Жезқазған – Сәтбаев: Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Зейнолла Сәнік қорының» бірлескен экспедициясы Жезқазған жеріне жетті.
Қоңыр күзде, қоңыр жота үстімен қоймалжың, қой жорға жүріспен Бетпақтың бедерлі, боз жусанды, құйқасы қалың, үкілі селеулі үстіртке иек артқан шабулы шалғайын жиектей жылжып жер жүзіне жезімен, мысымен, мыңсан металымен әйгілі Жезқазған өңіріне іліндік. Аспандағы будақ-будақ, бұйралана баяу көшкен сұрша бұлттар жаңа ғана, біздің алдымызда бірер сағат бұрын бүркіп өткен екен байтақтың беті қайтадан түлеп Алакөлдің жүзіндей алаулап, алуан түске боялып, жайған қалы кілемдей өңденіп, өлі сезіміңнің өзін оятар от тастап, қыңыр қиялыңды шырқау көкке шарықтатады. Жаз бойы жаңбыр көрмеген бізге жауыннан соңғы салқын ауаның иісінің өзі таңсық.
Жезқазғанды «жер қазған» деп бұрып, бұзып айтсаң да адам нанатындай. Белгілі бір жердің ат-атауы оның келбетінен, түр тұрпатынан, қазына-байлығынан, қала берді сол жерді мекен етіп отырған халықтың өмір-тіршілігі, ғұмыр баяндық шежіресінен, өткен тарихынан хабар беріп тұрады. Ал мына Жезқазған қаласы мен Сәтбаев қаласының аумағында қазылмаған жер, қопарылмаған тау, ойылмаған жол, түртілмеген төбе қалмаған. Жер астынан қопарылып жер үстіне шығарылып, екшеліп, жал-жал болып үйілген «алтын-күміс, асыл қазынасы сарқылған» тозаңы мол топырақтар талай шақырымға созылып жатыр. Осыншама жердің астын үстіне шығарып, ғасырлап, жылдап қазып, алған байлығынан ақы иесінің еншісіне не тиді екен деген ой да көкейді түртеді. Металл байыту, қорыту комбинаттарының көкірегінен көтеріліп, көк тіреген алып мұржаларынан шыққан түтіндер қос қаланың экологиясына қандай әсері барын олардың алыстан мұнартып көрінген сұлбасынан-ақ қорытынды жасау ағаттыққа апармайтыны айқын.
Жезқазған Ұлытау облысының әкімшілік орталығы, ал Сәтбаев онымен көрші орналасқан бұрынғы Никольский. Арасы жиырма шақырым қос қаланың өсу қарқыны болашақта қосылу ықтималдығын көрсетеді. Сәтбаев қаласының орталығы әсем безендірілген. Орталық алаңдағы Алаш арыстарына арналған аллеясы мен Сәтбаевтың тау тұлғалы ескерткіші тарихтан тартымды сыр шертеді. Бір олқылық: көше бойындағы жазуларда Сәтбаев атауында бірізділік жоғы байқалады: Сәтбаев, Сатбаев, Сатпаев???
Ұлытау ауданы, Ұлытау. Жезқазған қаласынан аттанып, Сәтбаев қаласына ат шалдырып, ары қарайғы жолымыз Ұлытау ауданында, Ұлытауға ұласты.
Ұлытау тарихта да, өмірде де көп ауызға алына бермейтін. Себебі Ұлытауды адам баспас, арта қалған, жері құнарсыз, елі елеусіз шетте қалған мешеу, мешел өлкеміздің бір сынды көрсету астарлы саясаттың салқыны болғаны рас. Алайда өз ұлтының, өз жерінің, туған мекенінің тарихына, өткеніне бейжай қарамайтын, көзі ашық, көкірегі ояу әркімнің көкейінде Тәңірінің өзі сыйлаған «Ұлытауға бардың ба, Ұлар етін жедің бе?» деген аталы сөз әрдайым Ұлытауға деген сағынышты суытпай үнемі ыстық қалпында ұстайтын.
Сәтбаев қаласынан шыға батыс-солтүстікті бетке алып салқын төске бағытымызды бұрған сайын жер шырайы құлпырып сала берді. Сай саласы нуға толы, салқын бұлақтары сылдырап аққан ал қызыл түсті аласа таулардың арасындағы сазды жазықтар, құйқасы қалың, құнары жомарт жондар, жон арқасын күнге тосқан үйір-үйір жылқылар үмітіңді үкілейді. Ұлытаудың пұшпағына тұяқ іліндірген жерден аты аңызға айналған ата-бабаларымыздың мыңдаған ғасырлық рухани қазынасы қордаланған қасиетті өлкенің түгін тартса май шыққан тамылжыған табиғаты еріксіз жан жүйеңді баурайды. Жер ұйтқысы, ел ұйтқысы, жер кіндігі міне Ұлытау!
Қасиеті мен өсиеті жерінің жамалынан, қалдырған амалынан, аққан суынан, ару ауасынан, өпкен самалынан сезілген киелі өлке адамзат баласының, біздің ата-бабаларымыздың танымдық таңдауының құдіретіне ерекше ғашық етеді.
Күміс бұлақ басында аттан түсіп, аяқ суыттық. Көлеңкесі көк тоғай. Жағалауы көк шалғын. Көкшіл тастың түбінен қайнап шығып жатқан су мол, тұщы бұлақ. Айналасы қожыр, қыналы тастақ. Тастарының өзі алуан түсті. Тарбиып, тақыр өткен көк жусанының иісі қандай, бір талын үзіп алып иіскесең сарайыңды ашып, кеңсірігіңді ашытады…
Бұлақ басындағы еңгезердей ескерткіш кеңістіктің бүкіл көркем көркін бұзып-ақ тұр екен. Ниет түзу болған шығар. Алайда не қасқыр, не бөрі емес, көкжал, арлан деуге ауыз бармайды, сұрықсыз құдды «ну, погоди!». Сәтсіз аяқталған жақсы жоба! Осы бір ебдейсіз, ерсі бейнені алып тастаса бұл жердің сәні еш ақсамайды. Қайта өңір өзінің байырғы табиғи көркем қалпына келер…
Ұлытау кенті Ұлытау аумағындағы барлық ежелгі тарих, ескі мұра, жәдіргерлердің шырақшысы, қорғаны. Атына сай тірлік, затына сай еңбектенуге тырысады. Ең басты мақсаттары қазақтың ұлттық ұлылықтарын ұлықтау, шашауын шығармай сақтау, кейінгі ұрпаққа басы бүтін жеткізу, жаңасымен толықтыру. Соның бірі көненің ізбасарындай бой көтерген «Рәміздер алаңы». Төр басында Ел Туы, тұғырында Елтаңбасы, Әнұраны. Алаңның қақ ортасында тоқсан екі баулы ұлыстың хас таңбалары қызыл гранит тасқа қашалып бәдізделген. Көрген көзге көне тарихтан көп сыр шертеді.
Ауылдың іргесіндегі Тас бұлақтың жөні тіпті бөлек. Ауылдың солтүстігін көмкеріп тұрған Емшек таулардың ағып жатқан ақ сүтіндей қайнар. Қысы-жазы суалмайтын тас бұлақтан ауыл тұрғындары тасып ішеді. Таңдайымызды жібіттік.
Хан жайлауы – Хан ордасы. Ұлытаудың ұланбайтақ жазығындағы Хан ордасы тігілген жұрт. Жайлау мекені. Орда сырты қызыл тастан қаланған дуалмен, оның сыртын айналдыра ор қазып, оған іргесіндегі Жаңғабыл өзенінен бері тартылған арықпен су толтырса керек-ті. Дуалдың орны жал болып үйіліп, дөңкиіп жатыр. Хан Ордасының орнында тұрып төрт түстікке көз жіберсеңіз көз жетер жер түгел көрінеді екен. Оң мен солын қоршаған анау алыстағы аласа таулардың шоқысынан жаққан от-алау Ордаға айқын көрінсе керек.
Осы жерде Жошыдан бастап қазақ хандарының барлығын ақ киізге көтеріп, хан сайлап, ұлықтау дәстүрі өткізілсе керек-ті. Хан Ордасының орталығына бүгінгі ұрпақ мәрмәр тастан Хан тағын орнатыпты.
Қазақ баласы кіндік қаны тамған жерге есейген шағында бір барып аунап топырағынан ойына нәр, бойына қуат алу дәстүрі бар.
Хан Ордасы барша қазақ баласының бас иіп, кие тұтып, тәу етер құтты қонысы. Біз де жора-жосын жолымен Ұлы Хандарымыздың тағына отырып, Ордасының жұртына аунап, киелі де, қасиетті топырақ құдірет күшін сезіндік.
Б.Бәмішұлы
Парақшамызға жазылыңыз