//

«Немолчи» қоры: сотта Айзаттың ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілгені айтылды

40 рет қаралды

Фото: facebook.com

5 желтоқсанда Айзаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сотта куәлардан жауап алу кезеңі басталды. «Сот отырысында айтылған жайттар қоғамда бірнеше сұрақ туындатты» деп хабарлайды «Немолчи» қоры.

Сот барысын бақылап отырған құқық қорғаушылар мен белсенділердің айтуынша, отырыс кезінде ұзақ уақыт бойы Айзаттың телефонмен сөйлей алған-алмағаны талқыланған. Олар бұл мәселенің істің мән-жайын анықтауда негізгі фактор ретінде қарастырылуына алаңдаушылық білдірді.

Қоғамдық талқылауда «егер Айзат күйеуі мақұлдамайтын адаммен сөйлескен болса, бұл оның өмірінің қауіпсіздігіне әсер ете ме?» деген мәндегі сауалдар көтерілген. Белсенділер мұндай логиканың зайырлы әрі құқықтық мемлекет қағидаттарына қайшы екенін айтады.

Айып қандай баппен тағылып отыр?

Сот материалдарына сәйкес, Жанболат Айбарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша ең төменгі жаза – 8 жыл, ең жоғарысы – 15 жыл бас бостандығынан айыру.

Соттағы айтылған уәждерге қарағанда, прокуратура айыпты қайта саралауды жоспарламай отыр. Өткен аптадағы отырыста прокурор Нұрлан Билибеков:

– гистологиялық сараптама Айзаттың жүкті болғанын растамайтынын;
– тергеу нұсқасы бойынша алынған жарақаттар «жерге сүйреп апару» немесе «атқа не көлікке байлау арқылы азаптау» белгілеріне сәйкес келмейтінін

мәлімдеген.

Белсенділер мұны қоғам тарапынан айтылған талаптарға прокуратураның жауабы деп бағалайды.

Айзат қандай күйде жеткізілген?

Сот отырысында медицина қызметкерлері мен куәлардың берген жауабы қоғам назарын аудартты. Олардың айтуынша, Айзат медициналық мекемеге ауыр жағдайда жеткізілген.

Куәгерлердің бірі Гүлшат Кенжетаева Айзаттың алғаш әкелінген сәтін сипаттап, оның тынысы қиындағанын, бетінің бір бөлігінде көгеру белгілері болғанын, сондай-ақ құлағы мен ауыз тұсынан қан байқалғанын айтқан. Тағы бір медициналық қызметкер де Айзаттың шашында бөгде заттар болғанын растаған.

Ал травматолог дәрігер Мұхтар Кумеков сотта берген жауабында төменгі жақ сүйегінде зақым белгілері барын, сондай-ақ қол-аяқ тұстарында сыртқы әсерден болуы мүмкін жарақаттар анықталғанын мәлімдеген. Айзаттың туыстары мәйітті көрген кезде жамбас тұсындағы теріде де айқын зақым белгілерін байқағандарын айтқан.

Қоғамдық белсенділердің пікірінше, аталған деректер оқиғаның мән-жайына қатысты қосымша сұрақтар туындатады. Алайда прокурор сотта жарақаттар тергеу ұсынған нұсқаға сәйкес келмейтінін атап өткен.

 «Қызың ұшып кетті» деген сөз қайдан шықты?

Айзаттың анасының айтуынша, ол қызының қайтыс болғанын таңғы 8:30-да ғана білген. Ал алғашқы хабарды жеткізгендер «қызың ұшып кетті» деген сөз қолданған. Туыстары бұл сөзді бастапқыда тура мағынасында түсінбегенін айтады. Белсенділердің пайымдауынша, дәл осы сөз кейіннен марқұмның «жермен сүйретілген болуы мүмкін» деген күдіктің қалыптасуына әсер еткен.

Әлі де жауапты талап ететін сұрақтар

Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылардың айтуынша, сот үдерісінде бірқатар сұрақ әлі де жауапсыз қалып отыр:

– неге тергеу барысында ҚК-нің 110-бабы («Азаптау») қарастырылмады?
– неге іс 99-баптың 1-бөлігімен шектеліп, бастапқыда қолданылған 106-бап алынып тасталды?
– неге прокуратура жарақаттардың толық құқықтық саралануын талап етпеді?

Сотта алдағы уақытта сарапшылардан жауап алу және сот-медициналық сараптама қорытындысын зерттеу жоспарланып отыр. Қоғам өкілдері дәл осы кезеңде істің мән-жайы нақтырақ ашылады деп үміттенеді.

Бегім Көктүрік

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Пәтер бағасы арзандай ма?

Алатау ауданындағы ескілеу көпқабатты үйлердің бірінде Айдана мен Еркебұлан екі бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрады. Жиһаздар бұрынғы