Шымырдың анасы үш балалы, жиырма бес жастағы, бұлықсып тұрған уыздай жас келіншек еді.
Дүниені түгелімен жалмамақ болған қызыл жалын, коммунист өрт қиыр шеттегі ауылға да жетіп, оның қызылды-жасылды өмірін шорт қиды.
Қуғын-сүргінді 1938 жыл. Осы жыл Ел жақсылары халық жауы аталып, ұсталып, не өлі екені, не тірі екені белгісіз кеткен. Сонан бергі отыз жыл бойы жол қарап, үміт жібін үзбеген күндері тағдырдың тауқыметі қартайта алмаған қайсар ананың өзегін өртейді. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді, келеді» деген үмітпен отыз неше жыл өтіпті. Құдай дәм-тұзын қанша уақытқа жазғанын кім білсін, көкейіндегі сары жалқақ запыран-уға айналып, талықсып жатқан үміті әлі үзілмеген.
Тән болмысы жұқарып, ғұмыр сызығы күннен күнге жіңішкеріп, көн терісі қоңырқай түске еніп, енді өзінің де бұл жарық жалғанмен қоштасар күндерінің алыс емес, таяуда екенін іштей сезеді. Байдың жолы бір басқа. Баланың не кінәсі бар еді? Кебенек киіп ұл кетті. Кебенек киіп кеткен екеудің сағыныш-азабын қабат тартқан қайсар ана қара басының қара қою қайғысын мына мөлдіреген тұнық жанарлы келіні Үрбикенің қабағынан анық байқайды. Тағдыр, жазмыштың да қайталанатыны бола ма? Бұ сорлының не жазығы бар еді? Қайта айналып қонды дейтін бұ қасырет бақ құсы емес қой? Мен көрген сағыныш-азабын бұл тартпаса екен деп тілеген күндердің бірінде, «әні-міне келіп қалар, кесімді жылы аяқталды» деген шақта, «түрмеде жүріп аса ауыр қылмыс жасағаны үшін тағы да он жылға кесім шығыпты, енді елге сүйегі аман келсе игі» деген суық хабар алды. Шашын жұлып, бетін тіліп, ботадай боздаған ана үш күн, үш түн зар илеп, ақыры тағдырдың жазуына тағы да көнген. Өліп қалады-ау деп ойлаған жұрт. Өлмеді. «Не көрмеген қақпас, қайратты екен» десті. Келінін шақырып алып, ашуға бөгіп, тістеніп отырып би деген.
– Қарағым, Үрбике, бақытыңды байлама!
– Апа, не деп отырсыз?!
– Естімедің бе?!
– Нені?!
– Естімесең мен естіртейін.
– Әлгі сенің ес кірмеген байың тағы да он жылды арқалап кетіпті дейді. Түзету жеріне жібердік деген, түзелмеген ғой. Тумысынан қисық біткен бұтақ сынбаса, қашан түзелуші еді. – Қабағы қату ана онан әрмен қабағын қарыс түйіп, қар жаудырып, қаһарланып айтты. Үрбике еңіреп, «айырылып қалдық» деген суық хабар естігендей, бетін басып, қасына шөке түсіп отыра кетті. Енесі оның жылауын біраз күтіп отырды. Шерін сарқып, шығарып алсын деді. Сәлден кейін дауысын көтере сөйледі. Үрбике қырындай отырып, орамалының ұшымен жасын сүрте көзінің қырымен қарап қалып еді, енесінің көзінде жас, қабағында кірбің, жүзінде кейіс те жоқ екен. Тас түйін бір іске берік бекінген кейіп.
– Болды, әдіре қалғыр. Сықсыңдама! Бай да кетті, бала кетті. Отырмыз ғой өлгеміз жоқ. Тірі болса бір келер. Тыныш елдің түрмесі ғой, шірітпес. Он жылда кім бар, кім жоқ. Келсе кешірер. Кесел өзінен. Ал менің енді он жыл,– ол он саусағын тарамдап жайып,– өмір сүрмесім айдан анық. Сен енді бақытыңды байлама! Жас өміріңді қор қылма! Бұрын мен саған сүйеу едім. Сен маған таяныш болдың. Мен кетсем саған кім серік болады. Жұлдызды өзім алып қаламын. Сенен гөрі «апам баласымын» деп маған бауыр басқан. Сені өгейлемейді. Сені анам деп, кісі құрлы көрген жоқ, адам деп керек те қылмайды. Саған ерсе құсадан өліп кетуі кәдік. Дәм-тұзым таусылғанша сүйеуім, сүйенерім, медеуім болады. Шымырым жатырқап, жеріп жатса, қалын көрсетемін. Өзінікінен аумайды. Құдай бұйырса биыл мектепке беремін. Көшемін. Ауданға. Құлынды бие жетектеп келді деп қырғи қабақ танытатын абысын-ажын, көрші-қолаң, сөзбен атпаса да, көзбен ататындар ол жерден де табылар. Салт барғаның сау басыңа жақсы. Аққан суда арамдық бола ма, байың да жатырқамай жарылқар, қызғанбай бауырына басады. Енесін иіскегенде қылтиып, қылжиып қарап тұрған жат бауыр төлді ілуде біреу болмаса қай аталық жақсы көреді. – Қарт әже бір күрсініп алды, сөзін жалғады. – Тірі кетті. Келеді, келіп қалар деумен отыз жыл өтті, күте-күте қара шашым ағарды, қарашығым суалды. Аттам жер, айшылық болды. Біз махшарда жолығармыз. Менің шеккен сағыныш-азабымды сен шекпе! Қайталап айтам: Менің шеккен сағыныш-азабымды сен шекпе! Сенің обалыңа мен қалмайын, қалауың білсін! Менің көтерген ауыртпалығымды сен арқалама. Жар деген жалғыз Шымыр емес. Шымырды жеті орап алатын, шаң қаптыратын азамат бар. Кімді ұнатасың, соған ти. Сүймесең де үш күннен кейін, иісең, ынтаңды берсең, үйреніп, бауыр басып кетесің. «Қойдан қойдың несі артық, қол басындай еті артық. Ерден ердің несі артық, ойлап айтқан сөзі артық» дейді. «Байдан байдың несі артық, басындағы шайнамдай миы артық». Мен рұқсатымды бердім! Өзім қолымнан ақ батаммен аттандырамын. – Үрбике жасын, өксігін тыйып, бетін басып, үнсіз тыңдап қалған. Енеге шабуылдайтын ессіз емес, ондай әдеп те, дәрмен де жоқ. Есті сөз екеніне де, есер сөз екеніне де ес-ақылы жетпеді. Оны ойлайтын қазір кәл де жоқ еді. – Бір белдің астында Елубайдың елі бар. Сонда құдайдың жазуымен жары өліп, жарлы болып отырған Жандәулет деген азамат бар дейді. Заманында Шымырымның жан жолдасы болған. Танимын, тегін білемін. Жақсы әулеттің ұрқы, жаман адам болмайды. Мол дәулеті болмаса да, бір басына пысық, басында ақылы бар кісі. Мал да ақылға жиылады.
Жандәулет дегенде жылап отырған Үрбикенің жүрегі шымыр етіп, құлағы қызара қалды.Жақсы таниды. Жақсы танығаның не, төртінші класқа дейін мектепте бірге оқыған. Төбесінің қос орайы бар Жандәулет қой. Ұлдар «қос қатын аласың» деп, төбесін шұқып, мазақ қылып ызасырықтан өткізіп жататын. Сабаққа қырсыз, ықылассыз болғанымен ойы зерек, бұзақылықтан аулақ, тәртіп бұзып аты шықпаған, бірақ парталастарынан бір-екі жас үлкендігін, қармаулы қарын көрсетіп, қыздарды қызғыштай қорып жүретін бала болатын. Әсіресе талдырмаш, сүйкімді Үрбикенің маңайына жан баласын жуытпайтын. Бұлар сегізінші класты бітірген жылы ол он сегізге толып әскерге кетті. Сол жылы үш жылдық әскери міндетін атқарып келген, әскери сұры формалы, майлап, жалтырата ысып, сүрткен қара хром етікті, қара үйек сақалды, қара мұртты, сымбатты, сұлу жігіт, су жорға, жылтылдаған құндыз түкті меңсіз қара тұлпар мінген Шымыр, жасыл жайлаудағы өлкенің өрі мен еңісіндегі елдің табаны жерге тиіп көрмеген ат-көлікті кәрі-жасы түгел жиналған бір тойда Үрбикені көреді. Көрген жерде көңілі ауып, қынай белді, қызыл шырайлы, жел тақым қыр қызын қыз қуарға алып шыққан.
(Жалғасы бар. Суретте автордың замандастары, оқиғаға еш қатысы жоқ Байөлгей-Бұлғындық Дамысхан мен Балапан).
Парақшамызға жазылыңыз