Фото: Әлішер Алтай
Қазақстанда жас босанған аналардың 60%-ы депрессияға шалдығады. Соңғы жүргізілген зерттеу нәтижесі осындай. Бұл Ауғанстан, Оңтүстік Африка, Пәкістан секілді мемлекеттердегі жағдайға ұқсас көрсеткіш. Денсаулық сақтау министрлігінің сөзінше, әйелдер барлық емханада тегін психологиялық көмек ала алады. Ал Ұлыбритания осы мәселені шешу үшін ұлттық бағдарлама қабылдаған. Бізге шетел тәжірибесі қалай көмектесе алады?
21 жастағы Арайлым тұңғышын босанарда 36 сағат толғатты. Екі тәулік ұйықтамаған ол сәбиін қолына алған сәтте қуаныштан ғана жыламады. Бұл түсініксіз хал мен күйзелістің көз жасы еді.
«Депрессия перзентханада басталып кетті, үйге сондай жаман көңіл-күймен шықтым. Қатты қиын өмір басталғанына іштей сене алмадым», – дейді Арайлым Абдукаримова.
Мұндайға дайын болмаған жас ананың күйіне перзентханадағы қызметкерлер де әсер етті. Мазасызданып жылаған нәрестесін әрең ұйықтатқанда, тексеріс деп қайта оятып ала берді. Жағдай үйге шыққан соң да жеңілдеген жоқ. Жан-жақтан келген туыстардың сан түрлі ақылы да оны шаршатты. Біреуі сүтің аз деп сөксе, енді бірі баланы қойдың майымен сылайық деген кеңестерін айтты.
«Олар жақсы оймен айтса да, ондай кезде сен оны түсінбейсің. Стресс болады. Қандай күйде екенімді ешкім түсіне алмады. Еркелік, шаршау деп ойлады», – дейді ол.
Түн ортасы. Арайлымның босанғанына бірнеше апта ғана. Жылаған баласын қанша жұбатса да ұйықтар емес. Кенет баласы өз көзіне қорқынышты боп көріне бастады. Шаршағаны сонша, нәрестесінің бейнесі басқаша сияқты. Таң ата салысымен мұны жақындарына айтып еді, ешкім сенбеді. Күн бата бала тағы жылады. Жұбатқанға көніп, ұйықтар емес. Кейін бөбектің жүзі тағы да қорқынышты бейнеге айнала бастады. Арайлым не істерін білмей, ішінен сүрелерін оқи берді.
Ананың алдағы төрт айы да осындай түсініксіз күйде жалғаса берді. Мұны босанғаннан кейінгі депрессия деп атайды. Бұл – әйел босанғаннан кейін бастан кешетін психологиялық күйзеліс. Көңіл-күйдің ұзақ уақыт болмауы, баламен байланыс орната алмау, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, тіпті өзін жаман ана сезіну – оның басты белгілері. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, ең ауыр күйзелісте кейбір әйелдер өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Психикалық күйзелістің салдары тек анаға емес, балаға да әсер етуі мүмкін. Ана мен сәби арасындағы байланыс әлсірейді, бала күтімі мен емізу қиындайды. Ал бұл баланың дамуына кері ықпал етеді.
Фото: Әлішер Алтай
Арайлым Абдукаримова депрессияда жүрген кезде ешқандай психологиялық көмек алуға тырыспаған. Ол бұл туралы ойламағанын, тек жылап жүре бергенін айтты. Тек күйеуі бала бағуға көмектесіп, қолдау көрсеткен. Психолог Шолпан Мықтыбектің сөзінше, қоғамдағы көп келіншек психологқа жүгінбейді. Келетіндердің өзі – бірнеше бала туып, әрқайсынан соң депрессияға түсіп, жағдайы ушығып келетін әйелдер. Яғни аналар ерте бастан емделуге тырыспайды.
Психолог Шолпан Мықтыбек | Жеке мұрағатынан
«Босанғаннан кейінгі депрессия аналарда екі түрлі жолмен көрінеді. Біріншісі – апатия болып, адам зомби сияқты күйде жүреді. Түрі әбіржіп, ашушаң боп кетеді. Ешкімді көргісі келмей, бөлмені қараңғылап жата бергісі келеді. Ал екіншісі – өмірде тым белсенді боп кету. Бұл бейсаналы түрде болады. Үнемі қыдырады, үнемі қонақ шақыра береді, тіпті баланың үстінен бала босана береді. Яғни ана өзі туралы мүлдем ойламайды», – дейді Шолпан Мықтыбек.
Қазақстандағы ахуал қандай?
Қазақстанда Арайлым ғана емес, жаңа босанған аналардың шамамен 60%-ы депрессияға түседі. Бұл 2022 жылы Семей қаласында жасалған зерттеудің нәтижесі. Мемлекеттегі бұл көрсеткіш мына елдердегі жағдайға ұқсайды. Пәкістанда – 63%, Ауғанстанда – 60%, Эсватиниде – 47%, Хорватияда – 45%, Оңтүстік Африкада – 39% ана босанғаннан кейін депрессияға шалдығады. Гендерлік экономиканы зерттеуші Айгерім Құсайынқызының сөзінше, Қазақстандағы жағдайдың мұндай болуына бірнеше себеп бар. Ең әуелі – биологиялық-гормоналдық өзгерістер. Кейін қаржылық қиындықтар мен жұмыстан қол үзу сияқты әлеуметтік қысымдар айтарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар патриархал қоғамдағы «ана әрдайым бақытты болуы керек» деген көзқарас әйелдердің көмек сұрауын ұят деп қабылдауға итермелейді. Отбасыдағы гендерлік рөлдердің дұрыс бөлінбеуі мен психологиялық өзгерістер туралы ақпараттың аз болуы тағы бар.
Фото: Әлішер Алтай
Денсаулық сақтау министрлігінен осы мәселені шешу үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатқанын сұрап көрдік. Министрліктің дерегінше, елдің барлық өңіріндегі емханалар мен перзентханаларда жүкті әйелдер, босанып жатқан және босанған әйелдер психологтар көмегін оңай пайдалана алады. Бірақ акушер-гинеколог Айжан Азимханова мұндай көмектер жеткіліксіз екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда босанғаннан әйелдерді қолдау туралы арнайы бағдарлама жоқ. Ал қолжетімді психологиялық көмектерге аналар бара бермейді.
«Көп әйел медициналық көмекке өз еркімен жүгінбейді. Өйткені қоғамда үлкен стигма бар. Адамдар көмекке жүгіну дұрыс емес, бұл қалыпты жағдай деп ойлайды. Әрі сапалы психологиялық көмектер көп жағдайда ақылы. Адамдар ақылы психологтарға, терапияларға ақша төлеуге дайын емес», – дейді маман.
Ұлыбритания тәжірибесі: міндетті скрининг пен терапия жүйесі
Кей елдер бұл мәселені ұлттық деңгейде шешуге көшкен. Соның бірі – Ұлыбритания. Бұл елде Ұлттық денсаулық сақтау қызметі аясында жұмыс істейтін IAPT (Improving Access to Psychological Therapies) бағдарламасы бар. Бұл – жүкті және босанған келіншектерге арналған тегін әрі міндетті психологиялық көмек жүйесі. Бағдарлама бойынша әйелдер 33 ай бойы перзенттік кезеңде деп есептеледі. Яғни жүктілік кезіндегі 9 ай және босанғаннан кейінгі 24 ай. Осы уақыт аралығында аналардың психологиялық көмек алуына ерекше басымдық беріледі.
Фото: Әлішер Алтай
Ұлыбританияда босанған әйелдердің психикалық саулығын міндетті скрининг арқылы тексереді. Яғни әр әйел жүкті кезінде және босанған соң белгіленген уақыт аралығында психологиялық күйін бағалайтын сауалнама толтырады. Мысалы, Эдинбург шкаласы (EPDS) босанғаннан кейінгі депрессияны анықтауға көмектессе, PHQ-9 депрессия деңгейін, ал GAD-7 мазасыздықты бағалайды. WSAS сауалнамасы ананың күнделікті өмірге бейімделу қабілетін тексереді. Бағдарлама аясында күйзеліс белгілері байқалған әйел екі апта ішінде психологқа қаралуы тиіс. Ал төрт апта ішінде ем басталуы керек. Бұл талаптарды емханалар мен мамандар сақтауға міндетті.
Гинеколог Айжан Азимханованың сөзінше, Қазақстанға да босанғаннан кейінгі міндетті психологиялық скрининг жүйесі ауадай қажет. Себебі осы арқылы депрессияны ерте кезден анықтап, көптеген мәселенің алдын алуға болады. Әрі ана мен бала арасындағы байланысты дамытуға оң әсер тигізер еді дейді ол.
«Жеке тәжірибемде депрессияның салдарынан нәрестесіне зиян тигізіп, суицид туралы ойланған аналар да болды. Қоғам тарапынан депрессияны ескермей, көптеген стигма болады. Скрининг міндеттелсе – жағдай басқаша болар еді», – дейді Азимханова.
Акушер-гинеколог Айжан Азимханова | Жеке мұрағатынан
Босанғаннан кейін депрессияға түскен аналардың бірі – Жансая Жеткергенова. Екі баланың анасы күйзеліске алғашқы нәрестесінен кейін шалдыққан. Депрессияның себебі босануға дайын болмауым дейді. Ол перзентханаға кәсіби кеңессіз, тек әркімнен естіген сөздерін жаттап қана кірген. Кейін босану барысында күшенген кезде бірнеше рет талып қалады. Тіпті баланы кесар тілігі арқылы босануды өтінеді. Бірақ бұл кезде мұндай әдісті пайдалануға кеш еді. Кенет босану бөлмесіне медицинаға қатысы жоқ, әлдене тасып жүрген ер адам кіреді. Дәрігерлер сол кісіні шақырып, Жансаяның ішін итеруін сұрайды. Бала солай дүниеге келеді. Ал әлгі ер адамның ішін қатты итергенінен анасының қабырғалары бірнеше уақыт ауырып, өкпесіне ауа жетпей қиналған. Ал баланың денесі құрысып, сол кездегі COVID-19-ға байланысты, оны анасынан бөлек басқа ауруханаға алып кеткен.
«Мен перзентханаға дым білмей, ақымақ болып бардым. Әркімнің естіп алғаным бар, соның кесірінен қозғалуға қорқып жата бердім. Он алтыдағы қыз да туып жатыр ғой. Оның қасында қиналып, магистр алған адам оп-оңай туатын шығар деген өте біртүрлі оймен барыппын. Екінші қызымды босанарда барлығын түсініп бардым. Бәрі өте тамаша өтті. Толғақ уақыты есімде де жоқ, арасында ұйықтап алғаным да бар», – дейді ол.
Фото: Әлішер Алтай
Ұлыбританиядағы IAPT бағдарламасы бойынша, терапевт әйелді жүкті кезінен бақылап, онымен жұмыс істеуге, босану процесі мен психологиялық жағдайы туралы біліп отыруға міндетті. Олар әр науқасқа физикалық және эмоционалдық жағынан кешенді бағалау жүргізіп отырады. Әйел жүкті кезінде суицид туралы ойласа, өзін-өзі сынай берсе, психоз белгілері байқалса – терапевт оны дереу акушер-гинекологқа, психиатрға жібереді. Дәрігер Айжан Азимханованың сөзінше, Қазақстанға да бұл тәжірибені енгізу керек. Өйткені босану – психологиялық жағынан өте ауыр процесс, сондықтан анаға медициналық қызметкердің эмоциялық қолдауы өте маңызды.
«Бізде пациенттің келісімінсіз медициналық араласулар тым жиі болады. Мысалы, баланың басы шықпай жатса, вакууммен тартып алу немесе перинеотомия жасау деген сияқты. Мұның барлығы әйелдің мазасыздануына, қорқуына әсер етеді. Негізі медицина қызметкерлері эмоциялық жағынан қолдай алса, қызметтерін жақсарта алса – күйзелістің алғышарттарынан арылар едік», – дейді ол.
Психолог Zoom-нан шығады: Цифрлық терапияның пайдасы
Сарапшының сөзінше, ауылдағы аналарға депрессияны еңсеру әлдеқайда қиынырақ. Өйткені ол туралы ақпарат та, керек медициналық көмек те қолжетімсіз. Ұлыбританиядағы IAPT бағдарламасының маңызды бөлігі – қашықтан көмек алу мүмкіндігі. Елдегі аналар арасында цифрлы терапия мен онлайн платформалар кеңінен қолданылады. Дәрігерлер мен психологтар бейнеқоңырау, Zoom арқылы сессия өткізеді. Әрі онлайн когнитивті-бихевиоралды терапия жүйесі бар. Бұл интернет арқылы жүргізілетін психологиялық қолдау. Аналар арнайы сайттар немесе қосымшалар арқылы өздеріне ыңғайлы уақытта терапиялық жаттығуларды орындап, психологпен байланысады. Өз жағдайын жақсырақ түсіну үшін кәсіби ақпарат алады.
«Әйелдер дәрігерге неге бармайды? Олар бала бағып отырғаннан кейін үйден шыға алмауы мүмкін. Әрі ауылда өмір сүретін аналар бар. Мұндай жағдайда онлайн психологиялық көмекті бәрі пайдалана алады, бұл, әрине, тиімді. Zoom арқылы психологпен сөйлессе, телефондағы қосымша арқылы өзіне керегін алса жағдай жақсарар еді деп ойлаймын», – дейді Айжан.
Гендерлік экономиканы зерттеуші Айгерім Құсайынқызы да елде онлайн-консультациялардың маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, әр ананың жағдайын бақылап отыратын арнайы топтар қажет. Мысалы, дәрігер, психолог пен әлеуметтік қызметкер бірігіп жұмыс істеуі керек. Кейін осы топтар аналарға онлайн-консультация бергені дұрыс.
«Ең алдымен, денсаулық сақтау саласында перинаталдық психикалық қызметтерді “бір терезе” қағидасы бойынша ұйымдастырып, акушер-гинекологтар, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерді мультидисциплинарлық командаларға біріктіру керек. Бұл командалар барлық жаңа ананы автоматтандырылған онлайн-консультациялар арқылы бақылап, қажет кезде жылдам араласа алатындай маршруттарға ие болуы тиіс», – дейді Құсайынқызы.
Гендерлік экономиканы зерттеуші Айгерім Құсайынқызы | Жеке мұрағат
Ұлыбритания цифрлық платформасын жасауда тек мемлекеттік құрылыммен шектелмей, жеке компанияны да пайдаланған. Мәселен, SilverCloud Health компаниясы осы бағдарлама аясында жүкті және босанған әйелдерге арналған онлайн терапия платформасын ұсынған. Бұл – кәсіби терапевтермен тікелей байланыс орнатуға көмектесетін қолданба. Мұндай шешім бағдарламаның масштабына әсер етіп, қаржыландыру мен кадрлық ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Айгерім Құсайынқызының айтуынша, Қазақстанда да осындай серіктестік механизмін енгізіп, заңнамаға өзгеріс енгізу керек.
«Мемлекеттік-жеке сектор серіктестігінің арқасында тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге болады. Халықаралық донорлар мен корпоративтік стейкхолдерлерді тарта отырып, “перинаталдық психика” деген жаңа заңнама тармағын енгізу қажет. Заңнамалық деңгейде “Әйелдердің репродуктивті денсаулығы” туралы нормаларға психологиялық қолдау модульдерін енгізіп, барлық нормативтік-құқықтық актіге гендерлік сараптаманы міндетті түрде қосу қажет. Осының арқасында әр жаңа бастама нақты жауапкершілікке бекітіліп, ресурс бөлінуі автоматты түрде жүзеге асады», – дейді зерттеуші.
Жансая Жеткергеноваға оралсақ, оның күйзелісі үш айға дейін созылған. Бір күні оның жақын туысы қайтыс болып, үйде жалғыз қалуға мәжбүр болады. Сол кезде жылаған сәбиінің не сұрағанын мүлдем түсінбейді. Сүт берейін десе, перзентханада 2-3 сағат сайын еміз деген кеңес айтылған. Ал уақыт бола қоймады. Нәресте үйді басына көтеріп жылауын тоқтатар емес. Жансая ашуланғанынан не істерін білмей, қызын сілкіп жібереді.
«Басыма біртүрлі ойлар келді. Мынау қазір жылауын тоқтатпаса, көшеде кім бірінші шығады – соның қолына ұстатып жіберемін деймін ғой. Сосын ойымнан қорыққаным сонша, бір бұрышқа отырдым да тоқтамай жыладым», – дейді ол.
Фото: Әлішер Алтай
Сол сәтте үйге енесі келіп, шошып кетеді. Баланы өзі алып, сүтін береді. Ал бір сағат жылаған сәби үш минутта қойып, тымпиып ұйықтап қалады. Жансая мұндай қиын кезеңде енесінің осы секілді көмегі көп болғанын айтты. Үнемі қолдағанын, екінші баласы дүниеге келгенде де қолғабыс болғанын еске алады. Ал екінші қызы дүниеге келгенде күйеуім оң қолым болды дейді. Түнде оянып кетсе де екеуі кезек-кезек қараған. Ұлыбританиядағы IAPT бағдарламасының тағы бір маңызды тұсы – психологиялық қолдауды тек ана емес, онымен бірге тұратын отбасы мүшелері де ала алады. Өйткені психикалық дертке шалдыққан ананың серігі де күйзеліске ұшырауы мүмкін. Ал бағдарлама анаға тек медициналық емес, эмоционалдық және әлеуметтік қолдау да аса қажет екенін айтады. Күйеуі назардан тыс қалса – ана проблемасымен жалғыз қалады. Сондықтар отбасы мүшелері де психологиялық сұхбаттан өтіп, терапияларға өз еркімен қатыса алады. Психолог Шолпан Мықтыбектің сөзінше, әйелдің депрессиядан шығуына жақындарының көмегі үлкен әсер етеді.
«Әрине, психологиялық терапия анаға сол күйден шығуға көмектеседі. Бірақ жақындарының да қолдауы өте маңызды. Бізде бала қырқынан шықпаса да туыстар қонақ боп келе береді ғой. Ондай болмаса, күйеуі мен басқа да отбасы мүшелері бала қарауға көмектесіп, қолдау білдірсе – ана депрессияны оңай еңсереді. Ондай болмаса, әйел демалысты «маған тыныштық беріңдер» деп, агрессиямен сұрай бастайды. Бұл анаға керісінше әсер етеді», – дейді маман.
Босанғаннан кейінгі депрессия — медициналық көмек пен құрылымдық қолдауды қажет ететін психологиялық күй. Қазақстанда бұл мәселе бойынша міндетті бақылау жүргізілмейді, ал бәрі қолдана алатын психологиялық көмек аз. Сарапшылардың сөзінше, Ұлыбританиядағыдай ұлттық деңгейде скрининг енгізу, ананы перинатал кезеңде қолдау, отбасы мүшелерін де қамтитын кешенді жүйе әзірлеу елдегі жағдайды оңтайландырады. Мұндай жүйе арқылы күйзеліс белгілері ерте анықталып, аналар қажет көмекті уақытылы ала алады. Нәтижесінде ана мен баланың денсаулығы жақсарады.
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.
Ислам Аманқос
Парақшамызға жазылыңыз