//

2026 жылы қандай ірі спорттық додалар өтеді?

106 рет қаралды

Фото: olympic.kz

2026 жыл қазақ спорты үшін аса мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы болмақ. Отандық спортшыларды бірден бес ірі кешенді жарыс, сондай-ақ бірнеше әлем чемпионаты күтіп тұр. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитеті жазды.

2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары

Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындары – 2026 жылдың басты спорттық додасы айналмақ. Олимпиада аясында мұздағы және таудағы спорт түрлері бір алаңда тоғысады. Ал ашылу және жабылу салтанаты елдің тарихи әрі символдық орындарында ұйымдастырылады.

Аталған дүбірлі дода 6 ақпанда басталады. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы олимпиадалық лицензиялар үшін күресуде. Бүгінгі күнге дейін қазақстандық спортшылар шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және конькимен жүгіру спорт түрлері бойынша Олимпиадаға қатысу құқығына ие болды.

Жалпы алғанда, Олимпиадада 116 олимпиадалық және 79 паралимпиадалық жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Жарыстар қысқы спорттың барлық классикалық түрлері бойынша өтеді: тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, хоккей, сноуборд, фристайл, бобслей, шаңғы қоссайысы, скелетон, шаңғымен тұғырдан секіру, керлинг, шана спорты.

Айта кетерлігі, ски-альпинизм алғаш рет Олимпиада бағдарламасына енгізілді.

2026 жылғы Азия ойындары 

Жазғы спорт түрлері бойынша жылдың басты жарысы – Азия ойындары болмақ. Аталған турнир 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтеді.

Азия ойындары – Олимпиададан кейінгі құрлықтағы ең ірі спорттық дода. 2026 жылы жарыс бағдарламасы едәуір кеңейтілді: 41 спорт түрі, 68 дисциплина, 460 жарыс түрі қамтылады. Бағдарламаға аквабайк, бридж, киберспорт, боулинг секілді жаңа спорт түрлері енгізіліп, алғаш рет Азия ойындарында аралас жекпе-жектен сайыс ұйымдастырылады.

Азиада-2026 стратегиялық маңызға ие, себебі ол Олимпиадаға екі жыл қалғанда және іріктеу кезеңінің қарсаңында өтеді.

2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасы

Жыл соңында Сенегал астанасы Дакар IV жазғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарын қабылдайды. Дода 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді.

Айта кетейік, жасөспірімдер Олимпиадасы Африка құрлығында алғаш рет ұйымдастырылады. Ойындарға қатысатын спортшылардың жасы жабылу салтанаты кезінде 17-ден аспауы тиіс. Ал ең төменгі жас санатын әр спорт түрі бойынша халықаралық федерациялар бекітеді.

Жарыс бағдарламасына 25 спорт түрі енгізілді. Ал тағы 10 спорт түрі көрсетілімдік форматта өтеді. Бұл шешім қабылдаушы ел мен аймақтағы жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Алдыңғы жасөспірімдер Олимпиадасынан айырмашылығы – Дакар-2026-да дәстүрлі іріктеу жүйесі болмайды. Квоталарды Халықаралық Олимпиадалық комитеті мен халықаралық федерациялар орталықтандырылған тәртіппен бөледі.

Жабық кешендегі және жекпе-жек спорт түрлері бойынша 2026 жылғы Азия ойындары

2026 жылы Эр-Рияд (Сауд Арабиясы) тағы бір ірі кешенді жарыстың орталығына айналады. Мұнда жабық кешендегі және жекпе-жек спорт түрлері бойынша Азия ойындары (AIMAG) өтеді.

Бұл жарыс бастапқыда 2024 жылы Бангкок пен Чонбуриде (Таиланд) өтуі тиіс болған. Алайда бірнеше рет кейінге шегерілген соң Азия Олимпиадалық кеңесі оны тоқтатқан еді.

AIMAG аясында жабық спорт нысандарында өткізуге қолайлы қоян-қолтық ұрысқа негізделген спорт түрлері мен жекелеген дисциплиналар қамтылады.

Жарысқа Азия құрлығының 45 Ұлттық Олимпиадалық комитетінің өкілдері қатысады деп күтілуде.

Бағдарламада Азия елдері дәстүрлі түрде мықты саналатын спорт түрлері бар: күрес, таеквондо, карате, муай-тай, кикбоксинг, дзюдо, жеңіл және ауыр атлетика, жүзу, тректегі велоспорт және басқа да дисциплиналар.

Ойындар 28 қараша мен 7 желтоқсан аралығында өтіп, Азиада-2034 алдындағы маңызды сынақ ретінде қарастырылады. Айта кетейік, бұл Азиаданы да Эр-Рияд қабылдайды.

2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындары 

Он жылдық үзілістен кейін жағажайдағы Азия ойындары спорт күнтізбесіне қайта оралады. Соңғы рет бұл жарыс 2016 жылы өткен болатын.

2026 жылғы жағажай Азиадасы 22-30 сәуір аралығында Қытайдың Хайнань аралындағы Санья қаласында өтеді. Мұнда су спорт түрлері, жазғы спорттың жағажайдағы нұсқалары, спорттық құзға өрмелеу, жеңіл атлетиканың жекелеген дисциплиналары, желкенді спорт және жекпе-жек түрлері қамтылады.

2026 жылғы әлем чемпионаттары

Сонымен қатар қазақстандық спортшыларды көптеген әлем біріншілігі күтіп тұр.

– Конькимен жүгіруден әлем чемпионаты (классикалық және спринттік көпсайыс) – Херенвен, Нидерланд (5-8 наурыз)

– Жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионаты – Торунь, Польша (20-22 наурыз)

– Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты – Прага, Чехия (23-29 наурыз)

– Үстел теннисінен командалық әлем чемпионаты – Лондон, Ұлыбритания (28 сәуір – 10 мамыр)

– Семсерлесуден әлем чемпионаты – Гонконг (21-30 шілде)

– Көркем гимнастикадан әлем чемпионаты – Франкфурт, Германия (12-16 тамыз)

– Күрес түрлерінен әлем чемпионаты – Манама, Бахрейн (5-13 қыркүйек)

– Тас жолдағы велоспорттан әлем чемпионаты – Монреаль, Канада (20-27 қыркүйек)

– Триатлоннан әлем чемпионаты – Понтеведра, Испания (23-27 қыркүйек)

– Садақ атудан әлем чемпионаты – Янктон, АҚШ (24 қыркүйек – 4 қазан)

– Дзюдодан әлем чемпионаты — Баку, Әзірбайжан (4-11 қазан)

– Тректегі велоспорттан әлем чемпионаты – Шанхай, Қытай (14-18 қазан)

– Спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты – Роттердам, Нидерланд (17-28 қазан)

– Ауыр атлетикадан әлем чемпионаты – Нинбо, Қытай (27 қазан – 8 қараша)

– Нысана көздеуден әлем чемпионаты – Доха, Қатар (1-15 қараша)

– Қысқа суда жүзуден әлем чемпионаты – Бейжің, Қытай (1-6 желтоқсан)

Маусым барысында спорттық күнтізбеде өзгерістер болып, жарыс саны артуы мүмкін.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Жазғы спорттағы жарқын жетістік

Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi Биыл қазақстандық спортшылар жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен өткен әлем чемпионаттарында тарихи нәтижеге қол жеткізді.