Шымыр оң босаға жақтағы төсектің бас жағындағы адал бақанда ілулі тұрған бес атар маузер мылтығын алып, алдына көлденеңінен тастап, май шылаған шүберекпен құндағын тазалап, онан кейін оқпанын ысқылап сүртті. Көп жыл ұсталмаған, тек ерқара болып қаңтарылып тұрған мылтыққа жан кіргендей жасарып, жарқырап, жайнап шыға келді. Алқымдағы жіңішке сүңгісін суырып алып, неше қайта жұмсақ матамен ысып, мылтықтың ұңғысын тазалады. Сонан кейін мылтықты қос қолдап көтеріп, бетінің тұсына әкеліп, сол жанарын қысып, қос қарауылын теңшеп, сығалады. Шақпақты шарт еткізіп кейінге бір тартып, қайтарып, шүріппені басып қалды. Қазан жақта ақ қалайы үлкен тегенедегі сары майын қылшықтап отырған шешесі шарт еткен дыбысқа елеңдеп, басын көтеріп, ұлына бұрылды.
– Шеше, оқтарым қайда?
– Оқтарым?… Ана абдыраның түбінде… Қарағым, оны не қылайын деп едің?!
– Аңның етін сағындым. Еркіндіктің қадірін сағындым. Ескен желді, өскен жерді сағындым.
– Өзіміз шын көрдік пе, өтірік көрдік пе деп зорға табысқанда тағы да бір пәлеге ұрынып қалмашы. Тек жүрсең, тоқ жүресің дейді.
– Мен не? Бірдеме бүлдіріппін бе, шеше?
– Қайдан білейін, қарғам, сотталып келгенің рас қой. Пәледен аулақ жүрші? Топырағы жеңіл адам болдық. Бірдеңеге ілініп кете ме деп қорқамын да.
– Сонда немене? Мені үйден шықпа, омалып отыр дейсің бе?!
Шымыр бесатарын тігінен төсегіне сүйеп қойды. Түрегеліп жатып:
– Үрбикені алып келемін, келініңді сағынған шығарсың?– деді. Шешесінің көзі шарадай болды. Не дерін білмей алдындағы ыдысты сырғыта салып, «мынау шын айтып тұр ма?» дегендей төрдегі абдыраға жақындаған ұлына үдірейіп көз тастады.
– Шының ба?!
– Шыным, шеше. Үрбике менікі. Ол өз еркімен кеткен жоқ. Сен де жақсы көресің емес пе?
– Жақсы көремін ғой, бірақ…
– Жүрсе алып келемін, ал жүрмесе… – Кемпірдің көзі зауыттан жаңа шыққандай жарқырап тұрған сары бауыр мылтыққа түсті. Үрбике Шымырдың көзіндей көріп жастанып жататын.
– А, құдай сақтай гөр… Жандәулет те жаман адам емес. Сонымен-ақ бақытты болсыншы. Саған осы ел ішінен бір жақсы адам табылар. – Шешесі шүйке бас демеді, жақсы адам деді. Ұлының жүрегін жібіткісі келгені.
– Табылады шеше, табылады. Бірақ Үрбике менің заңды әйелім. Заң алдында некеміз қиылған.
– Онда сол заңға баршы.
– Тағы да он жыл арқалатып жіберсін дейсің бе?
– Астапыралла!
– Уайымдама! Берсе қолынан аламын, бермесе жөнін біліп келейін! Төркінінде жүргендей, қара жолдың бойына күнде қарап, қашан келіп қалар деп жүр ме деймін. Артымнан болмаса бір рет ат ізін салмадың ғой демесін.
– Е, армандағанның залалы жоқ қой. Боз бие қайда құлындаса, сол жерді мекен етіп кетеді деуші еді. Қайдан білейін біраз уақыт боп қалды ғой, қарағым.
– Сүйемін, күйемін, сені жақсы көремін, екі дүниеде құдай айырмаса айырылмаспын, күтемін деп жүректің сөзін айтқандай болып еді. Махшарда жолығайық демегенміз…
– Енді мені тірідей өлтіргің келмесе, шекісіп қалмай, бекісіп келсең жарар.
Шымыр сары бауырын асынып жатқанда анасы «андағыңды тастап кетші» деп айта алмады. «Аң дегені адам болып жүрмесе игі еді» деп жанары жәудіреп, ауызын тасқып басып, отырып қалды.
***
Шымыр бір атты қосарға алып, жолдастыққа қасына Мүмкінді ертті. Ауылдан алыстай бере оның ойына жанына ерген жолдасы Мүмкіннің есімінің неге «мүмкін» болғанына орала берді. «Ол неге Мүмкін болуы мүмкін? Батыр болуы, бай болуы мүмкін деген жақсы лепестен қойылды ма екен? Орындалуы, орындалмауы неғайбыл үздіккен үміт пе екен? Қандай бір істің ақ пен қарасын ажырата алмай қиналған шақта туып қалды ма екен? Менің де, мына сапарымның оңды болу-болмау ықтималдығы да екі ұшты. Осындай жол айырықтан тура жолды нақ анықтап қалай табуға болады?».
– Әй, Мүмкін?
– Иә, Шымыр, не демексің,– деп, атын тебіне ұмтылып, Шымырдың атының мінер жағынан келіп жанасты.
– Жұрт сенімен ойнаса да, шындаса да сәуегей, көріпкел деп жатады. Қалай ойлайсың? Біздің бұл жүрісіміздің ақыры немен тынбақ? – Сөзге шешен, түбінде тектілік бар, баталы ауылдың баласы, қарабайыр шаруа болса да ақылға бай, астарлап айтқан сөздің түп мағынасын түсіне қоятын алғырлығы бар кісі. Мырс етіп, миығынан күлген Мүмкін:
– Ол мен ғой, мен,– деді қос қабаттап ұстаған қамшысымен кеудесін қағып.
– Әй, Мүмкін-Мүмкін. Иә, бәрі де мүмкін. Бүй демесең Мүмкін боласың ба?! Хэ-хэ-хэ…
Шымыр Үрбикенің барған ауылына қозы көш жер қалғанда Мүмкінді алға қарай оздырып жіберді.
– Аңды да үркітіп атамыз ғой. Қапияда қалмасын. Тұтқиылдан жау басып қалғандай болмасын. Жастығын ала жатсын. Барып айт! Шымыр келе жатыр де! (Жалғасы бар)
Сурет BAQ.KZ-тен алынды
Парақшамызға жазылыңыз