//

Алма Сайлауқызы: Ұлыбританиядағы ғылыми тағылымдама жазбалары. ІІІ бөлім

79 рет қаралды

Ұлыбританиядағы үшінші айым да өте шықты. Бір нәрсе айта кетейін: уақыт тек Қазақстанда ғана емес, бұл жақта да өте жылдам айналады екен. Айналама толық үйрендім десем болғандай. Университет пен жатақхана арасындағы жарты сағаттық жол ең жылдам әрі ең пайдалы жолға айналды дей аламын: барып-қайтамын дегенше денсаулыққа аса пайдалы 7000-8000 қадамды жүріп өтемін.

Бұған дейінгі жазбаларымның 1-бөлімінде  (алғашқы 5 ерекшелік) және  2-бөлімінде   (келесі 7 ерекшелік) қазір тұрып жатқан Лидс қаласы мен тағылымдама өтіп жатқан Лидс университетінен көрген-түйгенімді рет-ретімен бөліскенмен. Бұл жолы да сол дәстүрді бұзбай, осы жаққа тән ерекшеліктерді одан ары қарай санамалап, сипаттауды жалғастырайын.

Күлімсіреу  мен алғыс айту – өмір сәні

Он үшінші ерекшелік, бұл жақта адамдар үнемі күлімсіреп жүруге, жымиып жауап беруге және әңгіме барысында ретімен әзілдеп  қоюға тырысады екен. Тұманды Альбион, бұлтты және жаңбырлы күндер,  сондықтан ауа-райы тымсырайып тұрған соң, адамдарының да қабағы қатқыл болар деп ойлаппын. Жоқ, олай емес. Негізі біздің дүниетанымда да көркем мінез – садақаның бір түрі емес пе? (Тіпті елімізге бірнеше ғасыр бұрын келген шетел саяхатшылары да «…адамдары күлімсіреп жүретін, жарқын киім киетін, өмірге құштар халық», деп суреттегенін оқығанбыз. Әлде өткен ғасырдағы әлеуметтік катаклизмдерден бе, әлде өмір тауқыметінен бе, ол табиғи мінезіміз біраз өзгерген болар, кім білсін?) Ал бұларда дінмен де, мәдениетпен де қанына сіңген көркем мінез бе деп пайымдадым. Бірнәрсе сұрай қалсаң, шабыттанып тұрып, егжей-тегжейлі түсіндіретіні сонша, өзіңді әлемдегі ең маңызды адам ретінде сезініп, бейне бір қанат біткендей арқаланып, бар тілегіңді орындап жібергендей қуанып кетесің ғой.

Дәріс жүргізетін профессорлары да қағытпа әзілдерден құралақан емес, қалжың айтып, аудиторияға көңіл-күй сыйлап отырады. Өте салмақты тақырыптың ортасында бір қызықты жайтты еске алып, жиналған жұртты ду еткізіп күлдіріп алуға тырысады. Сол кезде салмақты тақырыпқа кіріп, томсырайып қалған көпшіліктің өңіне қан жүгіріп, бір селкілдеп күліп алады да, ақпаратты сіңіруге деген ынтасы одан сайын ашыла түсетіндей. Ең қызығы, осы  бір әдемі қасиетті бұл академиялық ортаға кіріккен өзге ұлт ғалымдары да паш еткісі келіп тұратынын байқауға болады. Келіп жатқан түрлі студентке өздері сияқты көркем мінезді болуды «жұмсақ күшпен» үйретуге тырысады. Алдымен көрсетеді. Сосын соны сенен де күтеді. Одан бөлек осы тақырыпты өнер тілімен – сахналық қойылым арқылы да түсіндіруі мүмкін. Өздеріне бейімдеуде сол жолды да қолданады. Мәселен, күзгі және қысқы семестрдің басындағы “Welcome week”  кезінде көне тарихи ғимаратына барша шетелдік студентті тегін шақырып, шәй мен тәтті ұсына отырып, ағылшын менталитетіне арналған, Италиядан Англияға келген студент өмірі туралы “Culture shock” (“Мәдени шок”) атты  комедиялық драмасын  қойды.

Он төртінші ерекшелік осы жоғарыда аталған сипатынан шықса керек: ағылшындар алғыс айтуға құштар екен. Иә, сәл талпынысың мен ниетіңнің өзін зор етіп бағалап, рақметін айтып жатады. Ол мінез академиялық ортада да қатты байқалады. Кітабының таныстырылымын жасап жатқан ғалымдар да өзіне сол жолда қолдау білдіргендерге жеке-жеке тоқталады. Конференция ұйымдастырушылары да (осы үш айда 6 конференцияға қатыстық) іс-шараcына атсалысқан әрбір ұйым, әрбір бөлім мен жауапты тұлғаға рақметін айтады. Ол былай тұрсын, сол конференцияда баяндама жасаған әр зерттеуші әлгі ғылыми жобасын ілгерілетуге ықпал етіп жатқан әріптестері мен ұйымдар атын бірнеше слайдқа тізіп қойып, алғысты жаудырады ғой. Өзі де мәз, атсалысқандар да мәз. Күшті ғой! Шетелдік ғылыми журналдардың ережесінде “Алғыс айту” деген бөлімнің неге қойылатынын енді толық түсінетін болдым

 

“Білмегеніңді кісіден сұра, кісі жоқ болса, кішіден сұра”

Он бесінші ерекшелік, сұрақ қою мәдениеті қатты дамыған. Біріншіден, білмегеніңді сұрап отыру өте жағымды іс-әрекет ретінде қабылданады. Неге сұрай бересің немесе соны да білмейсің де деп мұрнын тыржитып қарайтын адам жоққа тән. Екіншіден, қойылған ірілі-ұсақты әр сұраққа өте мұқият және толыққанды жауап беру зор міндет деп есептелетіндей. Сондықтан олар ауызша да, пошта арқылы жазылған жазбаша сұрақтарға да әрдайым ашық, тіпті «Тағы не білгіңіз келер еді?» деп, нақтылап отырады. Есесіне хатпен ұзын-сонар  жауап келсе, таң қалмай, ақпаратты мұқият сіңіруге де дайын болу керексіз. Одан бөлек ғылыми негізделген әрбір баяндамадан  соң, Q&A (questions and answers), яғни сұрақтар мен жауаптар бөліміне кем дегенде 15 минут, ал көбіне-көп 30 минут уақыт жоспарланады.

Сұрақтарды сол отырған жеріңізде қол көтеріп қоя аласыз, бірақ қолыңызға залға тиесілі микрофонды әкеп бергенше, 5-10 секунд күте тұру керек, өйткені сұрағыңызды тек спикер ғана емес, бүкіл аудитория ести алатындай болуы өте маңызды. Сұрақты тыңдап алған спикер алдымен сұрақ қоюшыға міндетті түрде қошеметін білдіреді екен. Мәселен, “Great observation!”, “Brilliant question!”, “Very good point!” немесе “Amazing question!” дегеннің қайсысын айтар екен деп күтіп отырасың, тіпті. Панельдік сессия кезінде сұрақ қоюдың онлайн тәсілін де ұсынып жатады, ол үшін презентация өткен экранға кюар-код шығарады, сол сілтемемен өтіп, анонимді түрде немесе аты-жөнді енгізіп, қысқа сұрағыңызды жолдай қойсаңыз,  сол секундта модератор оны көріп, дауыстап оқи қояды. Мәселен, Лидс университетінде 15 ақпан күні өткен AI апталығының қорытынды шарасында алдымызда отырған спикерлерге арнаған сұрақтарымызды көрсетілген кюармен  өтіп, Slido платформасы арқылы жолдадық.

Үндестік пен сабақтастық

Он алтыншы ерекшелік, іс-шара сабақтастығы. Осы тұста «ұрпақтар сабақтастығы» деген ұғым ойыңызға оралған болар, сірә?  Расында да, қандайда бір ғылыми семинар, жоба таныстырылымы, конференция немесе мәдени қойылымда болмайын, әр іс-шараның соңында сонымен үндес келесі іс-шараның анонсын жасап жатқанын көремін. Кітапханада өткен академиялық құралдар дәрісінде келесі сонымен үндес шеберлік сыныптарына шақыру аласыз. Бір конференцияға қатыссаңыз, сонымен сабақтас келесі конференция туралы ақпарат аласыз. Мәдени қойылымға барсаңыз, тағы сондай концерттерді одан кейін қай күні, қай жерден көре алатыныңыз туралы міндетті түрде айтады. Поштаңызға да жолдап жатады. Осылайша, білімнің үздіксіз берілуіне, ол процестің сіңімді және жүйелі жүруіне мұрындық болып қана қоймайды, өзінің мақсатты, ынталы, құрметті аудиториясын тиянақтап, тізбектеп жинай береді екен.

Үздіксіз демекші, он жетінші ерекшелік дәл осы тақырыпқа байланысты. Лидс университетінде «Өмір бойы оқу орталығы» бар. Lifelong Learning Centre – бұл Лидс университетіндегі ересек, тіпті егде студенттерге арналған арнайы академиялық мектеп және қолдау қызметі. Ол жерде жасы тым ересек көрінсе де, undergraduate (фаундейшн, бакалавр) немесе apprenticeship (жұмыс істейтін ересектерге арналған кәсіби бакалавр деңгейіндегі бағдарламалар) оқығысы келген қайсар, талапшыл жандарға  қолдау көрсетіледі. Білімі үзіліп қалған немесе ресми біліктілігі жоқ адамдарға баламалы қабылдау жолдарын да  ұсынады. Қаңтарда өткен конференцияда алпысқа келіп, бакалавр оқып жатқан  Tracy Campbell атты студент апа сөз алып, өз тәжірибесімен бөлісті. 2024/2025 оқу жылында LLC‑де жалпы 545 студент оқыған деген дерек бар.  Осының өзі оқу, білім алу, шыңдалу ешқашан кеш еместігінің дәлелі болса керек.

Ал енді әдеттегідей, көзге түскен жағымсыз қырларына тоқтала кетейін. Бұл жерде жергілікті жастар кәдімгідей аз екен. Кәрілер өте көп, ұлт кәдімгідей қартайып жатқаны байқалады. Көшеде ит жетектеген аталар мен әжелерді жиі кездестіруге болады. Мәселен, 120 жылдық тарихы бар «Waitrose» атты премиум сегментіндегі супермаркетке бас сұға қалсаңыз, дүкен аралап жүрген тұтынушылардың басым бөлігі 65-85 жас аралығындағы ата-әжелер екенін аңғаруға болады. Ал бағасы қолжетімді орташа сегментті дүкендерден көбіне түрлі ұлт өкілі бар студенттер қауымын көресіз. Жергілікті британдық жастар бар, бірақ аз екені аңғарылады. Есесіне, көшеде кетіп бара жатсаңыз, қарттарға арналған арнайы хоспистер мен табиғаты жақсы аймақтарда орналасқан қызметі қымбат күтім үйлерінің жарнамасын көзіңіз шалады. Мен тұратын ауданда сондай коттедж қалашығы бар, серуенге шыққанда, ондағы қариялардың тыныс-тіршілігін сырттай шолып өтемін. Елі дамып, халқына ең жайлы жағдай жасай алатын кезге келгенде, демографиясы құлдырап, ол игілікті басқалар тұтынып жатқанын көру көңілді қынжылтатын шығар. Соның бір салдары, жұмыс күші де жетпей жатыр. Біздің елдің басты капиталы – адам өсімінің қадірін біліп, мемлекет ол ресурсты ел дамуына тиімді қолдана алса, ал жастар жағы ата-анасының қарттығын дәстүрге сай, мәнді де сәнді ете алса екен деп тілейді екенсің, осындайда…

Келесі бір жағымсыз көрініске «Әулие Валентин» күнінің қарсаңында куә болдым. Күнде барып жүрген кітапханамның фойесіне ақпанның басынан бастап  “гейлер мен лесбиянкалар” туралы кітаптар көрмесі қойылды. Оқырман билеті арқылы сіз оның кез келгенін жаздыртып алып, үйіңізге алып кете аласыз. Олар туралы соншама көп ғылыми және көркем әдебиет жазылғанын білмеппін. Жазылса да, оны жарнамалап, ерекше жарқыратып көрмеге қою жастар санасы үшін аса игілікті іс болып көрінбеді. Ондай жандар өз өмірін тыныш сүре берсе болмай ма, жастарға құндылық ретінде жарнамаланбаса қайтер екен деген ой келді, маған. Біздің елде “Махаббат күні артық болмайды” деп ғашық қыз-жігіттер романтикалық кеш жоспарлап жатқанда, бұл жақтың дүкендері кемпірқосақ түстес (ЛГБТ өкілдерінің бейресми түсі) раушангүлдер мен сыйлықтарға толып кетті. Тіпті қалада өтетін концерттердің біразы біржыныстыларға арналып, онлайнда да, офлайнда да жарнамасы қаптап кетті. Бұл пропаганда  өзім көрген АҚШ-тағыдай жыл он екі ай емес, тек ақпанда ғана ерекше қарқын алатынына шүкіршілік еттім.

Әзірге осы. Әр күндегі әр сәтті көкейге түйіп, өздеріңізбен бөлісуге тырысамын. Келесі жазбаларымды бір айдан соң, наурыздың ортасында күтіңіздер, құрметті патша өкілді оқырман!

​​Алма Сайлауқызы

PhD ғылым докторы, “Болашақ” бағдарламасының

 «500 ғалым» ғылыми тағылымдама стипендиаты

Лидс университеті, Ұлыбритания

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар