//

ҚФФ президенті сұхбатындағы негізгі мәселелер қандай?

123 рет қаралды

Фото: kff.kz

Қазақстан футбол федерациясы аяқдоп инфрақұрылымы тапшылығын жою, алаңдар санын көбейту және футболды дамытуға арналған техникалық әрі материалдық база қалыптастыруға басымдық береді. Ол туралы күні кеше «Qazsport» телеарнасына берген сұхбатында федерация президенті Марат Омаров мәлімдеді. 

Ол ел тарихында алғашқы рет FIFA-ның қолдауымен мектептерде 100 шағын футбол алаңының құрылысы басталатынын атап өтті. Сондай-ақ FIFA Arena және KFF Arena жобалары аясында жеке инвесторларға несие жүйесі әзірленіп жатқанын да атап өтті.

– Біз инфрақұрылым мәселесіне жүйелі түрде қарап отырмыз. Қазір бір мезгілде үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз: Қазақстан тарихында алғашқы рет FIFA қаржыландыруымен қала және ауыл мектептерінде 100 шағын футбол алаңын салу жобасы қолға алынды. Қазір мектептерді әлеуметтік тапшылығы, халық тығыздығы және инфрақұрылымдық жетіспеушілік критерийлері бойынша іріктеудеміз. Бұдан бөлек, «FIFA Arena» және «KFF Arena» атты жобаларымыз бар. Оны «Бәйтерек» холдингімен бірге дайындап жатырмыз. Жеке кәсіпкерлерге әр қала мен ауылда ареналар салу үшін қандай пайызбен несие береміз, «Даму» банк арқылы  қандай жеңілдіктер болатынын  қарастырудамыз. FIFA Arena – стратегиялық маңызды жоба. Оны FIFA қаржыландырады, жобаға мемлекеттің қаржысы салынбайды. Бұл – жеке инвестиция. Қазақстанда инфрақұрылым тапшылығы қатты сезіледі. Біз ірі қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де футболды дамытуды мақсат еттік, – деді Марат Омаров.

Сұхбатында ҚФФ президенті еліміз U-19 және U-21 санатындағы футболшылар арасындағы Еуропа чемпионатын өткізуге дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар құрлықтық деңгейдегі екі  клубтық жарыстың финалын өткізуге ұсыныс жасалғанын да айтты. Әңгіме УЕФА суперкубогі мен конференция лигасының финалы төңірегінде.

Фото: kff.kz

— Астана мен Алматы қалаларында конференциялар лигасының финалы немесе Суперкубокты өткізуге ресми ұсыныс бердік. Оған Қазақстан дайын. Қазір елімізде жаңа стадиондардың құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ U-21 және U-19 жасөспірімдер құрамалары арасында Еуропа чемпионаттарын өткізу жоспарымызда бар, – деді Марат Омаров.

Биыл елімізге жұмыс сапарымен келген УЕФА президенті Александр Чефирин мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.  Онда кәрі құрлық футболының басшысы елімізде аяқдопты дамыту жөрінде терең әрі мазмұнды пікір алмасты.

– УЕФА-мен күн сайын тығыз жұмыс істейміз. Олар біздің әдістемелік серіктесіміз, VAR жүйесі сынды заманауи жобаларды енгізуге көмектеседі. Федерацияға жыл сайын қаржылай қолдау көрсетеді. Біз 2027 жылы УЕФА Конгресін қабылдауға дайынбыз, – деді Марат Омаров.

«Qazsport» арнасына берген сұхбатында ҚФФ президенті қазірдің өзінде үш ірі клубты жекешелендіру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Жекешелендіруге  «Астана», «Ақтөбе» және «Атырау» футбол клубтары ұсынылған. Қазір инвесторлар әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

– Қазіргі  уақытта көптеген футбол клубы бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұл туралы әр түрлі пікір бар. Бас прокуратура мен  басқа да құқықтық органдар клубтарды тексерді. Әрине, көп сұрақ бар. Клубтарға жыл сайын орташа 3 млрд теңге бөлінеді, бірақ ол ақша легионерлер мен шетелдік мамандарға жұмсалды. Бірақ клубтардың инфрақұрылымы, академиясы мен стадионы жоқ. Бұл дұрыс емес. Жеке инвестор келсе, оның өз активі пайда болады.  Болашақта басқа демеушілер арқылы тағы да инвестиция тартады. Ол әлемдік тәжірибе. Қазір ең мықты клуб – жекеменшік клубтар. Бүгінде  футбол бизнеске айналды. Телевизиялық бағдарламалар, жарнама, онлайн платформаларда да бәрі бар. Көп адам оны қарайды. Сондықтан әр клуб жекеменшік болғаны дұрыс. Қазақстан осы жолмен жүреді. Бізде жекешелендірілетін клубтардың тізімі жасалды. Қазақстан футбол федерациясы инвестор тартуға көмектесетін тарап ретінде жұмыс істейді, – деді М.Омаров.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Ботайдың боз айғырының оралуы

Сүйінші, ағайын!!! Солтүстік Қазақстан облысында керемет бір жоба іске асты. Біздің көшпелі бабаларымыздың адамзат өркениетіне қосылған