– «Жігіттің сорлысын, әйелдің оңдысы түзейді» деген. Түзеді?!…

– Ие саған! Ол тегінен терлігі құрғамаған, тебіндегі жылқыға тыныштық бермеген, жердің түбінен жылқы айдаған барымташының тұяғы емес пе?! Үрбикеге қарап қапты… Өңді қатын көрінеді ғой, ертең-ақ біреудің етегінен ұстап кетеді.

(Жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар