Алатау ауданындағы ескілеу көпқабатты үйлердің бірінде Айдана мен Еркебұлан екі бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрады. Жиһаздар бұрынғы қожайыннан қалған, асүйдегі үстелдің бір аяғы сәл шайқалып тұрады, ал балконға шықсаң, алыстан жаңа салынып жатқан үйлердің крандары көрінеді. Сол үйлердің бірінен өз шағын баспанасын алуды жас жұбайлар екі жыл армандап келеді. Ай сайын үнемдеп, керек-жарақты қысқартып, бастапқы жарнаға ақша жинай бастаған.
Бірақ Алматыдағы пәтер бағасы жылдан жылға артып жатыр: екі жыл бойы маңдай терімен жинаған қаражаты бүгінде бастапқы жарнаның өзін жаба алмайды. «Баға түседі, тұрақтайды» деп күткен күндері де, «тағы біраз шыдасақ жетеміз» деп өздерін жұбататын түндері де болған. Алайда нарық өзгермеді керісінше, қымбаттап жатыр.
Соңғы жылдары Қазақстанда пәтер бағасы қатты өсті. Әсіресе Алматы қаласында. Баспана алу қарапайым халыққа қолжетімсіз. Krisha.kz дерегі бойынша, 2024 жылдың соңында Алматыда екінші нарықтағы пәтердің шаршы метрі 744 870 теңге, ал Астанада 512 633 теңге болған. Бұл айырмашылық үлкен. Алматылықтар үшін үй алу бұрынғыдан да қиындап кетті.

Айдананың айтуынша:
“Былтыр барып көрген пәтер 20 – 25 миллион еді. Дәл сол үйлер биыл қайта барсақ, 35 миллионнан басталады. Бір жылда 8 – 10 миллионға өсіп кетуі – біз үшін өте қомақты қаражат. Біз жинағанымызды көбейте алмай жатқанда, бағалар одан да жылдам өсіп жатыр.”Жас отбасы бірнеше ай бойы оннан аса жаңа құрылысты, екінші нарық пәтерлерін қараған.
Бірақ қайда барса да бір жауап: “барлық жерде осындай баға, осыдан арзаны жоқ”. Еркебұлан мұны түсіне алмай дал болғанын айтып қынжылды: “Елдің табысы өспей жатыр. Керісінше қымбатшылық бар. Инфляция, қосылған құн салығы, тамақ пен коммуналдық төлемдердің бағасы да шарықтап тұр. Пәтер бағасы күн санап өсіп жатыр. Алматыға келсең – бәрі қымбат.” Айдана мен Еркебұлан сияқты Алматыда мыңдаған жас отбасы бар. Жалдап тұру оларды шаршатқан, бірақ өз баспанасына қол жеткізу – барған сайын қиындап барады. Тәжірибелі маман Жангир Алмасбекулы Алматыдағы қымбатшылықтың бірнеше себебін атап өтті.
Оның айтуынша, пәтер бағасының түспеуі – тек нарықтағы алыпсатарлық емес, жүйелі факторлардың жиынтығы. “ Сұраныс – ұсыныстан бірнеше есе көп. Алматы жыл сайын 40 – 50 мың жаңа адамды қабылдайды. Басым бөлігі 18 – 35 жас аралығындағы жастар. Олар жұмыс, оқу, инфрақұрылым үшін келеді. Бұл тұрақты, тоқтамайтын сұраныс. Ал салынып жатқан жаңа үйлер бұл ағынды толық жауып тұрған жоқ. Құрылыс материалдары да қымбаттап жатыр. Темір, цемент, әрлеу материалдары, логистика бәрі бір емес, бірнеше рет қымбаттады. Баға өссе, құрылысшы да арзандатпайды. Бұл таза экономикалық заңдылық”- дейді ол.

Риелтор Алматыдағы пәтер бағасының шарықтауында инвесторлардың үлесі жоғары екеніндігі себеп екенін былай негіздеді: “Алмалы, Бостандық, Медеу аудандарындағы жаңа үйлердің 35 – 40 пайызы инвесторлар қолында. Олар пәтерді тұру үшін емес, қайта сату немесе жалға беру үшін алады. Бағаны төмендетуге мүдделі емес. Екінші нарықта бағаны қолдан жасайтындар көп. Бір подъезде бір пәтер қымбатқа сатылса, басқалары да өз пәтерін сондай бағаға қояды. Әсіресе жап-жаңа жөндеу жасалған пәтерді ешкім арзанға сатпайды.”
Риелтордың айтуынша, баға тек баяулау мүмкін, бірақ күрт төмендеуі екіталай. Егер Алматыға миграция азаймаса, құрылыс материалдары арзандамаса, баға төмендемейді. “Көбісі бағаны жасанды ұстап отыр деп ойлайды. Бірақ бұл жерде факторлар әлдеқайда күрделі екенін түсіну қажет.”
Кездейсоқ қарапайым тұрғынның сөздерінше : «Біз қазір пәтер жалдаймыз. Ақша жинап жатырмыз, бірақ оңай емес. Әр ай сайын жалдау төлеміне көп ақша кетеді. Ал ипотека алуға алғашқы жарна жетпейді. Баға түссе жақсы болар еді, бірақ бәрі қымбаттап жатыр. Сондықтан шама келгенше үнемдеп, аз-аздан жинап жатырмыз. Әлі қанша жыл жинайтынымыз белгісіз бұл темппен. Оның үстіне баға жылдан жылға өсіп жатыр.»
Жеке нотариус, Қызылова Эльмира “ Келісімдер азайды, бірақ баға төмендеген жоқ Алматыдағы тәжірибелі нотариус соңғы жылдары пәтерді сатып алу-сату келісімдерінің сипаты өзгергенін айтады. Келушілер көбейген, бірақ сатып алушылар азайған “Келіп құжат тексеретіндер көп. Бірақ солардың ішінен келісімге баратындар азайып кетті. Себебі баға шарықтап тұр, ал адамдар шешім қабылдауға қорқады. Саудаласу жоққа таман. Бұрын 5 – 7% жеңілдік алуға болатын. Қазір 1 – 2% болса жақсы. Сатушылар түсіргісі келмейді. Сатып алушылар ұзақ ойланады, сатушылар күтеді. Бірақ құжаттарды рәсімдейтін кезде баға тағы өсіп кеткен жағдайлар да болған. Көбіне ең қиын болатын нәрсе алғашқы жарна. 20 пайызға жуық сома жинау жастарға ауыр. Пәтер бағасы туралы көп клиенттер “баға түсе ме, қазір алу дұрыс па?” деп кеңес сұрайды. Нотариус ретінде баға жайлы нақты кепіл бере алмаймын, менің жұмысым заңдық тұрғыдан тексеріп, рәсімдеу. Өз ойымды айтсам, баға бірден түспейді, нарық біртіндеп тұрақтанады. Егер сізге пәтер шұғыл түрде керек болса, күтпей алған дұрыс, ал инвестиция үшін ойлансаңыз нарықты зерттеп, шығындарды есептеп барып шешкен жөн” – дейді маман.

Ресми мәліметтер мен нарық сараптамасы пәтер бағасының әлі де биікте тұруының негізгі себептерін көрсетеді:
Соңғы 3 жылда Алматыдағы пәтер бағасы 25 – 40% өскен аудандарға байланысты. (Медеу, Бостандық, Алмалы) Қалаға жыл сайын 30 – 40 мың астам адам тұрақты қоныс аударады. Жаңа үй құрылысы бұл сұранысты толық жаппайды. Екінші нарықтағы 70% сатушы бағаны түсіргісі келмейді (риелтор деректері). Инвестициялық мақсатта алынатын пәтер үлесі 30-40% орталық аудандарда.

Алматы қаласындағы жыл сайынғы пәтерлерге деген бағалардың өзгерісінің көрсеткіші. Дереккөз
Қорытынды:
Айдана мен Еркебұлан сияқты жас отбасылар үшін баспана – жай шаршыметр емес, өмір сапасының негізі. Бірақ Алматыда үй бағасы тұрақсыз, табыс деңгейіне қарағанда бірнеше есе жоғары. Риелтор да, нотариус және басқа да сарапшылар бір пікірде: Баға төмендемейді. Тек өсім баяулауы мүмкін. Ал баспана мәселесі жеке адамдардың ғана емес, бүкіл қаланың әлеуметтік проблемасына айналып барады. Қазір Алматыда пәтер алу нағыз сынақ. Баға жоғары, несие қымбат, ал табыс баяу өсіп жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар бәріне жетпейді. Жастар үшін ең үлкен қиындық алғашқы жарна. Көпшілігі жылдап жинайды. Болашақта баға бірден түспейді, бірақ нарық біртіндеп тұрақталады деген үміт бар. Ал әзірге көпшілік үшін пәтер алу үлкен арман мен ұзақ жол.
Гүлназ Ұзақ, SDU,
Журналистика мектебінің 4 курс студенті
Парақшамызға жазылыңыз
