///

Алма Сайлауқызы: Ұлыбританиядағы ғылыми тағылымдама жазбалары. I бөлім

120 рет қаралды

 Мақсұт Нәрікбаев университеті, Халықаралық журналистика мектебінің Ассистант профессоры  Алма Сайлауқызы биылғы күзден бастап, Ұлыбританиядағы Лидс университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр. Алма әлемнің дамыған мемлекеті саналатын Ұлыбританиядағы білім берудегі ерекшеліктері мен кемшіліктерін таразылап, көрген-түйгенін күнделік беттеріне жазып отыруды мақсат еткен екен. Ал Алманың жазбаларын “Мінбер” оқырмандарына ұсынуды біз мойнымызға алдық. Мархабат

АЛҒАШҚЫ АЙДА ТҮЙГЕНІМ 

Ұлыбританияға келіп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша он айлық ғылыми тағылымдаманы бастап кеткенімізге отыз күннен асыпты, ендеше алғашқы әсер қандай, осы уақытта не түйіп үлгердім деп ойланатын сәт туған сияқты.

Оның үстіне жуырда Астанадағы Меруерт Тілебалдиева атты оқытушы құрбымның АҚШ-та ғылыми тағылымдамасын аяқтап жатқан Қарлығаш Дүсіпбаева әріптесімізге: «Ол жақтың білім мен ғылым саласындағы ең озық үлгілері не болды екен? Мәдени және рухани құндылыққа нені жатқызады?» деген сұрағын көрген соң, осы сауалға мен не деп жауап берер едім деп ойланып қалдым.

Содан бір айда куә боп көргенімді, көңілге түйгенімді сараптап көрейін деп шештім. Қарашаның ортасынан желтоқсанның ортасына дейін Лидс университетінде біраз профессордың дәрісіне, семинарлары мен конференциясына, саммит пен клуб жұмыстарына қатыстым.

Толыққанды, әбден иіні қанып тұрып сарапталған қорытындыны тоғыз айдан кейін жасауға болатын шығар, ал әзір «аралық есеп» дегендей, алғашқы әсерлерден түйгенімді бөлісейін. Сонымен, Ұлыбританияның жоғары деңгейлі, ғылыми зерттеу әлеуеті зор, ең үлкен оқу ордасының бірі саналатын Лидс университетінде алғашқы бір айда не түйдім? Оқу үрдісін жүргізу мен соған жағдай жасау, оқытушы-профессорлық құрамның жұмысына қатысты қандай оң тенденция, сондайақ қандай жағымсыз тұстар көзіме ілікті?

УНИВЕРСИТЕТ ҰСТАЗДАРЫНДА ЕРКІНДІК КӨП

Біріншіден, мұнда әр түрлі университеттің профессорлары бір-біріне, жиі-жиі қонақ дәріске келіп тұрады. (Кей профессорлар екі семестрдің біреуін оқыту семестрі емес, зерттеу семестрі деп алады екен. Корпустағы жеке кабинеттеріне екі аптада бір келіп, ресми поштасына жауап беріп, факультеттегі кішігірім шаруаларын атқарып тұрады, ал айлығы тұрақты. Осылайша ғылыми жобасына көбірек уақыт бөледі және сол елде, тіпті әлем бойынша қонақ дәрісін өтіп, өзге де студенттермен, әріптестермен пікірлесіп қайтады). Біздің елде өкінішке қарай, бұл үрдіс аса дами қоймаған деп айта аламын. Бір-біріне бәсекелес ретінде қарай ма, әлде бірінің құпия сырын екіншісіне жария етіп қояр деп сескене ме, әйтеуір ондай дәріс өте аз.

Арасында ғана бір қаладағы оқу орнында істейтін ғалымды екінші шаһардағы университет қонақ дәріске жалпылама тақырыпта ғана шақыруы мүмкін. Біздің елдің университеттеріне көбіне нейтралды тұлғаларды, яғни университетте істемейтін ғылым адамдарын, өндірістің өкілдерін немесе Ардақ Назаров сияқты «талай журналисті оқытқан» популистерді  ғана шақырып тұру дамыған.  Ал мен куә болған қонақ дәрістерге  Единбургтен (Ұлыбритания) Dr. Dario Luis Banega, Вашингтоннан Dr. Mark Windschiti (АҚШ) және Сидней университетінен (Аустралия)  Dr. Heather Ford атты профессорлар келіп, өз саласына қатысты, қоғамдық маңызы зор, қызықты ғылыми зерттеулер бойынша түйгенімен бөлісті. Сол қонақ-профессорлардың дәрісін барша студенттерімен қоса, бір саладағы әріптестері  де құлшына тыңдап, сұрақтарын қойып, тіпті дәрістен соң да ұзақ-ұзақ шүйіркелескеніне куә болдым. Өте жақсы және пайдасы зор академиялық дәстүр дер едім.

СТУДЕНТТЕРДІ ТЕК ӨЗ МАМАНДЫҒЫНА ҒАНА БАУЛЫМАЙДЫ, СОНЫМЕН ҚАТАР ӘЛЕМДІ СЫНИ ТҰРҒЫДАН ТАНУДЫ ДА ҮЙРЕТЕДІ

Екіншіден, мамандық білімін берумен қоса, адамдық ілімін беруге тырысатыны ұнады. Қазіргі заманауи пәнаралық түйткілдер мен жалпығылыми мәселелерге, ғаламдық проблемаларға  қатысты студенттер мен оқытушыларға арнайы дәрістер ұйымдастырады екен. Сол арқылы «жұмсақ дағдыны шыңдау» үрдісі жолға қойылғанын аңғардым.

Сонда әр адам тек өз саласының хас шебері болуды ғана ойламайды, одан басқа да маңызды құндылықтар туралы көзқарасты қалыптастырады. Заманмен үндеседі, қоғамның белсенді мүшесі ретінде міндет алып, өз ортасындағы замандастармен мақсаттас болып, ұйыса түседі.

Мен куә болған ондай ортақ дәріс тақырыптары: трансформативті климаттық білім  (Transformative Сlimate Education); академиялық  кәсіпкерлік (Academic Enterpreneuralism); әлеуметтік әділдік (Social Justiсe). Климат туралы білімнің мақсаты түсінікті, жалпығаламдық жылыну мәселесін оқыту процесіне де қоса отырып, өзекті ақпаратты студенттерге жеткізуге, түсінік пен жауапкершілік қалыптастыруға тырысады.

Ал әлеуметтік әділдік тақырыбында сексизм, эйджизм, дискримнация және буллинг мәселесін жоғары оқу орнында оқып жатқан жастардың пәндік қызығушылығы арқылы қалай зерделеуге болады деген тақырыпта ой қозғап, әріптестер болып пікір таластырғанын көріп, жақсы тәсіл екен деп риза болып қалдым.

Заманауи жоғары білімдегі академиялық кәсіпкерлік тақырыбының мақсаты ЖОО оқытушыларына ізбасарлар дайындау: ғылым, өндіріс пен жеке өмірді үйлестіру кейстері арқылы үлгі жасау болды. Осы орайда оқытушы ғалымдар «коммуникацияға негізделген оқыту» (communicate based education) әдісін қолдану осы қосалқы тақырыптарды  сіңіруде аса маңызды екеніне тоқталып отырды. Студенттердің бойына экологиялық мәдениетті, заманауи этиканы, ғылым, жеке өмір мен өндірісті тиімді үйлестіру дағдыларын осылай да сіңіретінін көрдім.

УНИВЕРСИТЕТТЕРДЕ ОҚУҒА ТОЛЫҚ МҮМКІНДІК ЖАСАЛҒАН

Үшіншіден, көпшілік алдында білімімді бөлісетін кез келген жан өз тақырыбын ауызша жетік түсіндіруге әбден шыңдалғанын байқауға болады, әрі олардың әрбірі мінсіз дайындалған презентациямен ғана шығады екен. Жай ғана қағаздан баяндама оқып берейін немесе ауызша сұрақтарға жауап беру форматында өткізе салайық деу жоқ. Қазақстаннан бөлек, осы уақытқа дейін Ресей, Франция, Әзірбайжан, Түркияда өткен конференцияларға  қатысқан едім, сол кезде мықты-мықты ғалымдардың баяндамасын тыңдадым. Алайда дәл Ұлыбритания оқытушы ғалымдары дайындағандай өте жарқын, өте ұғынықты, өте тартымды, өте жүйелі және өте жаңа форматтағы презентацияларды өте сирек көрдім. Ол жағынан мұнда барлығының ондай қабілеттері әбден шыңдалып қойғанына көзім жетті.

Төртінші ерекшелік (үшінші ерекшелікпен байланысты да болар): барлық оқу корпусы толықтай заман талабына сай жабдықталған. Лидс университетінде жүзден астам оқу ғимараты бар болса, осы бір айда соның жиырма шақтысында болдым, әр оқу кабинетінде үлкен экран мен проектор бар. Аудитория сәл үлкейсе болды, ол жерде лектор микрофоны міндетті түрде трибунада және мойынға ілетін екі нұсқада тұрады.

Сондай-ақ үлкенірек оқу залдарында бәріне естілетіндей сұрақ қойып, пікір айтуға арналған, аудиторияның қол микрофоны да болады. Кез келген корпусында студенттер отыра қалып, ноутбугын зарядкаға қойып, жұмысын істей береді. Соған арналған стол мен жұмсақ орындықтың көптігі сонша, олардың жартысы үнемі бос тұратынын көресіз.

ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУҒА ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРЫЛАДЫ

Сондай-ақ әр корпуста әр студент көшірме жасап, қағазын шығарып алатын автомат принтерлер тұр. Бет саны мөлшерлі, бірақ кез келген материалды тегін шығарып ала аласыз, кітаптарды сканерлеп көшіре аласыз. Бар болғаны университет аккаунтыңыз бен өз пароліңізді енгізсеңіз болғаны. (Біздің елдегі жеке, санаулы жоғары оқу орны ғана осыған жақын жайлы, заманауи жағдай жасауға талпынып келе жатқанын байқай аламыз, ал мемлекеттік университеттердің жағдайы әлі де мәз болмай тұр, өйткені шет елден білімін мойындап келіп, 40 000 паунд төлеп оқитын студенттер жоққа тән…)

Бесінші ерекшелік, бұлардың әлемдік беделді ғылыми дерекқорларға деген ұстанымы біздікінен бөлек көрінді. Scopus Скопус (Elsevier), Web of Science (Clarivate) және тағы басқа ғылыми базаға енетін журналдарға мақала жазу мақсаты мен шарттарын біздікіне ұқсатпадым. Мәселен, сол Скопусқа, Гугл-сколарға кіретін ең беделді журналдарда мақаласы шығып жүрген профессорымыз Соуриндра мырзадан осы туралы сұрағанда: «Біздің ғылыми мақалалар ол жерлерде  жарияланған сайын,  әлемдік университеттердің QS-рейтингінде (QS World University Rankings) көтеріле түсеміз. Солайша ғылыми маңызды зерттеулерімізді бөлісеміз», деді.

Соуриндра профессор өзі бір ғылыми мақаланы жоғары деңгейлі (Q1, Q2 квартильді) журналға шығару үшін, төрт жылдан сегіз жылға дейін жұмсайтынын айтты. Оған оқытушы ғалымның академиялық бос уақыты (сөз басында жазған ғылыми зерттеуге арналған ақылы семестр) және бірнеше докторанттан тұратын көмекші топ  ұсынылады екен. «Ең бастысы, оған көп ақша бөлінеді: әр ғылыми мақалаға ең кем дегенде 8000 паунд (5 580 000 теңге) қаражат керек, білесіз бе?» деді ол. Нәтижесінде, QS-тен жоғары деңгейге көтерілгенде, бізге ақылы оқуға студент көптеп  келеді, тиісінше олардың әрқайсысы жылына орташа есеппен 30-40 000 паунд төлейді, солай ғылымға шыққан шығын университетке айналып, еселеніп, қайта оралады екен. Аңтарылып қалдық.

Бізде басқаша ғой… Ондай мақала жариялау оқытушының  жеке проблемасы емес пе?.. Мемлекеттік оқу орындары Скопусқа шыққанды талап етіп, жасанды түрде рейтингтегі орнын сәл көтеріп алғанымен, соның нәтижесінде шетелден студенттер ақылы оқуға  ағылып келіп, өзін ақтап жатыр ма?.. Бәлкім біздегі ғылымды имитация тәсілімен емес, шынайы дамытуға тырысу керек шығар деген еріксіз ой келді…

МӘДЕНИ ШОКТЫ ДА БАСЫМНАН КЕШІП ЖАТЫРМЫН

Ал енді үлгі болатын емес, қайта бойды аулақ ұстау керек сипаттарына қысқаша тоқтала кетейін. Біріншіден,  бұларда  студенттер де, тыңдарман  болып келіп отырған оқытушылар да сырт киімін шешпеуі – қалыпты әдет. Қандай әдемі зал, жып-жылы аудитория болса да, сырт киімін шешпестен отыра салады. Ол аздай, қомыт-қомыт заттарын жан-жағына жалбыратып іліп қояды. Сосын қаншама ғимарат пен аудитория болса да, еш жерден гардероб көрмедім. Бәлкім аса қатты қыс болмаған соң оған мән бермейтін болар? Бірақ ол жағынан бізде қалыптасқан тәртіп жинақырақ  және жарасымдырақ көрінді.

 Екіншіден,  шашылған қоқыс көп және оны өте сирек жинайды (немесе мүлдем жинамайды). Корпус маңайы салыстырмалы түрде тазалау, тек қалған көшеде жалпы шашылып жатқан қоқыс көп. Қаланың ең белсенді азаматтары – студенттер қауымы. Жастардың жүрген жерінде бір реттік кофе стақандарын, су бөтелкелерін лақтырып кете беретіні, сосын оны апталап ешкім жинауға асықпайтыны,  сонымен бірге  тротуарға қабат-қабат түскен жапырақ тоқтаусыз жаңбырдан езіліп, түйдек-түйдек қоқысқа айналып, иістеніп жата беретіні аса ұнамады.

Әзірге осы. Көріп тұрғаныңыздай, кемшілігінен артықшылығы көп болып тұр. Келесі айдың пікірінде неше артықшылық, неше кемшілік тізбеленетінін әзірге өзім де білмеймін, оны уақыт көрсетеді. Бір нәрсе анық: алдағы уақытта тағы да талай дүниені көкейге түйіп, оқырманмен бөлісуге тырысамын.

Алма Сайлауқызы

PhD ғылым докторы, “Болашақ” бағдарламасының

 «500 ғалым» ғылыми тағылымдама стипендиаты

Лидс университеті, Ұлыбритания

фото: жеке мұрағаттан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Пәтер бағасы арзандай ма?

Алатау ауданындағы ескілеу көпқабатты үйлердің бірінде Айдана мен Еркебұлан екі бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрады. Жиһаздар бұрынғы