2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарға қатысты салықтық бақылау күшейеді. Жаңа талаптарға сәйкес, жеке тұлғаның банк картасына тұрақты түрде ірі көлемде ақша түсіп отырса, ол кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылуы мүмкін.
Мемлекеттік кірістер органдарының түсіндіруінше, шара көлеңкелі экономиканы азайтуға және заңсыз табыстарды анықтауға бағытталған.
Қандай жағдайда аударымдар күдік тудырады?
Жаңа тәртіп бойынша, егер:
– бір жеке тұлғаның картасына 3 ай ішінде 100-ден көп әр түрлі адамнан ақша түссе;
– осы үш айдағы аударымдардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (2026 жылғы есеп бойынша шамамен 1 020 000 теңгеден) асса, онда бұл операциялар кәсіпкерлік қызмет белгілері ретінде бағалануы мүмкін.
Мұндай жағдайда банктер тиісті мәліметті мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды .
Одан кейін не болады?
Салық органдары түскен мәліметтер негізінде камералдық бақылау жүргізеді. Егер табыстың кәсіпкерлік сипатта екені анықталса:
– азаматқа ресми хабарлама жіберіледі;
– оған 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беру немесе заңды мәртебесін (жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, декларация тапсыру) реттеу мүмкіндігі беріледі.
Егер көрсетілген мерзімде талаптар орындалмаса, салықтық тексеріс басталуы мүмкін .
Барлық аударым тексеріле ме?
Мемлекеттік кірістер органдары бұл талаптар туыстар арасындағы ақша аударымдарына, жалақы, зейнетақы немесе әлеуметтік төлемдерге қатысты емес екенін атап өтеді. Бақылау тек жүйелі және табыс табуға ұқсас операцияларға бағытталған.
Сарапшылардың айтуынша, негізгі назар онлайн сауда, қызмет көрсету, жалдамалы жұмыс пен тіркелмеген кәсіпкерлік арқылы түсетін табыстарға аударылмақ .
Билік бұл шараны не үшін енгізіп отыр?
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда көптеген азамат кәсіпкерлік қызметті тіркемей, табысын жеке банк карталары арқылы алып келеді. Бұл салық түсімдерінің азаюына және әлеуметтік теңсіздікке әкеледі.
Билік өкілдері жаңа тәртіптің мақсаты жаппай жазалау емес, керісінше азаматтарды заңды кәсіпкерлікке көшіру, табысын ашық көрсетуге ынталандыру екенін айтады .
2026 жылдан бастап мобильді аударымдар жай ғана жеке қаржылық операция емес, белгілі бір жағдайда салықтық бақылау нысанына айналуы мүмкін. Сондықтан сарапшылар азаматтарға:
– тұрақты табыс көзі болса, ресми тіркелуді;
– күмән тудыруы мүмкін аударымдар бойынша құжаттарды сақтауды;
– салық органдарынан хабарлама келген жағдайда уақытында жауап беруді ұсынады.
Бегім Көктүрік
Парақшамызға жазылыңыз
