Фото: sports24.kz
Өткен аптада ел журналистері мен әлеуметтік желідегі белсенділер Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның көк байрағын Денис Никиша мен Яна Хан ұстап шығады деген хабарға бір сәтте дүр сілкінді. «Ту ұстайтын қазақ табылмады ма?» деген пікірлерді отандарымыздың бір бөлігі қолдаса, енді бір бөлігі кім ұстаса да қазақ елінің намысын арқалап баратын спортшыларға қолдау білдірейік деген пікірде болды. Кейін министрлік көк туды олимпиада ашылуында кім ұстап шығатыны әлі де шешілмегенін айтты. Осы тұста тәуелсіз Қазақстан қысқы Олимпиадаларында көк байрақты кімдер ұстап шықты дегенге бір шегініс жасап, тарихқа көз салу орынды.
Алғашқы қадам: Лиллехаммер – 1994
Қазақстан тәуелсіз ел ретінде алғашқы рет Қысқы Олимпиадаға шықты. Лиллехаммерде көк байрақты трамплиннен секіруші Қайрат Биекенов көтерді. Ол кезде елдің өзі жас, арманы асқақ еді. Олимпиададан бір алтын, екі күміс медаль олжаладық. Үшеуі де шаңғышы Владимир Смирновтың еншісінде.
Қайрат Биекенов спорттық нәтиже жағынан алдыңғы қатарда болмады. Кейін бапкерлікке бет бұрып, Қазақстан трамплиншілерін Азия ойындарының тұғырына шығарды.
Нагано – 1998. Туды жеңіс иесі ұстады
Бұл жолы көк байрақты Владимир Смирнов өзі көтерді. Әлем мойындаған шаңғышы, КСРО кезінде-ақ Олимпиада жүлдесін алған, Қазақстанға да тарихи медаль сыйлаған спортшы.
Наганода ол тағы да ел намысын қорғады. Кейін ХОК жүйесінде қызмет етіп, биатлон федерациясын басқарды. Бұл — спорттан кейін де елге қызмет етудің үлгісі.
Солт-Лейк-Сити – 2002. Сабыр мен тұрақтылық
Бұл Олимпиадада Қазақстан медаль ала алмады. Бірақ көк байрақты көтеру құрметі конькиші Радик Бикчентаевқа бұйырды. Үш Олимпиадаға қатар қатысқан спортшы тұрақтылықтың символы. Кейін федерацияда басшылық қызмет атқарып, спортқа қайта оралды.
Турин – 2006. Мұз үстіндегі мінез
Туды хоккейші Александр Корешков алып шықты. Наганода ширек финалға жеткен тарихи құраманың мүшесі. Ресей чемпионатын мойындатқан, 40-тан асса да мұздан кетпеген төзімді ойыншы ретінде көпке танылды. Мұндай адамдар спортта сирек. Мансабын өскемендік “Торпедода” бастаған Александр 1994 жылдан 2004 жылға дейін он жыл бойы магнитогорлық «Металлург» сапында ойнады. Ресей чемпионатының үздік сұрмергені атанды, екі рет Ресей чемпионы, екі рет Еуролига жеңімпазы, Еуропа Суперкубогінің иегері болды. 1998 жылы Қазақстандағы үздік хоккейшісі атанды.
Ванкувер – 2010. Жалғыз жүлде
Бұл Олимпиадада биатлоншы Диас Кенешев көк байрақты жалғыз өзі алып шықты. Ал медальді елге Елена Хрусталёва әкелді. Диас кейін. Азия чемпионатында екі алтын, бір күміс, сондай-ақ Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Кейін ірі жетістіктері болмады.
Сочи – 2014. Үміт пен сабақ
Ту шаңғышы Ердос Ахмадиевке сеніп тапсырылды. Медаль Денис Теннің қола жүлдесі. Ердос қазір бапкер. Оның шәкірті Әмірғали Мұратбеков биыл Миланда ел намысын қорғамақ.
Пхёнчан 2018, Бейжің 2022. Тәжірибе мен табандылық
Бұл жолы көк байрақты Абзал Әжғалиев көтерді. Шорт-трекші, Азия ойындарының жүлдегері, Универсиада финалисі. 2022 жылы туды Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдова ұстап шықты.
Оралда туып өскен Абзал осы күні Астана қаласында тұрады. Ол 2011 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанған. Сочиде 5000 метрлік эстафетада командамен бірге бесінші орын алды. Сонымен қатар 2017 жылғы Қысқы Универсиадада 500 метр қашықтықта күміс медаль жеңіп алған. Былтыр Харбинде өткен қысқы Азия ойындарында бір алтын, бір күміс бір қола медаль жеңіп алды.
Екатерина Айдова төрт Олимпиаданың куәгері
Екатерина Айдова — 2010, 2014, 2018, 2022 жылдардағы Олимпиадаларға қатысқан қазақстандық конькиші. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы. Универсиаданың екі дүркін қола жүлдегері. Қазақстанның 500, 1000, 1500 метрдегі рекорд иегері.
Бейжіңде тізе жарақатымен жарысқа шықты. Нәтиже биік болмады. Бірақ Туды ұстады.. Қарағандыда тұрады. Әлия Молдағұлова атындағы спорт интернаттың түлегі. ҚарМУ-дың дене шынықтыру факультетін тәмамдаған. Биыл айтқанымыздай ақ олимпиадада ту ұстай құрметі кімге бұйыратыны әзірге белгісіз. Кім көк туды ұстаса да ел күтетін, жанкүйер қуанатын нәтиже көрсетсе болғаны.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
