«Ұлттық құндылық: қазақ этнографиясы, Зейнолла Сәнік – 90» атты республикалық экспедиция» келесі ат басын тіреген жері әйгілі Әлімханның қабырына барып зиярат ету.
Біздің жұрт Әлімханды жете біле бермейді. Әлімхан Әбеу атты оқымысты, озық ойлы әкенің ұлы, Қарағанды облысына қарасты Ақтоғайдың тумасы. Бөріктастың топырағынан. Бөріктас – бөтен жаратылысты, түгін тартса май шығатын құнарлы табиғаттың бөлінбес құнды бөлшегі. Ал Әлімхан осы топырақтың май емген мәйекті түлегі, есім сойы Ермеков – Ермек би. Қасым Рақымжанұлымен аталас, арғын, қаракесек деседі.
Әлімхан Ермеков 1920 жылы 29 жасында Мәскеуде қазақ жерінің шекарасы талқыланған Халық Комиссарлар Советінің мәжілісінде баяндама жасайды. Ол В.И.Ленин басшылық еткен комиссия алдында алғыр ойлы, аса терең білімімен ерекше көзге түседі. Ол Столыпин реформасы кесірінен шұрайлы ата қонысынан айырылып, талауға түскен қазақтардың қилы тағдырын, қиын жағдайын кедей таптың талайын табан асты қылмаймыз деп ұрандатқан большевик серкелерінің еттерінен өткізе, сүйектеріне жеткізе ағынан жарылып айтып салады. Оның сөзіне жүрек шымырлап, бой ерісе керек. Оның көркем мінез, шешендік қабылетін дөп басқан замандасы Сұлтанмахмұттың:
Сөйлеп кетсе, қозғалар бойда жаның,
Тас болса да ерітер жүрек қанын.
Шындығы, тереңдігі, әділдігі,
Тусаң ту осылай,- дегізер жанның бәрін,- деген сөзінен кейін оның Ленинді бас идірген қабылет-қарымына шүбәсіз тәнтті боламыз.
Мәжіліс дау-дамайлы, аса тартысты өтеді. Алайда Ермековтің жеңісімен аяқталып, нәтижесінде Каспий жағалауы, Атырау аумағындағы орыс мұжықтарына қолды болған біраз жеріміз ақы иесін табады. Сонда бөріктерін аспанға атып қуанған Алаш арыстары арасынан Ахмет Байтұрсынұлы айтты деген бір сөз ел ішіне аңыздай болып оралады:
«Біздің Әлімханмен бес сағат сөз таластыруға шама-шарқы жеткен орыстың мынау адвокаты Владимир Ульянов адамзаттың төресі екен!» – депті… Владимир Ульянов, ол коммунистер көсемі Ленин ғой.
Егерде аруақты ата-бабаларының аманатына берік, қазақ жерінің шекарасын жанқиярлықпен қорғаған қызғыш құстары Алаш арыстары, Әлекеңдер болмағанда бүгінгі біз «Қазақстан жер көлемі жағынан жер жүзінде тоғызыншы орындамыз» деп құлашты кере жайып, кең тыныс алып, «кердеңдеп, кісімсіп, кергір ме едік», әй қайдам?!
Көсем деп танылған Лениннен алқау алған Ермековтың тағдыры тақтайдай болмады. Елдің атқа мінер, қаймақ бетіне шығар азаматтары «халық жауы» атанып, қуғын-сүргінге ұшырады, қиын-қыстау күндерді басынан кешті. Большевиктер тарапынан жасалған жазықсыздарды жойқын жазалау, атып-асу мен азаптаудан аман қалған екі адам болса, соның бірі Әлімхан Ермеков. Алайда оның өмірінің көбі айдауда өтеді. 1937 жылғы «халық жауы» ретінде тұтқындалып, атақты 58-бап бойынша 1939 жылы он жылға сотталады. 1947 жылға дейін түрмеде отырады. 1948 жылы жаламен қайта ұсталып, 1957 жылы 26 қарашада толық ақталады. 1958 жылы түрмеден шығады. Оның рухын сындырмақ арам ниеттілер Ермековқа пәтер бергенде пәтер рет нөмірін 58 деп таңбалап берген екен.
Ол – халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған қас тұлға. Оның Қазақ автономиясын құруда өлшеусіз еңбегі еш ұмытылмайды.
Е.Ермеков зобалаң жылдардығы іс-қызметін елінің шаруашылық жайын қалыптастырып, нығайтуға, халықты ағарту істеріне арнайды. Қарқаралыда мектеп ашады, Ташкент пен Алматыдағы жоғары оқу орындарында математикадан дәріс оқиды. «Ұлы математика курсы» 1-бөлім (1935), «қазақ тілінің математика терминдері» (1936) атты оқулық, кітаптарды жарыққа шығарады. Қазақ арасынан тұңғыш математика ғылымының профессоры атағын алады. Өмірінің соңында Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінде математикадан дәріс оқиды.
Осы орайды мына материалға көзім түсті.
«1967 жылы Қарағандының облыстық театрында Сәбит Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пъесасының премьерасы болыпты. Тұсаукесерге С.Мұқановтың өзі қатысыпты. Осы сапарында жазушы Жайық Бектұровтың үйінде С.Мұқанов Ә.Ермековпен кездескен екен. Мұны мен С.Ақсұңқарұлының “Алашорданың соңғы көзі” атты мақаласынан алып отырмын. Сол отырста Сәбең:
– Әбеке, сіз бізден көп үлкенсіз. Көпті көрдіңіз. Мына біз Совет өкіметі орнағанда кедей едік, жалшы едік. Әлі оқыған жоқ едік. Ауылда етекбасты болып өстік. Біздің көзімізді совет үкіметі ашты. Содан біз осы жаңа өкіметтің сөзін сөйлеп, сойылын соғып, кете бардық. Сол күрес, шайқас тұсында сіздерге, бәлкім, біздің сөзіміз де, сойылымызда тиіп кеткен кезі болған шығар деп, әлденеден кешірім сұрағандай, алды-артын орағытып сөйлеп кетеді. Сонда:
– Пъесаңызды көрдік – дейді Әлағаң. – Сахнада Сәкен болып ойнаған артист Бөкейхановқа «Сен, төбет!» деп тұрды. Бөкейхановқа Сәкен солай айта алушы ма еді?
Сәбең қысылып қалып:
– Ей, Жайық, пъесада өзі сондай сөз бар ма еді? – деп, өзі жазған шығармасының сөзін ұмытып қалғандай сыңай танытады…».
Жайық Бектұровтың естелігінен ойып алынған осы үзінді әрі-сәрі күйге түсіреді. Екі алыпты үйіне қонақ қыла отырып, Әлекеңе «біздің сөзіміз де, сойылымыз да тиіп кеткен кезі болған шығар» дегенді Сәбеңнің аузынмен айтқызып отырған адамның бұлтарпас дәлелсіз сөзіне сене салу сәбилік аңқаулық болар.
Ә.Ермековтың «- Сахнада Сәкен болып ойнаған артист Бөкейхановқа «Сен, төбет!» деп тұрды. Бөкейхановқа Сәкен солай айта алушы ма еді?» дегенінде бір кілтипан бар сияқты. Арыстар бірін-бірі жете таныған адамдар. Ақылымен де, арлы бекзаттығымен де сұлулықтың символы болған Сәкен жасымен де, ақыл-парасатымен де аға Әлихан Бөкейхановтың бетіне былш еткізіп «Сен, Төбет!» дейтіндей ойсыз адам ба еді дегенді аңғартады.
«Сәбең қысылып қалып» дейді, менің ойымша Сәбең қысылмаған, керісінше, жұлып алғандай, «- Ей, Жайық, пъесада өзі сондай сөз бар ма еді?» – деп қадалады, бұл ұмытып қалатындай сыңай емес-ау?! «Пъесаны қара, Менің сөзімді кім бұрмалады?!» деген тік сұрақ емес пе екен.
Біз осы ізбен 1963 жылы жазылған С.Мұқановтың таңдамалы шығармалар жинағының 5-томынан “Сәкен Сейфуллин” пъесасын сүзіп шықтық. Онда Сейфуллиннің Бөкейхановқа бетіне тіке қарап айтқан «Сен, төбет!» деген сөзді таппадық! Осы томның 188 бетінде Бөкейхановтың қызылдардан қашып Баянға келіп жиналыс жасағанын естігенде Сәкен: «- Уа, кәрі қасқыра-ай!…» деген екен. Қасқыр ит тұқымдастарға жатқанымен ол ит емес, бөрі, көкжал! Алашордашылардың Арланы Бөкейхановқа лайық теңеу. Кемсіту, қорлау емес. Әлихан алдырмайтын Арлан, қасиеті басым қасқыр! Сәбең Сәкенге солай дегізген! Ит деп атамапты! Олай болса, сахнада Сәкен болып ойнаған артисттің өзі не әлде кім оған Бөкейхановқа «Сен, төбет!» деп айтқызған болып тұр ғой?!
Әлімхан Ермековтің жұбайы – Рақия Шағабетдинқызы 1897 жылы Том қаласында туған. Мамандығы хирург. Әлиханмен Том қаласында танысыпты. «Халық жауының әйелі» ретінде айдауда болған. Ресейдің Қиыр Шығысындағы бір лагерде тайгада ағаш кескен. Жамбыл облыстық ауруханада істеген. Әлімхан түрмеден келгенен кейін Қарағандыға көшіп, күйеуімен бірге тұрған. 1960 жылы қайтыс болыпты. Балалары: Мағауия мен Раушан (Рауилия). Раушан армиян жігітіне тұрмысқа шыққан деседі.
Ал ұлы Мағауия 1921 жылы туған. Есейген шағында Канск және Тайшет лагерьлеріндегі әкесіне бірнеше рет барған екен. 1941 жылы әскерге алынып, соғысқа қатыспапты. Жазаланушының баласы болғандықтан майданға жібермеген. 1950 жылы Алматы Тау-кен институтын бітірген, инженер-геолог. Қарағанды көмір бассейінінде қызмет атқарады. КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері болады. 1983 жылы Қазақ Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланады.
Баласы Олег, немересі Әділ. Сайдан сая таппаған сайғақ ғұмыр кешті ме, әлде жан қалауы солай болды ма екен Олег те, оның ұлы Әділ де Британияда, ал Әділ Лондонда электроника және электронды микро компоненттер компаниясында жұмыс істейді деген мәліметтерге кездестік. Осындайда көмейге «Қайырылар ма екен, қайран ел» деген ән әуені еріксіз келіп, көзіңнің алдын буландырады…
Қарағанды қаласының орталық зиратындағы Әлімхан ата басындағы қызыл граниттен көркем соққан сынтастағы өшпестей етіп ойып жазылған атына көз тоқтатқанда Қызыларайдың қыраны Серік Ақсұңқарұлы ақының «Қызыларайдан ұшқан қыран, ұлыста бөлек ұлан, томағасын сыпырып, қияны көктен шола алмай, Алатауда қалықтап, Алтайында шалықтап, алтын тұғырға қона алмай арманда өтті!» дегені көкейімеде тұрды.
Б.Бәмішұлы
Парақшамызға жазылыңыз