Арыстансың, Қалмырза!
Саған халқың, Хан да ырза!
Жалғыз шапқан жауына,
Жалаңтөс те, Жаңғыр да!…
Алыптармен алыстың,
Қамалды бермей қарыстың!
Оққа тосқан кеудеңнен,
Отын көрдім намыстың!
Алтын құрсақ мекенің,
Жетенің не екенін,
Таныттың жатқа қаршадай,
Ұлым қандай екенін!
Ата-бабаң – Аруақ,
Қолдап жүрсін әр уақ!
Жаңа Қазақыстаным,
Сендей ұлға зәру-ақ!
Шақанымсың, шерімсің!
Шаң жұқтырмас сенімсің.
Көп жылдан соң табылған,
Көктен түскен Перімсің!
Арда емген боташым,
Бір өзің бір жотасың.
Ерлігіңе сүйсініп,
Ағыздым көзім жосасын!
01.10.2025ж
Парақшамызға жазылыңыз