Біз («Ұлттық құндылық: қазақ этнографиясы, Зейнолла Сәнік – 90» атты республикалық экспедиция» құрамы) оңтүстік-батысқа қарай бет бұрдық. Бағытымыз Жаңа Арқа. Табиғаттың ғажайыптығын айтсайшы, ойпаттан жонға, жоннан жотаға, қырдан қыратқа шыққандай болады екенсің. Жеріне ат қоюда халқымыздың ерекше қабылет, көрегендігі қайран қалдырады. Атына заты сай, Арқа десе дегендей екен. Кезкелген биігіне, белесіне шыға келсең көкжиекпен көмкеріліп шексіз-шетсіз жатқан айналаңдағы бүкіл байтақ, жалпақ жазық алақаныңа салғандай көрінеді. Біз шығысынан батысына қарай мыңдаған шақырымға созылып жатқан қоянжон дөңестің Қарағанды мен Жаңа-арқа аралығындағы ұзын жалдың үстіндегі даңғылмен зулатып келеміз. Сары күздегі Сарыарқаның Бетпаққа беттеген саласындағы сан алуан түске боялған көркіне көз тойғысыз.
Ал Қарағанды Жаңаарқа аралығындағы екі жүз шақырым күре жолдың күрделілігі нағыз арқаның қырымен жүргендей күй кештік. Біздің мақсат жолдың күйін айту болмаса да жол мұраты жету тәмсілін айналып өте алмайсың. Ел экономикасының көп мәселесін жол шешеді. Жолына қарап өркениетін бағалауға болады. Әрі тар, әрі ойдым-ойдым ойылған, кетеуі кеткен жолмен күндіз түні тынымсыз ағылып жатқан ауыр, жеңіл көліктер жанкешті-ақ екен. Әр жүргінші межелі жеріне аман жеткеніне ақ сарбас айтып соятындай, онсыз көңілі орнықпайтындай.
Салқын тартып, қоңырлаған көңілді ат-атағы жер жарған Жаңаарқаның сары қымызы бір демде жылытып жіберді. Жаңаарқа кенттінің төріндегі Сәкен Сейфуллин атындағы Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану музей қызметкерлерінің жап-жаңа пісірген бал бауырсағы мен бал қымызы шөліркеп келген аңқамызды қандырып, шөлімізді басып, шекеміз тершіп бірден Сәкеннің Паң Нұрмағамбеттің үйіне түскендегі ішкен бал қымызын еске түсірді. Жол мехнаты мұт болды.
1984 жылдан ашылған музейдің «Дара тұлғалар», «Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы», «Жаңаарқа тарихы» және «Этнография» қатарлы төрт бөлімнен құралған әр залының көп экспонаттары танымдық түпнұсқа ерекшеліктерімен тартымды. Кіреберістен Сәкен Сейфуллиннің клемге бейнелнеген портреті қарсы алады. Сәкеннің қолжасбасын фотоға түсірдім. Сәкеннің ала шапан киіп отырған суреті естеріңізде болар. Сол шәйі шапан осында екен.
«Жаңа тұлғалар» залында қазаққа әйгілі, танымал адамдардың өмір жолы, тарихи дерек-құжаттары мол мағұлмат береді әрі олардың көркем портрет-бейнелерімен танысуға болады. Академик Серік Қирбаев, академик Ғабдолла Құлқыбаев, Ақселеу Сейдімбекке жеке бұрыш арналған.Таң бозымен «Ақселеу биігіне» аттандық….
Б.Бәмішұлы
Парақшамызға жазылыңыз